A. Б. Абдуллина мифтік фольклор оқу құралы Ақтөбе, 2014 Пікір жазғандар



бет30/45
Дата12.10.2022
өлшемі1,03 Mb.
#42556
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   45
Тірек сөздер: мифоним, эпос, мифопоэтика, мифтік образ.
Жоспары:

  1. Эпостардағы мифтік танымның көрінісі

  2. Эпостардағы хикялық мифонимдер және олардың көріну сипаты



3.1 Мұхтар Әуезов әңгімелеріндегі мифологизм. Қазақ әдебиеті тарихында ойып алар орны бар тұлға М.Әуезов өзінің ғылыми еңбектері мен көркем шығармалары арқылы қазақ фольклоры турасында құнды да асыл мұра қалдырды. М.Әуезовтің фольклортанушылық қыры еліміз тәуелсіздік алғанға шейін шын мәнінде зерттелген жоқ. Алапат кезеңнің өзінде де жазушы қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын орайлы пайдаланып, көне, діни фольклорлық үлгілерді жанамалап болсын, детальдар арқылы астарлы оймен жеткізе білді. Бұл мақаламызда М.Әуезовтің әңгімелерінде көрініс беретін көне әдебиет үлгілері – қазақ мифологизмі турасында сөз етпекпіз.
Миф туралы анықтамалар өте көп. Ғалым С.Қасқабасов бұл анықтамаларды екіге бөліп қарастыруды ұсынады. Алғашқы анықтамада миф – бүкіл әлемді басқарып отырған алып күшке ие құдайлар образы мен рух туралы, әлем жаратылыс туралы фантастикалық түсінік деп танылады, ал екінші анықтамада миф құдайлар, титандар, қаһармандар туралы ауызша әңгімелер деп аталады [1, 7-б.]. Ерте дәуір адамдарының өмір, қоғам, табиғат, дүние туралы түсініктері, көзқарасы, түсіну, таным ерекшелігі сәбилік сана-сезімі ғасырлар бойы ауызекі тарап келген аңыз-әңгімелер мен халық санасына сіңісті болған мифологиялық үлгілерден анық білінеді. Миф ұғымына С.Қондыбай мынадай анықтама береді: «Миф – нақты бір тарихи уақытта, нақты бір географиялық кеңістікте (жертарапта), нақты бір саяси, әлеуметтік, мәдени, шаруашылық жағдайында тірлік етіп жатқан адамзат қоғамының (социумның) өзі өмір сүріп отырған орта (уақыт пен кеңістік) туралы, ғалам туралы, оның қалай пайда болғандығы, адамға ықпал ететін ішкі-сыртқы күштер туралы, өз қоғамының ғаламдағы орны, дәлірек айтқанда, «түсіндім» деген стереотипі» [2, 15-б.].
Сонымен, мифтік таным, миф турасындағы кейбір түсініктерден кейін оның М.Әуезов әңгімелерінде көрініс табу ерекшеліктеріне тоқталсақ. Жазушы шығармада мифтік үлгілерді кейіпкердің танымы мен мінез-құлқына, қоршаған орта, заман ағымына қатысты суреттейді.
Әлемді жаратушы «тәңір» деп түсінген түркі халқы бар өмірін соған сеніп тапсырды. Ш.Уәлиханов: «...Көк тәңірі – көк аспан деп аталады. Қазақтар ұғымындағы бірінші аталатын сын есім «көк» - көріністі бейнелейді және заттың түсін білдіреді, ал зат есім (тәңірі) «көк» атауының баламасы» [3, 20-б.], - десе, бұл жөнінде М.Әуезов: «... Қазақтың ескі діни дүниесін көк ие билейді» деген сеніммен басталады. Сол себепті аспанға (тәңірге) табыну, жер үстінің күштісі деп отқа табыну, бақсыларға табыну туады» [4, 262-263 бб.], - деді. Түркі халықтары адам тәңірінің бұйрығымен өмірге келеді және сол бойынша әуелгі мекеніне қайтып оралады, өмірдегі құбылыстардың барлығы құдайдың ісімен байланыста болады деп түсінді. Шығармадан мысал келтірер болсақ:
«...Кемпір күннің түрін көріп, назалы дауыспен: «Құдай, тағы төбемнен ұрайын деген екенсің ғой! Қарағым адасты ғой. Ұшып өлді ғой...» - деп, баласын шақырып айғайлай бастады» [5, 21-б.]. «...Баласы бұл күйге жеткен соң, көп өлімді көзі көрген кәрі шешесі жалғызынан күдер үзе бастады. Намазда күндіз-түні дұғаның орнына жалғызының атын атап, сыбырлап, жалынып тілеуден босаған жоқ еді» [5, 25-б.]. «...Ол жүрегі белгісіз қауіптен қорыққандай болып: «А, құдай, ақсарбас!.. Кеселділердің отына күйгізе көрме, қарағымды! Жалғыздың жары құдай!» - деп тілеу тілеп жүрді...» [5, 63-б.]. «...Көп қарбаластың ішінде түгелімен тысқа шығып қалған ауылдың кәрілерінің: «А. құдай, сақтай гөр!.. А, құдай, жаманшылығыңнан сақта!» - деген шын жалбарынып, шын тіленген зарлары естіледі...» [5, 62-б.]. Тағы осылар сияқты мысалдар көптеп кездеседі. Бұдан түйетініміз - әрбір адамның аузынан шыққан сөз тәңірге, құдайға, жаратушыға қаратылып, соған сеніп, үміт күтіп, тілегін арнағандығы аңғарылады. Жоғарыда келтірілген мысалдардағы «ақсарбас» ұғымы Ш.Уәлиханов еңбектерінде былайша көрініс табады: «... құрбандыққа шалынатын қой ақ түсті, басы сары... немесе ақ, басында қасқасы болуға тиіс... Әдетте, құрбандық малды сояр алдында, қазақтар өздерінің батасында малдың түр-түсін атай кетеді» [3, 18-б.]. Сонда сөз арасында «ақсарбас» сөзін қолдануы құдайдан тілеу тілей отыра, соның жолында бір мал құрбандыққа шалатынының белгісі ретінде айтқан.
Қазақ халқының мифтік образдарының қатарына жын, пері, албасты, дию, үббе, жезтырнақ сияқтыларды жатқызамыз. Бұл турасында М.Әуезов: «... Елдің кейбір әдет-салтында да, өлең жырында, ескілікті ұғымында қалған белгілер болады. Сол белгілердің ретінде кіретін нәрселер; аспан мен отты қадірлеу; бақсы, жын, албасты, жезтырнақ сияқтыларға нану» [6, 18-б.], - дейді. Ойымызды дәлелдер болсақ: «...Қасым тау ішінде келе жатыр. Бұдан кішірек күнінде көп естіген қараңғы сырлы әңгімелер болушы еді. Түнде кездесетін жын-шайтандар, қара түндей жалмауыздар... сау адамды қағып кететін перілер. Бұлардың талай рет түн жүргіншілерін шошытқан, жындандырған, көзіне көрініп елестеген әңгімелері кішкентай Қасымның көңіліне әбден қонып, онсыз да науқасты әлсіз қиялында мықты орын алып қалған. ...Түнгі тау, қара жартас алыстан перілер мекеніндей болып – жарқ етіп, қайта қараңғылыққа батып жоғалады. ...Таудың қараңғы сырлы сайлары жартастың қалың көлеңке басқан қара күйедей тұңғиық қап-қара беттері түндегі таудың қараңғы пәлелерін ішіне бүгіп жиып тұрғандай көрінеді... ...Тас қабақты, жұлдыз көзді, түндей қара түсті қара кемпір тау ішін құйындай құтырып, кезіп жүргендей. Қара желімен «әпсін» оқып үшкіріп тұрғандай» [5, 56-б.]. «...Сол кезде Қасымды шешесінің қабіріне қарай тартқан жетім жүрек өзге денесінің іркілейін дегеніне ерік бермей, ілгері дедектетіп алып жүріп кетті. Бірақ бұл уақыттағы серігі кім? Періште дегені осы ма? Әлде жын ба? Әйтеуір, енді алдында бұлдырап, елестеп жүгіргендей бір уақыт кісі екен деп ес көргендей болып еді, артынан шоши бастады. Жүрегі сенімсіздік қаупімен тағы лүпілдеп соқты. Ақырын жүріп, кейіндегісі келді... Бір мезгілде бетіне құтырып, ысқырып келіп ұйтқыған бір құйын соққандай болды. Жасқанып көзін жұмды. Қайта ашса – қараңғы түнде оттай жанған алакөз ашумен түксиіп қарап тұр...
Алдында тісі ақсиған, ұзын бойлы, қолында ұзын қара пышағы бар қара кісі тұр екен» [5, 56-57 бб.]. Бұл көріністерден жетімдіктің зарын тартқан Қасымның қара түндегі қаралы ойдың қара шоқпарына мертігіп, көкірегінде ұялаған қорқыныштың айнасы көз ұшына көрінгендей елес береді. Қолынан жетектеген қара кісі – ажалдың символы.
«...Қанмайданның еркесі ақ мартулы қыранның ашулы көзінде жай отындай от ойнайды. Ертегінің жез тырнағындай сатырлаған көк болат тұяқтары түлкінің өкпесінен жанын суырып алуға асығып, кезек-кезек сығымдап қысады» [5, 71-б.]. Бұл жерде қыранның айбарлы бейнесін оның тырнағы арқыры суреттесе, ал сол тырнақты көк темір, ұзын, ұшы найзадай өткір жезтырнақтың тырнақтарына антитеза арқылы суреттейді.
«...Ол әңгімелер кезеген ерге кездескен ат жас жігіттің алдынан қашатын басы алтын, арты күміс киіктер қаншалық еді. Тылсым есік, тас қамаудың ар жағынан, жер астынан табылатын, дүр гауһардың ортасында отырған сұлу перизат шаһзадалар – бәрі-бәрі мол еді. ...Әкесі Ескендір Зұлқарнайынды мұсылман деуші еді. Ескі Юнан тарихы оны бекер деді. Жерді көтеріп тұрған көк өгізді Коперник жоқ етті. Қазақтың түбі Мұхаммед пайғамбардың сахабасы Ғақашадан тарайды деп еді. Оны монғол-түрік тарихы теріс етті. Дүниенің шеті Каф тауы, ол диюлар, перілер мекен еткен жер десе, дәл сол Каф – Кавказ тауларында экспедицияда жүріп, Медет өзі үйленіп те қайтқан» [5, 112-б.], - деген жолдардағы «Шыңғыстау» әңгімесінің желісінде қазақтың сәби, балаң кезеңіндегі мифтік түсінікті бүгінгі өркениетке тән логикалық ойлаумен сабақтастырады.
«Қазақтарда от – үйдің киесі, шамшырағы. ...Қазақтар отты қасиетті деп санайды: отқа түкіруге болмайды, сондай-ақ үстінен аттауға болмайды. Тіпті өшіп қалған... да аттауға болмайды» [3, 16-б.]. Қазақтар отты ана деп атап, оны қастерлеген. От, ошақ – үйдің берекесін келтіретін қасиетті ұғым. «Бүркітші» әңгімесіндегі: «Бақыр отта екен. Бірақ от өшуге жақындап қапты. Етті қамти отырып:

  • Сорпа суып қалмасыншы! – деді де бағанадан ескеріп қойған бір уыс

жапырақ пен қу шөпті шала шоқтың үстіне тастай беріп, үрлеп-үрлеп жіберді.

  • Үй, үрме-ей! Өй, оның не? – деп Сәтбек біраз омыраулап еді» [5, 109-б.], - деген жолдарда кейіпкердің оттың киелілігін бағалап тұрғанын көреміз. Халық ұғымында «Отың өшкір!» деген жаман қарғыс бар. Өйткені «от» - жанұя, отбасы, үй сөзінің синонимі.

«...Ауылдардың көпшілігі жатқан болса да, кейбірінде бірен-саран үйлердің оты бар еді. Кей жерошақтарда бірде үзіліп, бірде қайта қозданып, жалпылдап жанған оттар көрінеді. Түңлігі жабылмаған үйлердің шаңырағынан қызғылттанған сәуле көрінеді. Қызғылт жарық тіршілік белгісіндей болып көзді тартады» [5, 58-б.]. Бұл тұста жазушы ауыл үйлерін «жарық», «жерошақ», «от», «сәуле» ұғымдарымен байланыстырады. Өйткені «үй» мен «ошақ» қатар жүретін, ажырамас дихотониялық архетип.
«Анимизм қоршаған орта мен табиғат құбылыстарының жер бетіндегі, аспан әлеміндегі сан түрлі барлық заттың жаны бар деп қараған алғашқы қауымдық қоғамдағы қарапайым түсінік» [7, 206-б.]. Яғни жансыз затқа тіл бітіріп, оған жан бітіре суреттеу. Бұл әсіресе пейзаждық құбылыспен қатарласа жүреді. М.Әуезовтің әңгімелерінде жартас, жел, дауыл, боранның суреттелуінен де көне анималистік сенім елесі байқалады.
«...Биік тауға екпіндеп ойнап шығып, шың басында өнеріне сүйсінгендей ойнақ салып, етекке қарай ысқырып құлай жөнелгенде, долы дауыл сай бойында жын-перінің күйіне билегендей болады. Ағындап құтырып келіп, жартасқа соғып қорқытпақ болып, көрігін басып гуілдейді. Жер тартып шаңын аспанға шығарып, ақ көбігін атқытып шабынады. Біресе жабысып келіп құшақтап, жарығына кіріп ысқырып, тербетіп оятпақшы болады. Кейде одан өтіп, өзектегі қалтырап жаурап тұрған жас тоғайға келіп, жерге шейін басын игізіп, тәжім еткізіп, арасынан суылдап бұраң қағып, ойнап өтеді. Кей-кейде бұның бәрін тастап, ұрысайға тығылып отырған кішкене қораның үстіне келіп, ақ түтек болып ұйтқып, ойнағын салып, жер жүзінен жоғалтпақшы болады» [5, 40-41 бб.]. Дауылдың жын-перінің адамды қалай айналдырып алатыны секілді, біресе құтырып келіп жартасқа, біресе тоғайға келіп ойнақшуын жанды бейнедей суреттейді. Ал мына бір көріністе табиғаттың адамға сыр айтып, өзіне баурап, жақындатқысы келіп, жетегіне ергізуін жазушы әсерлі суреттейді: «...Күн әуелгі қалпынша: ақ түтек боп борап тұр. Біресе өкіріп, біресе уілдеп, құтырынып ұйтқып соққан жел Ғазизаға «Жүр-жүр!» дегендей болып, дедектепі алып жүріп кетті» [1, 120-б.]. Осы ретте ғалым Ә.Молдахановтың мына пікірі дәлел бола алады: «М.Әуезов табиғат құбылысын жанды бейнеге айналдырғанда сол табиғатты кейіпкер болмысымен егіздей суреттейді» [7, 207-б.]. Ал күн сәулесіне шомылған мұңлы қызыл жартастың суретін кәрі адам кейпімен астастыра белгілейді: «...Жаңа көтерілген күн сәулесінің астында тұрған қызыл жартас. Бір жағы көлеңкеленіп, әжімді кәрі жүзімен аңшылардың қарсы алдында тұр. Қатпарлы кәрі пішінімен қалың сырлы сияқтанады. Жартас мұңлы. Кәрі көңілдің қайғылы түріндей жүдеу – қайғылы. Күндер, жылдар тоздырған беттері терең әжімді. Дүние қатқан, жым-жырт. Өңкиген тік жартас. Таңертеңгі кезде-ақ қардың үстіне түскен қаралы көлеңкесін көріп, айнадан жүзін көрген дәудей, кәрі алыптай үңіліп, түксиіп қарап тұр [5, 70-71 бб.]. Міне, мұңлы жартас, тербеліп, құтырған жел, Ғазизаны «жетектеп» ерткен жалмауыз жел әңгіменің өн бойына көркемдік әсер беріп, жазушы ойының анық та көркем жеткізуінің басты қаруы болып тұр.
Қазақтарда аруақты қастерлеу, қиямет-қайым күнде сыйынып, медет тілеу бүгінгі күнге дейін жалғасып жатыр. Өмірдегі сәттілікті, жолының болғандығын әулие-әнбиелердің, аруақтардың шапағаты жебеді деп түсінеді. «...Кемпір-шал айласы бітіп, әлі құрып, кәрі көздерінен улы жастарын ағызып, мойындарына бұршақ салып тілеу тілейді. Сиынбаған аруақ, жалынбаған әулие қалған жоқ» [5, 41-б.], - деп аштық жайлаған заманда қолындағы ауру немересін қалай да аман алып қалу үшін барын жасап, енді ата-баба аруағына сыйынып, содан қол ұшын сұрайды. Ал «Татьянаның қырдағы әні» әңгімесіндегі Абайдың орыстың Татьянасын қазақша сөйлетіп, оны Мұқа жастардың қалада бас қосып отырған жерінде тосыннан шырқап жібергенде, бәрінің көңілінен шығып, шетінен көшіріп жатқанда: «...Мұхаметжан үндемей кіріп, есік алдында біраз тұрып, мырс етті де:

  • Е, мынаның бәрі менің бұйрығымды көшіріп жатқан песірім бопты ғой! Пәле, Пушкин, тіпті аруағыңнан айналайын! – деді» [5, 139-б.]. Бұл өнердің «аруағына» ризалықтың белгісі еді.

Мифологиялық түстер мифологиялық символиканың құрылымына қатысты дейміз. «Физика заңдылығы бойынша Сәуле жеті түрлі сәуледен тұрады екен. ...Қызыл - әлдененің шектен тыс асқынғанын білдіретін түс (әсіреқызыл). ... Үрейдің қара болуында екі түрлі астар болуы мүмкін. Біріншіден, қара түс – жамандықтың да нышаны. Үрей – жақсы сезім емес. Екіншіден, қорқыныш надандықтан, қараңғылықтан болуы мүмкін...» [8, 4-б.]. Түстердің өн бойында да мифологиялық ойлау жүйесінің негізі қалыптасқан. «Қорғансыздың күніндегі» осы бір сюжеттегі қызыл түс жоғарыдағы пікірімізбен сай келеді. Яғни, алдағы болатын қанды өлімді жазушы оқырманға алдын-ала аңдатқан сияқты: «...Күнбатыс батуға айналған күннің қызғылт сәулесімен нұрланып, қызыл торғынның түсіндей болып тұр. Күнге жақын тұрған ұзынша жұқалаң бұлттардың түсі қалың өртке қызған темірдей қып-қызыл. ...Күннің қызыл сәулесі даланы да, тауды да өз өңіне кіргізген. Күнбатыс жақтан бораған ұсақ қар күн астынан қызғылттанып көрінеді» [5, 7-б.]. Ал, «Қасеннің құбылыстары» әңгімесіндегі Қасен қапас темір тордың ар жағына жабылатынын ерте сезгендей көз алдына әрқашан қараңғылық, қара дүние келеді. «...Не қылған қап-қара? Неліктен жап-жалаңаш... Қандайлық қап-қараңғы дүние. Қап-қара боп, азнап ашылып бара жатыр. Тұнжыраған түпсіз қара қуыс... Ажал иісі аңқиды» [5, 140-б.].
М.Әуезовтің әңгімелеріндегі қазақтың көне мифтік фольклор үлгілері халықтың дүниетанымы, наным-сенімі, жөн-жоралғылары арқылы анық көрінеді. Халық жадындағы Күшікбай асуы, Күшікбайдың ерлігі мен батырлығы, Шыңғыс тауы, оны кезінде мекендеген Шыңғыс хан, Орда, Хан, Қарауыл биіктерінің әпсаналық, мифтік, аңыздық желілері жергілікті тұрғынға тарих. Жазушы-ғалым сол кезде «ескінің сарқыншағы» деп қараған кездің өзінде де бұл мәселені өз туындылары – «Абай жолы» роман эпопеясы мен романдарында, әңгімелері мен пьесаларында толық және ашып көрсете алды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   45




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет