42. Көкбай Жанатайұлы шығармашылығы. «Сабалақ», «Құлынды», «Қандыжап» дастандары Көкбай Жанатайұлы 1861 жылы туып, 1927 жылы өлген. Жасында мұсылманша оқуды едәуір өндіріп оқыған соң, Көкбай әншілік, ақындыққа көп ауысады. Басында айтыс өлеңдерге де жиі араласып, ақындыққа ерте жеткен талапкер жастың бірі болады. Бірақ жігіттікке жете бере қырдағы ән-өлең өнерін,сауығын тастап, Семей қаласына келіп Кәмали хазіреттің медресесіне түседі. Ұзақ жылдар сонда жатып мұсылманша оқу оқиды. Кейін Абай оны әзіл етіп молдалық пен сопылыққа беріліп, әсем әнін, бозбалалықтан кетіп қалды деп сынайды. Көкбай туралы:
Сорлы Көкбай қор болды-ау,
Осыншадан құр қалып… –
дейді.
Жас өнерпаздың діндар медреседе имам, халифелердің алдында мүлгіп жүргенін жақтырмай айтқан.Бірақ Көкбай медреседе өзінше көп оқып, үлкен молдалыққа жетіп алғаннан кейін, Абайға келіп қосылады.Ел ортасындағы бір сайлаудың үстінде Семейдің сол күнгі оязыКөкбай берген бір арыз бойынша оны жазаламақ болды.Сонда өнерлі, оқуы бар жігітті Абай аяп, кепілдікке алады. Осыдан соң Көкбай өмір бойы , Абай өлгенше оның іні-досы, шәкірті боп кетеді.Абай өлгеннен кейін бірталай жылдан соң, жасы ұлғая бастағанда, Көкбай қайтадан бұрынғы молдалығына ауысады. Ел ішінде медресе салып, бала оқытады.Бірақ молдалыққа ауысуымен, Көкбай ақындық еңбекті тастамайды.
1924 жылдан бастап Абайдың өмірбаянын жазушыларға және барлық толық жинағын құрастыруға Көкбай барынша зор көмек еткен еді. Абайдан қалған мұраның қазақ оқушыларына толық жинақ боп құралып шығуына анық еңбек сіңірген кісінің бірі-Көкбай…
1909жылы Кәкітай бастырып шығарған жинақ Абай еңбектерінің жарым көлеміндей ғана еді. Көкбай қолжазбада сақталған шығармалар ғана емес, өзінің жадында жүрген, біржола жоғалып кетуге мүмкін болған Абайдың өлеңдері мен кейбір шумақтар, жолдарды хатқа түсіріп, ұлы ақынның өзге мұраларының қатарына қосты.
Онан соң Абайдың өмірбаянын толық етіп жазуда да Көкбай айтып берген материалдар аса көп еді. Олар құнды деректер болатын. 1933 жылы құрастырып жазған алғашқы толық өмірбаянның көп фактілері Көкбайдың аузынан алынған.Абайдың көп өлеңдеріне кейінгі толық жинақтарда беріліп жүрген қосымша түсінік, деректердің көптен-көбі және де сол Көкбайдың айтуынан алынған-ды. Міне, Көкбайдың қазақ әдебиет тарихына келтірген осындайлық кесек пайдасы бар. Ол кезде Абай айналасындағы бар ақынның ішінде суырып салма, импровизацияға ең жүйрік ақын Көкбай болғаны даусыз. Сол талантын бағалап, Абай бұны өзі жазып жүрген алғашқы өлеңдеріне ие ғып шығарады. Тек бертін келіп, “Жаз” өлеңін жазған соң ғана Абай барлық өзі шығарған өлеңдерін өз атына ауыстырып алады.
Көкбай Абайдан кейін 20 жылдан аса өмір жасап, сол соңғы дәуірінде көп шығармалар жазады. Ұстаз ақын Абайдың шығармаларына аты кірген шәкірт ақынның өзі де жалғыз ғана Көкбай болатын.
Ән үйренген ырғалып,
Өлең жиған тырбанып,
Сорлы Көкбай қор болды-ау,
Осыншадан құр қалып, деген жолдарды біз Абайдың 1909 жылы шыққан ең алғашқы жинағының өзінен де ұшыратамыз. Кейін келе Абай:
Сорлы Көкбай жылайды,
Жылайды жа жырлайды.
Ол жыламай қайтып тұрады,
Мынау азған қу заман,
Бір қалыпта тұрмайды.
Біреу малды ұрлайды,
Біреу басты қорлайды,
… болмаған соң
Жылауына зорлайды,-
деген өлеңді де Абай өзінің ет бауырындай жақын көрген сырлас ақын ініге аса бір мұңдасжылылықпен үн қатады:
Бұдан басқа “Бұралып тұрып” деген өлеңінде Көкбай досына әзіл-сын ретінде әдейі арнап айтады. Ал кейін Көкбай шығарған өлеңдерді алсақ, бұл жағынан да Абайды үнемі өзіне ұстаз, аға тұтқан Көкбай барын айқын танып отырамыз.
Жәннатта жайың болғыр Абай құтып,
Қасында бос жүріппіз шатып-бұтып.
Осындай ен дарияны жайлағанда,
Тым болмаса қалмаппын қана жұтып,-
деген жолдармен Көкбай да Абайдың ақындық ұясы мен бауырында өмір кешкен жан екенін жыр етеді.
Абай мектебінің кейіннен қосылатын елеулі, ірі талантты, үлкен ақынның бірі- Әріпке айтқан сәлем сөзінде Көкбай тағы да Абай жайын толғайды:
Семейге Абай келсе бізде думан,
Ән салып босамаймыз айғай –шудан.
Бас қосу, бақастасу, мәжіліс құру,
Секілді бір ғылымның жолын қуған.
Тарихтан неше түрлі Абай сөйлеп,
Өзгелер отырады аузын буған.
Бір барсаң мәжілісінен кеткің келмес,
Кәкімдей Афлатон аңырап тұрған.
Келбеті біліміне лайықты,
Япырау, мұндай адам қалай туған,-
дейтұғын үзінділерде Көкбай ұстаз ақын Абайдың қауымында жүрген басқа шәкірт ақындардың да барлық шынын, дәл қалпын бейнелейді.
1950 жылдары Абайтану тарихында М. Әуезовті қаралаудың Абайдың ақын шәкірттеріне байланысты жаңа бір кезеңі туды десек, ондағы үлкен пікір таласы, дау-дамай, негінен, ұлы ақынның үзеңгілес жолдасы Көкбай Жанатаев тұрғысында еді.
М. Әуезов, ең әуелі, Көкбайға діндар, керітартпа, реакцияшыл деп кінәлаушылардан оны арашалап алуды мақсат еткенге ұқсайды. Көкбайды ақтау үшін оның Абайдың өмірін жазушылар мен толық жинағын құрастырушыларға үлкен көмек көрсеткенін тілге тиек етіп, оны тарих алдындағы, халық алдындағы зор еңбек деп бағалайды.
Екіншіден, өз заманында Абай мен Көкбайдың жан жолдас, айнымас дос, бір-біріне рухани жақын адамдар болғанын, Абайдың оның жүйрік ақындығын жоғары бағалап, өз өлеңдерін сол аса талантты шәкіртінің атынан шығарғандығын және оған арнап ұстаз ақынның өзінің де бірнеше өлең шығарғандығын атап өтеді.
Үшіншіден, Көкбайдың Абайдың өзі барда да, кейін дүниеден өткенде де оны қадір тұтқан қалпынан айнымағындығын, талай айтыстарында, сөз жарыстарында , естеліктерінде, өлеңдерінде үнемі Абай жайын айтпай, толғамай өтпейтінін айтады