8. Жетісу және Тянь-Шандағы үйсіндердің этносаяси құрылымдары. Ерте темір дәуірі заманында сақтардан соң Жетісу жерін үйсін тайпалары мекендеген. Қытай деректерінде олар «Усун-го» (Үйсін мемлекеті) деп аталады. Үйсіндер Жетісу мен Тянь-Шаньда, Қытайдың солтүстік-батыс өлкесінде, Шығыс Қазақстандағы Тарбағатай таулы бөктеріндегі далалы өңірлерде өз іздерін қалдырған. Үйсін атауы қытай жазбаларында б.з.б. 2-ғасырдан бастап кездеседі. Олар «ат жақты, аққұбаша, сары шашты» болып бейнеленеді. Үйсіндердің шығыс шегі бір кездерде Қытайдың солтүстік-батысындағы Бесбалық ауданы арқылы батысында Шу және Талас өзендерінің бойымен өтіп, Қаратаудың шығыс беткейлеріне дейін созылып жатқан. Ал солтүстікте Балқаш көліне дейін жетті. Олардың ордасы Қызыл Аңғар (Чигучен не Чигу) қаласы Ыстықкөл мен Іле өзенінің оңтүстік жағалауы аралығында орналасты.
Үйсіндердің Шығыс Жетісу жерінде – Сүмбе, Лепсі, Батыс далалық аймақтарында – Суяб, Құлан, Ақтөбе және т.б. қалалары болған Қытай елшісі Чжан Цянь «Қазір үйсіндер күшті елге айналыпты, халқы 630 мың адам, әскері 188 800 жауынгерден құралған» деп жазады. Үйсін мемлекеті шығыс, батыс және орталық болып үшке бөлінген.Қытай деректерінде «Шығысында ғұндармен, батыс жағында қаңлы елімен шектеседі. Жері ұлан-байтақ, кең әрі жазық, жауын-шашыны көп. Ауа-райы суық. Тауларында қалың қарағай өседі» деп суреттеледі.
Үйсіндердің малдарының құрамында жылқыдан басқа қой және сиыр, қос өркеш түйе, есек, ешкі де болған
9. Түрік қағанатының құрылуы, құрылымы және саяси тарихы. Түрік қағанатының құрылуы. Қытай деректері бойынша түркілер алғашында Қытай шегарасының батысында, Алтай тауларының етегінде өмір сүрді. Кейін түрік тайпаларының көсемі Бумынның басшылығымен иеліктерін Хуанхэ жағалауларына дейін кеңейтті. Батыс Қытай билеушісі жақын қоныстанған түркілер жайлы дерек жинай бастайды. Бұл деректер түрік тарихының ерте кезеңі туралы негізгі білім көзіне айналды. Қытай деректерінде түркілерге қатысты алғашқы мәліметтер 542жылдан бастап кездеседі. Түркілер жужан қағанына салықты темір түрінде төлеген. «Түрік» сөзі «мықты, күшті» деген мағынаны білдіріп, билік етуші ашина әулетіне байланысты айтылды. Кейін олардың қарамағындағы барлық тайпалардың ортақ атауына айналды. Бұл тайпалардың біраз бөлігі теле деп аталды. Түркілер Алтайдан Хуанхэ жағалауларына дейін жеткен кезде Бумын ордасына 545 жылы Қытай елшілігі келеді. Осы сәттен бастап түркілер сол замандағы ірі мемлекеттердің бірі ретінде танылып, тарих сахнасына шығады.Түрік қағанатының нығаюы. Мұқан қаған түркілердің Орталық Азия мен Оңтүстік Сібірдегі үстемдігін бекітті. Иштеми (Істеми) қаған қазіргі Қазақстан, Орта Азия аумағын бағындырып, Еділ мен Солтүстік Кавказға шықты. Қытай жылнамаларындағы деректер бойынша Мұқан қаған «шегара (Ұлы қорған) сыртындағы барлық иеліктердің зәресін ұшырды». VI ғасырдың 60-жылдары Түрік қағанаты сол кездегі ірі мемлекеттер — Византия, Иран, Қытаймен өзара қарым-қатынас жасады. Түрік қағанаты нығайған кезінде (VI ғасырдың 70-жылдары) Маньчжуриядан Босфорға дейінгі жерді алып жатты. Иштеми қаған тұсында түркілер әскери жағынан қуатты империяға айналды. Мемлекеттің ыдырауы. VI ғасырдың 60-90-жылдарында Түрік қағанаты іштей қуатты және көршілер үшін қаһарлы еді. Түркілер Қытайды өздерінің кіріс көзі деп білді. Қытайлар мұнымен келісе алмады. Түркілерге қарсы күрес олардың басты міндетіне айналды.VI ғасырдың соңы — VII ғасырдың басында Қытайдың күшеюі билік басындағы түркі әулетінің өз ішінде қырқыстың басталуымен және даладағы сұрапыл жұтпен тұспа-тұс келді. Мұның бәрі қағанатты дағдарысқа ұрындырды. Түркілердің қарсылығын әскери күшпен жеңе алмаған Қытай 603 жылы дипломатиялық жолмен қағанаттың ыдырауына қол жеткізді. Біртұтас мемлекет Батыс Түрік және Шығыс Түрік қағанаттарына бөлінді. Қағанат ыдырағанмен қуатты мемлекет болып қала берді. Жаңа мемлекеттің басында қаған тұрды, қағаннан кейінгі екінші адам, оның туысқаны, “ягбу” титулын иемденді. Тақ мұрагері қызметіне қарамастан тегин деп аталды, ал қағанның барлық туыстары өз аттарына “шад” лауазымын тіркеген. Мұрагерлік үлестік жүйемен берілді. Ол бойынша тақ әкеден балаға емес, үлкен ағасынан кішісіне немесе кіші нағашысынан үлкен жиеніне берілді. Мұрагерлікті күтіп, шадтар басқаруға үлес алған.
568 ж. Түрік мемлекеті 4 үлеске бөлінген, ал 576 ж. — сегізге. Қағанның өз ордасы Алтайда орналасқан.
Әлеуметтік жағынан түрктер үш топқа бөлінген — бектер, қара-будун (негізгі қауым), таттар (құлдар) — қолға түскен тұтқындар. Түріктерге бағынған теле тайпалары оғыз деп аталды.
Түрк қағанаты пайда болысымен сол кездегі дүниежүзілік империялармен бір қатарға тұрды.