Альтерациялық қабыну – ұлпада бүліну үдерісі (дистрофия және некроз) басым, ал экссудация мен пролиферация әлсіз болады. Негізінен альтерациялық қабыну ұлпасы жақсы жетілген мүшелерде: жүректе, бауырда, бүйректе, жүйке жүйесінде кездеседі. Альтерациялық қабынудың туындау себебі - күшті химиялық және улы заттар, инфекциялық аурулар.
Қабыну ошағында паренхимада түйірлі, сулану, майлану дистрофиясы, эпителидің кілегейлі дистрофиясы болады. Стромада мукоидты ісіну және фибриноидты некроз байқалады.
Альтерациялық қабынудың жіті (некроздық өзгерістер басым болады) және созылмалы (негізінен дистрофиялар болады) түрлері бар.
Экссудациялық қабынуда экссудация үстем болады. Ұлпалардың арасында, мүшелер қуыстарында экссудаттың жиналуымен сипатталады. Экссудаттың түріне байланысты оның мынадай түрлері бар: сарысулы, фибринді, іріңді, геморрагиялық, катарлы, шіріп, аралас.
Пролиферациялық қабынуда торшалардың көбеюі басым болады. Ол екі түрде болады: ошақты (гранулематозды) және жайылмалы (диффузды).
Қабынуды атағанда мүшенің немесе ұлпаның латынша аталуына «ит» деген жалғау қосылады. Мысалы, энтерит, нефрит. Қабықтың қабынуын «пери» перигепатит, перикардит; ішкі қабығының қабынуын «эндо» - эндокардит, эндометрит деп атайды.
Экссудациялық қабынудың жеке түрлері Сарысулы қабыну – протеинге бай (3-5 %), көмескілеу, түссіз, немесе сарғыш-қызғылт сұйықтықтың тамырлардан шығып, қабыну ошағында жиналуы.
Орналасуына байланысты 3 түрі бар:
1) сарысулы қабынып домбығу;
2) сарысулы шемендену;
3) буллезді түрі.
Сарысулы домбығу – сарысулы экссудат ұлпа элементтері арасына, борпылдақ дәнекер ұлпаға, тері асты шелге, ет талшықтары арасына, мүшелер стромасында жиналады. Сырт қарағанда мүшенің көлемі үлкейеді, қамыр тәрізді (тығыздығы), қызғылт түсті. Тілік беті жалқаяқ тәрізді, ылғалды.
Сарысулы шемендену - сарысудың табиғи қуыстарда жиналуы көкірек, құрсақ). Сірлі қабықтар ісінеді, көмескіленеді, қанталайды.
Буллезді түрі – көпіршіктердің пайда болуымен сипатталады. Себептері: күю, үсу, инфекциялық аурулар (аусыл, шешек, герпес), қажалу.