Прозасы. «Қамар сұлу»- Сүлтанмахмұт өмірінің Троицкі кезеңінде 1913-14 жж. жазылған. Тұңғыш рет ақынның 1933 ж. жинағында жарияланды. XX ғ. басындағы қазақ әдебиетінде көтерілген үлкен тақырыптардың бірі- әйел тендігі мәселесіне байланысты жазылған. Сол тұста қазақ қаламгерлерінен осы тақырыпқа қалам тартпағаны кемде-кем. Бұл күрделі тақырыпқа Сұлтанмахмұт Торайғыров ең алдымен лирикалық өлеңдер арқылы дайындықпен келді: «Сымбатта сұлуға», «Қыз сүю», «Маңайымнан әрмен кет», «Өмірімнің уәдесі», «Жан қалқам» сияқты өлеңдері арқылы қазақ қыздары басындағы трагедияны, оның әлеуметтік сырын ашып көрсетті.
Романда сол кездегі қазақ даласындағы бүкіл тіршілік, өмір салты, қайшылықтары, өмірге екі түрлі көзқарастағы адамдар арқылы түсіндіріледі. Бірінші топтағылар: Омар, Оспан, Қалтан, Нұрым, Әбділда ишан арқылы бейнеленсе, екіншілері Ахмет, Қамар, Қасен және ауыл жастары. Алғашқылары ескіліктің, арбау-алдаудың адамдары болса, соңғыларынан ақын өз заманының жақсы адамдарын көреді.
«Кім жазықты?» (1915 алдымен «Әжібай болыс» деп аталған). Қазақ әдебиеті тарихында түңғыш өлеңмен жазылған роман. Романның толық нұсқасы жетпегендіктен, шығарманың тұтастығы бұзылған. Басты тақырып- XX ғасыр басындагы қазақ ауылындағы әлеуметтік, таптық қайшылықтар, іргесі бұзылып құлап бара жатқан қоғамдық ортаның ұсқынсыз келбеті. Шығармада қазақ ауылындағы үш ұрпақ өкілінің құлдырауы суреттеледі. Тасболат- Әжібай- Қабыш арқылы қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік, асқынып кеткен тәрбиесіздік, салт-санадағы өресіздік қатал сынға алынып шынайы көрсетіледі. Шығармада ақын Әжібай бейнесін жан-жақты ашып көрсетуді мақсат тұтқан. Әкесі Тасболат Әжібайды оқуға бергендегі мақсаты өнер-білімге сусындату емес, билікке, болыстыққа жеткізу. Көп әйел алу (Жәмила, Жаңыл, Зылиқа, Ырысты) Әжібай үшін мақтан көрінгенмен, бірлігі жоқ отбасының берекесі кеткенін өзі де аңғармайды. Әкесіне ас беріп, атақ алып болыстыққа таласамын деп малын шашып сұрапыл жұтқа ұшырауы - Әжібай трагедиясының шарықтау шегі. Әжібайдан туған Қабыштың өзінен өткен екі жүзді, бұзық болуы реалды жағдай.
Сонымен, С.Торайғыров «Қамар сұлу», «Кім жазықты?» романдарымен, өз заманындағы қазақ ауылының тұрмыс-тіршілігін, әлеуметтік қалпын шынайы суреттейді.