КӘКЕН АХАНОВ Қазақ тіл білімінің жаңа теориялық сатыға көтеріліп, әлемдік тіл біліміндегі қалыптасқан жаңа бағыттармен қатар дамуына игі әсер еткен ғалым - Кәкен Аханов.
Грамматиканың басты теориялық қағидаларының тереңдетіп, маңызды ғылыми тұжырымдар жасау арқылы қазақ тіл білімінің ғылыми-теориялық деңгейін көтерген ғалым ретінде бағалауға толық негіз бар.
Профессор К. Аханов көпмағыналылықтың шығуы мен дамуын қоғам дамуымен байланыстыра қарастыра келіп, мынадай тиянақты ой айтады: “Жаңадан танылған заттар мен құбылыстардың тілде сөзбен аталу қажеттілігі әр уақытта жаңа сөз туғыза бермейді. Олар, көбінесе, тілдің негізгі сөздік қорында бұрыннан бар сөздермен аталады да, ол сөздердің бұрынғы қалыптасқан негізгі мағынасының үстіне қосымша мағына үстеледі.” Автор сөздің көпмағыналылыққа икемділігі олардың жалпылық мән иеленуімен байланысты деген ойды айта келіп, мұның өзі тілдік дамудың басты көрсеткіші екеніне ерекше назар аударады (Тіл білімінің негіздері, 1993, 97-98 бет). Жалпы тіл білімінде жазылған кейінгі ғылыми зерттеулерде көпмағыналылық тілдегі ассиметриялық құбылыс ретінде де танылады, яғни таңба мен мағына арасындағы теңсіздікті көрсетеді деп пайымдалады.
Қазақ тіл білімінде дыбысталуы бірдей, мағыналары әр бөлек сөздер туралы айтылған ғылыми пікірлер мол болғанымен, ол туралы терең ғылыми зерттеу жүргізген ғалым – К. Аханов. Ғалымның 1958 жылы жазылған “Қазақ тіліндегі омонимдер” атты еңбегінде омонимдердің тілдік табиғаты, жасалу жолы мен ерекшелігі егжей-тегжейлі талданған. Сөзжасамдық омонимді жалпы омоним сөздерден бөліп қарастырған жөн. Лексика-семантикалық омонимдер бір бүтін қалпында қарастырылады. Сөзжасамдық омонимдер тек сөзжасам процесінде, яғни аффикстің жалғануымен, болмаса субстантивтеніп, семантикалық өзгеріске түсу барысында пайда болады. Тұлға жағынан бірдей, бірақ мағыналары бір-біріне мүлде келмейтін, өзара мағыналық байланысы жоқ сөздер сөзжасамдық омонимдер бола алады. Омоним сөздердің қалыптасуында көп мағыналы сөздердің рөлі үлкен екенін зерттеушілер аз атап өтпегені белгілі. К. Аханов «Тілдің даму барысында көп мағыналы сөздердің мағыналарының арасындағы семантикалық байланыс үзіліп, олардың нәтижесінде басқа екі сөз – омонимдес сөздер жасалуы мүмкін», - деп жазады [1972. 114].
Фразеологиялық бірліктердің теориялық тұрғыдан жүйеленуіне негіз болған зерттеудің бірі К. Ахановтың “Тіл білімінің негіздері” атты еңбегі. Мұнда фразеологиялық бірліктердің негізгі белгілері ретінде – даяр қалпында жұмсалуы, мағына тұтастығы, тұрақтылығы аталып, “фразеологиялық оралым түрлерін” орыс ғалымы Н.М. Шанскийдің ізімен фразеологиялық тұтастық (жүрек жұтқан, қол қусыру, ит өлген жерде т.б.), фразеологиялық бірлік (ауыз жаласу, түймедейді түйедей ету, мақтамен бауыздау), фразеологиялық тізбек (асқар, тау, атамекен, шалқар көл, ата жау, аталы сөз, қыпша бел), фразеологиялық сөйлемше (Айдағаның екі ешкі, ысқырығың жер жарады. Көрпеңе қарап көсіл. Жоғарғы оқу орны, социалистік жарыс т.б.) деп бөліп, ғылыми талдау жасайды (1993, 170-178 бет).
Фразеологиялық бірліктердің ішкі терең мағыналық құрылымында, К.Аханов атап көрсеткендей, даяр қалпында жұмсалу, мағына тұтастығы, тұрақтылық қасиеті болатыны анық. Ал бұл қасиеттер тек атауға тән қасиет. Олай болса, фразеологиялық бірліктер – ерекше номинативтік белгісі бар, жеке мағына беретін атаулар. Атау сөз болғандықтан, олар лебізде даяр қалпында жұмсалып, тұтас бір ғана мағына беріп, бір ғана сөйлем мүшесі болып, бір ғана сұраққа жауап беріп, бір сөз тіркесінің ғана сыңары болып, сөйлем ішінде түрленгенде, жеке сыңарлары арқылы емес, бір сөз ретінде тек соңғы мүшесі арқылы ғана түрленіп, тіркесімділік қабілетін таныта алады. Бұл тұрғыдан фразеологиялық бірліктер күрделі сөздің грамматикалық, номинативтік сипатымен ұқсас, тіпті бірдей деуге келеді. Бұлардың бір-бірінен ара жігін ажыратудың тамаша ғылыми жолын, жүйесін К. Аханов өзінің “Грамматика теориясының негіздері” атты зерттеу еңбегінде дәлелдеп көрсеткен. Олар: 1) күрделі сөздер тек номинативтік қызмет атқарады, ал фразеологизмдерде “образдылық қасиет пен экспрессивті қызмет бар”; 2) “фразеологиялық сөз тіркестері функционалдық жақтан жеке сөздерге эквивалент болады, осыған орай олар сөздермен ауыстырыла алады”, ал күрделі сөздердің барабар мағына беретін мұндай сыңарлары жоқ; 3) “фразеологиялық оралымдардың сыңарлары сөз түрлендіруші формаларға ие болып, ажыратыла тұлғаланса (шашбауымды көтерді, шашбауыңды көтерді, шашбауын көтерді), күрделі сөздердің сыңарларының әрқайсысы әр басқа формаларға емес, бүтін күйінде сөз түрлендіруші формамен тұтаса тұлғаланады” (1996, 73– 77)
К. Аханов “Грамматика теориясының негіздері” атты зерттеу еңбегінде күрделі сөз бен сөз тіркесінің бір-бірінен ара жігін ажырату, олардың әрқайсысының шегін айқындау тіл білімінің ең күрделі проблемаларының бірі екенін ашық жазады. Ғалым күрделі сөз бен еркін сөз тіркесінің ара жігін ажырату мәселесі лексикология мен грамматиканың қарастыратын принципті мәселесі деп бағалайды (1996, 51).
К. Аханов көрсетілген зерттеуінде жалпы тіл біліміндегі қалыптасқан негізгі теорияларға сүйене отырып, күрделі сөздердің басты белгілерін “семантикалық тұтастық, морфологиялық тұтастық, синтаксистік тұтастық” деп көрсетеді. Сөйтіп, ғалым күрделі сөздің негізгі айырмашылығы мен ерекшелігін морфологиялық және синтаксистік тұтастықтан іздейді. Бұл дәстүрлі құрылымдық тіл білімінің негізгі ғылыми жетістіктерінің бірі еді.
“Күрделі сөздің жеке сыңарлары өздігінен белгілі бір парадигматикалық қатардың мүшелері бола алмайды. Күрделі сөз тұтасқан (бүтін) күйінде ғана парадигматикалық қатарға мүше ретінде ене алады. Мұның өзі күрделі сөздің морфологиялық жақтан тұтастығын, бір бүтін екендігін көрсетеді”- деп жазуында үлкен мән бар деп білеміз (Сонда, 60-бет). Сөздің парадигматикалық қатарға мүше болып, бір бүтін күйінде жұмсала алуы дегеніміз, түптеп келгенде, жаңа ұғымды айқындайтын жаңа атаудың яғни туынды сөздің пайда болғанын анықтайтын негізгі фактор. Сондықтан да мұндағы ғалымның көрсетіп отырған сипатын сөзжасамдық аспектіден де терең түсініп, бағалау орынды болмақ.
К.Аханов сөз тіркесі мен атау сөзді бір-бірінен ажыратуда ең маңызды фактор ретінде “сөздің құрылымдық тұтастығын” көрсетеді. Автор тіл біліміндегі морфологиялық тұтастық туралы ғылыми зерттеулерге сүйене отырып, қазақ тілінің өзіндік ерекшеліктерін айқындайды. Сөйтіп күрделі сөздің құрылымдық тұтастық белгісінің мәнісін былайша түсіндіреді: “Күрделі сөздің, әсіресе идиомалық мағынасы бар күрделі сөздің сыңарлары орын алмаспайды, қалыптасқан күйінде басқаша түрде тіркесе немесе біріге я қосарлана алмайды. Егер күрделі сөздің сыңарлары орнын алмастырып, қалыптасқан күйінен басқаша тіркесе алса, онда ол өзіне тән мағынасынан да айрылады, күрделі сөз болудан қалады” (Сонда, 62-бет). Яғни автордың пайымдауынша, құрылымдық тұтастығы мен құрастырушы сыңарларының орнының бекемдігі жағынан күрделі сөздер тұрақты тіркестермен ұқсас келеді. Кейінгі зерттеулерде тұрақты тіркестің өзі де атау ретінде соның ішінде туынды сөз ретінде қарастырылып жүргені белгілі.
К.Аханов зерттеуінде “Күрделі сөз бен синтаксистік (еркін) сөз тіркесі және олардың бір-бірімен жігін ажырату мәселелері” атты арнайы тарауша бар. Мұнда осы мәселеге қатысты негізгі теориялық тұжырымдар айтылады. Біз өз зерттеуімізде осы ғылыми тұжырымдарға сүйенеміз. Күрделі сөздерді синтаксистік еркін сөз тіркестерінен ажыратудың қиындығы барлық күрделі сөздерге тән емес, тек күрделі құрамды сөздерге ғана тән екенін автор ашық айтады. Автор “боз торғай, қара торғай, ащы шек, тоқ шек” деген сияқты сөздерді мысалға келтіре отырып, мұндағы боз, қара, ащы, тоқ сөздері соңғы сыңарлардың анықтауышы емес, олардың сынын да, сапасын да білдірмейді, тұтас атау ретінде жұмсалады деп нақты тілдік дәлелдер арқылы айқындап көрсетеді.
Әдебиет:
Аханов К. Қазақ тілі лексикасының мәселелері, А., 1955;
Аханов К. Омонимы в казахском языке. Алматы. 1956
Аханов К. Грамматика теориясының негіздері, А., 1972;
Аханов К. Тіл біліміне кіріспе, А., 1965;
Аханов К. Қазақ тілі грамматикасы, І бөлім. Фонетика мен морфология, 5-6 класс, А., 1961, 1974;
Аханов К. Тіл білімінің негіздері, А., 1973.
Аханов К. Грамматика теориясының негіздері. –Алматы, 1996.