Көк-жасылбалдырларКөк Жасыл Балдыр, цианея (Cyanophyta) – балдырлардың ішіндегі құрылымы жағынан ең қарапайым тобын құрайтын, прокариотты (ядролы) организмдерге жататын бір бөлімі. Бұлар автотрофты организмдердің ішіндегі ең ежелгілері болып саналады. Көк Жасыл Балдырдың қазба қалдықтары кембрийге дейін түзілген шөгінді жыныстар арасынан табылған. Көк Жасыл Балдыр табиғатта өте кең тараған. 3 класқа бірігетін 150 туысы 2 мыңға тарта түрлері белгілі, барлық құрлықтар мен суларда (ащы, тұщы) кездеседі. Қазақстанда 3 класқа, 9 қатарға, 30 тұқымдасқа, 66 туысқа жататын 549 таксоны (түр, вариация, форма) анықталған.
Құрылымы Көк Жасыл Балдыр бір клеткалы, шар тәрізді, бірігіп шоғыр (колониялар) түзеді, ал көп клеткалы түрлері жіпше тәрізді, кейде бұталана тарамдалған. Түсі, әдетте, көк жасыл болғанымен, алқызыл, күлгін, тіпті қара түсті түрлері де кездеседі. Ол клетка құрамындағы пигменттерге (фикоциан – көк жасыл түсті, фикоэритрин – қызыл, каротин – алқызыл; әр түрлі каратиноидтар) және олардың ара қатынастарына байланысты болады. Клеткалары талшықсыз, ал көп клеткалы жіпше тәрізді түрлері сырғанай жылжуға қабілетті келеді. Клеткалары құрылымы жағынан бактерияларға өте жақын, басқа типке жататын балдырларға мүлде ұқсамайды. Клетка органоидтарынан, плазмадан оқшауланған ядросы, сондай-ақ, хлоропластары, митохондриялары болмайды.
Қоректенуі Автотрофты және миксотрофты (аралас) қоректенеді. Соңғылары шіріген органикалық заттар мен ластанған суларды мекендейді де фотосинтезбен қатар дайын органикалық қалдықтармен қоректенеді. Осының арқасында жаз айларында тез көбейіп, судың сапасын төмендететін түрлері (Anabena) де бар. Мұндай сулар көк жасыл түске боялып “гүлдейді”, түйсік органдарын тітіркендіретін (органолептикалық) қасиеттері бұзылады, жағымсыз иіс пайда болады, ал Көк Жасыл Балдыр су бетін түгел басып кетсе, жәндіктер мен балықтар оттек жетпей тұншығып өледі. Көк Жасыл Балдыр фотосинтез кезінде өсімдіктер сияқты крахмал түзбейді, оның орнына жануарларға тән гликопротеидтер (полисахаридтер) пайда болады.
КөбеюіКөк жасыл балдыр, негізінен, вегетативтік жолмен, яғни клеткаларының екіге бөлінуі, шоғырларының ыдырауы, көп клеткалы жіпшелерінің бөлшектенуі арқылы көбейеді. Аналық клеткаларында пайда болатын споралары арқылы да көбейетін түрлері бар. Бұлар жыныстық жолмен көбеймейді. Қоршаған ортаның қолайсыз жағдайына өте төзімді, әрі бейімделгіш. Температурасы 80°С-қа жететін ыстық суларда да, полюстардағы немесе биік тау басындағы мұз-қарларда да тіршілік ете беретін түрлері бар. Кейбір түрлері саңырауқұлақтардың белгілі бір түрімен селбесіп тіршілік етіп, қыналардың денесін құрайды. Шаруашылыққа пайдалы түрлері де кездеседі.