Символ — когнитивно-языковой код
В исследованиях антропологического направления современной казахской лингвистики значительное
место уделено изучению колоративной лексики, так как многое в окружающей действительности вос-
принимается посредством цвета, и цвет является культурным кодом любого народа. В данной статье
рассмотрены такие важные свойства символа, как архетипичность, мотивированность и образность.
B.R.Khassenov, A.A.Bimende, A.B.Satbaeva
Symbol — cognitive-language code
In study of the anthropological direction of the modern kazakh linguistics significant place is spared study of
color lexicon, since a great deal in surrounding reality is perceived by means of colour, and colour is a cultur-
al code of any folk. In given article consider important property of a symbol, as an arkhetip, motivation and
figurativeness on material of color lexicon.
References
1 Maslova V.A. Lingvokulturologiya: Studies. grant for the student. hihn. studies, institutions, Moscow: Academy , 2001, 208
p.
2 Kairbayeva K. Simvolichesy values of ethnocultural names of the Kazakh language: Candidate. dis ... author, Almaty, 2004,
29 p.
3 Magauin M. Motiv коbyza. The Kazakh akyns and жyrau XV–XVІІІ centuries. Monograph, Almaty: Atamura, 2006, 264 p.
4 Lotman Yu.M. Semiosfera, Sankt Petersburg: Iskusstvo SPb, 2000, 704 p.
5 Spirova E. Simvol and image. [ER]. Mode of access: http://www.intelros.ru
6 Losev A.F. Problema of a symbol and realistic art., 2nd prod. corr., Moscow: Iskusstvo, 1995, 320 p.
Серия «Филология». № 4(72)/2013
19
ƏДЕБИЕТТАНУ ЖƏНЕ ФОЛЬКЛОРТАНУ
ЛИТЕРАТУРОВЕДЕНИЕ И ФОЛЬКЛОРИСТИКА
ƏОЖ 82.0
Ж.Қ.Смағұлов
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті (E-mail: jandossmagulov@mail.ru)
Əл-Фараби жəне ұлттық əдебиеттану ғылымының бастаулары
Мақалада қазақ ұлттық əдебиеттану ғылымының қалыптасу тарихы қарастырылды. Автор орта
ғасырлардағы М.Хорезми, Əбу Насыр əл-Фараби, Əбу Райхан əл-Бируни, Əбуғали Ибн Сина,
Ə.Фирдоуси, Рабғузи, М.Қашқари, Қ.А.Яссауи, О.Хайям, Ж.Баласағұни, А.Жауһари сияқты
ғұламалардың ғылыми-зерттеу еңбектерінің əдебиеттану ғылымының қалыптасу тарихына тікелей
қатысы болғандығын дəлелдейді. Əл-Фарабидің еңбектеріне тоқталып, олардың өнер, тіл жəне
əдебиет мəселелері мен өлеңтану саласындағы əдеби-теориялық, ғылыми-зерттеушілік ой-пікірдің
шырқау биігі екендігін, ғалымның əдебиет теориясы мəселелерін қарастырудағы орны мен рөлін
көрсетеді.
Кілт сөздер: ұлттық əдебиеттану, əдебиет теориясы, көркем əдебиет, сөз өнері, əдебиет мəселелері,
өлең сөз, музыка өнері, Шығыс өнері мен мəдениеті, ғалымдар.
VІІІ ғасырлардың орта кезінде Түрік қағанаты құлағаннан кейін түркі тілдес тайпалардың
мəдениеті, өнері, əдебиеті жəне тілінің тарихи дамуы мен өркендеуінің негізгі орталығы қазақ даласы
болды. Қазақ жері мен Орта Азияда ислам дінінің тарала бастауы көшпелі өмір салтына сай
мəдениетке отырықшылық қала мəдениетін енгізеді. Ірі қалалар пайда болып, олар ел басқару, сауда
орталықтары болуымен қатар, мəдени, діни, өнер-білім, ғылым орталықтары ретінде да таныла
бастады. Ислам дінінің толық қанат жая бастауы кең қолданылып келген руна жазуын, яғни көне
түрік жазуын, тарих сахнасынан ығыстыра бастады. Мешіттердің салынуы, медреселер мен
мектептердің ашылуы қалалы жерлерде діндар ғұламаларды, өнер адамдарын, оқымысты, дана
адамдарды топтастырды. Алайда бұл бірден жүзеге аса қойған жоқ. Алғашқыда араб басқыншылары
ислам дінін күшпен тарату мақсатында өздері басып алған елдердің мəдени жəне ғылыми мұраларын
тас-талқан етіп қиратып, жаңа дінді таратуға кедергі келтіретін ештеңе қалдырмауды мақсат тұтты.
Əрине, бұл көркем əдебиеттің дамуына да əсерін тигізбей қалмады. Ұлы ғалым Əбу Райхан Бируни
«Өткен ұрпақтар ескерткіштері» аталатын еңбегінде: «Араб қолбасшысы Кұтайба озбырлықпен
бұрынғының бəрін талқындады, жойды. Хорезмдіктердің жазу-сызуларын, кітаптарын, бумаларын
өртеді, өнер адамдары мен білімпаздарды, ғалымдарды түгел құртты. Хорезмдіктердің исламға
дейінгі тарихы түгел көрге көмілді, оны қазір ешкім білмейді», — деп жазады.
ІХ ғасырдың соңына қарай феодалдық қарым-қатынастың дамуына байланысты Қазақстан жері
мен Орта Азияда араб мəдениеті мен ғылымының ықпалы артты. Оқу, білім, өнер, əдебиет —
барлығы да араб тілі, араб мəдениеті-əдебиеті ықпалында дами бастады. Ежелгі грек ғалымдарының
ілімдерінің қайта тарала бастауы ғылымды дамытса, араб поэзиясы əдебиеттің тарихи сабақтастық
дəстүріне сай жаңаша өсіп-жетілуіне əсер етті. Кешегі түрік тілдес тайпалардан шыққан М.Хорезми,
Əбу Насыр əл-Фараби, Əбу Райхан əл-Бируни, Əбуғали Ибн Сина, Ə.Фирдоуси, Рабғузи, М.Қашқари,
Қ.А.Яссауи, О.Хайям, Ж.Баласағұни, А.Жауһари, Ысқақ əл-Фараби, Жанақ əл-Қимаки сияқты тағы да
басқа даналардың, өнер иелерінің, ғылым қайраткерлерінің көркем шығармалары мен ғылыми
зерттеу еңбектерінің əдебиеттану ғылымының қалыптасу тарихына тікелей қатысы бар. Бұл ғұлама
ғалымдардың еңбектерінен Х–ХІІ ғасырлардағы түркі халықтарына тəн ортақ мұра болып саналатын
көркем əдебиеттің өркендеуіне орай туындаған сыншылдық-эстетикалық, ғылыми-зерттеушілік,
Ж.Қ.Смағұлов
20
Вестник Карагандинского университета
əдеби-теориялық ой-пікірдің ғылыми ояну дəуірін көреміз. Бұл кезеңде мəдениет, ғылым, əдебиет,
сəулет өнері өркендеді. Оның ішінде сөз өнеріне деген құрмет ауыз əдебиетінің, жазба əдебиеттің
дамуына ықпал жасады. Филологиялық білімдер жүйесімен айналысу тек қана көркем əдебиет
өкілдері ғана емес, барша зиялы қауымға тəн құбылыс болды. Шешендік өнерді меңгеру, нақышты
сөйлей білу, өлең шығару қабілетіне ие болу — білімді деп саналатын адамдардың міндетті түрде
игеруге тиісті қасиеттері еді. Ғылыми еңбектердің көркем үлгіде келуі басты сапаларының бірі
ретінде танылды. Сондықтан ғылыми трактаттардың өлең түрінде жазылуы таң қаларлық іс-
əрекеттен көрі, солай болуға тиісті дəрежесінде қабылданды. Тіпті жаратылыстану ғылымымен
шұғылданушылар да филология, поэтика, риторика мəселелері туралы трактаттар жазды. Мысалға,
Ə.Р.Бируни мен Ибн Синаның еңбектері оған айқын дəлел. Бұл дəуірдегі білімпаздардағы
энциклопедиялық білім, жан-жақты қабілеттілік бірнеше ғылым саласымен қатар айналысуына
мүмкіндік берді. Бұлардың ішінен туған топырағымыздан шыққан жəне ұлттық мəдениет пен
əдебиетке өте жақын мəселелерді сөз еткен ғалымдардың ғылыми мұраларының жан-жақты
екендігінде дау жоқ.
Есімі дүние жүзіне мəлім болып, «екінші ұстаз» атанған Əбу Насыр əл-Фарабидің Отырарда
туып, Сыр, Қаратау бойындағы түркі тайпаларынан шыққаны белгілі. Орта Азия мен Қазақстаннан
шыққан ғұлама ғалымдар арасынан басқа ғылым салаларымен қатар жалпы көркем өнер, оның ішінде
сөз өнері туралы ғылыми түсінікті зерттеушілік тұрғыда алғаш сөз еткен əл-Фараби еді. Оның
«Мемлекет қайраткерлерінің афоризмдері», «Ғылымдар энциклопедиясы», «Ғылымдарды
классификациялау», «Аристотель еңбектеріне түсініктеме», «Өлең кітабы», «Өлең өнерінің
қағидалары туралы», «Поэтика жəне поэтикалық ойлау», «Поэтикалық шығармалар түрі» т.б.
еңбектері сол кездегі өнер, тіл жəне əдебиет мəселелері мен өлеңтану саласындағы əдеби-теориялық,
ғылыми-зерттеушілік ой-пікірдің шырқау биігі болды. Тарихи шындыққа жүгінсек, əл-Фараби
еңбектерінде түркі тілі мен поэзиясы зерттеу нысанасына алынған жоқ. Ол негізінен ертедегі
гректердің тілі мен əдебиеті, өнері туралы ғасырлар бойы айтылып келе жатқан ғылыми-зерттеушілік
ой-пікірді жалғастыра отырып, парсы жəне арабтардың өнері, тілі, поэзиясы төңірегінде ой қорытты.
Соның негізінде жалпы көркем өнер, тіл, əдебиет мəселелерін сөз ету арқылы, олардың бүкіл адамзат
қоғамындағы алатын орнын ашып берді. Фарабитанушы-ғалымдардың еңбектерінде философия,
музыка, логика, этика, эстетика ғылымдары саласындағы көзқарастары тереңірек зерттеліп,
Фарабидің филологиялық зерттеулері мен ақындығы сөз арасында ғана айтылып жан-жақты зерттеу
нысанасына айнала қойған жоқ. Əрине, бұл жерде қазақ əдебиеті тарихының ежелгі дəуірін зерттеу
барысында Фараби туралы азды-көпті пікір айтқан əдебиетші-ғалымдардың еңбектерін жоққа
шығарып отырған жоқпыз. Айтпағымыз — Фарабидің тілші, əдебиетші, ақындық тұлғасының
монографиялық тұрғыда толық зерттелмегені.
Ислам дінін таратушылар түркі тайпаларының арасында мұсылмандықты рухани байлықтың
ықпалы арқасында орнықтыруға күш салды. Алайда арабтардың мəдени жəне əдеби мұрасы, рухани
дүниетанымы дамуы мүлде бөлек елдің ғасырлар бойы жасаған дəстүрін бұзып не жойып жібере
алмады. Керісінше, оны байыта түсті, өркендеуіне ықпал жасады. «Многие востоковеды подчерки-
вают большое влияние, поразительную живучесть доисламских поэтических традиций в истории ара-
боязычной средневековой литературы. Необходимо подчеркнуть, что в формировании эстетического
мышления аль-Фараби сыграли большую роль тюркское изобразительное искусство и могучий
фольклор его соотечественников. Он застал вполне сложившуюся и развитую поэтическую традицию
тюркоязычных народов. Поэзия издавна имела общественное и особое художественное и историче-
ское значение», — деп анық жазады М.С.Бурабаев [1; 8]. Олай болса, əл-Фарабидің ғұламалық
тұлғасының қалыптасуын тек қана араб мəдениеті мен ғылымының жемісі деп қарау жеткіліксіз. Ол
— ең алдымен өзі шыққан ортаның өкілі. Сондықтан дүниетанымдық көзқарасының қалыптасуына
басты əсер еткен тарихи тамырды, яғни ертедегі түркілердің, оның ішінде өз ұлтымыздың рухани
байлығын, жоққа шығаруға болмайды.
Əл-Фараби түркі тайпасынан шыққан білімпаздар арасынан тұңғыш филолог ретінде танылды,
тіл білімі мен əдебиет теориясының мəселелеріне тереңдеп барды. Тіл білімінің мəселелерін сөз еткен
«Сөз ғылымын классификациялау», «Сөз бен əріп туралы», «Жазу өнері туралы» секілді еңбектерін
жазу арқылы лингвистиканы дамытуға зор үлес қосты. Нақты айтсақ, дербес жəне қарапайым сөздер
мен сөйлемдер туралы, күрделі жəне құранды сөздер мен сөйлемдер туралы, мəнерлі оқу ережелерін,
тілдің заңы мен негізгі ережелерін, емле мəселелерін, дұрыс оқуға қойылатын талаптарды
Əл-Фараби жəне ұлттық əдебиеттану ғылымының ...
Серия «Филология». № 4(72)/2013
21
қарастырды. Барлық ғылымдарды бірнеше салаға жүйелеу барысында тіл білімін ең бірінші орынға
қойып, əр бөліміне нақты тоқталуының өзі көп жайды аңғартады.
Əл-Фарабидің көркем əдебиетке қарым-қатынасы екі түрлі сипатта көрінді. Ол, біріншіден, өз
кезеңінде «Поэзия падишасы» аталған атақты ақын. Екіншіден, грек, парсы, араб поэзиясын ғылыми
тұрғыда терең зерттеген əдебиетші-ғалым.
Орта ғасырда өмір сүрген арабтың көрнекті ақындары мен ғалымдарының, тарихшыларының
айтуына қарағанда, Фараби өте көп өлең жазған деген пікір бар. Мысалы, Əбул Фарадж əл
Исфаганидің (879–967) «Əлағани» («Күй кітабы») атты еңбегінде атақты араб ақыны Əбу Фирастың
Сайф ад Даула сарайының жарапазаншы-жаршысына айтқан мынадай сөзі келтірілген: «Поэзия —
деңгеленген алтын түйе, оның басы — Əбунасыр əл-Фарабиге, мойны — Əбу Нубасқа, иығы — Омар
ибн Əбу Рабиаға, кеудесі — Əбу Таммамға, қалған шек-қарнын екеуміз бөлісіп жүрміз ғой». Бұл əл-
Фарабидің поэзия падишасы деген атаққа лайық шығармалар жазғанын жəне өз кезеңінде өте жоғары
бағаланғанын көрсетеді. Осы сипаттас пікірлерді Ризокули Хидоят, Ибн Аби Усайба, Ибн Халлакан-
дар да өз еңбектерінде айтып, Фараби жырларынан үзінді келтіре отырып, дəлелдеген. Белгілі
шығыстанушы-ғалым Е.Э.Бертельс те осы пікірді қуаттайды. Өкінішке орай, Фарабидың ақындық
мұрасы сақталмаған, тек бірнеше өлеңдері, бəйіттері ғана жетті. Оларға қарап отырып, Фарабидың
поэзиялық мұрасын бағалау, зерттеу мүмкін емес. Əйтсе де замандастарының берген жоғарғы
бағасына сүйене отырып, «поэзия падишасы» деген атаққа лайық, өз кезіңдегі əдеби процестің да-
муына үлес қосқан жəне көптеген ізбасарлар шыққан ақындық мектептің үлгісін салған, парсы жəне
араб тілінде жазған түркі ақыны болды деген қорытындыға келеміз.
Əл-Фараби атақты ақын ғана емес, өз дəуіріндегі логика мен эстетиканы, музыка өнерін, өлең
сөздің теориясын жетік меңгеріп, ғылыми тұрғыда зерттеген трактаттар жазды. Оның ішінде
əдебиеттанудың өзекті салаларына арналған еңбектерінде əдебиеттің теориялық мəселелеріне байла-
нысты өзіне дейінгі айтылып келген көзқарастарды жүйелеп, ғылыми тұрғыда дамытты. Сол арқылы
əдеби-теориялық, ғылыми-зерттеушілік ой-пікірдің танымдық сипаты кеңейіп, филологиялық
білімдер жүйесі қалыптаса бастады, практикалық қолдану аясы да кеңейе түсті.
Фарабидің «Өлең өнерінің қағидалары туралы» трактатында Аристотельден басталып ғасырлар
бойы зерттеу нысанасына айтылып келе жатқан əдебиетті теориялық тұрғыдан тану жайындағы
көзқарас жалғасын тапты. Онда поэзия туралы негізгі түсініктер кеңейіп, өнердің бір түрі ретіндегі
ерекшелігі анықталды. Фараби өзі қарастырған музыка, риторика, сурет өнерлерімен салыстырғанда
поэзияның сөз өнері ретіндегі сипатын, негізгі қағидаларын ғылыми жүйелеу арқылы ашып береді [2].
Əл-Фараби поэзияның өнер саласы ретіндегі негізгі табиғаты болып табылатын қағидаларын
ақындар да, ғылыми тұрғыда зерттеушілер де толық түсініп, меңгеріп алуы қажеттігін атап айтады
[3; 344]. Ғалымның бұл пікірінің маныздылығы Аристотельден бері келе жатқан поэзия өнерінің
қағидалары туралы тұжырымды жалғастырғаны, толықтырғаны ғана емес, араб тілінде
жазылғандықтан, бүкіл Таяу Шығыс пен Орта Азияға тарап, өлең шығарушылар мен поэзияны
зерттеушілердің əдеби-теориялық танымын жоғарлатуында десек, артық айтпаған болар едік.
Бұл еңбек туралы фарабитанушы-ғалымдар арасында екі түрлі пікір айтылуда. Негізгі талас —
Аристотельдің «Поэтика» еңбегінде қарым-қатынасы төңірегінде. Əсіресе Фарабидің поэзияны
жанрлық түрлерге жіктеуінің ғылыми-теориялық жəне танымдық маңызы зор. Ол поэзияны
мазмұндық сипатына орай 13 жанрлық түрге қарастырады да əрқайсысына нақты анықтамалар бере
отырып ерекшелейді. Олар: трагедия, дифирамб, комедия, ямб, драма, айнос, диаграмма, сатира, по-
эма, эпос, риторика, амфигенезис, акустика.
Бұл жіктеуді өзбек ғалымы М.М.Хайруллаев: «Глубоко изучив «Поэтику» Аристотеля и исполь-
зовав ее основные принципы, Абу Насыр создал ряд трактатов по теории поэзии. Ему принадлежат,
например, трактаты «О канонах искусства поэзии» и «Об (искусстве) поэзии».
Первый является своеобразным пересказом той части «Поэтики» Аристотеля, где речь идет о
различных поэтических формах, которыми широко пользовались в Древней Греции», — деп
Фарабиді Аристотельдің жанрлық түрлерге байланысты тұжырымдарын қайталап айтып беруші
дəрежесінде таниды [4]. Бұл пікірге философ-ғалым М.С.Бурабаев: «Подобная классификация жан-
ров поэзии не встречается в «Поэтике» и других произведениях Аристотеля», — деп үзілді-кесілді
қарсы шығады [1; 42]. Аристотельдің софистика жəне поэзия туралы ізденістерінің аяқталмағанын
жəне «Поэтикада» тек трагедия туралы ғана түсініктеме берілгенін тілге тиек ете келіп: «Он превзо-
шел Аристотеля в классификации, анализе специфики и общественного назначения поэзии, и его
трактат «О канонах искусства поэзии» не является своеобразным пересказом «Поэтики», — деп жа-
Ж.Қ.Смағұлов
22
Вестник Карагандинского университета
зады. Бұл пікірді əдебиетші-ғалымдар А.Машанов, Ə.Дəрбісəлиев, Н.Келімбетов, Т.Кəкішев т.б. да
қостайды.
Шынында да Фарабидің поэзияны жанрлық түрлерге бөлген бұл жіктеуінің «Поэтикада»
кездеспейтіні рас. Оны трактатының басында: «Мудрец не завершил своего изыскания даже по ис-
кусству софистики, не говоря об искусстве поэзии», — деп əл-Фараби атап көрсеткен де [3]. Бұл ту-
расында орыс ғылымы А.Ф.Лосев «Трактат весьма мало соответствует его содержанию, которое
здесь преподносится не только в противоречивом и малосогласованном виде, но касается почему-то в
конце концов только одной трагедии. Какие существуют виды и жанры поэзии, об этом Аристотель
ясно не говорит... Аристотель не умеет ни классифицировать искусство, ни формулировать специфи-
ку поэзии», — деп жазған болатын [5]. Бұл жерде біз Аристотельді төмендету арқылы əл-Фарабиді
көтеріп алғымыз келіп отырған жоқ. Мүмкін, əл-Фараби Аристотель «Поэтикасының» бізге жетпеген
тарауларына, немесе басқа да ғылыми еңбектерге сүйенген шығар, ол жағы белгісіз. Əйтсе де бұл
трактатында Аристотельдің поэзия туралы көзқарасын дамытқанына дау жоқ. Аристотель суждения-
ны (ой-пікір немесе пайымдау) толық дəлелді (доказательные), диалектикалық, софистикалық деп
үшке ғана бөлсе, əл-Фарабидің бұларға риторикалық, поэтикалық деген түрлерді қосуы оған айқын
дəлел. Сонымен қатар Аристотельден əл-Фарабиге дейінгі поэзия жанрлық тұрғыдан өркендемеді деп
ешкім де кесіп айта алмайды. Ендеше, əл-Фарабиді поэзия өнерінің қағидалары мен жанрлық түрлері
жайындағы өзіне дейінгі ой-пікірлерді толықтыра отырып дамытқан, оның ғылыми жүйесін жасаған
жəне зерттеу жолдарын анықтап берген шығыстың тұңғыш əдебиетші-ғалымы, теоретигі деуге толық
мүмкіндік бар. Оған көз жеткізу үшін осы трактатта поэзияның Фараби сөз еткен басқа мəселелеріне
тоқталып өтелік.
Трактатта өлең жазудағы ақындық шеберлік, софистикалық жəне еліктеу құбылыстары туралы
ұғымының айырмашылықтары, поэзияны ғылыми тұрғыда тексеру жолдары секілді мəселелер де
қарастырылған. Ғалым ақындық шеберліктің қалыптасуында ақындық түйсік пен қабылдау жəне
олардың көркемдік суреттелуінің басты роль атқаратын себебі, өзара үйлесімдікте келуі мен сезімге
əсер ету деп табады. Ал поэзияны зерттеуде ақындық пайымдаудың өлең өлшемі мен мазмұнына
байланысты көрінуін басты назарда ұстау қажеттігі атап айтылады. «Ақындық түйіндеуді, — деп жа-
зады əл-Фараби, — өлшем мен мазмұнға қарай топтастыруға болады. Өлшеміне қарай топтау
əуенділікке, болмаса екпінге, тұжырымдау қай тілде екеніне байланысты, сонымен қатар музыканың
деңгейіне де қатысты. Мазмұнына қарай ғылыми тұжырымдау шама-шарқынша тап басып болжау,
поэзияны талдаушының, поэтикалық мəнін зерттеушінің, əр түрлі халық поэзиясы мен оның əрбір
мектебін білетіндердің харекетіне кіреді» [6; 79]. Бұл пікірге əл-Фараби парсы жəне араб поэзиясын
зерттеушілердің еңбектерімен толық таныса келіп, олардың поэзияны сатира, пэан, состязательные
стихи, комедия, аллегорические, лирические, описательные т.б. деп бөліп жүргеніне көңіл аударған.
Фараби де жəне ол айтып отырған басқа да зерттеушілер араб, парсы поэзиясын Аристотельдің
«Поэтикасының» ізімен ертедегі грек поэзиясына тəн үлгілерге сай жіктегені анық байқалады. Бұл
жерде біз осы трактатты қазақ тіліне тəржімалаған А.Нысаналин аудармасына тоқтала кеткіміз келіп
отыр. Жоғарыда айтылғандай, əл-Фараби араб жəне парсы поэзиясын 7-ге жіктесе, ал А.Нысаналин
аудармасында 6 ғана [6]. Оларды сатира, поэтика, айтыс, комедия, газель, жұмбақ деп аударған. Бұл
ғылыми дəл аударма емес. Өйткені əл-Фараби өз жіктеуінде поэзиялық шығармалардың мазмұны мен
тақырыбына баса назар аудара келіп, оларды жанрлық түр дəрежесіне анықтаған. Біздің ойымызша,
пэан дегенді поэтика деп аударудың еш қисыны жоқ. Пэан ертедегі гректерге құдайларға арналған
(мысалы, Аполлонға) хор лирикасы (хоровая лирика) болса, арабтарда мақтау өлең, ода үлгісінде
келеді. Сол сияқты состязательный дегеннің ертедегі түріктердің немесе біздің айтысымызға еш
қатысы жоқ. Фараби состязательный дегенде ертедегі гректердің трагик-ақындарының өлеңмен жа-
рысуын алып отыр. Бұл мүшайраға жақын. Ал газель мен жұмбақтың жіктеуге еніп кеткені жəне опи-
сательный ұғымына дəл балама табылмай түсіп қалғаны түсініксіз. Негізінде жазба жəдігерлік
мұраны аударуда ғылыми дəлдік, теориялық терең білім жəне жауапкершілік қажет. Əйтпесе ол ау-
дарманы пайдаланушыларды қателіктерге ұшыратуы немесе басқа бағытқа салып жіберуі мүмкін.
Əл-Фараби жіктеулерінің дəл мағынасын бере алмаған жəне тағы да басқа шалағай аударылған
тұстары бар бұл аударма ғылыми айналымға еніп кетті. Мысалы, Н.Келімбетов өз еңбегінде поэзия-
ны 7-ге бөлген Фараби жіктеуін емес, А.Нысаналин аудармасындағы жіктеуді дəл сол қалпында
пайдаланған [7]. Біздің ойымызша, əл-Фарабидің араб, парсы поэзиясын жіктеуі төмендегідей болуға
тиіс. Олар: сатира, немесе сатиралық, мадақтау өлеңдер, немесе ода, айтыс өлеңдер, немесе мүшайра,
Əл-Фараби жəне ұлттық əдебиеттану ғылымының ...
Серия «Филология». № 4(72)/2013
23
аллегориялық, немесе тұспал өлеңдер, лирикалық, суреттемелік. Əрине, дəлме-дəл мағынада болмауы
мүмкін, əйтсе де түпнұсқаға жақын.
Трактатта əл-Фараби өлең өлшемдері мен фабула мəселесіне араб, парсы жəне ертедегі грек по-
эзиясына салыстырмалық талдауларға бару арқылы теориялық тұжырым жасағаны байқалады. Əл-
Фарабидің поэзия қағидаларына тікелей қатынасы болмаса да өз кезеңіндегі ақындарды үш топқа
бөлуі, əрқайсысына сипаттама беруі əлі күнге дейін маңызын жойған жоқ. Олардың алғашқысы —
өлең жазу қағидаларымен толық таныс болмаса да табиғат берген үлкен талантының арқасында та-
маша туындылар жаза алатындар, ал екінші тобына жататындар, табиғи дарыны болмаса да поэзия
қағидаларын толық меңгеру арқылы өлең жазатындар, үшіншісі осы екеуіне еліктеушілер деп
бөлінеді. Ақындарды, көркем əдебиетпен шұғылданушыларды Фарабише топтастыру олардың
өнерпаздық тұлғасын бағалау мен əдебиет тарихындағы орнын белгілеудегі зерттеулерге қажет екені
айқын. Фарабидің ақындар туралы бұл көзқарасы қазақ əдебиеттану ғылымында Абайдың
сыншылдық-эстетикалық, Шоқан мен А.Байтұрсыновтың ғылыми ойларында көрініс тапса,
Е.Ысмайыловтың «Ақындар» монографиясында ғылыми тұрғыда тұжырымдалғаны белгілі.
Əл-Фарабидің қағидалары туралы ғылыми-зерттеушілік көзқарасы «Өлең кітабы» атты
еңбегінде жалғасын тапты. Оны кейде «Поэзия өнері туралы» деп те атап жүр. Өз кезіндегі араб по-
эзиясына теориялық талдау жасау арқылы өлең құрылысын тексеруді мақсат тұтқан бұл трактатында
өлең өнерінің ішкі заңдылықтарын ашып берген.
Əл-Фараби ең алдымен араб поэзиясында қалыптасқан негізгі ережелерді анықтау үшін олардың
бəйіт құрылысында кездесетін 11 түрлі ерекшелігін көрсетеді [3; 383].
Əл-Фараби бəйітті шығарудағы талап етілетін осы ережелерді санамалап көрсете келе, өлең
ырғағы мен ұйқасының əуенге сайма-сай үйлесімдікте болуына кеңінен тоқталады. Сонымен қатар
бұл ережелерді басқа халықтар поэзиясында қандай сипатта келетінін салыстырмалық талдаулар жа-
сау арқылы тексереді. Атақты Гомер өлеңдерімен салыстыруы «Иллиада», «Одиссеямен» таныс
болғанын айғақтайды.
Трактатта өлең жазудағы ақындық шеберлік пен поэтикалық еліктеу, поэзияны ғылыми тұрғыда
тексеру жолдары секілді мəселелер туралы да ой қортылады. Фарабидің көрсетуінше, еліктеу —
ақынның ой өрісі үшін өте қажетті құбылыс, ақындық шеберлікті меңгерудегі белгілі бір стильге
байланысты қалыптасатын тəсіл.
Ғалым əл-Фараби «Мемлекет қайраткерлерінің афоризмдері», «Ғылымдардың шығуы»,
«Ғылымдарды класификациялау туралы» секілді трактаттарында поэзияның қоғамдық мəні мен ор-
ны, түрлері, поэтикалық табиғаты, силлогизмге қарым-қатынасы секілді өзекті мəселелерді ғылыми
тұрғыда зерттеді. Бұларға қоса бізге жетпей жоғалып кеткен «Өлең ырғағы», «Ырғақ пен өлең тура-
лы», «Өлең жəне ұйқас туралы сөз», «Поэзия өнерінің негіздері» сияқты трактаттары болғанын ес-
керсек, əл-Фарабидің əдеби-теориялық, ғылыми-зерттеушілік ой-пікірді қандай дəрежеге дейін
ғылыми биіктеткені мен тереңдеткені айтпаса да түсінікті. Ғұлама ғалымның əдебиетке қатысты
зерттеулерін ұлттық əдебиеттану ғылымының қайнар көзі, үлкен арнаға апарар бастауы деп санай-
мыз.
Əл-Фараби өз еңбектері арқылы əдебиеттің өнер екенін танытты, адамзат қоғамындағы
тəрбиелік, эстетикалық мəнін айқындады. Бұл — бір.
Екіншіден, əдебиетті теориялық тұрғыдан тану туралы ғылыми саласының негізін
салушылардың бірі ретінде танылды. Əдеби-теориялық таным мен филологиялық білімдер жүйесінің
қалыптасуы мен таралуына зор еңбек сіңірді. Аристотель «Поэтикасынан» бері келе жатқан
теориялық ұғым-түсініктерді толықтыра таратты, ғылыми тұрғыда орнықтырды.
Үшіншіден, поэтикалық образдық жəне өлең сөздің көркемдік ерекшелігі туралы ұғымдарды
қалыптастырды, ғылыми дəлелдеді.
Төртіншіден, өз дəуіріндегі поэзияны жанрлық түрлерге бөліп, ғылыми анықтамасын алғаш рет
жазу арқылы зерттеушілік айналымға қосты. Бұл түркі халықтары əдебиетінің жанрлық дамуына өз
əсерін тигізбей қалмады.
Бесіншіден, ежелгі дəуірдегі араб, парсы, грек поэзиясының тарихи арналары, өнер
адамдарының өнерпаздық тұлғасы, жырлаған тақырыбы мен композициялық құрылысы, өлең сөздің
теориясын, оның ішінде өлең өлшемі, шумақ, ырғақ, ұйқас, буын, бунақ, тармақ жəне əуезділігін
ғылыми тұрғыда тексерді. Егер поэтика, риторика жəне өлеңтану саласындағы жұмыстармен Батыс
Еуропада XVІ ғасырдағы И.Вида (Италия), Ю.Ц.Скалигер (Франция), Я.Понтан (Германия), т.б. бас-
тап қана, Ресейде XVІІ ғасырдан (Л.Зизаний, Макарий, М.Г.Смотрицкий, Феофан Прокопович) ғана
Ж.Қ.Смағұлов
24
Вестник Карагандинского университета
шұғылдана бастағанын ескерсек, əл-Фарабиді əдебиет теориясы пəнінің негізін салушылардың бірі
деп бағалау керек. Ғұлама ғалымның «Музыканың ұлы кітабы» еңбегіндегі алғы сөзде жазған мына
пікірі əлі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ. «Чтобы стать хорошим теоретиком в какой бы то ни
было науке, необходимы три условия:
Во-первых, хорошо знать все ее начала (принципы).
Во-вторых, умело делать необходимые выводы из этих начал и данных, относящихся к этой науке.
В-третьих, умело отвечать на ошибочные высказывания в данной науке, анализировать мнения,
высказанные другими авторами, чтобы отличить истину от лжи и исправить их ошибки» [3; 73].
Алтыншыдан, əл-Фараби — тілші. Тіл білімі ғылымының өзекті мəселелері туралы еңбектері өз
кезеңіндегі зерттеушілік ойға үлкен үлес болып қосылды.
Жетіншіден, əл-Фараби — сыншы. Өз дəуіріндегі əдеби процеске белсене араласты, «ғылыми-
əлеуметтік ой-пікірлерімен қатар, эстетикалық таным-біліктің қайнар көзін бұрынғыдан да кеңірек
ашып, адамзаттық мəдениетке үлес болып қосылатын үлгілерді мол тастап кетті» [8].
Сегізіншіден, əл-Фараби — өз дəуірінде «поэзия падишасы» атанған классик ақын. Оның
шығармашылығы мен поэзия туралы трактаттары түркі тайпаларының көркемдік дамуына əсер етпей
қалмады. Əрине, өлеңтану саласындағы ойлары түркі тайпалары поэзиясында практикалық тұрғыда
толық жүзеге асты деп кесіп айту қиын. Кез келген елдің əдебиеті дамудың тарихи сабақтастығы
принципін сақтай отырып, басқа халықтың əдебиетімен тығыз əдеби байланыста болатыны белгілі.
Ендеше ертедегі түркі поэзиясында классикалық өлең өлшемдерін басшылыққа алып өлең жазуға де-
ген талпыныс болмады дей алмаймыз. Əдеби-теориялық ой-пікір жетекшілік роль атқару арқылы
өлеңтану саласындағы таным-білікті қалыптастырды. Сонымен қатар араб, парсы поэзиясының əсері
де болды. Түркі поэзиясы өлең құрылысы, тақырып, мазмұн т.б. жағынан ғана емес, жанрлық
түрлермен де байыды. Бəйіт, рубаят, қисса жазуға да еліктеушілер аз болмаған. Мысалға, əл-
Фарабиден бір ғасыр кейін өмір сүрген Ибн Сина рубаяттар, қисса, дастан, əңгімелер жазған. Оның
«Уржаза» шығармасы араб жəне парсы поэзиясындағы раджаз өлшемімен, яғни буындардың ұзын
жəне қысқа болып келу ережесіндегі өлең түрімен, жазылған. «Саламан жəне Ибсал», «Жүсіп тура-
лы» қиссалары да бар. Ал атақты Ибн Сина ертедегі араб əдебиетінің өкілі делініп танылмайды. Əл
Фарабидің арабтарға қандай қарым-қатынасы болса, Ибн Синаның бізге де сондай қатысы бар екенін
естен шығармаған абзал. Алтын Орда дəуірінің егжей-тегжейіне дейін зерттеген ғалым
А.Ю.Якубовский бұл кезеңді тексерген басқа да ғалымдардың пікірлеріне сүйене отырып, былай
дейді: «Не было отдельной народности или племени, которое носило имя узбеков. В начале XVІ века
узбеки как народ не представляли собой еще прочного этнического единства» [9]. Көне жазба
жəдігерлік мұраны тексергенде бұл көп жағдайда назардан тыс қалып жүр. Егер тарихи шындық
тұрғысынан қарасақ, «Дүниеде төрт-ақ ғалым болған. Атап айтқанда, екеуі исламға дініне дейін —
Аристотель мен Александр Афродезейский, екеуі исламда — Əбу Насыр əл-Фараби мен Əбу Əли
Ибн Сина», — деген баға тегін айтылмаған.
Қорыта келгенде, Əбу Насыр əл-Фараби түркі тайпаларынан шыққан тұңғыш филолог-ғалым де-
ген тұжырымға тоқталамыз. Сондықтан ұлттық əдебиеттану ғылымының түпкі төркіні ұлы ғалымның
еңбектерінен бастау алып өркен жая бастады деуге толық негіз бар. Шығыстың өскелең өнері-
мəдениетіне, ғылым мен тіл-əдебиетіне менсінбеушілікпен қарап, «мұсылман оқымыстылар əлемдік
өркениетке ештеңе қоса алмады, олар ислам дінінің фанатизмінде қалды» деген еуропоцентристік
көзқарастың ықпалында көне тарихымызды жоққа шығара берудің заманы өтті. А.С.Пушкин бір
сөзінде «араб оқымыстылары Батыс Еуропаға алгебра мен Аристотельді тарту етті, ал татар-
монғолдар Ресейге бүлдіріп-құрту, қырып-жоюдан басқа ештеңе əкелмеді» деп жазуы тегін емес. Сол
араб оқымыстыларының көпшілігі түркі тайпаларынан шыққаны тарихи шындық. «Бағдат
шаһарында мұсылман елдерінің көптеген əдебиетшілері мен ғалымдары болған, олардың басым
көпшілігі Таяу Шығыс пен Орта Азиядан еді» деген академик В.В.Бартольдтің сөзінде үлкен ақиқат
жатыр. Сол дəуірдегі ғылым тарихында «Əл Сығанақи», «Əл Түркістани», «Əл Қыпшақи», «Ибн
Түрік» деген əдебиетшілер мен ғалымдардың есімдерінің кездесуі, ертедегі түркі тайпаларынан
шыққан оқымыстылардың ғылым-білім, өнер мен əдебиеттің дамуына зор үлес қосқанын дəлелдейді.
Əдебиеттер тізімі
1 Бурабаев М.С. Философия искусства А.Н. Аль-Фараби // Аль-Фараби. Трактаты о музыке и поэзии. — Алма-Ата,
1993.
Əл-Фараби жəне ұлттық əдебиеттану ғылымының ...
Серия «Филология». № 4(72)/2013
25
2 Смағұлов Ж. Қазақ əдебиеттану ғылымының тарихы. — Алматы, 1999. — 23-б.
3 Аль Фараби. Трактаты о музыке и поэзии. — Алма-Ата, 1993.
4 Хайруллаев М.М. Абу-Наср Аль-Фараби. — М., 1982. — 137-б.
5 Лосев А.Ф. История античной эстетики. — М., 1975. — С. 460.
6 Ежелгі дəуір əдебиеті: Хрестоматия. — Алматы, 1991. — С. 79.
7 Келімбетов Н. Ежелгі дəуір əдебиеті. — Алматы, 1991. — 121-б.
8 Кəкішев Т. Қазақ əдебиеті сынының тарихы. — Алматы, 1994. — 20-б.
9 Якубовский А.Ю., Греков Б.Д. Золотая Орда и ее падение. — М., 1950. — С. 302.
Ж.К.Смагулов
Достарыңызбен бөлісу: |