40. Мәделі Жүсіпқожаұлы шығармаларының тақырып аясы, көркемдік шеберлігі. «Мәделінің елімен қоштасқаны», «Еш нәрсе бұл дуниеге болмас тұтқа», «Бәйтерек Байзақ едің мақтап жүрген», «Іліп алма» деген өлең-жырларында өз кезінің алуан шындығы


«Мұсылманшылық шарты», Үш анық», «Түрік, қазақ һәм хандар шежіресі» тракттары шығармаларының тақырып аясы 41



бет2/16
Дата06.02.2023
өлшемі0,51 Mb.
#65455
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16
Байланысты:
Ответы 40-50 с Ә3,4 (копия)

41. «Мұсылманшылық шарты», Үш анық», «Түрік, қазақ һәм хандар шежіресі» тракттары шығармаларының тақырып аясы 41. «Мұсылманшылық шарты», Үш анық», «Түрік, қазақ һәм хандар шежіресі» тракттары шығармаларының тақырып аясы Ш. Құдайбердіұлы бұл жөнінде “Мұсылманшылық шарты” деген кітабында былай дейді: “Және бір сөзі Алла тағала пайғамбарға өзге адамның қолынан келмейтұғын істерді істеуге мұғжиза берген һәм әулиелерге керемет берген. Бұлардың пенделеріне тура жолды көрсетуге, пайғамбардың пайғамбар екеніне дәлел болсын деп, әулиелердің тазалығының қадірін көрсетпек үшін бұлар да пендесіне рақметі” [63,10 б.]. Ыбырай, Абай, Шәкәрім аталардың дінге көзқарасы жайында сөз болғанда көбінесе ұлы ұстаздың «Мұсылманшылықтың тұтқасы», қазақтың бас ақынының отыз сегізінші қара сөзі, Шәкәрім атаның «Мұсылманшылық шарты» ғана айтылып, басқа дүниелері сырт қалып жүр. Жоғарыда аттары аталған үш данышпан ойшылымыздың дін тақырыбы барлық шығармаларына тән. Осы жайтты ескере отырып ұлы ұстаз дүниетанымы хақында әңгіме қозғағанымызда жазған-сызғандарының бәріне дерлік көңіл бөлдік. «Түрік, қазақ һәм хандар шежіресінен» Ш. Құдайбердіұлы ел аузынан естігенін жазып қана қоймайды. Халық тарихына нақты дәлел келтіріп, түрлі мәліметтерді қолданып, терең ізденгені байқалады. 1918 жылдан бастап Шәкәрім елден жырақ тау арасына саятшылық үшін салынған Саятқора аталатын қонысында өмір сүреді. Шығармашылық жұмыспен шұғылданады. Осы кезеңдері ақынның көптеген туындылары дүниеге келеді. Патша үкіметі құлағанда Шәкәрім қазаққа жақсылық келді, «бостандық келді» деп түсінді. «Бостандық туы жарқырап», «Бостандық таңы атты» деген өлеңдер жазды. Бірақ ақын өкімет тарапынан тек қуғын ғана көреді.
Абайдың тәлім-тәрбиесін көріп, өмірін біліммен өрнектеген, әлем ойшылдарының еңбектерін жата-жастана оқып, парасат биігіне шыққан, Алашқа алғаш рет «Ұждан» философиясын енгізген һәм алпыстан асқан шағында қу тіршілік қыспағынан қашып, тұран даланы аңсаған түз тағысындай тақуа ғұмыр кешкен, адамзаттың аяулы ақыны – Шәкәрім Құдайбердіұлы.
Дана халқымыз: «Білім – инемен құдық қазғандай», – деп бекер айтпаса керек. Шәкәрім «Үш анық» атты философиялық трактатын жазуға даярлықты 1898 жылдан бастап кірісіп, отыз жылдай ізденіп, жиған тергенін өз ой елегінен өткізіп, қорытындыны 1928 жылы аяқтағаны мәлім.
Ақын кітаптың шымылдығын: «Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді... Өлімнен соң бір түрлі тіршілік бар. Екі өмірге де керекті іс – ұждан. Ұждан – дегеніміз ынсап, әділет, мейірім», – деген сөзбен ашады. Сөйтіп, құлқынның құлы болмау үшін екі өмірде де ар сақтап, адам болып қалуды һәм адами құндылықтардың уақытша дүние қызығынан қашан да биік тұруын көксейді.
«Бас көзі» – еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін барлығымызға мәлім, адам баласының қоршаған ортаны көру мүшесі. Ал, Шәкәрім «Ақыл көзі» деп нені болжап отыр? Ол – әлбетте, іліммен нұрланған көкірек көзі. «Бас көзімен» көрген дүние бір қарағанда сұлу, мінсіз һәм зұлымдықтан ада болып көрінуі мүмкін, бірақ оны «ақыл көзімен» қарағанда, мүлде басқа қырын тануға болады. Міне, осы «ақыл көзі» пендеге әр нәрсенің түбін, ақиқатын, жақсы не жамандығын боямасыз көрсетіп береді. Ол – бейне бір қараңғы үңгірде қолыңа майшам ұстатқандай. «Жүректің көзі ашылса, Хақтың түсер сәулесі» (Абай).
Ынсап – сүрген өміріңе, қылған кәсібіңе, тыныштықта тербелген туған еліңе деген ризашылығың. «Қанағат – қарын тойғызады» деп бабаларымыз бекер айтпаса керек. Араны ашылған жанның көзі тек қана топырақпен тоятынын хәкім Абай «Ескендір» поэмасында тайға таңба басқандай анық көрсетіп кетті. Ендеше, барлық тойымсыздыққа тосқауыл болатын – Шәкәрім айтып отырған ынсап қана.
Әділет – адамзаттың ең басты қажетсінетін қасиеттерінің бірі. Әділетсіз құрылған қоғам да, мемлекет те, тіпті тігілген шаңырақ та көп кешікпей құлдырайды. «Әділет, шафхат, кімде бар, сол жарасар туғанға» (Абай). Әділетті адам сенің туысыңмен тең, әділетсіз адам жақын туысың болса да, жатпен тең болады. Бір сөзбен айтқанда, әділетсіз өмір – өмір емес, тірі тамұқ.
Мейірім – адам бойындағы ұлы құндылық. Ол қараңғылықты, кекшілдікті, надандықты, қиянатты жойып, адам қалпыңа келтіретін, көкірегіңді кірден тазартатын таудың зәмзәм бұлағы секілді. Қай заманда да мейіріммен нұрланған қоғамның бақыты баянды, адамдары қайырымды болып келетініне көзіміз жетіп отыр. Ендеше, мейірімді болудың бұл өмірдегі пайдасы ұшан-теңіз.
Келесі сөзінде Шәкәрім: «Тіршілік туралы адам арасында көптен бері айтылып келе жатқан екі түрлі жол бар. Бірі, дене өлсе де жан жоғалмайды, өлгеннен соң да бұл тіршілікке, тіпті, ұқсамайтын бір түрлі өмір бар. Сондықтан жалғыз ғана дүние тіршілігінің қамын ойламай, сол соңғы өмірде жақсы болудың қамын қылу керек дейді. Енді бірі бұл әлемдегі барлық нәрсенің бәрі өздігінен жаралып жатыр, оны былай қылайын деп жаратқан иесі жоқ һәм өлген соң тірілетін жан жоқ дейді. Менің ойымша, осы екі жолдың қайсысы анық екенін табу ақылы сау адамға қатты міндет. Неге десең, адамды түпкілікті бақытқа жеткізбек болсақ, біліп жаратушы ие бар, өлген соң да бір түрлі өмір бар деген жолдың шын, өтірігін білуіміз керек. Егер шын болса, соның да қамын ойлап, адамдарды түпкілікті бақытқа жеткізу үшін, егер өтірік болса, оған әуреленбей жалғыз ғана осы дүние қамын қылу үшін, олай болса бұл екеуін қалай тексереміз? Оны тексерушінің әр түрлі діндер жайынан, әр түрлі ғылым жайынан әрбір білімділердің сол туралы айтқан сөздерінен хабары болу керек. Және қатты керек бір шарты – өзінің тұтқан діні, оқыған-ұғынғаны, қалыптанған әдеті, құмар ісі бәлендей жақсы кісі айтты екен деп нанып қалған сөзіне біржола байланып қалмай, ақылын әбден босатып, сол екі жолдағылардың жазған кітап, айтқан сөз, қылған істері һәм оларға қарсы айтқан сөздердің бәрін ноқтаусыз, науқассыз сау ақылмен сынау керек», – дейді.
Асылы, бұл сөздің шын жанашырлықпен һәм аса білгірлікпен айтылғанына дау жоқ. Неге десеңіз, жақсы мен жаманды, ақ пен қараны ажыратып алмай, кезіккен дүниеге бас ұрып, табынып кететін мінезіміз де жоқ емес. Сондықтан, Шәкәрім айтқандай «сау ақылмен» сынап, барлығын ой елегінен өткізіп барып, қабылдау керек.
Одан кейінгі сөздерде ғалым әлемге әйгілі философ, ойшылдардың жаратылыс туралы жазған еңбектерін, дәлелдерін шолып өтеді. Мысалы, Литерие, Маиен, Бюхнер, Демокрит, Дольн, Декарт, Коддрс, Спенсер, Конт, Биренжие, Руссо, Ламетри, Лемке, Мишель, Кеттле, Пифагор, Архимед, Птолемей, Гиппарх, Сократ, Месмер, Калиостро сияқты білімділер адамның ішкі ындынын тексеріп, дүниенің сырын ұғуды мақсұт қылғанын меңзейді.
Мінекей, Шәкәрімнің әлем кітапханаларын аралап, жүздеген ғалым мен жазушы, ақындардың сөздерін ақ қағазға түсіріп, соның барлығын «сау ақылға» сынатып отырғанын аңғардық. Бұл да Абай қалаған мектептің жарқын үлгісі деуге толық негіз бар. Сыншылдықтың жағымды һәм жағымсыз тұсы болса, Шәкәрім жағымды тұсын шебер пайдалана білген.
Шәкәрім қажы осы еңбегінің қорытындысында: «Ізін білдірмеудің айласын тапса болғаны, себебі өлген соңғы жан өміріне нана алмай ұждан, совесть, жан екі өмірге бірдей керек таяныш екеніне нана алмаған кісінің жүрегін ешбір ғылым, өнер, ешбір жол, заң тазарта алмайды. Егер бір адам жанның өлген соңғы өмірі мен ұждан соның азығы екеніне әбден нанса, оның жүрегін еш нәрсе қарайта алмайды. Адам атаулыны бір бауырдай қылып, екі өмірде де жақсылықпен өмір сүргізетін жол осы мұсылман жолы сияқты. Жан екі өмірде де азығы – ұждан, совесть деумен еш нәрседен кемдік көрмейді. Тіпті бұл жоғарылаудың ең зор жәрдемі үш анық дегенім осы», – дейді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   16




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет