A. Б. Абдуллина мифтік фольклор оқу құралы Ақтөбе, 2014 Пікір жазғандар


Қазақтың космологиялық мифологиясы



бет14/45
Дата14.05.2023
өлшемі1,03 Mb.
#93081
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   45
Байланысты:
A. Б. Абдуллина мифтік фольклор о у ралы А т бе, 2014 Пікір жа

5.2 Қазақтың космологиялық мифологиясы. Қазақ мифологиясының бір түрі ретінде кеңінен қолданылатын түр – космологиялық мифология. Атынан айтып тұрғандай, бұл мифология өз табиғатында аспан әлемі мен кеңістігі, ғарыштық сфера мен оның халық танымындағы көрінісін қарастырады. Ескеретін бір жайт, космологиялық мифологияның аясына кіретін түсініктер түрлі уақыттың өлшемінен трансформацияланған. Қазақ тумысынан өз өмірін жұлдызға «аманаттайды». Бұл дегеніңіз – халық арасындағы әр адамның өзінің жұлдызы болады, жер бетінде қанша адам болса, сонша жұлдыз бар деп есептегендіктен туған дүние. Ел арасындағы «менің жұлдызым», «жұлдызың оңыңнан тусын» немесе «жұлдызы жанған» деген тіркестер осының айғағы. Егер адамның жұлдызы жарқырап айқын жанса, онда жердегі жұлдыздың иесі бақытты адам деп есептеген. Адам өлгенде, оның жұлдызы ағып түседі деген. Мұндай түсініктер – ежелгі анимистік танымның көкжиегінен туындап қалыптасқан ұғымдар деуге болады.
Ғарыш әлемінің ең өзегі – аспан дейтін болсақ, аспан ұғымы ежелгі наным бойынша жараталыстың бастауы деген мағына берген. Немесе Көк Тәңір деген атау көк аспан деген ұғыммен синонимдес болды. Тәңірлік діннің кезінде аспан адамзат баласын, барлық дүниені жарылқаушы, жаратушы есебінде ұғынылып, қастер тұтылды, аспанға қарап бар үмітін, тілегін білдірді, аспанға сыйынды, өйткені Тәңірдің мекені аспан деп ойлады. Ш.Уәлиханов өз еңбегінде қазақтардың ежелгі түсінігі жөнінде мынадай оқиға айтады: «Аспанда да адамдар тұрады, олар белбеуді тамағынан буынады, біз әлемнің ортасында тұрамыз, сондықтан да белбеуді белімізден буынамыз, ал жер астында тұратындар (олардың да өздерінің күні, айы, жұлдыздары бар) белбеуді аяқтарына буынады. Аспанда тұратын қазақтардың арасында өте бай кемпір бар» [5, 21-б.]. Сонда ежелгі түсінік бойынша аспанда да қазақтар тұрады, олардың тұрмыс-тіршілігі өздеріне ұқсайды деп сенген. Аспан, жер, жер асты деген үштік танымды көре отырып, сақ заманындағы үш әлемнің бейнесін көреміз.
Аспаннан кейінгі орында тұратын халық танымындағы қасиетті бейнелер – Ай мен Күн. Қазақ мифологиясында Күн мен Жер дихотомиялық құбылыс ретінде көрініс табады, яғни күн – күйеу, жер - әйел образында келеді. Ал космологиялық мифология тұрғысында Күн – күйеу, Ай – ару кейпінде сақталған. Сонда Жер - Әйел образында келіп, отбасын, ана мен баланы қорғаушы ретінде сақталса, ал Ай – мәңгілік жастықтың, аспани арулықтың символы. Күн – қай кезде де, қай жерде де тұрақты мәнде келеді, ал Ай оның көктегі серігі, Күннің қосыла алмай кеткен ғашығы ретінде сипатталады. Мына мифті келтірейік: «Асылында, ай ару мен күн күйеу, көк аспанда ғашық-машықтар еді. Олар ұдайы қараңғылықты қуғындауменен айналысып, біреуі күндіз, біреуі түнде көшіп-қонып, өмірбақи өріс-қонастары айқаспағандықтан, бір-біріне қосыла алмаған екен. Көк жүзін кезіп қанша іздесе де кездесе алмайды. Олар осы ауыр халдеріне қайғырғанда, аспанды бұлт қаптайды, кейде қабақтарынан қар борайды. Сағыныштан саулаған жастары жаңбыр болып жауады. Кейде құсалықтан тұтанған күйі отты жүздерін жалын болып шарпиды, бұл сәттерінде, күннің көзі, айдың жүзі тұтылады» [6, 12-б.]. Бұл мифтен Ай мен Күннің тарапынан болатын байланыстың салдарынан табиғи құбылыстардың «жанды» кейпін суреттейді. Осылайша Ай мен Күнді ежелгі танымдық жүйеде «жанды жүйе» ретінде, яғни «тірі кейіпкер» ретінде көрініс берді. Айдың сыртқы пішіні, яғни оның туып, күннен-күнге толып семіруі, ондағы қатпарлар, сыртқы кейпі түрлі мифтерде әр түрлі сюжеттік желіде көрінеді. Мәселен оның күнді сағынып, күте-күте шаршап, қармақтай болып иілгені, содан кейін сағаныштан жүзіне әжім толып, қатпар болғаны «Ай мен Күн туралы» [6, 12-б.] атты мифте, Ай бетіндегі иінағаш көтерген қыз немесе бақаны мен шелегі бар қыз жайында «Айдың бетіндегі дақ» [6, 18-б.] деген мифте көрініс береді. Ай бетіндегі дақ, таңба деген түсінікті айтқан кезде екі типологиялық белгі шығады. Біріншісі – жетім қыздың түнде иінағашпен (кей жерде баған мен шелек) суға қайғырып барған сәтіндегі Айдың қызды өзіне тартып алуы. Екіншісі – Айдағы кемпірдің өмір сүріп, соның бетінің әжімінің көрініс болуы.
Қазақтар Айды қасиетті деп санап, жеке планета, оны жеке бір дербес әлем деп есептеген. Тәңірлік діннің қалдығынан болу керек, әлі күнге дейін үлкен кісілер жаңа туған айға сәлем беріп, иіліп, ізет етеді. Айға көп қарап тұрмаған, қолды шошайтуға болмайды деген. Оның себебін Ш.Уәлиханов былай дейді: «Қазақтар айға ұзақ қарап тұрмайды, сескенеді. Айдағы кемпір кірпікті санап қояды деп, егер санап қойса, адам өледі» [5, 20-б.]. Осы сияқты халық танымында айда пері болады деп есептеп, түнде терезелерді қымтап жауып қоятын болған. Бұл салт әлі күнге дейін бар. Түн баласы ауғанда немесе түннің қақ ортасында адам жаман түс көріп немесе ауытқуы бар адамдар ұйқы сұрап шошынып, оқыстан тұрса, айдағы пері адамды қағып кетеді, ауру қылады дейді. Бұның барлығы – Айдың қасиеттілігін мойындайтын белгілер.
Енді Күнге келсек, халық арасында күннің Ай секілді қадір-қасиеті көл-көсір емес, тек бірен-саран белгілері бар. Атап айтсақ, күн нұры мәселесі. Осы мифті мысалға келтірсек: «Ертеде бір ханның керемет сұлу қызы болыпты. Хан өызының елдің көзінен қызғанып, қараңғы темір үйге тығып қойыпты. Оған тек бір қайсаған кәрі кемпір ғана қызмет етеді екен. Қыз білгісі келіп, «Қайда барып жүпсің?» деп сұрағанда, ол «Жарық дүние бар, қызым, сонда барамын», - деп жауап береді.
Қыз сол жарықты көрсетуін өтініп қоймаған соң, бірде кемпір оны сыртқа алып шығады. Күннің жарық сәулесін көрген бойда қыздың басы айналып, есінен танып құлап қалыпты. Біраз уақыт өткен соң ол өзінің жүкті екенін сезіпті. Сөйтсе, мұның себебі Күн нұрыныің киесі екен» [7, 208-б.]. Әдебиетте күн нұры деген тіркес көп қолданыс береді. Әйгілі Шыңғысхан, Адай (ру басы) секілді тұлғалар күннің нұрынан жаратылған деген түсінік бар. Бұл түсінік ырымға да жалғасып кеткен. Күндіз ұйықтаған кезде, үйдегі үлкен, егде адамдар «терезені жауып жат», «үстіңді жауып жат» деген тыйым сөздер айтады, сонда бұның астарынан да күн нұрынан «сақтану», оны кие тұтып, адамның бетіне «тіке келтірмеу» деген сипатта жүзеге асқан.
Ш.Уәлихановтың пікірінше қазақтарға мынадай жұлдыздар таныс болған: темірқазық, жетіқарақшы, үркер (плеяд), бақташы жұлдызы (Венера), шолпан жұлдызы (утренняя звезда) [5, 19-б.]. Ал «Қазақтың мифтік әңгімелері» атты жинақта жоғарыда айтылған жұлдыздармен қатар сүмбіле, қамбар, үшарқар, есекқырған [6] секілділердің аты аталады. О.Жанайдаровтың «Ежелгі Қазақстан мифтері» атты кітапта Үшарқар жұлдызы «Үшарқар таразы шоқжұлдызы» деген атпен беріледі. Енді әрқайсысына талдама жасасақ. Темірқазық жұлдызын қазақ халқы бағдар ретінде қолданған. Оның атауының шығуы да атына сай, қазыққа қағылғандай, бір орында қозғалмастан телміріп тұрады. «Темірқазық түнгі аспанның шырқау биігі – жоғарғы нүктесінде орналасқан. Кейде Солтүстік жарты шардың осынау орталық жұлдызын Алтын Қазық деп те атайды. Оған Тәңір өзінің аттарын байлайды. Темірқазықтың қасындағы қос жарық жұлдыз – Тәңірдің ақбоз тұлпарлары» [6, 210-б.], - деген түсініктен темірқазықтың Тәңірге «бағыншы» туған космобейне екенін көреміз. Ал осы мифтің заңды жалғасы іспетті мына сюжетке назар аударсақ: «Ақбозат пен Көкбозат арқанмен Темірқазыққа арқандаулы – Жетіқарақшы түнімен бұл екі атты ұрлаймыз деп торып, аттар қозғалмай қағулы тұрған қазықты айналып, күзетті алдырмай, таң атып кетеді» [7, 17-б.]. Сонда бұл жерден Темірқазықтың тұрақты, орнықты жұлдыз екенін көреміз, ал Жетіқарақшыны «ұры», көп жұлдызға қастандық қылушы озбыр ретінде көрінеді. Жетіқарақшы жұлдызы турасындағы мифтердің типологиялық басты белгілері мынадай сюжеттерді құрайды:
1. Жетіқарақшы ел арасында ұры, баукеспе болған, оларды халық соңынан түсіп қуғаннан кейін, жеті ұры аспанға жұлдыз болып кеткен. Алдыңғы төртеуі – көшбасшылары, кейінгі үшеуі – құйыршықтары.
2. Түнімен «ұйықтамай» басқаларға озбырлық көрсетіп, таң ата өздерінің істеген істеріне өкініп, қайғырады да, аспан әлемінен жоғалып кетеді.
3. Жетіқарақшы жұлдызының алтауы – ұрылар да, ең кішкенесі – алтауының ортасында тұратын патша әйел.
4. Жетіқарақшы жұлдызы жерде мекен етіп, кейін өлген 7 қарақшының рухынан пайда болған жұлдыз.
5. Ең ішіндегі жарқырап тұрғаны – қарақшылардың бастығы, ал көмескіленіп тұрғаны – тұтқында отырған Үркердің қызы (Үлпілдек). «Жетіқарақшы мен Үркер жайында» [6, 205-б.] деген мифте Жетіқарақшының Үркердің қызы Үлпілдекті айттыра алмай, өздерінің арасындағы «қақтығыстары» туралы айтылады. Сонда біз жоғарыда Жетіқарақшы жұлдызы турасында халық арасындағы сюжеттік бейнесін білдіріп өттік. Бұлардан кейінгі үлкен жұлдыз – Үркер. Бұл жұлдыз Аспан әлемі мен Жер әлемі арасындағы немесе Көк Тәңір мен Жер Тәңірдің арасындағы қатар «өмір сүруші» ретінде Үркерлер «қосмекенді» ретінде қабылданған. Өйткені олар алдымен Жерде өмір сүрген, ол кезде мәңгілік жаз болған екен. Аласапыран кез болып, табиғат өзгергеннен кейін ұйықтап жатқан 12 Үркерді барлық жануарлар өлтірмек болады. «Үркерлерді өлтірсең, мәңгілік жаз болады» дегенді естігеннен кейін әрқайсысы бөліп алып таптамақ болады. Тек қана сиырдың тұяғы аша болғандықтан, оған бөлінген 6 жұлдыз аспанға ұшып кетіпті делінеді. «Үркер» турасындағы барлық мифтерде кездесетін сюжет – оның бұрын жерде өмір сүріп, жануарлардың үстемдігімен аспанға кетуі. Ал сол сюжеттің шегіністері түрлі болады. Мәселен, бір жерде Үркерлер өздерімен өздері ұйықтап жатады десе, бір жерде оның құрт болғанын, оны түйе табанымен бастып түріп, сиырға ұстата тұрғанды делінеді, келесі бір жерде Үркер Сұлусарыны Жетіқарақшы ұрлап қояды деп олардан қашып, жерге келіп қырық күнге жатып алуы. Сонда барлық жерде Үркер – мәңгілік жаздың бейнесі ретінде көрініс береді.
Космологиялық мифологиядағы жұлдыздар әлемінің келесі түрі - Шолпан жұлдызы. Бұл жұлдыз тарихында да кездесетін мотив – көкке ұшу. Оған мынадай миф дәлел болады: «Зуһра – Алланың шын сүйікті пендесі. Оны Әза мен Әзайв атты періштелер сұлулығына қызығып, алдап қолға түсіреді. Зина жасауға зорлайды. Оның қашып құтылуға ешқандай мүмкіндігі болмай қалады. Ақырында Алланың мың есімін үйретуді һөтінеді. Өйткені ол Алланың мың есімін жаттап алғанда көкке ұша алатын қасиет пайда болатынын білетін еді. Зуһра дәрет алып, таң жақындағанда «мына пәлелерден құтқар» деп Аллаға сыйынады. Көкке көтеріліп, барлық халық қастерлейтін жұлдызға айналып кетеді. Еуропаша – Венера, арабша – Зуһра, түрікше – Шолпан – сол жұлдыз» [7, 22-б.]. Бұл мифте де барлық жұлдыз атаулының «табиғатына сәйкес жерден жапа шегіп, көкке бару идеясымен сәйкес келіп, бірақ ислам түсінігімен, ұғымдарымен бейнеленеді. Ал бұл жұлдыздың қасиеттелігі турасында мынадай түсінік бар. Венера, бәрімізге белгілі ежелгі грек мифологиясында махаббат, әдемілік құдайы болып саналды. Сол себепті көп ата-ана қыздарына сұлу болсын деген ниетпен «Венера» деп ат қойып жатады. Немесе бұл жұлдызды «Бақташы жұлдыз» деп атаған. Өйткені осы жұлдыз туысымен малшылар қойды түнемеге алып кететін болған да, бұл жұлдыз бағдар көрсетуші ретінде қызмет атқарған. Сонымен бірге Шолпан ғашықтарды желеп-жебеуші, оларға көмектесуші ретінде көрініс береді. О.Жанайдаровтың кітабында мынадай дерек келтірілген: «Шолпанның қыста тууы қатты суықтың нышанын білдіреді. Соны алдын ала ескертерде ол айрықша жарқырап көрінеді. Осыған байланысты оның Тұл қатын деген тағы бір аты бар. Ескі наным бойынша, Венера планетасын әлі тумаған адамдардың жандары мекендейді. Оның құпия жарығына адамдардың құмар болатыны сондықтан шығар-ау» [6, 209-б.]. Шындығында, ерекше жарқырап, адамның көзінің жауын аларлықтай айрықша сипатта көрінетін жұлдыз көп нәрсеге теңеу болады. Қазақ халқы белгіле, танымал адамдарды Шолпанға балайды, ал жаңа шыңып келе жатқан таланттарды «Таңшолпанға» теңейді. Өйткені халық түсінігінде таңда туатын Шолпан өте ерекше жарқырайды.
Ал «Үшқарқар» жұлдызы және оның айналасына топталған жұлдыздар турасында мынадай миф бар: «Бірінің артына бірі созылып тұрған үш ірі жұлдыз – шұбап бара жатқан үш арқар, оған көлденең тізіліп тұрған «қиқымдай» Шайтантараз дейтін үш жұлдыз, үш арқарды кезеп атқалы тұрған Көгалдай мергеннің «Көкшақпағы». Шақпақ үлкенірек көк жұлдыз. Ол Үшарқардың бүйірін ала тұрады. Үшарқардың аржағындағы үлкен қызғ,ылт арқарлардан әрі өтіп кеткен мергеннің қызарға оғы. Күңгірт теңбіл байқалады. Ол мергеннің мылтығының түтінінен пайда болған. Үшарқардың соңғысы – кішірек. Оны мекиені (ұрғашысы) дейді» [7, 15-б.]. Сонда бұл жұлдыз мергенге байланысты,, оның іс-әрекетіне байланысты құрылғанын көреміз. Жалпы жұлдыз атаулының қайсысын алсақ та, онда табиғаттың заңдылығына сәйкес, күрес заңы қатты даму үстінде болады және мергендер «атсалысады». Ал келесі бір мифте аңшылардың орман ішінде әдемі арқарларды көріп, оларды ұстаймыз деп иттерінің шаба жөнелгенде, арқар, иттердің бәрі көкке кометалар арасына көтеріліп кеткендігі айтылады. Сөйтіп арқардың маңында айналып жүрген сол иттер деп болжаған халық оған «Үш арқар таразы» деген айдар тағыпты [6, 210-б.].
Ал Сүмбіле жұлдызын халық былай сипаттаған: «Үшарқар мергеннің аяқ жағындағы лек жұлдыздар оның иті, ақ шоқтай Сүмбіле жұлдыз – осы үлкен арланның жайнаған көзі» [6, 16-б.]. Немесе «Ежелгі Қазақстан мифтерінде» Бұқардың мына өлеңін келтірген:
Тағы бір мезгіл болғанда,
Сүмбіле туды жылтиып,
Ат семірді құнтиып.
Жүз қойға алған құлаша ат
Жүректей болып семірді.
Жыландай болып жарады.
Хан Абылай тақсыр хан
Ұлы бір жүзден қол жиды,
Кіші бір жүзден қол жиды.
Әсіресе қосынды
Уақ пенен Керейден
Рабайсыз мол жиды [6, 208-209 бб.]. Бұл жерде де халық арасындағы Сүмбіленің елге жайлы, халыққа жағымды екенін білдіріп, оның туысымен береке-бірліктің бастау алатынын суреттейді.
Есекқырған жұлдызы басқаларға қарағанда әдейі, қасақана жердегі есектердің қыруға бағытталған «жалмаушы» ретінде көрінеді. Оның мәтіні былай: «Зат тиелген шаналарға есек жеккен керуен үдере көшіп, жолдағы бекетке қонады. Шолпан туып қалыпты деп, шығыстан келе жатқан жарық жұлдызды көріп, шатастырған керуен иесі жолға түсіп тарта береді, күн суытады. Керуен жолдан адасады. Жылы жерден шыққан есектер суықты көтермей қырылып қалады. Осылайша жарық жұлдыз есекті қыруға шыққан «Есекқырған» жұлдыз аталады [7, 23-б.]. Түсін құбылтып, «жолдан адастырушы, тайдырушы» кейіпте шыққан бұл жұлдыз трагедиялы оқиғаға соқтырады.
Сөйтіп, ежелгі халық түсінігі аспан мен оның аясындағы Ай, Күн, Жұлдыздар бейнесін тәңірлік дінннің ықпалымен түсіндіріп бақты. Өйткені қай нысанды алсақ та, бәрі де жерден қуғын көріп, аспанға жұлдыз болып орнайды. Немесе жердегі қыз Айдың бетіне қонақтайды. Бұдан түйетініміз – ежелгі адамдар мақаламызда айтып өткендей, аспанда да әлем бар, аспанда Тәңір бар, соған жақын болайық, аспан – қасиетті мекен деп есептегендіктен, осы оқиғаларды жанынан шындыққа жанасымды етіп шығарған. Сонда барлығында дерлікке кездесетін лейтмотив – жерден аспанға нысан ретінде орнау. Ескі наным-сенім кешегі күнге дейін арқау болып келгені рас, халық жазу-сызу жоқ кезде бағытын, келесі күннің ауа-райын, болашақтағы табиғат құбылыстарын аспан денелеріне «үміт артты».


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   10   11   12   13   14   15   16   17   ...   45




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет