62. Бір үйлі өсімдіктер – аталық және аналық гүлі бір өзінде орналасқан өсімдіктер. Б. ү. ө-ге қайың, емен, қарағай, шырша, жүгері, асқабақ, тары, жабайы жүзім, жаңғақ, пальма, қияқтың бірнеше түрі жатады. Бұлардың гүлдері күңгірт реңді келеді, араларында гүлі болмайтындары да бар. Мыс., көптеген балдырлар мен мүктердің аталық, аналық органдары бір өсімдікте болады. Б. ү. ө. негізінен айқас тозаңдану (мыс., жәндіктермен, көбінесе желмен) және гейтоногамия (бір өсімдіктегі әр түрлі гүлдердің өзара тозаңдануы) тән. Б. ү. ө-дің шаруашылық маңызы зор.
1.Қайың - бір үйлі өсімдік, себебі аталық гүлдері мен аналық гүлдері бір өсімдікте жетіледі, дара жынысты. Аталық және аналық гүлдері топтанып, сырға гүлшоғырын құрайды. Аталық гүлшоғыры ұзын сырға тәрізді, аналық гүлшоғыры - қысқа жіңішке сырғагүл. Гүлдей бастағанда сарғыш - қызғылт түсті аталық сырғагүлі ұзарып, онда көптеген аталықтар жетіледі. Аталық гүлінің гүлсерігі жарғақ тәрізді, 2-4 аталығы болады, аналықты тозаңдандырған соң сырғагүл шоғыры тұтасымен қурап, үзіліп түседі. Аналық сырғагүл шоғыры қысқалау, жасыл түсті. Аналық гүлде гүлсерігі болмайды. Тозаңданар кезде аналығының қостелімді аузы ұзарып, қызғылт түсті болады. Тозаңданған соң ағаш басына үзіліп түспей, жеміс болып дамиды. Қайың жел арқылы айқас тозаңданады.
2.Кәдімгі емен - бір үйлі өсімдік. Оның алдымен аталық гүлдері жетіледі. Жапырақ қолтығында орналасқан аталықтары сирек жасыл түсті сырғагүл шоғырына топтасқан,аталығының саны-6,гүлсерігі өте нашар дамыған. Аналық гүлі 1-ден 3-ке дейін шоқталып орналасады. Әр гүлінің сыртын қаптап тұратын өсіндісі бар, ол түспей, жаңғақ жемісімен бірге өседі. Жемісі үлкейгенде бір ұшында кигізген «тақия» сияқты жабысып тұрады, кейін жемісі әбден піскен кезде тақиясы түсіп қалады. Аналығының аузы үштелімді.