Дәріс 10. Саяси партиялар мен партиялық жүйелер, қоғамдық саяси қозғалыстар және ұйымдары.
Қоғамның саяси жүйесінің құрылымын қарастыру барысында көз жеткізгеніміздей, саяси партиялар саяси жүйенің билік жүргізуге тікелей қатысы бар құрамды бөлігі, негізгі элементтерінің бірі болып табылады. Сондықтан да саяси партиялардың мән-мағынасын, басты міндеттерін және саяси билікті атқару механизміндегі орнын анықтаудың және олардың саяси қозғалыстармен байланысын, ара қатынасын ажырата білудің маңызы зор.
Партиялар бүгінгі таңда дамыған индустриялдық мемлекеттерде атқарып отырған рөлді әрдайым атқарып келді десек қателескен болар едік. Олар бүгінгі деңгейі мен қоғамдағы беделіне жету үшін ұзаққа созылған күрес пен тартыс-таласқа толы күрделі даму жолынан өтуге мәжбүр болды. Бұл даму жолын қалыптасу мен даму эволюциясы жолы деп атауға болады. Ежелгі грек қала – мемлекеттерінде олгархиялық және демократиялық “партиялар” , ежелгі Рим республикасында плебейлердің мүддесін қорғаған популярлар мен нобилитеттердің мүддесін қорғаған оптиматтар, ортағасырлық Италияда пополандар мен саудагер – колөнершілердің мүдесін қорғаушы гвельфтер және нобилдер яки феоалдардың мүддесін жақтаған гиббелиндер, ХҮІІ ғасырдың басындағы Нидерландиядағы арминиандар мен гомарилар, ХҮІІ ғасырдың ортасындағы ағылшын буржуазиялық революциясы тұсындағы просветриандар мен индепенденттер сияқты түрлі әлеуметтік яки діни топтар партиялық мүдделерді қорғауды іс жүзіне асырғандығы тарихтан белгілі.
Алайда бұл шын мәнінде беделді саяси көшбасылар мен мемлекеттік қайраткерлердің төңірегіне топтасқан шағын жақтастастар мен қолдаушылардың тобы болатын. Әрине оларда қандай да бір ұйымдасқан, құрылымдық жүйесі, қызмет атқарушы апппарты мен партияларға өзге де рәміздердің болуы туралы әңгіме қозғау дұрыс емес. ХІХ ғасырға дейін “партия”, “фракция”, “мүдде” тағы басқа да осы секілді терминдер өзара аламасып отыратын бір мағыналы сөздер ретінде қолданылып келген. Осы заманғы партияларды саяси процестерді жүзеге асырудың қажетті құралы ретіндегі түсініктің қалыптасуы кейіннен капиталистік институттар мен буржуазиялық саяси жүйелердің қалыптаса бастауының нәтижесінде жүзеге асты.
Партия деген сөз латын тілінде “бөлек”, “бөлшек” деген мағынаны білдіреді. Партия ұғымын анықтауда әлі күнге дейін тұрақты бір пікір қалыптаса қойған жоқ. Мәселен, Б. Констан партия негізінде бір идеологиялық доктринаға топтасқан адамдар тобын жатқызса, М. Дюверже мемлекет жүйесінде іс-әрекет жасайтын ұйымды – партия деп қарайды. Ал марксшілдер партияны белгілі бір таптың мүддесі үшін күресетін оның алдыңғы, саналы бөлігі деп есептейді. Әртүрлі пікірлерге тән ортақ ойларды ескере отырып, біздіңше, мына анықтамаға тоқтаған абзал.
Партия – үкімет билігін белгілі бір әлеуметтік топтың мүддесін іске жолына пайдалануға ұмтылған адамдардың ерікті ұйымы. Мұнда партияның әлеуметтік саяси мәнін көрсететін үш факторға назар аударылған:
Белгілі бір әлеуметтік топтың мүддесін іске асыру;
Билік тұтқасын осы мақсатқа пайдалану;
Партия құрамына кіру мен шығу еркіндігін беру.
Кез келген партия нақты тарихи және саяси-әлеуметтік жағдайдың туындысы болып табылады, оның пайда болуы түрлі топтардың өз арасындағы қарым-қатынастардың сипатымен байланысты. Партия ұйымдасқаннан кейін өзінің қоғамдағы орнын, саяси мақсатын, іс-әрекет сипатын, құрылымдық тәртібін анықтайды. Олар партияның тұжырымдамасынан, бағдарламасы мен уставынан көрініс табады. Басқаша айтқанда, партия өзінің саяси принциптерін, ұйымдық құрылысын және практикалық іс-әрекетінің бағыт-бағдарын анықтауға негіз болатын идеологияға сүйенеді. Саяси партия әлеуметтік топты ұйымдастырады, оның іс-әрекетіне ұйымшылдық және мақсаттылық сипат береді, саяси белсенділігі мен сауаттылығын арттырады.
Бастапқыда партиялар саяси жүйенің маңызды элементі ретінде Европа елдерінде, сонан соң әлемнің басқа бөліктерінде қалыптасып, орнықты. Бұл елдердің көшбасында Ұлыбритания және АҚШ болды. АҚШ –та буржуазиялық саяси жүйені құрудың саяси – құқықтың негізін қалаған тәуелсіздік Декларациясы мен Конституцияда партиялар туралы, олардың қоғамдағы орны мен рөлі туралы ешқандай да мәсе қарастырылмаған. Ал американдық мемлекеттіліктің негізгі параметрлерін бекіткен “Федералдық” заңдар топтамасында партиялар туралы тіптен олардың кертарпа рөлі туралы сөз болады.
Джорж Вашингтон партиясыздық негізінде тұңғыш президент болып сайланды, және өзін партиялар мен саясаттан жоғары тұрмын деп санады. Өзінің әйгілі “Қоштасулық жолдауында ” ол “партиялық рухтың” қатерлілігі туралы жазды. АҚШ – ның мемлекет ретінде орнығып, дамудың тұрақты жолына түсу кезеңіндегі саяси қайреткерлердің көпшілігі республикалық басқару формасы шеңберінде партияларға мұқтаждықтың тіптен де қажеті жоқ деген көзқарасқа сенімдері кәміл болған. Бұған себеп, құрылған партиялардың қай қайсы да өздерін абсолютті дұрыс бағытта деп санап, өзге партияларды жоюды өздерінің басты мақсаты деп санады. Бір айта кететін жәйт АҚШ – та 1844 жылға дейін президенттік биліктен кеткен бір де бір партия билікті қайта жеңіп алған емес.
Ұлыбританиядадағы партия аралық күресті осы заманғы үрдісі сонау 1688 жылға Даңқты революция аталған тұстан бастау алады. Ол кездегі партиялық күрестің басты мұраты корольдің биліктегі өкілеттігін шектеу арқылы парламенттің өкілеттік құқықтарын күшейту болатын. Күрестік қалай аяқталғандығы баршаға мәлім. Ал Ұлыбританиядағы партиялық ұйымдар дамудың түрлі эволюциялық кезеңдерінен өту арқылы әр түрлі мақсаттардың өзара үндестікке келіліп, ортақ мұратқа жетелейтін тұжырымдамаларға негізделген виги лер мен торилар партиялық топтардың қалыптасуына әкеліп соқты (ХХ ғасырдан бастап бұл жіктелу – консерваторлар мен либералдар деп аталады). ХІХ ғасырдың өн бойында партиялардың қоғамдық өмірдегі рөлі мен орны туралы пікір талас бір сәтке толастаған жоқ, дегенмен ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында саяси партиялар қоғамның саяси жүйесінің маңызды элементтерінің бірі болып орнықты деп айта аламыз. Мысалы 1861 жылғы Ұлыбританиядағы парламенттік сайлауда партиялар сайлауға мүлде қатыспаған болса, 1951 жылғы сайлауда биліктік құрылымдарға партиялардан тәуелсіз бір де бір үміткер сайлана алған жоқ.
Алғашқы құрылған партиялар қатарында ХІХ ғасырдың ортасында құрылған Германиядағы Прогрессивтік партия, Бельгияның либеральдық партиясы және т.б. атуаға болады. Олардың үлгісімен Англияда консерваторлар клубы құрылды т.т.
Жалпы феодлдық құрылыспен күрес барысында - либериализм және либералистік партиялар, оларға қарсы тұру үшін - консерваторлар партиясы, капиталистермен күрес барысында - жұмысшы партиялары, индустрияландырудың салдарларына нарызылық түрінде - аграрлық партиялар, секулярлық, антиклерикальдық қозғалыстарға қарсы күрес туымен - христиандық партиялар, капитализм мен социал – демократияға қарсы күрес үшін – коммунистік партиялар, демократияның барлық түрлері мен коммунизмге қарсы күрес барысында – фашистік партиялар құрылды.
Кешегі еліміз құрамында болған КСРО мемлекетінде алғашқы партиялық құрылымдар 1905 жылғы бірінші орыс революциясынан соң құрылы бастады. 1905 жылдың соңына таман “17 қазан одағы” (октябристер), Конституциялық – демократиялық партия (кадеттер), Бейбіт жаңару партиясы, Сауда - өнеркәсіптік партиясы, Құқықтық тәртіп партиясы т.б. құрылды. Осы процестердің ықпалымен Қазақстанда да 1907 жылы Әлихан Бөкейханов бастаған қайраткерлер Алаш партиясын құруға талпыныс жасады.
Саяси партиялардың атқаратын негізгі функциялары:
Қоғамдағы ірі топтардың мақсат-мүдделерін анықтау, тұжырымдау, дәлелдеу.
Ірі қоғамдық топтарды ұйымдастыру, олардың белсенділігін арттыру.
Саяси идеологияны қалыптастыру.
Саяси жүйені, оның жалпы принциптері мен салаларын қалыптастыруға қатынасу.
Қоғамдық пікір қалыптастыру.
Мемлекеттік аппарат, кәсіподақтар, т.б. үшін кадр дайындау, оларды ұсыну.
Саяси партиялардың типтері:
Таптық белгілері бойынша жіктелген партиялар.
Іс-әрекет жасау ортасына қарай жіктелген партиялар.
Идеологиялық бағыты бойынша жіктелген партиялар.
Жұмыс істеу әдістері бойынша жіктелген партиялар.
Ұйымдастыру қағидаттары мен мүшелігі бойынша жіктелген партиялар.
Партиялық жүйелер – дегеніміз саяси билікті жеңіп алу, ұстап қалу және іске асыру мақсатымен құрылған партиялардыңбірлестігі.
Партиялық жүйелер
көппартиялық
екіпартиялық
бірпартиялық болып бөлінеді.
Көппартиялық деп мемлекеттік билік үшін күрес барысында бірнеше саяси партиялардың әр түрлі мүдделер мен пікір алуандылығын қоғамның одан әрі алға басуына пайдаланатын қоғамдық басқару түрін айтады. Осындай жүйе парламенттік мемлекеттерде кең тараған, Мысалы; Италия, Испания, Германия т.б.
Екіпартиялық жүйеде – саяси жүйеде басқа да кішігірім партиялар болғанымен, өкімет үшін күрес екі үстем және ірі партияның арасында жүргізіледі. Осы жүйе ең тиімді болып саналады. Бір жағынан бір-бірімен бәсекелескен партиялар сайлаушылардың дауыстарына ие болу үшін олардың мүддесі мен қажеттіліктерін қанағаттандыруға барлық күш жігерін салады. Осы жүйенің негізгі үлгісі АҚШ-да және Ұлыбританияда қалыптасқан. АҚШ –да Демократиялық және Республикалық партиялар болса, Ұлыбританияда Лейбористер мен Консерваторлар бір-бірімен билік үшін күрес жүргізеді.
Бірпартиялық жүйеде – мемлекеттің саяси жүйесінде билеуші доминантты партиядан басқа партия болмайды. Бұл партиялық жүйе көбінесе тоталитарлық қоғамдарға тән.
Достарыңызбен бөлісу: |