Магмалық жыныстар – атқылаған тау жыныстары — магма немесе жанартаулық атқылаулардан жер бетіне төгілген лаваның суынуынан және кристалдануынан (түйіршіктенуінен) пайда болған тау жыныстары.
Олар негізгі екі түрге бөлінеді: эффузивтік (жанартаулық, төгілмелі), жанартау атқылауы кезінде магманың лава түрінде шығып жер бетінде қатайған және интрузивтік (тереңдік), басқа тау жыныстары арасында қатып қалған түрлері.
Эффузивтік тау жыныстары тез қату салдарынан, әдетте, майда түйіршікті болып келеді, кейде ірілеу кристалдары да кездеседі. Интрузивтік тау жыныстары жер қойнауының тереңдіктерінде баяу қату салдарынан қалыптасқандықтан толық кристалдық түйіршік тәрізді болады.
Атылу сипатына (лаваның ағыл-тегіл ағуына не жарылыспен атқылануына) байланысты жыныстардың 2 типі түзіледі: эффузивті тау жыныстары және пирокласты жыныстар (жанартау күлі, құм, туфтар, туфты брекчий). Сондай-ақ, жанартаулық тау жыныстарының аралық типі — туфолавалар және игнимбриттер ажыратылады. Жанартаулық тау жыныстар қалыптасу жағдайына қарай эффузивті, экструзивті, жанартаулық-кесекті, жанартаутекті-шөгінді болып ажыратылады.
Эффузивті тау жыныстары магманың лава күйінде жер бетіне ағып шығып қатаюынан қалыптасады. Олардың пішіні лаваның тұтқырлығы мен сол ауданның жер бедеріне байланысты күмбез, конус тәрізді төбелер болып қалыптасады.
Экструзивті жыныстар тұтқыр магманың сығылып шығып күмбез пішінді болып қатаюынан қалыптасады. Бұл екі топтың жыныстарының петрографиялық сипаттамасы бірдей, айтарлықтай айырмашылығы болмағандықтан, оларды бірге эффузивті жыныстар деп қарастырады
Магмалық тау жыныстары қасиеттері -жер қабатында магманың суып қатаюынан немесе вулкандық атпалардан жер бетіне төгілгені лаваның суып қатаюынан пайда болады.
Магмалық тау жыныстары әр түрлі белгілеріне — шығу тегінің жағдайларына, химиялық кұрамына, минералдық құрамына т.б. қарай жіктеледі. Шығу және қатаю жағдайларына қарай олар тереңдік немесе интрузивтік және төгілме немесе эффузивтік болып бөлінеді.
Егер магма жердің ішкі қабатында қалатын болса, ол келешекте бірте-бірте суынады да, оның жақсы кристалдануына мүмкіншілік туады, сондықтан тереңдік магмалық жыныстарда кристалды түйірлі құрылыстар пайда болады. Егер магма жер бетіне төгілсе, ол тез салқындайды да, көбінесе кристалсыз шыны немесе порфир құрылыс түзіледі, олардан төгілмелі жыныстардың вулкандық түрлері пайда болады.