8 – сынып
Әке мен бала
Баласы келген күннен бастап-ақ, Жөкенде ес қалған жоқ. Далбырлап-ақ жүр. Баласы мен немересін, келінін, кезек-кезек айналып-толғанады.
«Шәден, Шәріп, Шәден» деп адасып жүрген немересінің аты Шеген екен. Қазақша анық сөйлей білмейтін келінін Файруза деуге тілі келмеген соң, Жөкең «Парыз келін» деп атап кетті.
Жөкең баласы мен немересіне бақшаны аралатты. Жылда не егіп, не қоятынын, қандай өнім алатынын түсіндірді. Өткен жылы қарбыздарының ірі болғанын, екі-үшеуін Толасбай кеп қалар деп, қыстың ортасына дейін сақтап, ақыры шіріп кеткенін қинала әңгімеледі. Қора-қопсысын көрсетті. Әлима сауып жүретін ала сиырдың әлі тірі екенін айтып, соны енесінің көзіндей көріп, келіні алып кетіп сауып жүрсе дегенді айтты. Онысына Толасбай мырс етіп күлді де қойды.
Бәрі де қораның жанындағы ұзын белдеу ағашқа жағалай отырып біраз әңгімелесті. Шал жорғасын сөз етті. «Бұл маңда ондай жорға жоқ. Денім сауда біраз шайқалтып едік. Қазір жорға түгілі есекке зорға шыдаймын», - деп мұңаяды.
- Алып кетпек түгілі, ауылға келгенінде де менсінбейсің соны, ал сәті түсіп алып кетіп мініп жүрсең, қанеки. Пәлі... баяғының жігіттері-ай! – Жөкең күрсініп қойды.
- Е, оқымыс адамдар жорғаңды қайтсін. «Болгәға» мінеді де.
Әнеки, осы заманның жорғасы, - Шәден тағы да Жөкеңнің сөзін жаратпай, бетін сырт бұрып отырды.
Толасбай көп сөйлемеді. Жүзі де салқындау. Қандай әңгіме болса да, сызданып үнсіз тыңдайды. Шал көп сырын ақтарды. Жасының келіп қалғанын, жыл санап денсаулығының төмендеп келе жатқанын айтты. Жиденің бұтағымен тақыр жерді олай-бұлай сызғылап отырған баласынан көз алмай отырып: «Осылай Алматыда жүре бересің бе, елге кесең етті», - дегенді айтты.
Толасбай үндеген жоқ.
- Өлсем көмусіз қалам демеймін. Қартайған соң жалғыздық болмайды екен... – Жөкең тағы ұзын сонарлау әңгімеге түсе бергенде, сызданып үнсіз отырған Толасбай басын көтере бір қырын отырып, қатқылдау дауыспен:
- Мұнда да ел-жұрт бар ғой, - деп әкесімен әңгімені шорт үзді. Жөкең үндемеді. (Т.Нұрмағамбетов, 270 сөз).
Достарыңызбен бөлісу: |