А. Б. Салқынбай қазақ тіл білімі тарихы алматы, 2016



бет19/41
Дата02.04.2023
өлшемі1,06 Mb.
#78447
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   41
Байланысты:
учебник История каз языкознания(1)

ЫБЫРАЙЫМ МАМАНОВ

Қазақ тіл білімі мен әдістемесіне өзіндік үлес қосқан әдіскер ғалымның бірі. Маманов Ыбырайым 1907 жылы 10 мамырда Талдықорған облысы, Ақсу ауданында дүниеге келген. Ыбырайым - “Айман-Шолпан” жырында айтылатын атақты Маман байдың ұрпағы.


Ы. Маманов 1927 жылы Алматы қаласындағы оқу-ағарту институтын бітірген соң, 1927-1928 жылдары Талдықорған облысындағы Сарқанд ауданы, Коммуна мектебінің директоры болып қызмет етеді. 1929-1932 жылдары Орал қаласында орта мектеп мұғалімі, 1932-1938 жылдары Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданында орта мектепте мұғалім болып қызмет атқарады. 1938-1940 жылдары Алматы пед. училищесінің оқытушысы. 1940-1991 жылдар арасында қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқытушы, доцент болып қызмет еткен.
“Қазақ тіліндегі көмекші етістіктер” деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған. Ғалымның “Етістік”, “Қазіргі қазақ тілі. Лекциялар курсы” атты зерттеулерінің қазақ тіл білімінің теориялық тұрғыда дамуы үшін маңызы ерекше деп білеміз.
Ы. Мамановтың Д. Әлімжановпен бірігіп жазған “Қазақ тілін оқыту әдістемесі” деп аталатын оқулығы орта мектеп мұғалімдері мен Жоғары оқу орындарының филология факультеттеріне арналып, 1965 жылы жарық көрген. Еңбек “Орта мектепте қазақ тілін оқытудың жалпы мәселелері”, “Қазақ тілінен білім берудің методтары мен оқу жұмыстарын жүргізудің жолдары”, “Грамматиканы оқыту методикасы” деп аталатын үш тараудан тұрады.
Мектепте қазақ тілін оқытудың негізгі міндеттері мен мақсаттары анықталатын бірінші тарауда әдістеменің өзге пәндермен байланысы көрсетіліп, орта мектептерде қазақ тілін оқыту бағдарламаларының негізгі принциптері баяндалады. Мұнда оқытудың бағдарламалық негізіне терең мән беріледі, оның теориялық та, практикалық та маңызын белгілейді: “Әрбір класта қазақ тілінен өтілетін материалдардың көлемін дәл белгілеу; тілді оқыту жұмысын тәртіпті және жүйелі жүргізуге бағыт беру; мұғалімнің тілді оқытуға арналған жылдық, тоқсандық, айлық және жеке тақырыптарға арналған сабақ жоспарларын творчестволық тұрғыда жасауына ұйытқы болу; мұғалімдердің методикалық шеберлігін арттырып, әр тақырыптың мазмұнына қарай пайдалы әдістерді қолданып отыруға, өз білімдерін толықтырып отыруға міндет жүктейді; мұғалімдердің сабақтарын ұқыпты дайындалып, оған керекті материалдарды күн ілгері әзірлеу құнттылығын арттырады; мұғалімдердің оқушылармен кластан тыс жүргізетін жұмыстарын жақсартуды, оларды өтудің әдістерін белгілейді; тілдік материалдарды бір-бірімен ұдайы байланыстырып, ұдайы қайталап отырудың әдістерін үйретеді т.б.”/41 б./.
Ғалымдар қазақ тілін оқытудың ең ұтымды әдістері ретінде фонетикалық, грамматикалық, морфологиялық синтаксистік тәсілдерді атайды. Шынында да, дәстүрлі грамматикада сөз тұлғаларының формалық деңгейін анықтауда мұндай тәсілдердің оңтайлылығын, әрі мазмұннан формаға принципі бойынша талдау үшін, мұның қажеттілігін ешкім жоққа шығара алмасы анық. Сондай-ақ, анализ-синтез, салыстыру, индукция-дедукция, баяндау, әңгімелесу тәсілдерін пайдаланудың тиімді жолдары көрсетіледі. “Мұғалім индукция-дедукциялық методты жақсы білсе, біріншіден, индукциялық тәсіл мен дедукциялық тәсілдің ара жігін ажыратып, оларды бір-бірімен шатастырмайтын болады; екіншіден, индукциялық тәсіл мен дедукциялық тәсілді практика жүзінде байланыстыра біледі; үшіншіден, оқушыларды өздерінің белгілі бір білім шындығы мен зат танытудағы ойлау қабілеттілігімен дұрыс қорытындылар шығарып үйренуге шеберленеді” /80/.
Зерттеушілердің пайымдауынша, әңгімелесу методы оқушылардың сабақ үстінде білім алу талабын арттырып, белсенділігін күшейтеді. Олар жауап беріп, өз пікірлерін дәлелдеуге тырысады, бірінің айтқанын екінші толықтыра түсіп, тілдерін дамытады, үйге берілген тапсырманы жақсы орындауға үнемі талаптанады.
Еңбекте көрнекілік пен оны пайдаланудың жолдары нақты көрсетіледі. Көрнекі құралдардың түрлері ретінде: таблицалық көрнекілік, схемалық көрнекілік, плакаттық көрнекілік, сурет көрнекілігі, диаграммалық көрнекілік, модельдік көрнекілік, альбомдық көрнекілік, диапозитивтік көрнекілік, символикалық көрнекілік, тақта көрнекілігі, кескінді әріптер мен буынға бөлінген сөздіктер көрнекілігі, карточкаларды пайдалану көрнекілігі, зат пен нәрсенің өзін көрсету көрнекілігі. Бұл көрнекіліктерді қазіргі кезде де ыңғайына орай қолдана білген жөн.
Еңбекте фонетиканы, грамматиканы, орфографияны оқытудың әдістемесі де берілген. “Оқушылардың грамматиканы жақсы білуінің бір шарты – анықтамалар мен ережелерді саналы түрде толық меңгеруі” деп пайымдаған ғалымдар оларды оқытуға, ережелердің құрылысы стильдік жағынан бір-біріне ұқсас, бір жүйеде болуына басты назар аударады. Сондай-ақ, “грамматика сабағында грамматикалық талдау жасаған кезде, үй тапсырмасын тексерген кезде, грамматикадан жаңа материал түсіндірген кезде болсын, әйтеуір қисынын тауып, оқушыларға тиісті сөздердің емлесін үйретіп, керек жерінде есіне салып, грамматика мен емлені ұдайы байланыстырып отыру керектігін” мақсат тұтады.
Морфологияға байланысты бағдарламаға енген бесінші сыныптан бастап, алтыншы, жетінші сыныптарда жалғасатын теориялық материалдардың барлығына әдістемелік талдау жасайды. “Мұғалімнің ең бірінші мақсаты – оқушыларға сөз негіздерін (түбір сөз) саналы түрде өздері таба алатын етіп дағдыландыру” – деп жазады зерттеуші әдіскер ғалымдар /139/. Мұның да мәні ерекше. Әсіресе, жас мамандар өздері түбірін таба алмайтын негіздерді мысалға алмауы керек екені анық. Мысалы: көтер, тышқан т.б. сияқты тұлғаларды мысалға келтіріп, ұятқа қалған жас оқытушылар бар. Ғалымдар осыдан сақтандырып отыр. Ең дұрысы, “оқушыларға сөздердің құрамындағы негізгі түбір, туынды сөз, жұрнақ және жалғауларын тапқызып, дағдыландыру үшін, мұғалім арнайы сөйлемдар дайындап келіп, тапсырмалар беріп отырғаны” дұрыс екенін ғалымдар ескертеді.
Әдебиет:

Маманов Ы. Қазақ тілі (оқулық). Алматы, 1949;


Маманов Ы. Қазақ тілін оқыту методикасы (оқулық), Алматы, 1965;
Маманов Ы. Қазіргі қазақ тілі. Етістік. Алматы, 1966;
Маманов Ы. Сопоставительная грамматика. Алматы, 1966 (авт. бірі);
Маманов Ы. Қазақ тілін оқыту методикасы. Алматы, 1965;
Маманов Ы. Бақылау жұмыстары (сырттан оқушылар үшін). Алматы, 1955;
Маманов Ы. Пединституттың сырттан оқу бөлімінің оқу жоспарына түсінік. А., 1964;
Маманов Ы. Қазіргі қазақ тілінің бақылау жұмысы. А., 1958.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   41




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет