Қазақстан мен Түркістанның автономия алуына Кадеттер басқарып отырған Уақытша үкімет те, Петроград Кеңесі де қарсы болды. Кадет партиясы қазақ автономиясын құруға қарсы болғаннан кейін Ә.Бөкейхан «Қазақ» газетінде өзінің кадеттер партиясынан шығатынын және қазақтың жалпыұлттық партиясын құрғысы келетінін мәлімдеді. Осы мәселеде ол үш жайтты атап көрсетті: «Кадеттер партиясы жерді жекеменшікке беру керек деп отыр. Біздің жағдайымызда жерді жекеменшікке берсек, біраздан кейін қазақтар жерсіз қалып, қайыршылыққа ұшырайды. Кадеттер партиясы ұлттық автономияға қарсы шығып отыр. Біз, Алаш туын жоғары көтеріп, ұлттық автономия құруға ұмтыламыз... Кадеттер партиясы дінді мемлекеттен бөлуге қарсы, ал біз діннің мемлекеттен бөлінуін қолдаймыз. Сол себепті кадеттер партиясынан шығып, «Алаш» партиясын ұйымдастыру қажет деген шешімге келдік». Қазақ зиялылары ұлттық партия құруға кірісті
1917 жылы 21-26 шілде Орынборда откен бірінші Жалпықазақ съезінде Алаш партиясы құрылды .
«Алаш» партиясының құрылуы Съезге Семей, Торғай, Ақмола, Орал, Сырдария, Жетісу облыстарынан, Бөкей Ордасынан, Ферғана, Бұқара, Хиуадағы қазақтар қауымдастығынан делегаттар қатысты.
- Партияның баспасөз органы болып «Қазақ» газеті бекітілді. Съездің күн тәртібінде 14 мәселе қаралды. Олар: мемлекеттік басқару жүйесі; қазақ облыстарының автономиялығы; жер мәселесі; халық милициясын ұйымдастыру; земство; халық ағарту ісі; сот iсi; дін мәселесі; әйелдер мәселесі; қазақ облыстарында Құрылтай жиналысына делегаттар сайлау; бүкілресейлік мұсылман съезі; қазақ саяси партиясын құру туралы және т.б. Осылардың ішінде өзінің мазмұны мен саяси мәні жағынан аса маңыздылары ұлттық автономия мен жер мәселесі болды. Съездің қаулысында «Қазақ халқы өзіне қарасты жерге орналасып болғанша олардың жері ешкімге берілмесін» деген талап көрсетілген.