Ахмет Байтұрсыновтың «Маса» жинағындағы идеялық-көркемдік ізденістер.
Ахмет Байтұрсыновтың өлеңдер топтамасы «Маса» деген атпен Орынборда 1911 жылы басылған. Жинаққа қойған атына ол едәуір ой, салмақты жүк артқан деуге болады.
1911 жылы Орынборда басылып шыққан “Маса” жинағындағы өзгеше сарынды, азатшыл рухты қазақ əдебиетін зерттеушілер20-жылдарда-ақ таныған-ды. Сол тұстағы əдеби айналымдағы Ахмет творчествосы туралы пікірлердің жиынтығы Əмина Мəметованың “Көркем əдебиет туралы” мақаласында берілген. Əмина Ахаң шығармашылығын орыстың революционер-демократы Чернышевский творчествосымен қатар қойып: “Ахаңды мақтайын деуден аулақпын. Бірақ тарихтан тиісті орнын берейік дегім келеді. Ахаң əдебиетімізге жұмыс етпеді ме? Қолыңнан келгенінше заманы- на қарай жалтыраған түймесін жұлып тастап, құл болған, теңдіксіз болған, жұрт екен деп есепке алынбаған қазақ жұртына заманына қарай көре білгенше, түсінгенше жөн сілтемеді ме?” – деген орынды ой айтады.
Ызыңдап, ұшқан мынау біздің маса,
Сап-сары, аяқтары ұзын маса.
Өзіңе біткен түсі өзгерілмес,
Дегенмен, қара яки қызыл маса.
Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,
Қаққы жеп қанаттары бұзылғанша.
Ұйқысын аз да болса бөлмес пе екен,
Қоймастан құлағына ызыңдаса?
Осы жолдардан «ызыңдап, ұшқан мынау біздің маса» — сергектікті, қозғалыс күйді, серпіліс пен ізденісті сәулелейтін астарлы бейне екені көрінеді. Ол «үстінде ұйықтағанның айнала ұшып», қоғамның енжар, жалқау, ұйқыдағы күйден оянуына қызмет етеді. Осы ағартушылық ойды ақын басқа да шығармаларында әрі қарай дамыта түседі.
«Масаның» негізгі идеялық қазығы — жұртшылықты оқуға, өнер-білімге, рухани көтерілуге шақыру, адамгершілікті, мәдениетті уағыздау, еңбек етуге үндеу. Ақын өлеңдері жалпы, сол кездегі ағартушылық бағытпен үндес. Ақын өз өлеңдерінде көбіне Шоқан, Абай, Ыбырай қалыптастырып дамытқан өрісті ойды, қалып алған дәстүрлерді, гуманистік әуендерді, демократтық бағыттарды жаңа жағдайда өзінше жалғастырушы ретінде көрінеді. Оның өлеңдерінің тақырып қойылысынан, өрнектелуінен, ой жүйелеу мәнерлерінен Абай, Ыбырай үлгілеріне жақындық, үйлесімдік, үндестік байқалады. Солар сияқты А. Байтұрсынов та айнала қоршаған ортаға ойлана, сын көзімен қарайды, қоғам қалпына көңілі толмайды. «Қазақ салты», «Қазақ қалпы», Досыма хат», «Жиған-терген», «Тілек батам», «Жауға түскен жан сөзі», «Бақ» сияқты өлеңдердің мазмұны осыны танытады.
Алдыңғы ағалар суреттеп кеткен қазақ қоғамының жалпы қалпында дәл сол кезде айтарлықтай өзгерістер жоқты. Ахмет қоғамның сол бір келеңсіз көріністеріне салқын қарай алмайды. Ол жан ауыртып, жүрек сыздатар «қасірет сөзін» айтып, хатқа жазады.
«Қазақ қалпы», «Досыма хат» өлеңдерінде қазақ елінің қалпы «Қалтылдақ қайық мініп еспесі жоқ, теңізде жүрміз қалқып көшпесі жоқ», «Шығармай бір жеңнен қол, бір жерден сөз, алалық алты бақан дертпен кірдік»,— «Ақшаға абыройын, арын сатып, азған жұрт, адамшылық қалмай сыны», «Жаны мал, жақыны мал, малдың құлы» деген сипаттармен нақтылана түседі.
А. Байтұрсыновтың «Жиған-терген» өлеңі Абайдың «Сегіз аяғы» үлгісімен, әсерімен жазылған шығарма. Осы өлеңде қазақ қоғамының бірсыпыра көкейтесті мәселелері көтерілген. Елді, ел намысын ойлайтындар аздығы, бірліктің жоқтығы, ел басшыларының зорлықшылығы, т.б. жайлар туралы ой-тұжырым айтылған. Қоғам қалпы туралы ойланған ақын:
Әр жолды ойлап,
Ойыма бойлап,
Ұқтым тайыз, тереңді.
Сайраған тілмен,
Зарлаған үнмен,
Құлағы жоқ кереңді —
Ұқтыра алмай сөз әуре,
Тек тұра алмай біз әуре,— дейді де, сөз ұғар, көңіл көзі сергек қауым алдына нелер келеңсіз көріністер сырын ашады. Ұлы ұстазы Абайша ол «Салынып дауға, сатылып жауға» аянған болыстықты, аңқау адамдарды алдап, мал жинап, кәсіп етіп жүрген арамза моллаларды, халық бойындағы енжарлық, бейқамдық мінездерді сынға алады. «Ұйқышыл жұртты, түксиген мұртты, обыр обып, сорып тұр» — «Түн етіп күнін оятқызбай қорып тұр» — ақын ойынша мұндай озбырлық, үстемдік ету үшін жүргізіліп отырган саясаттың нәтижесі. Соның бәрін көріп толғанған ақын:
Ұлғайып қайғы,
Уытын жайды,
Айтпасыма болмады.
Қабағын түйіп,
Қаһарын жиып,
Көкті бұлт торлады.
Жаңбыр жаумай, жауса қар,
Жұрт жұтайтын түрі бар,—деген ойлы тұжырым жасайды.
А. Байтұрсынов қазақ аулындағы әлеуметтік теңсіздіктің, таптық шиеленіс-қақтығыстардың себеп-салдарына терең бойлай алмаса да, еңбекші халыққа, олардың ауыр халіне көңіл бөліп, аяушылық сезім білдіреді, ауыр халге төзіп, көніп, үндемей жүре бермей, адамдық қасиетті қорғауды қалайды. Бұл оның демократтық, гуманистік көзқарастарға бейімдігін аңғартады. «Адамдық диқаншысы» деген өлеңінде ол өмір бойы бейнетке, қорлыққа үндемей шыдап, жасып, жаншылып кеткен адамдарды көріп, жаны ашиды, олар сергектеу болса, адамдыққа ұмтылса, үндемей жүре бермесе, алдағандарға алданбаса, таяққа еті үйреніп жүнжіп кетпес еді деп ойлайды, олардың намысына тиерлік ащы сөздер айтады.
Елдің ауыр халін аз да болса жеңілдету жолдары туралы ойланғанда Ахмет бұрын қалыптасып дамыған ағартушылықтың мақсат-мұраты арнасында ой өрбітеді, ұйқыдан оянып, білім-ғылымға ұмтылу қажеттігін, оянған ерге еру керектігін еске салады. Оның:
Оянған ерге ұмтылған жерде
Еруші азда, серік кем.
Қас білген досты,
Дос білген қасты,
Мұндай елді көріп пе ең?
Қыс ішінде бірер қаз
Келгенменен, қайда жаз?! —деген өлең жолдары ел ішіндегі азын-аулақ зиялы азаматтар сөзіне құлақ қоюдың аздығына күйінуден туған. Ақын өлеңдерінің шығарылған жылдары нақты қойылмауы, әрине, оның творчестволық ой жүйесінің эволюциясын анықтауды қиындатады. Дегенмен, «Маса» өлеңдер жинағы 1911 жылы басылғанына сүйеніп, сонда жарияланған туындылар содан бұрынғы жылдары жазылғанын, Ахмет Байтұрсыновтың ел күйін өзгертудің ағартушылық жолдан басқа бір арнасын іздеп, сезіне бастағанын байқаймыз. Ол ізденіс 1905-1907 жылдар уақиғаларына, революциялық дүмпулерге, сол дүмпулердің қазақ жерлерін де шарпуына байланысты қалыптаса бастаған деуге болады. Мысалы, «Бақ» деген өлеңінде ақын:
Бұлттар басып жасырған,
Жана түсіп басылған,
Таң шапағы сөніп түр;
Жаңаланған өмірден
Жаңа шығып көрінген
Гүл қамауда семіп тұр,— дейді. Мұндағы «жана түсіп басылған», «таң шапағы», «жаңа шығып көрінген, гүл қамауда семіп түр» — деген көркемдік компоненттер, символдық бейнелер замана бағытына жаңа ғасыр көгіндегі көрініс-құбылыстар әкелген бағыт-бағдар әсерлерінен туғаны байқалады. Ағартушылық баққа жетудің қиындығын ол тез тұсінеді. Алайда, ақын түңілген емес, ізденуден, үміттенуден, ұмтылудан жалықпайды:
Үміт сүйрер жыраққа,
Жетесің деп мұратка,
Талықсам да ізденіп,
Қашан көңіл жасарар?
Арқа басың босанар
Рахатлы жаз келіп?
Қашан жанып шам-шырақ,
Сәуле беріп жарқырап,
Болар жарық төрт тарап?
Қашан маған іздеген
Күліп жылы жүзбенен
Болар серік бақ қарап? — деп армандайды ол. Бұл тамаша өрнектер тек бір ақынның жан-күйі ғана емес, Октябрь алдындағы қазақ қоғамының рухани ізденістерінің белгісі, алда жанар шамшырақты армандап күту, аңсау әрі сену сарыны. Мұның негізінде қазақ қоғамының тынымсыз рухани ізденістері, мүддесі, кейінгі революциялық толқындарға, өзгерістерге жылдам ілесуіне себеп болған таза оптимизмі жатыр.
«Маса» жинағының көркемдік арсеналында талай эпитеттер, теңеулер, шендестірулер, инверсиялар, мақал-мәтелдер бар. Мысалы, теңсіздік, озбырлық, әділетсіздік, әрекетсіздік, надандық жайғаскан жайды ақын, көбіне «түн», «түнерген төбемізден бұлт арылмай», «қасірет», «өртке душар болып», «не қалды тәнімізде шарпылмаған», «алалық алты бақан дертпен кірдік» деп бейнелейді. Айтайын деген ойын ақын көркемдеп жеткізуге, бейнелі сөз табуға шебер. «Достыма хат» өлеңі түгелімен осындай бейнелі сөздерден, теңеумен шендестіруден, антитеза мен синекдохадан тұрады:
Қырағы қия жазбас, сұңқарым-ай!
Қажымас қашық жолға, тұлпарым-ай!
Үйілген өлексені өрге сүйреп,
Шығармақ қыр басына, іңкәрім-ай!
Жарқырап жақсылықтың таңы атпай тұр,
Түнерген төбемізден бұлт арылмай.
Көк атты, көн терілі, көніп қалған,
Сықса да шыдай беру — жұрт жарылмай.
Бұл жолдарда қазақтың көркемдік ой жүйесінде қалыптасқан өрнектер ақынның өзіндік ізденістерімен астаса қиюласқан. Айталық, «қырағы қия жазбас сұңқарым-ай, қажымас қашық жолға тұлпарым-ай» деген метафоралық өрнектер бұрыннан көркемдік арсеналда бар болса «өлігін өлексенің өрге сүйреп, шығармақ қыр басына іңкәрім-ай» ақын өзі тапқан көркемдік тіркес, айтылмыш ойды үдете, үстемелей жеткізу қызметін атқарып тұр. Бұл синекдоха «сұңқарға, тұлпарға» балап отырған тамаша ер тұлғасының қадір-қасиеттерінің ықпалы күштілігін, елін өрге сүйреп, қыр басына, биікке шыгару жүгі ауырлығын, салмақтылығын айту үшін қолданылған.
Кім біліп, ер еңбегін сезіп жатыр?
Кім шыдап, жолдастыққа төзіп жатыр?
Сасық ми, салқын жүрек, самасыздар
Алаңсыз ақ малтасын езіп жатыр,— дегендегі, «кім шыдап, жолдастыққа төзіп жатыр» деу де автордың көркемдік ой жүйесінің өзгешеліктерінің бір қыры. Әдетте жолдастық сөзі жиі қолданылғанмен, оның адам қарым-қатынасындағы терең мағынасы-мәні ауыр сыннан өту, шыдау, тозу арқылы шыңдалатыны, нағыз жолдастық әр адамның қолынан келе бермейтіні, биік рухани өріске, асыл арманға байланыстылығы ашыла түскен:
Тықылдап, құр пысықсып сөйлейтін көп,
Екпіндеп, ұшқыр атша қарқындаған.
Бос белбеу, босаң туған бозбала көп
Киіздей, шала басып, қарпылмаған...
«Сасық ми, салқын жүрек, санасыздар, алаңсыз ақ малтасын езіп жатыр» — ащы сөздер, көңілінде сәл саңлау бар адамды айналаға, өзіне сын көзбен қарауға, намыс туралы ойлануына елең еткізбей қалмайтын салмақты тіркестер.
Қорыта айтқанда, Ахмет Байтұрсыновтың өлеңдер топтамасы — көп ғасырғы қазақ поэзиясының дәстүрлерін, демократтық-ағартушылык әдебиет үлгілерін жаңа тарихи жағдайда дамытып, жалғастырған идеялық-көркемдік деңгейі жоғары туындылар. Оларды қайта бастыру туған әдебиетіміздің жалпы адамзаттық, гуманистік, демократтық, тәрбиелік сипаттарын айқындап аша түсетін мұра болмақ.