3 Лекция: Қосжақты симметриялы көпклаткалылыр. Жалпақ- plathelminthes, жұмыр – Nemathelminthes Жоспар



бет11/21
Дата06.01.2022
өлшемі1,66 Mb.
#14358
түріЛекция
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   21
Байланысты:
432176640973 №3 Лекция. Қосжақты симметриялы көпклаткалылыр. Жалпақ, жұмыр (1)

Құрылысы мен физиологиясы. Нематодтардың дене мөлшері мен формасы эволюция барысында түрлі тіршілік орталарына бейімделу нәтижесінде (бентос қабатында сырғуға, суда жүзуге, топырақ арасына енуге) қалыптасқан.

Грек тілінде “nematos”- жіп деген мағынаны бірдіреді. Бұлардың денесі жіп тәрізді созылыңқы, цилиндр немесе ұршық тәрізді болып, ұштарына қарай сүйірлене түседі.



Суретте Аскариданың аталығы және аналығы

Еркін тіршілік ететін нематодтар ұсақ, ұзындығы 1 миллиметрге әзер жетеді, ал паразит түрлері әжептәуір ұзын болады. Мысалы, жылқы аскаридасының (Parascaris eguorum) ұзындығы 37 см. Денесінің алдыңғы ұшында ауызы, артқысында аналь тесігі орналасқан және денесін бойлай төрт жолақ таралымдар өтеді.

Нематодтардың денесі сыртынан қалың кутикула қабатымен қапталған. Кутикула (латынша“cuticula” – қабықша) клеткалық құрылысы жоқ, эпителий клеткаларынан бөлінетін тығыз қабықша. Құрамындағы белок пен минералды заттар және сақиналы әрі ұзынша келген таралымдары оған механикалық беріктік береді де, оны созылғыш етеді. Кутикула сомалық (дене) бұлшықеттерге тірек бола тұрып нематоданың өзіндік сыртқы қаңқасын құрайды да, денені механикалық жарақаттанудан, улы заттардың әсерінен сақтап, қорғайды.

Кутикуланың астында орналасқан гиподерма қабаты бар. Денесінен өтетін төрт таралымына байланысты гиподерма ішке қарай төрт ойық  құрайды.

Гиподерманың астында бір қабаттан тұратын ұзына бойы бұлшықеттер жатады. Олар тұтас қабат құрмай гиподерманың төрт ойығына сәйкес төрт лента тәрізді жіктеліп, бөлініп жатады: екеуі бүйір, екеуі арқа құрсақ бөлімінде.

Тері-бұлшықет қапшығы мен ішектің арасында схизоцель деп аталатын денесінің алғашқы реттік қуысы орналасады. Бұл қуыстың өзіндік қабырғасы жоқ және іші сұйық затқа толы. Сұйық зат денені кернеп, оның жұмырлығын тұрақты түрде сақтайды. Алғашқы реттік қуыс дененің тірегі бола тұрып, зат алмасу процесіне де қатысады. Дене қуысы арқылы қорытылған заттар ішектен бұлшықеттерге, ішкі мүшелерге, ал зат алмасудың қалдық өнімдері зәр шығару мүшесіне ауысады. Осылайша дене қуысы организмнің ішкі ортасы болып келеді. Паразитті нематодтардың дене қуысында түссіз сұйыққа толы клеткалар топтасып жатады.  Қуыстың сұйық затында валериан, капрон қышқылдары бар, сондықтан да олар улы.



Ас қорыту жүйесі ұзына бойы созылған тік түтік тәрізді, алдыңғы, ортаңғы және артқы ішектен тұрады. Ауыз тесігі дененің алдыңғы ұшында орналасып, еріндермен қоршалған: арқа және екі бүйірлік. Ауыз тесігі ауыз қуысымен жалғасады. Ауыз қуысының құрылысы әр түрлі. Нематодтардың жануарлар паразиті болып келетін (зоопаразит) өкілдерінің ауыз қуысында кутикулярлы тіс өсінділері болады, ал өсімдік паразиттерінің (фитопаразит) ауыз қуысы сорғыш мүшеге – стилетке айналған. Топырақта және суда тіршілік ететін жыртқыш нематодтарда стомалық қуыс найзамен немесе қозғалмайтын өсінділер – онхамен қаруланған.

Ауыз қуысы өңешке ұласады. Өңеш үш қырлы, алдыңғы бөлімі қалың, бұлшықетті, артқысы - безді. Өңештің кеңейген бөлімі бульбус деп аталады. Көпшілігінде бульбусы екеу: ортаңғы (метакорпальды) және артқы (кардиальды). Кардиальды бульбустың үккіш аппараты жақсы дамыған.

Өңештің ортаңғы ішекке жалғасатын жерінде ерекше өсіндісі (cardium) болады. Ол ортаңғы ішекке еніп жатады да, ішек ішіндегі қоректік заттардың өңешке қарай кері қайтуына тосқауыл жасайды.

Ортаңғы ішектің алдыңғы бөлімі кеңейіп “қарыншық” немесе жұтылған қоректің резервуары қызметін атқарады.



Ректум деп аталатын ортаңғы ішек артқы ішекке жалғасып, ол аналь тесігі арқылы сыртқа ашылады. Нематодтарыдың алдыңғы және артқы ішегі эктодермальды және оларды тығыз кутикула астарлайды.

Зәр шығару жүйесі. Нематодтарда кірпікшелерінің жойылып кетуіне байланысты протонефридиялы зәр шығару жүйесі де жойылып, зәр шығару қызметін мойын безі (ренетта) деп аталатын бір клеткалы тері (гиподермальды) бездері және фагоцитарлы клеткалар атқарады.

Мойын бездері 2 типті болады: шомбал және тармақталған. Еркін тіршілік ететін нематодтардың мойын безі шомбал типті, түтікшесі қысқа. Топырақта және паразиттік тіршілік ететін нематодтардың ерекшелігі – мойын безі денеде бойлай орналасқан екі бүйір экскреторлы түтікшелерден құралған. Түтікшелердің артқы ұшы тұйықталып бітеді, ал алдыңғы ұштары бірігіп ортақ түтікке айналады да, ол сыртқа зәр шығару саңылауымен ашылады.



Қан айналу және тыныс алу жүйесі нематодтарда болмайды. Еркін тіршілік ететін түрлері бүкіл денесі арқылы тыныс алады, ал эндопаразиттік нематодтарда тыныс алу процесі анаэробты, яғни оттегі жоқ жерде гликогеннің ашуы арқылы іске асады. Гликоген қоры жұмыр құрттарда белгілі бір жолмен гиподермада жиналады. Гликогеннің анаэробты ыдырауы нәтижесінде түзілген соңғы өнімдері – органикалық қышқылдар, соның ішінде май және валериан қышқылдары қуыс сұйықтығында жиналып, улы, күйдіргіш затқа айналады.

Нерв жүйесі және сезім мүшелері қарапайым құрылысты. Біріншіден, нерв жүйесі тұтасымен гиподерма қабатында, теріге жақын орналасқан, екіншіден – күрделі ганглиозды клеткалар жүйесі дамымай, нерв клеткалары нерв бағаналарымен байланыса жекеленген (ганглияларды құрмай), тек құрсақ нерв бағанасының ұзына бойында нерв клеткалары шоғырланып “құрсақ” тізбегін құрып дамыған. 

Нерв жүйесінің орталық бөлімін – жұтқыншақ маңындағы нерв сақинасы құрайды. Ол нерв талшықтарынан (нейрофибриллдерден) түзілген және нерв клеткаларымен тығыз байланысқан. Нерв сақинасынан басының ұшына қарай алты қысқа және артқа қарай алты ұзына бойы созылған нерв бағаналары тарайды: құрсақ (вентральды), арқа (дорзальды), екі бүйірлі (латеральды), арқа бағанасына таяу (субдорзальды) және құрсақ бағанасына таяу (субвентральды). Осы алты нерв бағаналарының екеуі – құрсақ (вентральды) және арқа (дорзальды) – күшті дамыған (әсіресе құрсақ бағанасы). Олар бір-бірімен денесінің бірде сол, бірде оң жағынан кезектесіп орналасқан жіңішке жарты сақина тәрізді комиссуралар арқылы байланысып, арқа-құрсақ тізбегін құрайды.

Арқа бағанасы арқа-бүйір бөліктерінің бұлшықеттерін, ал құрсақ бағанасы құрсақ-бүйір бұлшықеттерін және өңеш пен ішекті нервтендіреді. Алдыңғы алты қысқа нерв бағаналары сезім мүшелерін және бас папиллаларын, амфидаларын, қылтаншаларын, жарық сезгіш клеткаларын нервтендіреді.

Жыныс жүйесі. Нағыз жұмыр құрттар негізінен дара жыныстылар  және жыныс диформизмі айқын байқалады. Аталықтары ұсақ., жіңішке, денесінің соңғы ұшы құрсақ жағына иіріліп келген. Аналықтарының денесі ірі, жуан, созылыңқы.

Жыныс жүйесі түтік пішінді, дене қуысында орналасқан, аналығында жұп күйінде сақталса, аталығында түтіктерінің біреуі редукцияға ұшырап тақ болады.

Аскарида аналықтарының жыныс мүшесі өте жіңішке, жіпше тәрізді, жұп жұмыртқа безінен басталады. Оның қабырғасы бір қабатты эпителий клеткаларынан, ортасында ерекше рахис деп аталатын кіндік желі немесе овоциттердің (жұмыртқалардың) өсу аймағы орналасқан. Рахистің төңірегінде жыныс клеткалары қалыптасады. Жұмыртқа безі біршама жуандау екі жұмыртқа жолына ауысып, олар одан да жуан екі жатынға жалғасады. Екі жатын қосылып жіңішке қынапқа айналады да, ол дененің алдыңғы құрсақ жақ бөлімінде жыныс тесігімен аяқталады.

Аталықтарының жыныс мүшесі аналықтарындай өте жіңішке, жіпше тәрізді тұқым  безінен басталады. Ол біршама жуандау тұқым жолына ауысып, ұрық көпіршігіне жалғасады. Көпіршіктің артқы жағы жіңішкеріп жұқа бұлшықетті түтікшеге немесе тұқым шашқыш өзекке айналады да, ол артқы ішекке ашылады (аналь тесігінің алдында). Осы жерге ерекше жұп шағылысу қалтасы ашылады. Онда көбіне екі немесе одан да көп кутикулярлы ине немесе спикулалары орналасады. Спикуланың ұштары сыртқа шығып, шағылысу кезінде көмекші мүше ретінде қызмет атқарады.

Көптеген нематодтарда спикулаларға қосымша копулятивті бурсалары дамиды. Олар құйрық бөлімінің екі бүйірінде орналасқан, кеңейген және қалыңдаған қанат түріндегі өсінділер. Бурса және спикулалары шағылысу кезінде аналығына бекіну ретінде қызмет атқарады. Сперматозоидтарының талшығы болмайды, олар жалған аяқтары арқылы амеба тәрізді қозғалады. Жынысты жолмен көбейеді.

Дамуы. Жұмыртқалар жатынның ішінде ұрықтанады. Нематодтардың көпшілігі жұмыртқа салады, сонымен қатар тірідей туатын түрлері де кездеседі (Trichinella туысынан). Тіршілік циклі қарапайым, ұрпақ алмасуы болмайды.  Нематодтардың жұмыртқалары тығыз қабыршақпен қапталған. Жұмыртқадан сыртқы пішіні ересек формасына ұқсас личинка шығады. Личинка өсуі мен дамуында төрт рет түлейді, бұл кезде ескі кутикула тасталып, жаңасы түзіледі.

Классификациясы. Нематодтардың систематикасы сезім мүшелерінің және зәр шығару жүйесінің ерекшелігіне негізделген. Нематодтар класы екі класс тармағына бөлінеді: аденофореа – Adenophorea және сецерненттер – Secernentea.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет