8 сыныбына арналған №139 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Т. Т. Садақбаевтың іс-тәжірибесінен



бет9/19
Дата06.01.2022
өлшемі139,8 Kb.
#12539
түріМазмұндама
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   19
Байланысты:
Диктанттар жинағы 8 сынып

Жай сөйлемнің түрлері
Туған жерді сағыну
Көкшеге ұқсаған көгілдір тау олардың желке жағында қалды. Бәрібір Рамазан көкейінде туған жер жатқан еді. Осы кезде Көкше оның кеудесінде ән боп бүлкілдеп, күй боп сылқылдап еді. Көкіректе «Көкше! Көкше! Көкше!» - деп соққан жүрек сазынан басқа оның басына ештеңе де түспеген болар. Туған жердің көркіне ұқсас, көңілге таныс көк белесті көргенде, сонау сәби кездің жөргегіндей болған Көкше көзге қайта елестеп, жүрекке қайта соқты.

Ол өзін осы мезетте сол Жөкейдің жағасында ойнап жүргендей сезінді. Таңсәрі. Айдын көл. Көлдің беті – толған құс.

Осы шақта барып оның есіне өзінің ұлы бабасы Біржан салдың жалғыз ауыз өлеңі түсті. Енді оның жүрегінің ырғағына құлағы шыңылдап тағы бір әуен, саз кеп қосылды.

«Бүркітті асуыңнан талай өттім.

Қалың ну орманыңды сайран еттім,

Айнала Жөкей көлдің жағалауын

Шіркін-ай, бір көруді арман еттім!»

Рамазанның жүрегі лүпілдеп, құлағы шулап, шумақтың соңғы жолын қайталай берді.

Шіркін-ай, бір көруді арман еттім! (С.Бақбергенов, 139 сөз).

Аққулы көлде
Жаз. Жер жүзі көгеріп, жасыл ала жібекке оранып құлпырады. Аққулы көлдің жағасында тізіле қонып алты ауыл жатыр. Жаздың алтын нұры ойнаған шуақ күні еді. Көл мөлдір сулы. Аққулы көлдің асыл ала қамыстары көк жібекке тіккен жасыл ала өрнекті кесте сияқты. Аққулы көлдің жағасы кілем жайғандай балбыраған кез еді.

Көл ортасында қалың жасыл ала қамыстың айналасы – айнадай жалтыраған кең жайқын. Сол жайқында аппақ боп шақиып екі аққу сыланып, ақырын әсем жүзіп көлбеңдейді. Екі аққу ұзын сұлу мойындарын иіп көл ортасында сыңқылдап, аппақ денесін күміс суға төсеп, әсем нәзік сұлу үнмен сыңқылдап жүзген күміс сызығынан сылдырлап, меруерт, гауһар моншақ тізіледі. Қаңқылдап ұшып-қонған қоңыр қаздар. Шулаған шағалалар. Көлді айнала қорыған қара ала қанат, әдемі айдарлы, сақ құлақ қызғыштар. Көкке шығып, зыр қағып безектеп сұңқылдаған ұзын аяқ, біз тұмсық тауқұдіреттер, тағы да толып жатқан неше түрлі құстар көл басын сұлу күйлі думан қып жатты. (С.Сейфуллин, 140 сөз).



Аққулар
Таң бозарды. Көл айдыны жақсарып, бір шеті көкпен тірескендей боп тұр. Көл беті толған құс. Топ-топ, шоғыр-шоғыр, лек-лек. Аққулар тобының өзі әлденеше.

Аққудың бір тобы судан қоқиып көтеріле берді де, табанымен су бетінде тұрып алып, қанатын жайып салды да, сілкіне бастады. Қанаттары судырлап, дауысы алысқа кетті. Бұл олардың үстіндегі суын сілкіп ұшуға әзірленгені еді. Тағы да бірнеше рет осылайша қағынып-сілкініп, су бетінде жорғалап та көрді. Әлден уақытта ішіндегі ата аққу қанатын екі-үш рет сілкіп алды да, ауыр ұшақтың аэродромнан көтерілгені сияқты су бетін бауырымен сызып көтеріле жөнелді. «Сендер де мен істегенді істеңдер», - дегендей, қаңқылдап қойды. Қалғандары да көтеріле бастады. Қаңқ-қаңқ еткен аққулар тізбегі көл бетінен көтеріліп, оңтүстікке қарай бет алды. (С.Бақбергенов, 120 сөз)




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет