A. Б. Абдуллина мифтік фольклор оқу құралы Ақтөбе, 2014 Пікір жазғандар


Қазақ мифологиясының генетикалық астары және типологиялық белгілері



бет12/45
Дата14.05.2023
өлшемі1,03 Mb.
#93081
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   45
Байланысты:
A. Б. Абдуллина мифтік фольклор о у ралы А т бе, 2014 Пікір жа

5.1 Қазақ мифологиясының генетикалық астары және типологиялық белгілері. Қазақтың ұлттық таным көкжиегінде мифологияның алар орны зор дейтін болсақ, ол ғылым саласы ретінде бүгінгі таңда енді-енді бойын тіктеп келе жатыр. Біз бүгінгі ғылым арнасында мифологияны, соның ішінде дербес ғылым саласы ретінде танып, оған жаңаша көзқарас танытып отырғандықтан, түп тамырында үш бірліктің жатқанын айта кетуіміз жөн. Олар: наным, дін, философия. Осы аталған тұжырымдарды таратып айтар болсақ, адам баласы дүниеге алғаш келіп, оң мен солын енді танып, қоғам мен табиғатқа өзінше бейімделе бастаған кезде, ой-тұжырымдары мен пікір-пайымын ортаға салды. Тек ортаға тастап қоймай, оған илану, иман келтіру сияқты аса үлкен сенім-дағдыларын қалыптастырды. Осы сенімнен барып ой, пайым, сарап секілді категорияларды пайдалана отырып, жаңаша бір көзқараспен өмірге баға бере білді.
Осылайша өмірге деген көзқарас динамикалы түрде дамып, күннен күнге өрістеп, жеңілден ауырға, оңайдан қиынға ауысты. Бұлай деп отырған себебіміз алғашқы кезеңде адамдар өз алдына бірнеше сұраққа жауап таппады. «Қалай жаралды?», «Не үшін?», «Кім жаратты?», «Неге олай?» деген сияқты сұрақтар алдымен мазалатты. Осылайша дискурстық талқылауға мифология да түсті. Алдымен адамдар пропозициялық нүктеге «өзекті» сұрақ қоя біліп, өздерінше «жауап» тапты. Сөйтіп, тұтас жүйе, белгі, мәтін орната отырып, соны табиғи күйде «эксперименттік» әдіспен жүзеге асырғысы келді. Осылайша табиғатта интералмасу процесі еніп, күннен күнге жаңаша сипатқа ие болып отырды.
Ғалым С.Қасқабасов жалпы мифологияны кеңістіктік, қоғамдық-тарихи орнына байланысты кең ауқымдылықта қарастыра отырып, оны мағыналық-мазмұндық жағынан 3 топқа бөлді: «Бірінші – алғашқы қауымда пайда болған рух-иелік мифтер. Екінші – құлиеленуші мемлекеттер тұсында туып, қалыптасқан мифтер. Үшіншісі – феодалдық мемлекет кезінде қалыптасып, дамыған бірқұдайлық мифология» [1]. Осылайша ғалымның пікірі иерархиялық түрде жалғасым тапқан мифологияны «тарихи» тұрғыдан саралап, олардың әрқайсысына түсінік береді. Қорыта келгенде, қазақ мифологиясының генезисі ерекше халықтық танымдық жүйеге негізделіп, әлемдік деңгейге дейін саралана жеткен мифологияның қатарына енуге толық құқығы бар.
Қазақ мифологиясы – көшпелі өмірдің, көшпелі өркениеттің, көшпелі ғаламның мәдениетінің негізгі айнасы. Ол – «қазақ» халқының мәдениеті мен тарихын жасап шығаруға мұрындық болған аралықтанымдық сипатта жүзеге асқан жүйе. Ғалым С.Қондыбай: «Қазақта айқын, «мөлдір сипатты» мифология жоқ. Ол ауыз әдебиеті мұраларының – жырлар мен дастандарының, әртүрлі шежіре аңыздардың, ертегілердің, жұмбақ пен мақал-мәтелдің, фразеологизм мен діни әфсаналардың астарында, сондай-ақ қазақ тілінің сөздік қорының қойнауында жасырынып жатыр» [2, 5-б.], - деген пікірін келтіргендей, қазақ мифологиясының түп-тамыры – оның өміршеңдігінде. «Өміршең» мифология барлық аумалы-төкпелі заманның уытына шыдай біліп, өз әсерін барлық жанрда сақтай білді. Дегенмен де дербес сала ретінде қарастырыла отырып, өз даму арнасы – көшпелі өмірдің берік тұтасымдығы мен түркілік дәстүрдің беріктігіне барып саяды. Генезис және типология деген мәселе – қазақ мифологиясының басты қырлары. Қазақ мифологиясының түп-төркінін, «жаратылған» болмыс-бітімін тұтастай алғанда, өзіндік белгісі бар дербес жүйе деп айта аламыз. Түп-тамырында түркілік сарын басым. Өйткені қазақ халқы түркі дәуірінің ең бір жемісті кезеңінің айшықты дәуірінде өмір сүргендіктен, барлық таным жүйесі, ойлау шеңбері, наным кестесі ортақ болды. Тамыр байланысы өте тығыз байласымдылығында. Өйткені түркілік таным, түркілік тарих, қалыптасқан бірнегізді жүйе – барлық бүгінгі күнде өмір сүріп жатқан түркі халықтарына ортақ. Мәселен, Ұмай ана, Тәңір, басқа да магиялық, тотемдік, анимистік, фетиштік, ғұрыптық сенімдер бір арнадан өрбіді. Бұл жерден түркі халықтарына тән мифтік түсінік ортақ, наным-сенімдер біркелкі деген ұғым тумауы керек. Алғашқы тамыры бір түптен тарады, бірақ тарих көкжиегінен асып, уақыт жігіне жеткен кезде, әр халық өзіндік таным мен сананы өзінше «жасады». Сол арнадан бөлініп шыққан сала – қазақ мифологиясы болып шығады. Бұл кезде дамыған мифология – даралық қасиетке ие бола, өз алдына «отау тігілген үй» секілді қызмет атқарады. Осы кезден бастап қана өз дамуын бастайды. Оның даму арнасы – «байланыс-бірлік» деген сияқты ұғымдармен сәйкес келеді. Мәселен, сюжеттердің көшуі, оқиғалардың ауысуы, мотивтердің бірлігі, композициялық құрылымның ұқсастығы мен мазмұн жағдаятының ортақтығы деген сияқты мәселелер кеңінен етек жаяды. Қазақ мифологиясы типологиялық жағынан басқа да «жаңаша дамыған» түркі халықтарынан басқа, әлемдік дәрежедегі грек, қытай, скандинавия, рим, славян сияқты мифологиямен ұқсас келеді. Яғни типологиялық белгілері деп отырғанымыз - әр түрлі үлгілердің белгілі бір өлшемдерге бірдей жауап беретін белгілері бойынша топтастырылып жіктеудің кез келген нұсқасы ретінде анықталу. Яғни мәдени және өркениеттік, әлеуметтік-диалектикалық дамудың барысында туындап, өзара интерсюжеттік байланыстың пайда болды. Біріншіден, типологиялық белгілер халықтық танымның, ойлау жүйесінің ортақтығынан, біркелкілігінен туса, екіншіден, сюжеттердің ел арасында «танымал» болып, «көшпелілік» қызметін атқаруына келіп саяды. Бірінші жағдайға келер болсақ, танымдық ойлау жүйесі ортақ деп отырғанымыз – халықтың ойы, жаны тек жақсылықты, келелі келешекті, ғажайып болашақты, әдемі өмірді қиялдау, армандаудан туындауынан пайда болған жағдаят. Ал екінші мәселедегі айтпақ ойымыз – адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасау арқасында өздері ұқсатып «қолдан жасап алатын» құбылысты дүниелер жиынтығы. Мәселен, Алаш және Алаша деген атау тек қана қазақ ұғымымен ғана емес, түркілік әдебиетпен тығыз байланысты. С.Қондыбай «Қазақ мифологиясына кіріспе» атты атты еңбегінде мынадай пікір келтіреді: «Аңыздағы Алаш екеу. Бірі – қарт Алаш болса, екіншісі – жас Алаша хан. Жатжұрттық қарт Алаш алапес жігітке Алаша деген есім береді, мифологиялық реконструкцияда күн тәңірі Алаш алғашқы адам – Алашаға жер бетіндегі билікті береді» [2, 73-б.]. Яғни С.Қондыбай аңыздардағы баланың алалығы, түктілігі, алапестігін күнмен салыстырады, оларды күннің атрибуты дейді. Судағы қалқып жүрген тастанды бала – күннің тумағы (зародыш) дейді. Шындығында, түркі тектес халықтардың орта азиялық тобының танымындағы Күнтекті, Күнбасты адам – Митрамен (үндіиран мифологиясында) Алаш ұғымының байланыстылығы бар. Алаш туралы мифтің қазақ арасындағы негізгі нұсқасы мынадай: «Дала елінде Қызыл Арыстан деген хан өтіпті. Бір соғыс кезінде хан қолға түсіп қалған сұлу қызды тоқалдыққа алады. Әлгі қыз босанып, тұла бойы ала ұл туады. Мұны жаман белгі – ырым деп есептеген хан бәйбішесінің үгіттеуімен жас нәрестені Сырдарияның суына тастайды. Суда ағып келе жатқан баланы бір шал құтқарып алып, асырап тәрбиелейді, Алаш деген ат береді. Алаш өсе келе есімі төңірекке мәшһүр батыр ретінде атағы шығыпты...» [3, 25-27 бб.]. Яғни халықтық танымда тараған бірнеше нұсқа бар. Бұны «Алаштық инварианттар» деп атаймыз. Себебі идеясы мен тақырыбы, айтар ойы, халықтық түсінік бір, басты ерекшелігі – коммуникативтік жағдаяттық экстракогнитивтік құзіретке тәуелділігінде. Яғни оқиға болар орынның, уақыттың, образдардың, әлеуметтік-мәдени жағдайдың түрлігі мифтің сыртқы келбетін өзгертеді. Сол секілді осындай мотивтес басқа халықтарда да ұқсас мифік түсініктер бар. Мысалы, бірінші - ежелгі шумерлердің «Гильгамеш» аңызы. Ертеректе бір патшаға сәуегей қызының баласының оның билігін тартып алатынын ескертеді. Сондықтан патша қорқып, қызын биік мұнараға қамап қояды. Бірақ қыз белгісіз адамнан жүкті болып қалады. Жаңа туған нәрестені патшаның әмірімен мұнарадан лақтырып жібереді, бүркіт баланы жерге түсірмей қағып алып, бір баққа апарып тастайды, бұл жерде бағбан оны тауып алып, атын Гильгамеш қояды [4, 154-б.]. Екінші – Аккад ханының Шаррукин немесе Саргон туралы мифі. Саргонның шешесіне абыз қызметін атқарып жүргендіктен бала тууға рұқсат етілмеген екен, бірақ ол екіқабат болып қалып, уақыты келгенде құпия түрде босанып, жас нәрестені қамыс себетке салып, суға ағызып жібереді [4, 483-б.]. Үшінші түсінік бойынша мынадай аңыз бар. Мысыр фараоны жаңа туған еврей балаларын бірін қалдырмай суға батыру жөнінде жарлық береді, бір әйел баласын үш ай бойы жасырып бағып, сосын баланы себетке салып суға ағызып жібереді Бұл бала Моисей немесе Мұса пайғамбар екен [4, 372-б.]. Төртінші түсінік – рим мифі. Амулий патшаның әмірімен Рея Сильвияның Марс тәңірден (бір нұсқасында – қасқырдан) болған екі баласы суға тасталынады, жағаға шығып қалған екі баланы әуелі тоқылдақ пен қасқыр асырайды, артынан оларды Фаустул деген бақташы тауып алып, өсіріпті. Екі бала ер жеткен соң, билікті тартып алып, қала асалады, оны егіздің сыңары Ромулдың атымен Рома, яғни Рим деп атапты [4, 469-б.]. Бесінші миф Шахнамеде бар. Бахман Хума деген қызға үйленіп, оны өз тағына мұрагер етеді. Сондықтан Хума өз баласына билік бермейін деген оймен жас нәрестені жасырып, жұртқа «өлді» деп жариялайды, кейін баланы сандыққа салып суға ағызып жіберіпті. Бір кедей қолөнерші оны құтқарып алып, өсіреді. Дараб деген есім береді. Кейін бұл баланың ерлікпен аты шығып, билікті қайтарып алады.
Міне, бұл мифтер қазақ мифтеріне өте ұқсас болып келеді. Олардың ұқсастығы – сюжеттерінде. Яғни барлығында кездесетін мотив – суға ағызып жіберу, оны біреудің тауып, асырауы. Кей мифтерде кездесетін мотив – билеуші болуы. Сыртқы тұрпаты жағынан белгілі бір ұқсас мотивке құрылғанымен, жоғарыда келтірілген мифтердің идеясы тіпті әр басқа. Алаш туралы аңыздың басқа халықтардағы мифтермен типологиялық белгісі семантикалық картада берілген (Кесте 3).

Кесте 3 – Алаш туралы аңыздың басқа халықтардағы мифтермен типологиялық белгісінің семантикалық картасы







Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   45




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет