Әдебиеттер: 1. Мирча Элиаде. Миф аспектілері // «Әлемдік мәдениеттану ой-санасы». 2-том. Мифология: құрылымы мен рәміздері. – Алматы: Жазушы, 2005. – 568 б.
2. Қазақ әдебиеті. Энциклопедия. – Алматы: Білік, 1999.
3. Қондыбай С. Миф // «Әлемдік мәдениеттану ой-санасы». Он томдық. 2-том. Мифология: құрылымы мен рәміздері. – Алматы: Жазушы, 2005. – 568 бет.
4. Нұрпейісова Ш. «Әлемдік мәдениеттану ой-санасы». Он томдық. 2-том. Мифология: құрылымы мен рәміздері. – Алматы: Жазушы, 2005. – 568 бет.
Бақылау сұрақтары 1. Мифтік фольклордың қоғамдық қызметі неде?
2. Мифтік фольклордың қоғам өміріне қатысы қандай дәрежеде?
3. Мифтік фольклордың бұрынғы әлеумет пен қазіргі қоғамға қатысы бірдей ме?
4. Мифтік фольклордың ел арасында айтылуы қандай деңгейде деп ойлайсыз?
5. Мифтік фольклордың жанрлық түрлерге бөліну себептері неде?
§4. МИФ ПЕН ФОЛЬКЛОРДЫҢ ӨЗАРА
БАЙЛАНЫСТЫЛЫҒЫ. МИФТІК ФОЛЬКЛОР ЖАНРЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУ ЗАҢДЫЛЫҚТАРЫ
Мақсаты: Жалпы мифтік фольклордың, оның ішкі жанрлық түрлерінің ақпараттық сипаты туралы мағлұмат беру.
Тірек сөздер:миф, фольклор, жанр, түр.
Жоспары: Миф пен фольклордың байланысы
Мифтік фольклор жанры
Мифтік фольклор жанры аясындағы миф жанры
4.1 Қазақ әдебиетіндегі миф жанры. Қазақ әдебиетінде, оның ішінде, бүгінгі бізге белгілі фольклорда кездесіп, соның аясында қарастырылып жүрген миф жанры – тарихи категория ретінде қазіргі күні өзіндік дербестікке ие құбылыс деуімізге болады. Өйткені біз оны тек фольклордан іздеп табуымыз қажет емес. Керісінше, фольклордан бұрын болатын құбылыс екендігін саралап, содан оның уақыт өте келе, тағы «өмір» елегінен өтіп, тарихи трансформацияланған күйімен үздіксіз жалғаса беретін «жылжымалы» жанр екендігін мойындауымыз керек. Мәселен, фольклордың тұрмыс-салт жырлары, ертегі, эпос сияқты жанрларын алатын болсақ, оларда белгілі бір форма бар, және сол формаға сәйкес түрлене алады. Яғни сол фольклорлық дәстүрді сақтай отыра, жаңа мақалдар, жаңа ертегілер, жаңа тұрмыс-салт жырлары заманға байланысты туып, дами алады. Фольклордың басқа жанрларына қарағанда, мифте норма басымырақ. Өйткені миф сол қалпын сақтайды, ешқандай өз арнасынан тасып, басқаша «сипатқа» ие болмайды, бірақ сол сипат, сол норма келесі бір жүйеге нақ сол күйінде көшеді. Сондықтан мифті біз фольклордан, әдебиеттен (ежелгі ескерткіштер, көркем әдебиет т.б.), салт-дәстүрден, ырым-тыйымнан көре аламыз. Сол себептен мифте шындықтың ұшқыны бар екені даусыз. Әйтпесе ол бүгінгі әдбиетте көзге көрінбес еді. Шындық болмыс болғаннан кейін, халық болсын, қаламгер болсын оны оң көзбен таниды. Кейбір зерттеушілер мифті сөз өнерінің айшықты бір жанры деп танымайды. Мифтің дүниетанымдық қызметі әлсірей бастағаннан кейін ғана ол сөз өнерінің өзге жанрларымен (аңыз, әпсана, ертегі т.б.) жақындасып, фольклорлық жанр аясына түсірілгендігін, аным-сеніммен, әдет-ғұрыппен, салт-санамен мифтің қоғамдағы көрінісі бірге туып, бірге жасасқан оның сан-салалы дүниетанымдық қызметінде екендігін айтады. Бұл пікір жалпы дұрыс айтылған, алайда байыптап қарар болсақ, кейбір келіспейтін тұстары бар. жоғарыда айтып кеткеніміздей, миф қызметі әлсірей бастағандықтан, басқа жанрлармен жақындасқан жоқ, Керісінше, жанр ретінде «көшпелі сюжеттік» сипатта келіп, өз қызметін сақтай отырып, арнасын, құлашын кеңге жайды. Сөйтіп фольклорлық, әдеби жанрлардың арқабасынан орын алды. Бірақ мифтің астарында үш нәрсенің жатқандығын ұмытпауымыз керек. Олар: наным, философия, дін. Осы үш қасиеттен барып бір жанр ретінде жүйе қалыптасты.
Ал қазақ әдебиетіндегі тұңғыш жанр ретінде даралануы тиіс мифтің қызметіне тоқталатын болсақ, оның анықтамасы, берілетін түсініктемесі әр ғылым тұрғысында әр түрлі сараланады. Бірақ бүгінгі күні мифті (мифологияны) жеке сала ретінде қарастырып, оған барлық ғылымды - әдебиет, мәдениеттану, философия, дін, әлеуметтану, тарих, этнография – тиемелдеп, өз алдына «отау» тігілді. Осы кезге дейін көзден таса қалып, жекелеген пікірлер болмаса, арнайы зерттеу қолға алынбаған қазақ мифологиясын зерттеп, оның негізін салушы ретінде біз С.Қондыбайды айта аламыз. Сол «мектептің» басты өкілдері де бүгінгі таңда мифологияның ғылым ретіндегі статусын бағамдау жолында Ал, біздер, әдебиетшілер, сол қазақ мифологиясының бір тармағы – қазақтың мифологиялық әдебиетін қарастырып, жаңаша пайымдап, күн тәртібіне қоюға тиіспіз. Қанша дегенмен де, қазақ мифологиясын зерттеп-зерделеу, құндылығын ашу – ғасырдан-ғасырға жалғасқан ұлттық мәдениетмізді толықтай тануға, ұлттық менталитетімізді анықтап білуге және оны мынау жаһандану дәуірінде әлем алдында жасқанбай көрсетуге мүмкіндік береді.
Мифті әдебиетпен байланысты қарастыра отырып, біз қазақ мифологиялық әдебиетінің басын ашып аламыз. Бұл жерде мифологияның басты объектісі – миф деген сөз тумау керек. Өйткені мифологияны таза таным, философия дейтін болсақ, сол таным алғаш мифтерде, одан әрі діни әдебиеттерде, салт-дәстүрде, ғұрыптық ритуалдарда, фольклорда, жалпы көркем әдбиетте көрініс табады. Сондықтан біз мифологияның түп қазығы ретінде мифті алғаш қарастырып, танымды содан іздейміз. Жалпы қазақ әдебиетінде миф жанрына берілетін анықтама өте көп. Ғалым С.Қасқабасов бұл анықтамаларды екіге бөліп қарастыруды ұсынады. Алғашқы анықтамада миф – бүкіл әлемді басқарып отырған алып күшке ие құдайлар образы мен рух туралы, әлем жаратылыс туралы фантастикалық түсінік деп танылады, ал екінші анықтамада миф құдайлар, титандар, қаһармандар туралы ауызша әңгімелер деп аталады [1, 7-б.]. С.Қондыбай өз кезегінде «Қазақ мифологиясына кіріспе» атты еңбегінде [2, 7-8 бб.] мифке бірнеше анықтамалар ұсынады:
Миф – ерте замандағы адамдардың өзі туралы, қоршаған ортасы, жалпы ғалам туралы, олардың орны мен реті, өзара байланысы, пайда болуы мен жоқ болуы туралы түсінігі.
Миф – ғалам мен адам туралы, құдайлар мен құбыжықтар туралы, рухтар мен аруақтар, алғашқы адамдар мен адам сипатты батыр пенделер туралы түсінік.
Миф – ертедегі адамдардың адамтану, дүниетану көзқарасы, ақиқат танымы.
Миф – бүгінгі ғылымның, өнердің, мәдениеттің бастапқы, бір-бірінен ажыратылмаған сатысы. Немесе өзінің «Миф» атты мақаласында: «Миф – нақты бір тарихи уақытта, нақты бір географиялық кеңістікте (жертарапта), нақты бір саяси, әлеуметтік, мәдени, шаруашылық жағдайында тірлік етіп жатқан адамзат қоғамының (социумның) өзі өмір сүріп отырған орта (уақыт пен кеңістік) туралы, ғалам туралы, оның қалай пайда болғандығы, адамға ықпал ететін ішкі-сыртқы күштер туралы, өз қоғамының ғаламдағы орны, дәлірек айтқанда, «түсіндім» деген стереотипі» [3, 15-б.], - деген тұжырымдаманы ұсына отырып, халықтың дүние мен «өзі» турасындағы шындық дүние екендігін, шын болғанда да, ақиқат екенін дәлелдей келе: «...қазақтың қолында (сөздік қорында, фольклорында, әдет-ғұрпында, мінез-құлқында, өнерінде) бар ежелгі бірліктер – осындай сан мың жылғы өзгерулердің ең соңғы нәтижесі, сарқыты, «бастапқы сорпаның сорпасының.... сорпасы» болып табылады. Сондықтан қазақтағы мифологияның болмысын тек реконструкциялау жолымен ғана тануға болады» [3, 16-б.], - дейді. Сонда С.Қондыбайдың пікірін алға сүйрер болсақ, «дайын» тұрған стереотипті қайта жаңғыртып, соңғы нәтижелі «көздерді» қайта жасақтап, «болып», «жасап» тұрған, яғни іске қосылып тұрған болмыстық сүрмектен мифті қайта құрастырып, қайта жинап алу – бүгінгі таңда мифті танитын жалғыз жол болып табылады.
Шындығында, автор мифтің анықтамасын кең ұғымда, кең түсінікте, яғни барлық ғылымдарды тоғыстыра жинақтап белгілейді. Ал миф жанрын қазақтың мифологиялық әдбиеті аясында ала отырып, оған мынадай анықтама беруімізге болады деп білеміз:
Миф – белгілі бір алғашқы қауымдық құрылыста өмір сүрген адамдардың дүниенің, әлемнің, адамның өзінің, жалпы табиғи орта мен оның құбылыстарының пайда болуы жөніндегі «тұжырымдары».
Миф – адамзат тарихындағы алғашқы танымдық белгілердің ақиқатты сурет.
Миф – наным, сенім, илану, белгілі бір нәрсеге табыну сипатында келетін шағын сюжетті шығармалар.
Миф - өз ішінде философиялық астар мен құлашын кеңге жайған қиялды қатар қарастырып, соған сәйкес туындайтын «естеліктер» мен «күнделіктер» жиынтығы. Немесе бұл жерде Дж.Бирлайнның мына бір анықтамасын келтіруге болады: «Миф – жазба тарихтың басталуына дейінгі өткен оқиғалар туралы әңгіме, сондай-ақ ол – болашақта болар оқиғалардың маңызын баяндайтын әңгіме. Озарт - өткен мен бүгінді, бүгін мен ертеңді біртұтас етіп матайтын жіп» [4, 15-б.]. Шындығында, мифтерден сол кездегі қоғамдық сана мен болмысты біліп қана қоймаймыз, болашақтағы, келешектегі жағдаяттардың сәулесін, ұшқынын көреміз. Осы ретте ғалым Мирча Элиаденің пікірін келтіруіміз жөн: «Расында да, мифтер тек дүниенің, жануарлардың, өсімдіктер мен адамзаттың жаратылуын хабарлап қана қойған жоқ, адамды бүгінгі күйіне жетуіне алып келген аса маңызды оқиғалар туралы да баян ететін» [5, 32-б.]. Яғни адамзат баласы белгілі бір қауымдық дәрежеде осы мифтердің тікелей “рухани” нәтижесі ретінде жасалып, осы оқиғалардың сарабынан жиналған дүние екендігін де айтуға болады. Миф «жасап», “жасалып” кеткен, яғни миф арқылы заттанған модельдер - әр түрлі белгі-нышандар, салт-дәстүр, ырым-тыйым сияқты ұғымдарда поэтикалық өрнек құрады. Сол өрнек бүгінгі күнгі рухани өмірімізде өз жалғасын табуда.
Мифті тарихи құбылыс, категория ретінде қарастырдық. Заман талабына сай мифтің «екінші» бір егіз сыңарлары тууы, жандануы мүмкін. Бұл жерде қазақ мифтерінің типологиялық картасын немесе типологиялық ерекшелігін айқындау мәселесі тұрады. Миф қалай жасарады? Қалай жанданады? Керісінше, қазіргі таңда «ескіліктің сарқыншағы» деген сыңаржақ пікірлердің қаптап, мифті қиялдан туған, ойдан туған, қолдан жасалған дүние деп салғырт қарап, «менсінбеушілік» басым екендігі белгілі. Қалай десек те, мифтің тарихилығы, жалпы алғанда, басқа халықтар әдебиетінің генетикалық және типологиялық байланыс мәселесіне жіті барған кезде көрініс табады. Осындайдан біз мифтің белгілі бір халыққа тән қияли дүние емес екендігін байқаймыз. Өйткені мифтердің арасында байланыс «көпір» бар. Ал миф қалай сақталады? Жоғарыда айтып өткеніміздей, ел арасындағы кейбір ғұрыптық, салттық, танымдық, діни қатпарлардың астарында сақталуы мүмкін. Ал якут (саха), буряттарда, кейбір американ, африкалық елді-мекендердегі тайпалық одақтар сияқты шектеулі аймақтарда, әсіресе далалықта, шөлде тұратын халықтарда осындай мифтік наным және ескі танымдық жүйе кең сақталған. Біріншіден, бұл ерекшелік өркениеттің, мәдениеттің кемшілігінен болса, екіншіден, олар таза табиғатпен етене жақын, сол барлық нәр мен күш-қуатты содан ала отырып, өздерін сол қоршаған ортаның бір бөлшегі деп есептегеннен болуы керек. Ал қазақ мифінің бүгінгі күнде зерттелу, сақталу, таралу ареалы енді-енді жақсарып келе жатыр. Қаншама жыл бойы бар затты «жоқ» қылған, рухани сананы өшіруге тырысқан саясат күл-талқан болып, жаңа ғылымның, қазақ мифологиясының іргесі қайтадан салынуда. Бірақ біздің басқа елдерде тұратын, кезінде уақыт қыспағымен көшіп кеткен қандастарымыз, бүгінгі күнде біз айтатын «оралмандарда» осындай халықтық наным-сенім, мифтік ырымдар мен шежірелер көптеп кездеседі. Және олар неше жыл бойы атадан-балаға еш өзгеріссіз жетіп отырды. Сонда мынадай сұрақ туады. Неліктен қазақ жеріндегі жергілікті халыққа қарағанда, оларда өз отаны жоқ болса да, өзге жерде жүріп, қанша жыл, қанша ғасыр халықтық наным-сенім мен ұлттық болмыс қалай сақталған? Ол сұраққа мынадай жауап іздеуге болады. Біріншіден, сонау нәубет жылдарында, тарихтан белгілі, қолында билігі бар, сол кезде тағдыры тәлкекке ұшыраған байлар шекарадан барлық байлығымен, барымен, жұмысшы-жалшыларымен, өз жандарында жүретін ақын-жыршыларымен әр жанұя бір қауым болып өтті. Сондықтан олар шет елге өз елінен амалсыздан кеткеннен кейін, әрқашан еске алып, қадірлі мекеннің салт-дәстүрінің қаймағын сол себепті көздің қарашығындай сақтап, аялады дейміз. Екіншіден, олар елде болып жатқан идеологиялық саясаттан тысқары өмір сүріп, мүлдем сұрқия саясаттан хабарсыз болды. Немесе сөзімізді Мирча Элиаденің мына пікірімен қостауға болады: «Мифтерді қайталай отырып, ұмыт болған уақыт, өзінің барша тұтастығында қалпына келтіріледі, және, соның нәтижесінде, адам белгілі бір мөлшерде аталып отырған оқиғаларға «қатысушы», құдайлар мен қаһармандардың тұстасына айналады» [5, 38-б.]. Сонда, мифті сақтайтын негізгі мотив – «жаңғырту». Сондықтан мифтерді «бастан кештірте» отырып, хронологиялық тізбекпен «киелі» сипатқа ендіреді. Дж.Бирлайнның миф туралы анықтамалыр ішінен де осыған қатысты мәселені көреміз: «Ол (миф) қауымның, ру-тайпаның, ұлттың өзін өзі анықтауының, өз танымының негізі болып табылады. Миф – адамгершілік, имандылық заңдарының барлық жиынтығында бар өте қажетті нәрсе» [4, 15-б.]. Сондықтан да осындай танымдық көкжиектің, халықтық болмыстың, қасиеттің қатаң түрде сақталуы – ол адам мен қоғамның өздерінің айналасына жинақталған атомдар тәріздес ажырамас аура ретінде көрініс табуында.
Ойымызды қорытып, жинақтар болсақ, қазақ әдебиетінде алғаш пайда болған жанр – миф. Ол жанр өзіндік құрылымы мен құрылысы, жіктелімі мен рәміздерінің күрделілігімен, кең ауқымда, кең сферада таныла алатын, өз арнасына қоғамдық ой-сана, мәдениет пен өнер, таным мен тарихты, дін мен тілді сыйдыра алатын «әмбебап» теориялық негізділігімен ерекшеленеді.