Жүздеген миллион жылдар бойы жер бетінде ешқандай өзгеріссіз тіршілің етіп жатқан организмдер де бар, оған қылышқұйрық, саусаққанатты балықтар, гаттерия жатады. Бұларды екінші сөзбен "тірі қазбалар" дейді. Дегенмен кейбір өсімдіктер мен жануарлар жылдам өзгереді. Мысалы, Филиппин мен Аустралияда 800 мың жыл ішінде тышқандардың бірнеше жаңа туыстары пайда болған. Байкалда 20 млн жылға жетер-жетпес уақыт аралығында 34 жаңа туысқа жататын бүйірлеп жүзгіш шаянның 240 түрі шыққан. Эволюцияның қарқыны астрономиялық уақытпен анықталмайды. Жаңа түрдің шығуы қажетті ұрпақ санымен және бейімдеушілікпен анықталады.
Эволюцияның қарқындылығы бірқалыпты тұрақты жағдайда (мұхиттың тереңдігі, үңгір сулары) тіршілік ететін организмдерде баяу, әлсіз жүреді. Аралдарда жыртқыштар кездеспейтін жерлерде сұрыпталу өте төмен болады. Керісінше сұрыпталудың қарқынды жүретін жерлерінде эволюция да жылдам. Мысалы ХХ ғасырдың 30-жылдарында зиянды жәндіктерге қарсы улы препарат (ДДТ) қолданылған. Біраз жылдан соң улы препаратқа төзімді формалары шығып, жер бетіне тез таралған. ХХ ғасырдың 40-50-жылдарында пенициллин, стрептомицин, грамицидин антибиотиктерін кеңінен қолданудың нәтижесінде бұған да төзімді микроорганизмдер пайда болды.