77.Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасын социологиялық талдау.
“Ұшқан ұя” мемуарлық шығармасында Б. Момышұлы өзінің жеке басына тікелей қатысы шамалы болып келетін көлденең әңгімелерді тілге тиек ететін жағдайда есіне түскен кез-келген оқиғаны ала салмайды. Осындай тағылымдық-танымдық, моральдық, психологиялық, этнографиялық мәні бар сюжеттерді ғана іріктеп ұсынуға тырысады. Өйткені бұл айтылғандардың қай-қайсысы да – қазақ деген халықтың өзіне тән ұлттық мінез-құлқын, адамгершілік ұстанымын, ұлт ретіндегі жеке болмыс-бітімін көрсететін өзіндік сипаттар.Шығармада кеңінен суреттелген тартымды оқиғаның бірі – жазушының туған апасы Үбианның ұзатылуы. Оған Аюбай есімді жігіттің сөз салуы, өзара түсіністікке жеткенге дейінгі екеуінің арасындағы күрделі қарым-қатынас, болашақ күйеу жігітпен кездескеннен бастап келін болып жат босағаны аттағанға дейінгі аралықтағы суреттеулер – тұнып тұрған этнография. Жазушының суреттеуінше, үйлену тойының өзі бір театрланған арнайы қойылым секілді. Фольклорист К. Ісләмжанұлы Б. Момышұлы суреттегендей, қазақ тойының тұтас философиялық құбылыс екенін ғылыми түрде былайша дәлелдеген болатын: “Тойдың өзі, тұтастай алғанда, ойын-сауықтық тұрғыдағы көңілашар шара ғана емес, ол – ғасырлар бойына сандаған ұрпақ санасының сарасынан өткен тарихи-мәдени құндылық. Онда ислам дініне дейінгі көне наным-сенімдердің, дәстүрлі дүние танымның нәрі сіңген, әлденеше қатпарлы рухани құндылықтар қоймасы бар. Сондықтан да, той дегенді тек көңіл көтеру, ойын-сауық жасау, жастардың үйлену рәсімін атап өту ғана деп түсінуге болмайды. Әсіресе, дәстүрлі қоғамда бұл аса жоғары мәнге ие, сол дәуірдің бүкіл дүниетанымы мен дәстүрлі әдет-ғұрпына салт-санасына лайық қалыптасқан күрделі ғұрыптық рәсімдер кешені болып табылады” [1, 119-б.]. “Ұшқан ұядағы” суреттерде тіптен қазақ жазушыларының осы тақырыпқа жазылған басқа шығармаларында қамтыла бермейтін жекелеген салттық штрихтар да ұшырасып отырады. Я болмаса белгілі бір дәстүрдің жергілікті жердегі өзгерген вариациялары алдымыздан шығады. “Бір әйел қызыл шоқ салған таба әкеліп, Өтептің алдына қойды. Өтеп болса екі жеңін түрініп, шоққа алақанын қыздырды да, қолын созды. Сол кезде оң қолына оқтау ұстатты. Оқтаудың басына шеті түйілген орамал байлапты” [2, 397-б.]. “Өтеп осы тұста әпкемнің басындағы төгіліп тұрған сәлкеш орамалын, қолындағы оқтаудың ұшымен іліп алып көтеріп тастады. Жұрт жамырап бата бере бастады. Үбиан әпкем иіліп, сәлем салып тұр. Осылайша отқа май құйылып, Үбиан да ошақ иесі болып шыға келді. Келіндерін ел оң босағаға жайғастырып, жаңадан дастқан жая бастады. Сол кезде кәрлен кесеге толтырып тұнық су әкелінді. Майлыбай оған күміс теңге тастады да, қожаға ұсынды. Қожа судың бетін ақ орамалмен бүркеп, әлденені күбірлеп оқи бастады” [2, 403-б.]. К. Ісләмжанұлы жоғарыда “Ислам дініне дейінгі рухани құндылықтар” деп атап көрсеткен атрибуттардың бірі – осындағы “отқа май құю”. ”Қазақ халқының салт-дәстүрінен нақты мағлұмат беретін бұндай этнографиялық суреттер шығарманың көптеген тұсынан ұшырасып отырады. Олардың барлығын тізіп, жүйелей тұжырымдаған кезде Б. Момышұлы шығармасының әлеуметтік-танымдық салмағы да арта түсері анық. Қазақ жазушыларының аталған және аталмаған мемуарлық романарында осындай ұқсас ситуациялардың орын алуы бір жағынан халқымыздың ұлттық психологиялық тұтастығын айқын көрсетіп тұрғаны даусыз. Екіншіден, дала төсінде емін-еркін ғұмыр кешкен осынау арда жұрттың моральдық-рухани әлемінің тазалығы, өздерінің адамгершілік принциптеріне деген адалдығы атойлап бой көрсетеді. Өмір шындығын осылайша қаз-қалпында түсірудің нәтижесінде қазақ деген халықтың имандылыққа негізделген асыл қасиеттері де айқын ашыла түседі. Филология ғылымдарының докторы Б. Ыбырайымовтың: “Өмір материалы, өмір шындығының қисапсыз мысалдарының кейбірі баршаны бірдей сендіре бермеуі мүмкін, ал көркемдік шындық өзінің бейнелік нанымдылығымен, логикалық ақиқаттылығымен, дәлдігімен танымда өзіндік ізін қалдыруы тиіс” [3, 4-б.] деген тұжырымы ең алдымен жазушы шеберлігіне тікелей қатысты екенін сөзсіз. Мәселе өмірде көрген факті-деректі ретсіз тізе беру емес, иланымды түрде көркем жеткізе білуде десек, ол мемуарлық романдарға да байланысты. Ғұмырбаяндық сипатта жазылған шығарма тек өмір фактісіне негізделетіндіктен, автордың өз жеке басына қатысты ұсақ-түйектерді термелей бермей, халықтық, қоғамдық салмағы бар жағдаяттарды алдынғы планға шығаруы, сол арқылы оқырман көзқарасын кеңейтіп, оны дүниетанымдық тұрғыдан жаңа сапаға көтеруі туындының салмағын арттыратыны сөзсіз. “Ұшқан ұя” туралы сөз бола қалғанда автор неғып өскен ортасы жайлы көбірек әңгімелеп, ал өзінің өміріне қатысты мәселелерді айтуға келгенде неге сараңдық жасайды деген сауалдың өрбуі заңды. Бұған берілетін жауап – автордың әу баста алдыға қойған шығармашылық мақсатында жатыр, жеке бастық мәселелерді тілге тиек ете отырып, қазақ деген халықтың қандай жұрт екендігін әңгімелеу, оның басқаларға өнеге боларлық жақсы жақтарын нақты адамдар тағдырлары арқылы панорамалық тұрғыдан жан-жақты ашып көрсету, сөйтіп басқа жұрттар онша біле бермейтін осынау дала халқы жайында оң пікір қалыптастыру. Бұл шығармашылық мақсат эстетикалық жоғары сапада жүзеге асырылғандықтан да, аталған туындының идеялық салмағы уақыт тезіне көндігіп, тез жоғала қоймайды. Әдебиеттанушы ғалым Р. Бердібаевтың осы мемуарлық шығарма туралы берген бағасы негізінен орынды: “Б. Момышұлының суреткерлік дарыны оның “Біздің семья” деп аталатын шығармасынан да танылады. Онда жазушы өз үй-ішін, аумағын ғана алып қоймай, революциядан бұрынғы қазақ елінің тұрмыс-салтын, ерекшелігін кең аңғаратын қызықты мәліметтер келтіреді. Бұрыннан жартылай отырықшылыққа бейімделген оңтүстік елдерінің кәсіптік, ғұрыптық көп деректерін көркем әңгімелейді. Ескі ауылдағы таптық қайшылықтың, теңсіздіктің сырларын сездіреді” [4, 36-б.]. Тек бұл арада ғалымның “таптық қайшылықтың, теңсіздіктің сырларын сездіреді” деген тұжырымы ғана сәл артықтау деп ойлаймыз. Шындығына келсек, жазушы аталған шығармасында бұл мәселеге көп бармаған. Оқырмандар ұрпағы ауысып, адамзатқа тән жекелеген ортақ ұстанымдар жаңарып, өзгерген сайын өзінің рухани-эстетикалық мықтылығымен “Ұшқан ұя” тәрізді туындылар өмір оқулығына айнала бермек. Оқиға нысанының осындай ара салмағын сараптап, бағамдай келіп, бұл шығарманы жазғандағы жазушының басты мақсаты – өзі туралы әңгімелеу емес, өзі куә болған, естіген жағдаяттарды негізге ала отырып, қазақ ұлтының адами бет-пішінін, әлеуметтік қалпын, халық ретіндегі болмыс-бітімін ашып көрсету болған деп тұжырым жасаған қисындырақ. Өйткені шығарманың кейіпкерлеріне айналған адамдардың төңірегінде өрбитін оқиғалар, әлеуметтік-моральдық және психологиялық тартыстар, бәрі тұтаса келіп, қазақ қауымы жайлы ұлағатты да танымды мәні бар келелі әңгіме құрайды. Жазушының ә дегеннен ауызға алып, талдай сөйлейтін адамы – өзінің әжесі. Егде тартқан кезінде ауыл-аймақ “Сары кемпір” атап кеткен бұл кісінің азан шақырып қойған аты Қызтумас екендігі, оның от анасы ретінде өз әулетіне әбден билігін жүргізіп үйренгені, талап қойғыш, қаталдығымен бірге кең жүректілігі, мейірбандылығы тәрізді жақсы қасиеттері әңгімелеу барысында терең реалистік сипатта ашылады. Кейіпкердің әжесі тек ауыл-аймаққа өзін сыйлата білетін, сөзін өткізіп үйренген би ана ғана емес, ол – халық дәстүрінің тұнып-тұрған мол қазынасы да. Шығармадағы қазақ халқына тән көптеген этнографиялық өрімдер, дәстүр көріністері осынау алып жүректі ананың төңірегіне топтастырылған. Әжейдің адами болмысы түрлі оқиғалар мен шиеленістер барысында мейлінше жете ашылған. Бұл арадағы автордың үлкен жетістігі осы бейне арқылы бүкіл қазақ жұртындағы аналардың дархан тұлғасын сомдап шығуы, оны типтік деңгейге ғана көтеріп қоймай, символдық үлгі санатына дейін жеткізе алуы. Оның адами мінезінің әрқырлылығы әсіресе кіші баласы Момынқұлмен қарым-қатынасы барысында айқын көрінеді. Ағасы Момыштай емес, көңіл күйінің ауанына қарай мінезі құйқылжып тұрған Момынқұл – есейіп кетсе де, еркелігі қалмаған, ашуашаңдығы да, қырсықтығы да бір басына жетерлік жігіт. Оның отбасында ерекше қадағалауда болып жүретіні де сондықтан. Шығармадағы оқиғалардың даму барысында оқырман осынау күрделі мінезді жігіттің мінез-құлқындағы эволюциялық өзгерістерге куә болады. Адам баласына тән имандылық негіздерін, қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын ұстануға ерекше мән бере, қатаң талап қоя қарайтын әжей үшін баласының кейбір шолжың қылықтары тым тосын болып көрінеді. Бетіне қарап, “Қойшы, апа” деген сөзі үшін-ақ ол азамат болып қалған кіші баласын үйінен қуып шығады. “Не боп қалды? – деп әкем кіріп келді. Әжем оны аймалап, арқасынан қағып: – Анау інің көргенсіздеу болып бара жатыр. Жөнге сал туысқаныңды, – деді. – Мақұл, апа, сазайын тарттырайын. Бірақ ұрмай-ақ қояйын, мақұл ма, апа? – деді. – Мейлің, – деп күрсінді әжем. Момынқұл көкем сол түні қой қорада түнеп шықты. Таңертең көкем оны жақсылап сөгіп алып, басқа бір ауылға бір аптаға аттандырып жіберді” 2, 300-б.]. Шырқы бұзылмаған отбасының толыққанды бір мүшесін басқа ауылға аттандырып жіберу қазақ психологиясы үшін заң жүзінде жер аударып жібергенмен бірдей. Бұндай амал қазақы тәрбиенің, ұлттық педагогиканың бір тәсілі сынды. Баласына осылайша қатал қараған әжейдің жүрегінің жұмсақтығы да іле көрініп қалады: “Сол екі ортада әжем енді Момынқұлды сағынып: – Әй, әлгі тентек неме қашан келеді? – деп сұрай бергені ғой жарықтық” [2, 300-б.]. Баласына қаншама қатал қарағанымен, аналық жүрек екінші жағынан мейірбандыққа толы. Қазақ аналарының қасиеттілігі де осы жұмсақтығында екендігі “Ұшқан ұя” шығармасында жаңағыдай ситуациялар арқылы нанымды суреттелген. Әр уақытта тіршілігінің шиі шығып қалып жүретін кенже баласы Момынқұлды тәрбиелеу шаруасын шешесі мықтап тұрып қолға алмақ болады. Бұл игі ниетті жүзеге асырып, Момынқұлдың өміріне үлкен өзгеріс жасаған адам – әжейдің інісі, яғни, Момынқұлдың нағашы ағасы Серкебай. Асау жігітті жуасытып, тәубесіне келтірген тылсым күш – осы азаматтың тәрбиесі. Ол есейіп қалған еркені ауылдағы молданың алдына апарып, ай-шайға қаратпастан, дін оқуына береді. Басына сәлде орап, екі жылдай мұсылманша тәрбие алып қайтқан Момынқұлдың мінезі мүлде өзгеше. Кітаптың басында көрінетін шолжың жігіт шығарманың соңына қарай қандай ауыртпашылықты да қасқая көтере білетін ер мінезді, жаны жомарт, көңілі мәрт азамат деңгейіне көтеріледі. Осы сюжеттік желі арқылы жазушы Ислам дінінің жолына түскен адамның тәубесіне келіп, иманы нығая түсетінін, адамгершілік-моральдық ұғымы күшейетінін бейнелейді. Екінші сөзбен айтқанда, Ислам дінінің күш-қуатын жаңағы Момынқұл бойындағы игі өзгерістер арқылы көрсеткен. Осы арада бір назар аударатын жағдай – “Ұшқан ұя” туындысында басқа тұстас, жанрлас шығармалардағыдай Ислам діні жайында ғайбат әңгімелер жоқ, оның артықшылықтарын осындай нақты мысалдар арқылы көрсеткен автор өз тарапынан пікір қоспастан, оқиға негізінде ой түюді оқырманның өзіне қалдырады. Былай қарағанда, Момынқұл бас жарып, көз шығарып жүрген ақылсыз бейбастақ емес. Соның өзінде сәл-пәл еркелігі, қырыс мінез қияңқылығы үшін-ақ үлкендер тарапынан қатал жазаға ұшырайды. Ал шын мәнінде қылмыс жасап, басқа адамға материалдық-моральдық зиян келтірген адамның жазасы тіптен ауыр. Аталған туындыдағы оның нақты мысалы – Қабаш оқиғасы. Шымкент базарында ат ұрлап сатқалы тұрған жерінен ұсталған сабазды ағайын-туғандары қатал жазалайды. Билердің шешімі бойынша ұрланған бір аттың құны – тоғыз қара, яғни, ұрланған малдан неше есе көп. Бұл – осындай қоғамдық моральға үйлеспейтін теріс әрекетке, яғни, қылмысқа барғаны үшін белгіленген жаза. Ал өзіне кесілген материалдық шығынды көтеріп, өтей қоятындай ұрының жағдайы жоқ екені белгілі, жаза салмағын көтеретін, әрине, туған-туыс. Осы арада ағайын-туғаны үшін күйіп жататын қазақ салты да анық көрінеді. “Барын беріп жерге қарап қалған Бабастың үйі ескі қоныстан көтеріле алмай, отырып қалған екен. Ел маңынан өткендер “қарақшылар қонысы”, “ұрылар ұясы”, “алаяқтар ауылы” деп өтетін болса керек. Қара таңба әркімнің бетіне шіркеу болып, жүздері төмен жүреді” [2, 342-б.]. Яғни, “Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді” дегендей, бір ұрының кесірі бүкіл ауылға тиді. Ағайын алдындағы малын беріп, бір шығындалса, жаппай ұры атанып, моральдық күйзеліске душар болады. Тіпті базарға барған ауыл базаршылары да өзгелер тарапынан нақақтан нақақ түртпек көріп, қашып келеді. Осыдан кейін бар қаһардың ұрыға төгілуі де заңды. Ағасы Бабас ұры інісі Қабаштың шашын қырып тастайды да, тақыр басын ұстарамен айқыштап тіледі. Басына жарғақ тұмақ, үстіне айналдырған тон кигізеді де, қолына таяқ ұстатады. “Сол заманда жазаның үлкені қасқа етіп әйгілеп, елден қуып жіберу болыпты ғой” дейді жазушы. Ел ішінен осындай масқарашылқ жолмен аластатылған ұры жігіт сол кеткеннен мол кетеді. Бұл оқиғаны жазушының еске алуына себеп болған жағдай –¬ ауылға аяқ астынан бөтен кісілердің қонақ болып келіп қалуы. Дәуренбай атаны іздеп келіп, аяғына жығылған мосқал адам сол баяғы кезде қуылып кеткен Қабаштың баласы Бапыш болып шығады. Жат елде өмірге келген ол әкесі қайтыс болғаннан кейін өздері тараған елді, түпкі тамырын іздеп, сонау қиыр өлкеден арнайы келген беттері екен. Ал Дәуренбай отағасы болса, сол қуылып кеткен Қабаштың туған інісі. Қазақ қоғамына тән салт-дәстүрдің, тіпті керек болса, әдеп заңдарының бір көрінісі аталған шығармада осындай ширыққан тосын оқиға арқылы суреттеледі. Бұл да – Б.Момышұлының жазушы ретіндегі шеберлігінің көрінісі.