«Ауырған арыстан» мысалында Түлкі — қулық, Арыстан — зорлық, Қасқыр — қастық бейнелеріне көшіріліп, пернеленіп көрсетілген. Түлкіні жамандаған қасқырдың өзі өліп, сіңірінен айрылғаны айтылады.Өсекшіл қасқырды арыстанның қаһарына кіріптар қылған түлкінің қулығын айта келіп:
Қазақта қасқыр да көп, түлкі де көп,
Алайда , жіп тақпаймыз ешкімге деп,
Сөз жүгіртіп шағыстырған қасекеңдер
Түлкіге қалып жатыр күлкі де боп,—
( «Ауырған арыстан»)
деп қорытынды жасайды. Яғни өсектің заманы өткенін, қасқырдай өр көкіректердің де күні сөнгенін, тек түлкі қулық, шебер ақылдың аман алып шығаррып, арыстан Ресейден сақтар сол екенін ескертеді.
«Көзі тоймаған ит» атты мысалында ашқарақтық, қомағайлық жол емесін білдіреді.
Көпірге түсті бір ит сүйек тістеп,
Ойы бар көпірінен дария кешпек.
Көрінді су бетінде бұған бір ит,
Мұнда да бір сүйек бар, басқа түстеп.
Судағы ит — бұл бейбақтың көлеңкесі
Білерлік көлеңкені болмады есі.
Толымды көрінген соң анау сүйек
Ол иттен тартып алмақ бар дәмесі.
Сол оймен атты суға айбаттанып,
Бар күшін жинап бойға, қайраттанып.
Түскен соң жойқын суға ол батырдың
Ісінің не болмағы айдан анық.
Әрқайда ашкөздінің олжасы осы,
Байқасаң іс түбіне көзің салып.
Қызғаншақтық соңы жақсылықпен бітпесін айтады ақын.
Сәбит өз өлеңдерін қысқа сюжетке құрады. Әр сюжетті диалогқа құрып, жанды сурет жасайды, қысқа өлеңге аз сөзбен көп мағына, терең ой сыйғызатын диалогтың өткір түрін қолданады. Шынында, шағын өлеңге үлкен бір поэманың немесе ұзақ бір әңгіменің оқиға желісін сыйғыза білген шебер ақын Сәбитке тән бір қасиет осында. Диалогтың мұндай түрін жасау Абайдың аударма өлеңдерінен ғана көрінсе, Сәбит мұңы өзінің төл-тума өлеңдерімен жетілдіріп отырды.
47. С.Торайғыров өмірі мен шығармашылығының өнегесін түсіндіріңіз.
Сұлтанмахмұт Торайғыров (28 қазан 1893, қазіргі Қызылту ауданы, Көкшетау облысы – 21 мамыр 1920, Баянауыл ауданы, Павлодар облысы) – ақын, ағартушы.
Арғын тайпасының Сүйіндік руының Айдабол бөлімінен шыққан. Торайғыровтың 2 жасында шешесі қайтыс болып, 6 жасына дейін әжесінің тәрбиесінде болған. Кейін әкесі екі ұлымен Баянауылға көшіп, Торайғыр кентіне таяу жерге қоныстанған. Торайғыров алғаш әкесінен ескіше хат танып, 13 жасынан Мұқан, Әбдірахман, Тортай деген молдалардан дәріс алды. Өлеңге үйір, шығыстық сюжеттер негізінде жырлар туындатқан Мұқан молда тәлімінің Торайғыровтың ақын ретінде қалыптасуына игі әсері болғанымен, баянауылдық Әбдірахман молданың (1908) қаталдығы, өлең шығарғаны үшін жас қаламгерді жазалауы оның дін мен молдалар жайлы теріс көзқарасының қалыптасуына негіз болған.
1911 ж. жаңаша оқыған Нұралы ұстазының көмегімен қазақ, татар тілдеріндегі әдеби кітаптармен, газет-журналдармен танысады. *1912 ж. Троицкідегі Ахун Рахманқұли медресесіне түседі, бірақ мұнда бір жылдай оқыған ол өкпе ауруының зардабынан оқудан шығып қалады. Торайғыров енді медреседе оқуды қойып, орысша оқу іздейді, қала маңындағы елде жаз бойы бала оқытады.
Осы кезден ақындыққа ден қойып, *1912 – 13 жылдар аралығында “Оқып жүрген жастарға”,
“Тәліптерге”(“Шәкірттерге”),
“Ендігі беталыс”,
“Оқудағы мақсат не?”,
“Анау-мынау”,
“Мағынасыз мешіт”,
“Жарлау”,
“Досыма хат”,
“Шығамын тірі болсам адам болып”,
“Түсімде”,
“Жазғы қайғы”,
“Қымыз”,
“Кешегі түс пен бүгінгі іс”, т.б. өлеңдерін, “Зарландым” атты ұзақ очеркін жазды. Осы тұста “Қамар сұлу” романын жазуды бастады.
Торайғыров поэма жанрын жаңа арнада дамытты . Ол сюжетсіз поэмаларында өмірдегі сан түрлі мәселелерді кеңінен қамтып, өршіл ой-түйіндерін бүкпестен, өткір де ашық насихаттауға тырысты.
|