Лекция №10 Дипломдық жұмыстарды ұйымдастыру әдістемесі Дипломдық жұмыстарды орындауға қойылатын талаптар
Диплом жұмысы мазмұнының негізін таңдалған тақырып бойынша зерттеу нәтижелері құрайды. Материал қысқа, түсінікті, жақсы редакцияланған, тәжірибелік зерттеулер қамтылған болуы керек.
Кіріспе. Жұмыстың ең өзекті мәселелері (нормативтік құжаттар, мәселенің оқу-тәрбие үдерісінде алатын орны, отандық, ресейлік, шетел зерттеушілерінің еңбектерінде қарастырылуы, қарама-қайшылықтардың туындалуы, тақырыпты таңдау себебі), зерттеу мәселесін шешуде ғылымдағы олқылықтар мен практиканың қажеттілігін негіздей отырып, нысанды зерттеу қажеттілігі, мақсаты, зерттеу объектісі, пәні, зерттеу болжамы, міндеттері, зерттеу әдістері, зерттеудің теориялық-әдіснамалық негіздері, зерттеудің теориялық маңыздылығы, зерттеудің практикалық мәнділігі, зерттеудің тірек орны, зерттеудің кезеңдері, диплом жұмысының құрылымы қамтылады.
Негізгі бөлім. Диплом жұмысының негізгі бөлімінде, орындалған дипломдық зерттеулердің мәнін, мазмұнын, әдістемесі мен диплом жұмысының негізгі қорытындыларын білдіретін мәліметтер келтіріледі, ол жекелеген бөлімдер мен параграфтардан тұрады. Жұмыста жүйелеу мен қисынды жазу талаптарын қатаң сақтау негізінде үшінші тараудың мазмұны бірінші және екінші тараулардың негізгі тұжырымдарын, ал екінші тарау – бірінші тарауда жасалған теориялық-әдістемелік сипаттағы қорытындыларды қамтуы тиіс (тараулар саны зерттеу мазмұнының күрделілігіне қарай анықталады).
Қорытынды бөлім дипломдық зерттеулер қорытындыларының қысқаша тұжырымынан, қойылған міндеттердің толық шешілуін бағалаудан, зерттеудің болжамның расталғандығын және зерттелінген объекті бойынша нақты ұсыныстардан тұруы қажет. Қорытынды соңында тәжірибенің тиімділігі анықтала отырып, тиімді әдіс-тәсілдердің үлгісі ұсыныс ретінде беріледі.
Қолданылған әдебиеттер белгілі бір тәртіппен, пайдалану реті бойынша жүйелі түрде жинақталады (сілтеме арқылы зерттеу мәтінінде көрсетіледі). Әдебиеттер тізімі қолданылған ретпен құрылады: авторы, кітаптың немесе мақаланың аты, баспасы, шыққан жылы, беттері көрсетіледі. Әдебиеттер тізімінде педагогикалық-психологиялық мазмұндағы ғылыми еңбектер, мақалалар, ғылыми конференция материалдары, диссертациялар мен авторефераттар, библиографиялық сипаттама үлгілері, аударма басылымдар, энциклопедиялар, сөздіктер және т.б.болады.
Қосымшада жалпы ғылыми жұмыста қолданылған тестік сұрақтар, ұсынылған бағдарламалар, үлгі-тақырыптар сияқты әдістемелік құралдарды енгізуге болады.