9-дәріс. Абай шығармаларындағы адамзаттың рухани құндылықтары Ақын шығармашылығындағы рухани арналарды бірнеше топқа бөліп қарастырдық. Бұл реттегі біз үшін негізгі өзекті мәселе ақын шығармашылығының әртүрлілігінде және жан-жақтылығында болды. Себебі, Абай қай тақырыпта болмасын тереңінен бойлап, философиялық тұрғыдан сараптай білген. Сонымен қатар, Абай үшін білім мен ғылымның, адамгершілік пен имани құндылықтардың маңызы өте зор болған. Ал біздер бүгінде ақынның даналық дүниетанымын , ғибратты ойларын жете түсініп және өшпес мұрасын ғасырлар тоғысында жаңғырта білсек, міне сонда ғана Абай шығармашылығына терең бойлағанымыз деп білемін.
Абайды оқу, зерттеу, ол өмір сүрген ортасына үңілу – тек әдебиетші, ғалымдардың ғана еншісіндегі дүние емес. Абай өткеннен кейінгі ғасырлай бойына қаншама құнды еңбектер, том-том монографиялар, қара сөздері мен өлеңдеріне талдаулар ғылым көкжиегіне жол тартқан. Алайда, Абай айтқан, ол армандап көрсеткен түзу жолдан қиыс баспай, өмірлік ұстаным етіп , кемелденген тұлғаға айналу қиынның қиыны. Абай Құнанбаев өз санасында халықтың рухани-әлеуметтік тәжірибесін, адамгершілік, иман сезімдерінің өткірлігін және тарих пен қазақ халқының менталитеттік жүйесін шоғырландыра білген ақын.
Мақаланың алғашқы бөлімінде ақын армандап кеткен “толық адам” концепциясы жайлы сөз қозғадық. Бұл ілімнің өзі, бүгінде ғылымның белгілі бір саласы деп бөліп қарастырсақ та артық емес. Себебі, бұл арнаулы зерттеулерді талап ететін үлкен дүние. Кейінгі бөлімдерде Абай қара сөздері мен Абайдың діни дүниетанымы турасында шолу жасадық. Абай шығармашылығының негізгі қайнар көзі мен рухани арнасы ол адамдық мәселелері екендігін баса айттық. Себебі, Абайдың қай шығармасын алып қарамасаңыз да адамдық борышы мен адамгершілік сезімдері жайлы сөз қозғалып отырған. Ғылыми жұмыста белгілі абайтанушы М.Мырзахметұлының, М.Әуезовтың және К.Ысқақұлының естелік жазбалары мен пікірлерін пайдаланып өттік. Абай қара сөздерін Ислам дінімен сабақтастығында Құран Кәрім аяттарынан және Мұхаммед (с.а.с. ) хадистерінен дәлелдер келтірдік. Абай шығармашылығының рухани арналарын зерделей келе, ақынның моральдық сезімінің тереңдігін, қазақ қоғамының жасампаздығына деген арман-мақсаттарын жете тани түстік.
Ғылыми жұмыстың басты мақсаты Абай шығармашылығындағы рухани арналарды теориялық негіздеу, жан-жақты зерделеу, қорытынды – тұжырымдама жасау еді. Менің ойымша, ақын шығармашылығының рухани арналарын аз да болса сараптай келе, аталған мақсатқа белгілі бір дәрежеде қол жеткізілді. Ғылыми еңбектің көлемі аз болғандықтан, Абайдың қара сөздері мен ислам дінінің сабақтастықтарына, “толық адам” ілімдерінің мәнін ашып көрсете алмадық. Асылында, бұл мәселелердің әрқайсысы да жеке зерттеу жұмыстарын қажет ететін күрделі де философиялық тақырыптар. Ақын шығармаларының ашылмаған сыры, айтылмаған қыры әлі жетерлік. Оны қайталап оқып зерттеген сайын Абай сөздері тың мазмұн мен мағына иеленіп, әрленіп, мәні арта түсері хақ. Ақынның терең ойшылдығы мен абзал ақылдарының біздің күнделікті өмірімізге бір кірпіш болып қаланып, нақты істерге айналатынына күмәнім жоқ. Тағылымдары мен көксеген армандарын шын қастерлей біліп, болашаққа деген сенімін аяқ асты етпесек, міне сонда ғана ұлы ұстаз алдындағы перзенттік қарызымызды өтегеніміз деп білемін. Абай жаны қазақ халқының ұлттың болмысын, бірлігін сезіне білді. Ұлттық рухтың кеңінен қанат жаюына мүмкіндіктердің даңғыл жолын ашты. Абайды бізбен мәңгілік бір қылатын да осындай ұғым, осындай сенім... Жазушы, әдебиет зерттеушісі, академик З.Қабдолов Абай Құнанбайұлының осы бір ерекшелігіне айқын бағасын берген еді: “Қысқасын айтқанда, Абай біздің рухани әкеміз. А.Твардовскийдің “коммунизмге Пушкинсіз жету қиын” дегені сияқты, бізге Абайсыз тіршілік жасау қиын”.
10 дәріс. Абайдың қара сөздері
Абайдың көркемдік, әлеуметтік гуманистік және дінге көзқарастары терең білінген еңбегі - қара сөздері. Абайдың қара сөздері (Ғақлия) - ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Жалпы саны қырық бес бөлек шығармадан тұратын Абайдың қара сөздерінің тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әр алуан. Оның алты-жеті үлгісі қысқа болса, қайсыбіреуі мазмұн, тақырып жағынан өзгешелеу, ауқымды болып келеді. Абай өзінің қара сөздерінде шығарманың ажарына ғана назар аударып қоймай, оның тереңдігіне, логикалық мәніне зер салған.
Сөйтіп көркемдік шеберлік пен ғылыми зерделік арқылы көркемдік сана мен философиялық сананы ұштастырады. Абайдың қара сөздеріндегі гуманистік, ағартушылық, әлеуметтік ойлары дін туралы пікірлерімен бірігіп, тұтас бір қазақ халқының философиялық концепциясын құрайды. Абайдың кара сөздері сондай-ақ жалпы адамзат баласына ортақ асыл сөзге айналды.
Оның қара сөздерінің бірнешеуі ең алғаш 1918 ж. Семейде шыққан "Абай" журналында жарық көрді. Кейіннен, Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз, т.б. көптеген әлем тілдеріне аударылды.