Байланысты: 3 тақырып. Педагог тұЛҒасы және оның КӘсіби қҰзыреттілігі жоспар-emirsaba.org
Педагогтың кәсіпке деген қызығушылық, оның қоғамдағы рөлін түсіну – болашақ мұғалімнің кәсіби жолын таңдауы мен кәсіби өзін-өзі жетілдіру негізі. Ұлттық интелектуалдық әлуетін дамытудың іргетасы – білім беру саласы және сапалы даярланған педагогтық кадрлар. Осыған орай педагогикалық парадигмалардың жаңару жағдайында болашақ педагогтарды даярлау саласына көптеген өзгерістер енгізілуде.
Педагог кәсібінің өзінде көптеген мамандықтар пайда болып, кәсіби педагогикалық білім беру саласында болашақ мамандарға дұрыс кәсіби бағыт-бағдар беру мәселесі өзектенуде. Мысалы, қазіргі таңда әлемдік білім беру кеңестігінде мынандай жаңа мамандықтар пайда болып отыр: коуч, тьютор, тренер, мастер, фасилитатор, модератор, білім берудің онлайн-платформасының координаторы, ментор, майнд-фитнес т.б. Қоғамда алуан түрлі мамандықтар бар, бірақ оның бәріне адам қабілеті сай келе бермейтіндіктен, мамандықты дұрыс таңдай білу – болашақ маманның болашаққа деген ең маңызды қадамы.
Студенттің мұғалімдік кәсіпті дұрыс таңдауы және болашақ мамандығының әлеуметтік маңыздылығын түсінуі - кәсіби жетістікке жетудің алғышарты. Болашақ кәсіпті таңдау – адам өміріндегі ең күрделі шешімдердің бірі. Адамның өзіне ұнайтын, өмір бойы айналысатын кәсібін дұрыс таңдай білуі үлкен жауапкершілікті талап ететін маңызды қадам. Дұрыс таңдалған кәсіп адам өмірінің мәнін, табыстылығын анықтайды.Кәсіпті таңдауда адам өзінің қызығушылықтарын, қабілеттерін, ерік-жігерін, бейімделіктерін, икемділігін ескеру керек. Кәсіптік қабілеттіліктерді дамыту ешқашанда кеш болмайды, тек дер кезінде адам өзінің кәсіби қажеттіліктерінің даму бағдарын дұрыс анықтап, соған қол жеткізуді дұрыс жоспарлай білуі керек.
Адам өмірінің маңызды құндылықтарының бірі – еңбек. Еңбек арқылы адам өзінің ішкі әлеуетін іске асырады, отбасының, қоғамның, Отанының, өркендеуіне өз үлесін қосады. Өзіне ұнайтын еңбек түрін дұрыс таңдай білу – адамның бақытқа жету жолдарының бірі.
Мамандықты таңдауда адам өзінің күш-жігерін, бейімділіктерін бағалап, еңбектің қандай саласында көп пайда келтіре алатынын анықтап және сол бағытта өзінің қабілеттерін дамыту жолдары ескеріледі. Таңдаған мамандығы арқылы әрбір адам өз бойында қалыптасқан дағдылар, іскерліктер негізінде әлеуметтік ортаға, қоғамдық іс-әрекеттер жүйесіне қатыса алады. Кәсіп әр тұлға үшін өзінің даралығын, қайталанбастығын көрсетуге мүмкіндік беретін, өмірімен үйлесімді өріліп кететін, маңызыд іс-әрекет түрі.
Педагогикалық бейімділік – тұлғаның педагогикалық кәсіпке деген сезімдік талғамының арта түсуі, құлшынысының, ынтасының жоғары деңгейде танылуы. Педагогикалық бейімділіктің негізі мұғалімнің педагогикалық іс-әрекетке деген және өзіне деген құндылықтық қатынастар жүйесі. Педагогикалық бейімділік – адамның педагогикалық іс-әрекеттерге деген қабілеттер жүйесінің даму және қалыптасу деңгейі. Педагогикалық бейімділік болашақ мұғалімнің нақты оқыту немесе тәрбиелік іс-әрекетке қатысу кезінде айқындалады. Сонымен, педагогикалық бейімділік болашақ мұғалімнің теориялық және практикалық тәжірибе жинақтап, өзінің педагоикалық қабілеттерін бағалай алу негізінде қалыптасады. Мұғалімнің негізгі кәсіби маңызды қасиеттері ретінде педагогикалық парыз, педагогикалық жауапкершілік, педагогикалық ұстаным ұғымдарын атап өтуге болады.
Педагог тұлғасының құрылымында оның кәсіби-педагогикалық бағыттылығы маңызды роль атқарады. Мұғалімнің кәсіби педагогикалық бағыттылығы оның негізігі кәсіби маңызды қасиеттерінен құралады. Осы қасиеттердің ішінде мұғалімдік кәсіпке деген қызығушылық, кәсіби-педагогикалық қабілеттер ерекше мәнге ие.
Мұғалім мамандығына деген қызығушылық балаларға, олардың ата-аналарына, жалпы педагогикалық іс-әрекет түрлеріне деген жағымды эмоциялық қатынаспен және педагогикалық білім мен іскерлікті меңгеруге деген құштарлықпен сипатталады.
Педагогикалық қабілеттілік – тұлғаның іс-әрекетті орындауда жоғары деңгейде көрінетін жеке қасиеттері. Психологиялық сөздіктерде педагогикалық қабілеттер – мұғалімнің педагогтік қызметте жоғары нәтижелерге жетуін қамтамасыз ететіндей даралық-психологиялық ерекшеліктері мен кәсіптік тұрғыдан маңызды қасиеттерінің жалпылама жиынтығы ретінде анықталады.
Мұғалімнің педагогикалық қабілеттері негізінде оның оқушылар әріптестері алдында абыройы жоғарылай түседі. Педагогикада педагог абыройы деген сөз тіркесі педагог, педагог авторитеті деген ұғымның синонимі болып қолданылады. Педагогтің авторитеті – оқушыларға деген қатынасын анықтайтын, маңызды шешімдерді қабылдауға құқылы, басқаларды бағалай алатын,оларға кеңес бере алатын, мұғалімнің ерекше кәсіби позициясы. Шынайы мұғалімдік авторитет оның жасының үлкендігі мен лауазымына емес, жеке тұлғалыұ, адами қадір-қасиеттеріне қарай анықталады. Абыройлы ұстазға оқушылар сенеді, оны ұстаз ретінде мойындайды, оның идеяларын қолдайды. Педагогикалық авторитеттің құрылымы 4 компоненттен тұрады:
-Кәсіби компонент (білімі, әдістемесі, құзіреттілігі, танымының тереңдігі, т.б)
-Тұлғалық компонент (көзқарастары, өмірлік ұстанымы, құндылық бағдары, мінезі, мәдениеттілігі, т.б)
- Әлеуметтік компонент (кәсібінің әлеуметтік мәнін түсінуі, кәсіби табыстылығы,т.б )
- Рөлдік компонент (лауазымы, қызметтік рөлдері, құқықтары мен кәсіби рөлдері,т.б)
Педагог кәсібімен айналысатын адам үнемі көпшілік бақылауында болады. Олар оқушылар ұжымының, ата-аналар қауымының, әріптестерінің тікелей болмаса да жанама түрдегі назарында болатыны анық. Мұғалімдікті таңдаған адам басқаларға үнемі үлгі-өнеге көрсете алуы керек,себебі бұрыннан бері халық арасында ұстаз беделі, ұстаз абыройы жоғары бағаланған. Оның білімімен,ақылдығымен қатар сөйлеген сөзі,киген киімі, жүріс-тұрысы, айналамен қарым-қатынасы барынша үйлесімді, жарасымды болуы шарт.Кәсіби-педагогикалық қабілеттердің жоғары деңгейде дамуы педагог беделінің қалыптасу негізі.
Педагогтік кәсіпті таңдау бейімділікке, қабілеттілікке негізделгенімен, кейбір зерттеушілердің пікірінше педагог мамандығын таңдаудың басқа да мотивтері кездеседі: саяси, экономикалық, ақыл-ой,қоғамдық және жеке мақсат.Оларды екі түрге ажыратуға болады: 1) айқын анықталған мотивтер, 2) анық емес мотивтер
Е.А.Климов жастардың кәсіби таңдауларын анықтайтын мынандай 8 факторларды атап көрсеткен: отбасының, үлкендердің пікірлері; құрдастарының пікірлері; мектептегі педагогикалық ұжымның пікірі; жеке кәсіби және өмірлік ұстанымдары; қабілеттер мен олардың байқалуы; қоғамдық құрметке иеленуге талпыныс;бейімділіктер.
Көптеген психологиялық-педагогикалық әдебиеттерде студенттердің педагогикалық кәсіпті таңдау мотивтерін жан-жақты зерттеу мақсатында түрлі әдістемелер құрастырылған. Мысалы, И.П.Ильина студенттердің жоғары оқу орнында оқу мотивтерін анықтау әдістемесі бойынша олардың оқуға келуінің 3 шкаласын анықтайды:
- «білімді меңгеру» шкаласы (нақты бір пәнге деген қызығушылықтың басым болуы, білімдерді игеруге деген құлшыныс, білім алуға деген талпыныс);
- «кәсіпті, мамандықты меңгеру» шкаласы (кәсіптік білімдерді меңгеруге деген құлшыныс, кәсіптік маңызды сапаларды қалыптастыру);
-«диплом алу» шкаласы (білімдерді үстіртін меңгеріп диплом алуға тырысу,емтихандар мен сынақтарды өтуде жеңіл жолға ұмтылу);
Сондықтан да мектеп қабырғасындағы мұғалімдердің барлығының дипломдары біркелкі болса да, олардың кәсіби шеберліктерінің деңгейлері әр түрлі. Бұлай болуы заңды да шығар,өйткені педагогикалық жоғары оқу орнының дипломы – аса үлкен де күрделі іске кірісуге жас маманның құқығы бар екенін білдіретін құжат қана.