50.Жабық тұқымдылар бөлімі. Кластарға бөлінуі: даражарнақты және қосжарнақты.
Жабық тұқымдылардың классификациясы – жабық тұқымдылар қос жарнақты (Dicotyledoneae) және дара жарнақты (Monocotyledoneal) кластарына бөлінеді. Қос жарнақтылар. Ұрықтың екі тұқым жарнағы болады. Ұрықтың тамырша келешегінде жанама тамырлары бар кіндік тамырға айналады. Тамырлары екінші рет қалыңдауға қабілетті. Тамырларының формасы көп жағдайда кіндік тамыр. Сабағы өсімдіктің өсу барысында жуандайды. Сабақтың көлденең кесіндісінде өткізгіш шоқтары ашық көлденең кесіндісінде шеңбердің бойымен орналасады, немесе барлығында бірдей өткізгіш цилиндрі болады. Жапырақтары жәй және күрделі жүйкеленуі торлы. Гүлдерінің мүшелері 5 қатар, сиректеу 4 қатар түзіп орналасады. Дара жарнақтылар. Ұрықтың бір ғана тұқым жарнағы болады. Ұрықтың тамырша біршама ертерек өледі, қосалқы тамырлар пайда болады. Тамырлары екінші рет қалыңдауға қабілетсіз. Тамыр системасы шашақ тамыр. Сабағы жуандамайды, өткізгіш шоқтары жабық. Сабақтың көлденең кесіндісінде олар ретсіз шашыранқы орналасады. Жапырақтары жай, паралель немесе дара тәрізді жүйкеленген болып келеді. Гүлдерінің мүшелері 3 қатар түзіп орналасады. Жабық тұқымдылар. Ағаштар, бұталар, шөптесін өсімдіктер. Вегетатив органдары көптеген әртүрлі гистологиялық элементтерден тұрады. Арнайы маманданған вегетативтік органдары бар түйнектері, баданалары, тамыр сабақтары. Тұқым бүрін жеміс жапырақшалары жауып тұрады.
51.Гүлдің құрылысы мен бөлімдері, формуласы және диаграммасы.
Гүлдің бөліктерін мынадай шартты таңбалармен: тостағаншасын – Т, күлтесін – К, аталығын – А, аналығын – Ж (жатын) әріптерімен белгілейді. Гүлдің әрбір мүшелерінің санын цифрлармен береді. Бірімен-бірі бірігіп кеткен тостағанша жапырақша – (5), жақшаға алынады. Бірікпеген күлте жақшасыз – 5. Біріккен күлте саны тостағаншадағыдай, жақшаға алынады. Гүлдің барлық бөлімдерінің біріккен түрлері түгелдей жақшаға алынып беріледі. Егер гүл жай гүлсерікті болса (тостағанша немесе күлтенің біреуі ғана болса) Гс – гүлсерік деп белгілейді. Немесе тек «К» (күлте) белгісі қойылады. Мысалы, 5 мүшелі бір-бірімен бірікпей жеке тұрған тостағаншаны – Т5, біріккен 5 мүшелі күлтені – К(5), аталықтары 12-ден көп болса, шексіздік белгісімен – А∞, екі біріккен аналықты – Ж(2) таңбаларымен және цифрлармен белгілейді.
Гүлдің формуласын жазғанда жатынның гүл табанына орналасуын сызықшамен (–) белгілейді. Сызықша аналықтың санын көрсететін цифрдың (үстіңгі жатын), астына ортаңғы деңгейіне (ортаңғы жатын) үстіне (астыңғы жатын) қойылады.
Аналықтың түп жағындағы жуан бөлімін жатын дейді. Енді үстіңгі, ортаңғы және астыңғы жатын дегенді талдайық. Егер аналық гүл табанының жалпақ бетіне орналасса, ол – үстіңгі жатын. Аналық гүлтабанының ортаңғы бөліміне дейін батыңқырай орналасса – ортаңғы жатын. Аналық гүлтабанына бойлай терең орналасса, астыңғы жатын делінеді.
Диаграмма дегеніміз гүл бөлімдерінің жазықтықтағы көлденең қимасын шартты түрде бейнелеп, сызбанұсқасын сызу.
Достарыңызбен бөлісу: |