Тасбұлақ
Қайран кешегі ерке Тасбұлақ!... Тастан-тасқа секіріп, ақ моншақтан көбік атып, ауылды қақ жара еркелей ойнап өтетін Тасбұлақ! Енді, міне, тартылып қалған аңғары ғана жатыр. Сызаттап аққаны болмаса, көзге түсер су көрінбейді. Ал оны жағалай қонған бұрынғы шағын ауылдың бүгінде орны да жоқ. Айнала жыртылған жер, егістік..
Ар жағында арса-арсасы шыққан тау беткейлері! Барынан айырылып, базары кешкен өңір. Тарау-тарау тартылған жол. Жұлым-жұлымы шыққан ескі карьерлердің орны. «Бәріне көндік, бәрін де көрдік» дегендей, мүлгіп қалғыған тау-тас.
Көңілім құлазып, жүрек шымырлап үн қатқандай едім, осы сәт.
Армысың, табиғат – ана! Туған жер! Аманбысын
Төбеби, Тасбұлақ! Естимісің, Жасылкөл, ата қоныс! Сенің топырағыңда аунап, ауаңды жұтып, суыңды ішіп ер жеттім. Өзіңе келіп сәлем беруді асыл парызым санаушы едім. Міне, сенің құшағыңда тұрмын.
Бәрін де көріп, бәрін де біліп тұрмын. Жүрек қынжылып, жүрек жылағанмен не пайда? Адам қолымен істелген өкініштің қашан да орны толар ма?!
- Оның несін айтасың, балам, деп үн қатқандай еді табиғат – Ана. (Ы.Кененбаев, 150 сөз).
Достарыңызбен бөлісу: |