A. Б. Абдуллина мифтік фольклор оқу құралы Ақтөбе, 2014 Пікір жазғандар



бет6/45
Дата12.10.2022
өлшемі1,03 Mb.
#42556
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   45
Байланысты:
A. Б. Абдуллина мифтік фольклор о у ралы А т бе, 2014 Пікір жа

Әдебиеттер
1. Манкеева Ж.А. Мәдени лексиканың ұлттық сипаты. – Алматы: Ғылым, 1997. – 272 б.
2. Тілеужанов М.М. Ел әдебиеті. – Алматы, 1994.
3. Қазақтың мифтік әңгімелері. – Алматы: Ғылым, 2002. – 320 б.
4. Казахские сказки. – Алматы, 1964. Т.ІІІ, 430 стр.
5. Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті. – Алматы: Санат, 1996. – 368 бет.
6. Қондыбай С. Миф // Әлемдік мәдениеттану ой-санасы. Он томдық. 2-том. Мифология: құрылымы мен рәміздері. – Алматы: Жазушы, 2005. – 568 б.
7. Қондыбай С. Арғықазақ мифологиясы. – Алматы: Дайк-Пресс, 2004. – 512
8. Қасқабасов С. Қазақ халық прозасы. – Алматы: Ғылым, 1984. – 212 б.
9. Сейфуллин С. Шығармалар. 6 томдық. – Алматы, 1964. 6 – том.
10. Стеблин-Каменский М.И. Миф. – Ленинград: Наука, 1976.
11.Нұрпейісова Ш. Әлемдік мәдениеттану ой-санасы. Он томдық. 2-том. Мифология: құрылымы мен рәміздері. – Алматы: Жазушы, 2005. – 568 б.
Бақылау сұрақтары:
1. Мифтік фольклор жанрының қалыптасуының алғышарттарын атаңыз.
2. Мифтік фольклор жанрының қалыптасуына қазіргі ғылымның әсері қандай?
3. Мифтік фольклорға этнографияның қатысы қандай?
4. Мифтік фольклордың ішкі жанрлық түрлерге бөліну себептері неде?
5. Мифтік фольклордың жанрлық түрлерінің қызметі қандай?


§3. МИФ ЖӘНЕ МИФОЛОГИЯ


Мақсаты: Мифтік фольклордың танымдық, қоғамдық қызметін анықтау. Жалпы ғылымдағы алар орнының маңызды екендігін көрсету.
Тірек сөздер: миф, мифология, мифтік фольклор, мифофольклорлық сюжет.
Жоспары:
1. Мифтік фольклордың табиғаты
2. Мифтік фольклордың қоғам өмірімен байланысы
3. Мифтік фольклор және халықтық сана


3.1 Қазақ мифінің құрылысы мен құрылымы. Мифтің құрылымы мен құрылысы жайында сөз қозғағанда, алдымен мифтің табиғатын айқындап алуымыз керек. Жалпы миф табиғаты - өз алдына ерекше құрылысқа ие жанр. Миф жанрының бір ерекшелігі – оның сюжеті мен композициясының идеямен қатар сабақтасып жатқандығында. Миф шағын жанр екені рас, бірақ ондағы сюжеттік тартыс, композициялық пішім, форма, идея тұтастығы – бәрі жымдасып, бірлікте болады. Мифтің құрылымдық бірліктеріне мыналарды жатқызамыз:
1. Тақырыптық сипаты. Белгілі бір бір ұғымның, түсініктің ыңғайына қарай желілік (типологиялық) тізбек құруында. Бұл жерде бір оқиғаға байланысты танымдар әр түрлі дәрежеде, әр түрлі деңгейде берілуі мүмкін. Мәселен, адамның жаралуы турасында, дүние, әлемнің жаралуы турасында бірнеше вариантты мифтер, сюжеттер кездеседі. Бұндағы ерекшелік – сол кездегі халықтық сенімнің бір деңгейлі емес, кең арнада, кең ауқымда таралып, мәлімет пен ақпарды жан-жақтан алып, дүниені әркімнің «өзінше» түсінгендігінде.
2. Сюжеттік байланыс. Бір мифтегі сюжет, бір мифтегі образ, бірнеше мифке өзек болады. Европа ғалымдары айтатын «көшпелі сюжеттерді» біз осы жерден көре аламыз. Мифте сюжеттік байланыс өте белсенді әрекет етеді. Және сюжеттік құрылымның ғажайып, қызықты оқиғалармен ресімделуінде.
3. Тақырып пен идеянің бірлікте болуы. Мифте тақырыптың өзектілігі басым болады да, соған сәйкес идеясы да анық көрінеді.
4. Ішкі және сыртқы факторлардың тұтасымдығында. Қандай да бір мифті алсақ та, талдасақ та, оның желілік ерекшелігі мен негізділік сипатын ажырата аламыз. Немесе мифке қатысты сыртқы және ішкі факторларды ескере отырып, былайша түйіндемелерді, яғни мифтің қызметін шығарсақ:
а) алдымен композициясы сақталады, яки оқиға ретімен басталады, барлық сюжеттік тартыстар қамтылады;
ә) желісі ықшам тілді, өте түсінікті, ұғынықты болып келеді;
б) шағын прозалық шығарма ретінде көрініс тауып, пішіні мен мазмұны бір-біріне өте сай болады.
5. Қай мифті алсақ та, баяндау әдісімен жазылады. Сонымен бірге кейбір нұсқалар сипаттау әдісімен жазылады. Суреттеу, мінездеу, талқылау әдістері бірен-саран болмаса, көп көзге ілікпейді.
6. Баяндау әдісі басым болғандықтан, көркемдегіш құралдары жұтаңдау болады да, шеберлік сапасы әлсіздеу келеді.
7. Образдардың мифпен бірге өмір сүруінде. Мифологияда образдар жүйесі өте кең. Олар мифонимдер мен жасампаз қаһармандар. Мифологиялық кейіпкерлер қай мифте болса да міндетті түрде кездеседі.
8. Мифтің мақсатының, стратегиясының, тактикасының ерекше «өмір сүруі». Яғни мақсаты – болмысты бейнелеп беру, стратегиясы – сол арқылы адам санасын билеу, сол арқылы иландыру, нандыру, тактикасы – тыңдарман/оқырманға әсер ету. Сонда миф = адресант (ақпарат жіберуші) + адресант (ақпарат алушы) ретінде қызмет етеді.
9. Мифтік оқиғаның аяқталуындағы сәттің – оқырманды иландыру мақсатында жұмсалатын фразалық тізбектердің нақты әрі ықшам, анық күйінде берілуі.
Жалпы алғанда мифтің қызметін былайша санамалап көрсетуге болады:

  1. Ол – кодталған наным-сенімнің жоғарғы түрі.

  2. Ол – халықтың рухани тарихы.

  3. Тіпті, мәдениеті, өркениеті аз дамыған елдердің «таптырмас», «алмастырылмас» қазынасы, өйткені оның бойында «болмыс» деген құдіретті ұғым бар. Ал болмыс – адамзатты ұлттылық қасиетін ұстап тұрар «арқан» іспеттес.

  4. Ғасырдан-ғасырға жеткен ілкі заманның «шындық» болмысы және бүгінгі тарихтың, қоғамның, әлеуметттік қоғамның, діни ахуал мен әдет-ғұрып, жөн-жоралғы, ырым-наным, сенімнің айнымаған «төлқұжаты».

  5. Ол ешқандай адамдардың жанынан шығарар дүниесі емес, керісінше реалды болмысқа құрылатын «тірі» жаңалық. Егер миф жалған болса, оның белгілері бүгінде тіпті сақталмаған болар еді.

  6. Миф – интерақпараттың тап ортасында орналасқан нүкте. Сол нүктеден барлық мәлімет жан-жаққа таралады (көркем әдебиетке, мәдениетке, символикаға т.б.)

Мифтің қоғамдық белгі-бедерін Мирча Элиаде былайша өреді: «Жалпылама ортақ мәнінде ілкі қоғамдардағы миф жөнінде былайша түйін жасауға болады:

  • ол бетер-текті сүриеттердің (сверхъестественные существа) ерліктерінің тарихын құрайды;

  • бұл озал (реалды дүниеге қатысты болуына орай) кәміл, шексіз ақиқат және (бетер-текті сүриеттердің жасампаз іс-әрекетінің нәтижесі болғандықтан) киелі деп есептеледі.

  • миф әрқашан да «жаратуға» қатысты болады, ол әлдененің дүниеге қалай келгндігін немесе әлдебір жүріс-тұрыстың, ережелердің және еңбек машықтарының қалайша пайда болғандығын әңгімелейді; нақ сондықтан да, миф харакеттің парадигмасын құрайды;

  • мифті тану арқылы адам заттардың «шығу тегін» танитын болады, мұнысы оған заттарды иеленуге және өз қалауына сай басқаруға мүмкіндік береді; бұл жердегі сөз «сыртқы», «елеңсіз» (абстрактный) таным жөнінде емес, мифті жоралғы түрінде қайталау кезінде немесе оны ғұрыпты өткізу барысында (сол ғұрыпқа тұғыр болып келетін) қайталау кезінде жоралғы деңгейінде «бастан кешіруге» (проживать) болатын таным жөнінде болып отыр;

  • қалай болғанда да миф, жадында қайтадан көрсетіліп, реактуалданған оқиғалардың қасиетті және киелі құдіретіне «бой алдырған» (захвачена) аудитория тарапынан «бастан кешіріледі» [1, 38-39 бб.]. Ғалымның ой-тұжырымы, пікір-пайымы өте орынды. Мифтің басты қызметі – халықтың интеройлау жүйесін бірнегізге түсіріп, ойсана қалыптастыру.

Миф ерекшелігі сонда, оның құрылымдық бөліктері фольклордың жанрлары және хикая, әпсана-хикаят, аңыз секілді мифпен «егіздес» жанрларының барлығында кездеседі. Яғни олардың астарында миф жатады. Сонда миф - өз алдына жеке жанр болып қана қоймай, өз сәулесін басқа да жанрларға төгетін интермәтіндік қызмет атқарады. Оның формулалық сызбасы: миф = таным + мәтін (белгі, оқиға). Кеңінен көрініс табуын: таным (түсінік, наным) – миф – басқа жанрларға эффектісі. Осылайша мифтің қызметі – оқиға, құбылыс, болмысты – ақпарат тасушы, жеткізуші болып келеді.
Қазақ мифтерінің құрылысы жоғарыда айтылғандай, мифтің негізгі қозғаушысы – сюжеттің «белсенділігінде». Мифтік сюжет – құбылмалы, өте мықты бейнелілікті сақтайтын, «ширақ» іс-әрекетте тұратын құбылыс. Сол себепті мифтің негізгі «жаны» - сюжеті. Миф кең, орташа, шағын көлемде келсе де, оны ұстап тұратын нәрсе – сюжет. Оны мына формуламен беруге болады: миф = сюжет = көлем. Яғни сюжет көлемге тәуелді емес.
Қазақ мифі – өзінің тегін түркілік сарыннан, одан қала берді классикалық мифологиядан алатын әдебиеттегі аса үлкен жанр. Ғалым С.Қасқабасовтың көрсетуінше, мифтің алғашқы формалары – фетишизм, тотемизм. Оның ең жоғарғы дамыған сатысы – анимизм дейді. Мифтің осындай алғашқы түрлері адам мен табиғаттың тікелей байланысуына, жақындасуына әкеліп соқтырса, одан кейінгі жағдай – керісінше, бір-бірінен тебісу заңдылығымен жүзеге асты Осы орайда қазақ мифтерінің типологиялық жіктелімін де бірнеше топқа бөліп, оның негізгі компоненттерін ұсынуға болады. Қазақ мифтері - анау бір дәуірдегі халық дүниетанымының сығындысынан пайда болған көл. Сол мифтерде ғана халық түсінігі мен топшылаулары, арманы мен қиялы, жаны мен жүрегі, арқауы мен сенімі жатыр. Ол мифтерді белгілі бір жүйеге түсіріп, типологиясын жасау – алдыңғы күннің үлкен еншісі. Қазақ мифтерін шартты түрде былайша бөлуімізге болады: космогониялық мифтер (дүние, әлем қалай жаратылды? Дүниенің, ғаламның пайда болуы туралы мифтері), антропологиялық мифтер (адамның жаралуы туралы мифтер), космологиялық мифтер (аспан денелерінің мәні, сыры, олардың алғаш пайда болуы, қазақтар арасындағы сенімі турасындағы мифтер), діни мифтер (дүниені топан су басу, аруақ, әулие-әнбиелердің халық санасында орын алуы, о дүние турасындағы мифтер), гигантоманиялық мифтер (алыптар (ертегі, әпсана-хикаяттардағы дәу, алыптар) турасындағы мифтер), жер-судың, тау-тастың жаралуы (алғаш жердің, судың, таудың жаралуы турасындағы мифтер), мифтік бейнелеулерге құрылған хикаялық қазақ «сайтаннамасы» (ел арасындағы үббе, жын-шайтан, албасты, пері, жезтырнақ сияқты, ит, жылқы, аққу, түйе тотемдерінің таралуы, осылар жөніндегі халық танымындағы мифтер), шежірелік мифтер (белгілі бір ұлт, ұлыстың шежірелік немесе жер атауының (Жерұйық, Өтүкен, Ергенеқон т.с.с.) аңыздық сипатына байланысты мифтер), аң-құстың, өсімдіктердің пайда болуы, халық арасында таралуы, жаралуы туралы мифтер, диалектикалық мифтер (өмір мен өлім, әйел мен еркек, көк пен жер, ғалам мен табиғаттың т.б.). Сол себепті біз қазақ мифтерін мағыналық-құрылымдық ерекшелігіне қарай топтарға жіктедік (Кесте 2).

Кесте 2 – Қазақ мифтерінің мағыналық-құрылымдық ерекшелігі



Космогониялық мифтер

Дүниенің, әлемнің жаралуы туралы мифтер

Антропологиялық мифтер

Адамның шығу тегі, пайда болуы турасындағы мифтер

Космологиялық мифтер

Аспан денелері, олардың пайда болуы, таралуы кеңістігі турасындағы мифтер

Діни мифтер

Белгілі наным-сенімге орай құдайлар, жаратушы ие турасында немесе ислам дініне байланысты (әлемдік топан су, пайғамбарлар т.б.) туған мифтер

Гигантоманиялық мифтер

Алыптар турасындағы мифтер (Көлтауысар, Таусоғар, Жалғыз көзді дәу т.б.)

Жер-судың жаралуы турасындағы мифтер

Жер атауларының (Баянауыл, Тасбас, Әулие-ата және олардың типологиялық белгілері), су атауларының (Еділ, Жайық, Жылаған ата), тау атауларының (Бурабай, Оқжетпес, Жеке батыр) шығуына байланысты мифтер.

Шежірелік мифтер

Белгілі бір халықтың, ұлттың, ұлыстың, тайпа-рудың шығуы («қазақ», «алаш» т.б. атаулары), халықтық наным-сеніміндегі жер-су атауларының (Жерұйық, Жиделі Байсын, Өтүкен, Ергенеқон т.б.) шығуына байланысты мифтер

Хикаялық мифонимдер мен тотемдерге байланысты туған мифтер (Қазақ «сайтаннамасы»)

Хикаялық мифонимдер (үббе, жезтырнақ, албасты, күлдіргіш, шайтан, пері т.б.) және халық арасында кең тараған тотемдер (ит, аққу-қаз, жылқы, аю, түйе т.б.) турасындағы мифтер

Құстар мен жануарлар (этиологиялық) және өсімдіктердің пайда болуына байланысты мифтер

Халық танымында кең тараған жануарлар, құстардың шығу тегі мен олардың мінез-құлқына байланысты (қарлығаштың құйрығы неге айыр, түйе неге боздайды, көртышқан туралы т.б.) және өсімдіктердің (бәйтерек (әлемдік ағаш), тобылғы, баялыш, арша т.б.) шығу тегіне байланысты туған мифтер

Диалектикалық мифтер

Дүниенің, өмірдің даму заңдылықтарының реттілігін қарастыра отырып, өмір мен өлім, әйел мен еркек (Адам Ата мен Хауа Ана), Көк пен Жер (Тәңір мен Ұмай), Ай мен Күн т.с.с. сияқты философиялық жұптар туралы айтылған мифтер

Осы көрсетілген мифтер – қазақ мифологиясының барлық сұрақтарына жауап береді. Мифтің жылжымалылығы – уақыт пен кеңістіктің бірлігінде. Жылжымалылық – мифтің астын сызып қояр тұсы. Жылжымалылық - тарихи құрылыстың жөнін сақтап, мифтің уақыты мен таралу аймағына, эволюциялық-диалектикалық сүрмектің «өмір сүруіне» басты назар аударыла отырып, қоғамдық-әлеуметтік, мәдени ахуалдардың негізгі хронологиялық тізбегінен түзіледі.


Қорыта келгенде, қазақ мифінің құрылысы – қалыптасқан, өзіндік түрі мен болмысы бар, ерекшелігі мен жанрлық қажеттіліктерді өтей алатын жүйеге ие. С.Қасқабасов: «миф – халық творчествосының ең көне жанры» [2, 475-б.], - деп баға бергендей, миф – адамзаттың алғашқы танымдық жүйесіндегі айшықты құбылыс. Оның басты қызметі де - «рухани жалғастырушы», халықтың түсінігін тасымалдаушы, ақиқат болмыс пен шынайы шындықты танытушы ретінде көрініс табуында Ал оның басты функциясы – ғұрып, тарих, дәстүрді атқару, белгілі бір әрекетке өзіндік модель ұсыну.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   45




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет