Сәбит Дөнентаев (1894-1933). Қазіргі Павлодар облысы, Ақсу (бұрынғы Ермак) ауданында кедей шаруаның отбасында дүниеге келді. Сәбиттің әкесі Дөнентай өзі кедей болса да, еті түрі, еңбекқор, санасы ояу, шаруалығында ұқыпты кісі болған деседі. Жалғыз баласын қатарға қосуға құштар болған Дөнентай Сәбитті оқытып, білімді етіп шаруаға барынша тырысады. Ол Сәбитті әуелі өз аулындағы мектепке беріп оқытады. 1909 жылы Павлодар қаласындағы Қасым қажы дегеннің медресесіне (татар медресесіне) оқуға береді.Қасым қажы медресесінде де оқу жаңа, төте оқу әдісімен жүреді.
Сәбит 1913-1916 жылдар арасында бұрынғы Павлодар уезі, Ұрық болысында мұғалім болып істейді. Осы кезде Сәбит екі рет Семей, Омскі қалаларын аралап саяхат жасайды. Бұл оның ой өрісін кеңейтеді, заман жайын, ел тұрмысын аңғаруына себеп болады.
Сәбит оқып жүргенде, ауылда мұғалімдік қызметте болғанда сол кезде қазақ, татар тілдерінде шығатын « Айқап»,» Шора» журналдарын, «Қазақ»,
«Уақыт» газеттерін алып оқып тұрады. Сол кезде «Айқап» журналында істеп жүрген өзінің әрі ауылдасы, әрі досы Сұлтанмахмұт Торайғыровпен хат жазып тұрады, өз тұсындағы қазақ, татар әдебиеттерімен танысады. Абай Құнанбаев, Абдулла Тоқай шығармаларын оқып, үйренді. Солардың ықпал, әсерімен өлең жаза бастайды. Сәбиттің «Қиялым» атты өлеңі тұңғыш рет 1913 жылы «Айқап» журналында басылады.
1916 жылы патша үкіметінің әйгілі июнь жарлығына сәйкес қазақтың 19 жас 31 жас аралығындағы азаматтары бірінші империалистік соғыс майданының қара жұмыстарына алынуы тиісті болады. Бұл кезде жасы толып қалған Сәбит майданның қара жұмысына бармау үшін Екібастұз көмір кеніне барып, жұмысқа түседі,онда жалданып кенші, темір жолшы болып істейді.
Екібастұзда істеп жүргенде Сәбит сондағы жұмысшылар тұрмысы, ел жайы,майдан жұмысына алынған азаматтар туралы бірнеше өлең жазады. Ол
«Екібаста»деген өлеңінде
...Ауқаулап сиыр сауған әйел даусы,
Дәл бүгін атсаң да жоқ ,шапсаң да жоқ.
Завод тұр көк түтіні аспанға өрлеп,
Отырсың шайға қанбай, көзің терлеп.
Қасаптан арқан бойы ет алуға
Ерініп бір-біріне “әкеп бер” деп.
Тамаққа тапқан табыс жетпейтін боп,
Айтқан көп елге сәлем “ас жібер” деп.
Далада күрке жетпей күңсіп отыр,
Киімі “боқжамалап”таңылғандар.
«Не көрдің? Не істедің? Не білдің?», деп.
Сұрап жүр бір –бірінен аңырғандар, - деп суреттейді ақын ол кездегі жұмысшы тұрмысының ауыр көрністерін.
Сәбит 1917 жылы, май айында Семей қаласына келеді. Сондағы мұғалімдер дайындайтын үш айлық курсқа түсіп,оқиды; екінші жағынан «Сарыарқа» редакциясында экспредитор болып қызмет істейді.
1924 жылы Семей қаласындағы губерниялық қазақ газет басқармасында – «Қазақ тілі» газетіне қызметке тұрады. Осы кезден бастап Сәбит тағы да өлең жазуды қолға алады, газетте өлеңдері, фельетондраы, мақалалары үнемі басылып тұрады.
Өзінің және әйелінің денсаулығы нашарлаған соң, 1930 жылы Сәбит газет қызметінен шығып, өз еліне қайта оралады. Онда тағы да мұғалім болып істейді. Біраз уақыт, Павлодарға барып сондағы газете қызмет істейді.1931 жылы Семейге қайта келіп, «Қазақ тілі»- «Жаңа ауыл» газетіне қызметке кіреді.
Сәбит безгек ауруына шалдығып, сонан 1933 жылы 23- мамыр күні 39 жасында мезгілсіз қазаға душар болады.
С. Дөнентаевтың өлеңдері газет, журнал беттерінде жарияланғанын айтпағанда, төңкеріске дейін де, төңкерістен кейін де әр кезде жинақ болып басылып келеді. Оның ертеректегі өлеңдері 1915 жылы «Уақ-түйек» атты алғашқы жинағына топтастырылады. Ал, кеңес тұсында ақынның өлеңдері өз алдына жеке-жеке жинақталып, 1935, 1956 жылдары басылып шықты.
Сәбит - өлеңмен қатар бірсыпыра мақалалар, фельетондар көркем әңгімелер де жазған жазушы. Оның бұл еңбектері, кейбір әңгіме очерктері Сәбит шығармаларының соңғы жинағына кірген.
Сәбит Дөнентаевтың жазушылық сапарының екі екзеңі бар:
1)1913-1917 жылдар арасы. Ақынның ағартушы демократ бағытта өлең, мақала жазып жүрген дәуірі.
2). 1917-1933 жылдар арасы. Ақынның Кеңес өкіметіне, кеңес идеяға келген дәуірі.
Сәбиттің төңкерістен бұрын, 1913-1917 жылдар арасында жазған өлеңдерінің мейлі тақырыбы жағынан болсын, мейлі көлемі жағынан болсын ең көрнектілері: «Заман кімдікі?», «Менің халім», «Замандастар», «Қазақтың білгендеріне», «Боз торғай», «Жер», « Қожа», «АУырған арыстан», «У жеген қасқырға», “Қиялым”, “ Балалықты сағыну”, “Үміт”, “ Тлап”, “Жұмыскердің өкініші”, «Жарық ағаш», «Сұңқар мен қарғалар», «Жамила қыз», «Өгей ұл», «Екібаста», «Бұлбұлға», тағы басқалар.С. Дөнентаевтың алғашқы өлеңдер жинағы «Уақ-түйек» деген атпен 1915 жылы Уфа қаласында басылып шыққан. Жинаққа енген «Биік тау», «Менің жайым», «Заман кімдікі», «Замандастар», «Қайда кеткен?», «Қызмет көрсет халыққа», «Жүрекке», «Ақыл», «Жан мен тән», «Өгей ұл» деген өлеңдері қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті жырлауға арналған. Ақын «Заман кімдікі» өлеңінде: Бұл заман байқағанға күштінікі,