Ақын-жыраулар поэзиясындағы діни мотивтер
Діни мазмұнды шығармалардың тақырыбы мен идеясын саралаңыз, оларды зерттеген ғалымдар шығармаларына шолу жасаңыз.
Ислам діні еркін ендей бастаған кезеңде, нəзира дəстүрінің де қалыптасқандығын байқаймыз. Нəзираның дамуы халық қазынасы — ел əдебиетін дамытуға ықпал жасады. Діни туындыларды нəзира үлгісімен жырлау жандана бастады. Ғалым А.Қыраубаеваның: «Нəзираның негізгі тақырыптары ежелгі шығыс сюжеттері, жанры қисса дастандар болды. Қисса араб тіліндегі əдеби үрдіс ретінде тарап, араб халифаты қарамағынан шығып, Саманид патшалығы құрала бастаған парсы əдебиетінде жалғасты» , — деп айтуы сондықтан. Бұл ХІІІ–ХІV ғасырға келеді. Ал, нəзира дəстүрі бір немесе екі ғасырдың мұғдарында ғана өмір сүріп, жойылып кеткен жоқ. Бертінге дейін, ХХ ғасырдың басына дейін, сабақтасып жатты. Соның бір көрінісі — белгілі ақын Шəді Жəңгіровтың «Назым Сияр Шариф» дастаны. Мұхаммед (с.ғ.с.) өмірін толық қамтитын бұл шығарманы ғалымдар Н.Келімбетов, У.Қалижанұлы жанжақты талдады. Тағы да бір басы ашық мəселе, Шəдінің діни дастандарды əрі жырлаушы, əрі жинап, жарыққа шығарушы, əрі жаңа нұсқасын жасаушы болғандығы. «Ақынның əдеби мұрасы өте мол. Ол 30 шақты дастан, сондайақ көптеген өлеңжырлар жазып, 18 дастанын кітап етіп бастырған. Олар «Төрт дəруіш» (1913, 1914), «Хикаят Қамарзаман» (1914), «Назым Сияр Шариф» (1914), «Хатымтайдың хикаясы»(1914) жəне т.б.».
ХІХ ғасырда діни қиссадастандарды жырлаушылар, таратушылар өте көп болған. Оның бір себебі мынада жатыр. XVIII ғасырдағы жоңғар шапқыншылығынан шаршаған елге, жойқын соғыс тоқталғаннан кейін, мəдениет пен əдебиет, оқубілімге көңіл бөлу, іздену күнделікті кəсіпке айналды. Молла ұстап, дін оқуын оқытуды əдеттендіре бастады. Мешіттер, медреселер салынып, дін жолымен тəрбиеленген ақындар көбейе түсті. Олардың толғаужырлары ислам əлемімен байланысқа түсіп, үндесіп жатты. Шортанбайдың, Ақмолланың шығармалары соның айғағы. Мұсылманша білім алған ақындардың туындыларында исламды насихаттау, дəріптеу пайда болды. Осындай өнер адамдары ел аралау, өзін жұртшылыққа таныту, жақсылармен дəмдес болу, таңды таңға атырып жыр айту тəрізді қалыптасқан дəстүрді берік ұстанды. Сөйтіп, діни қиссаларды айту, діндар ақындардың міндетіне айналды.
Мал, шіркін, жер тезектей қала берді
Басқаным — қой, ат болып — аттағаным, —
деген Мəшһүр Жүсіптің де діни шығармалардың қанат жоюына өз үлесін қосқандығы рас. Эпикалық жырларды жаттап алып, кейінгі ұрпаққа жеткізушілер — асыл қазынаның сақталуына айрықша еңбек сіңірген жандар. Мұндай қасиет кез келген өнер адамының қолынан келе бермеген. Өйткені сондай көлемді дүниелерді еске сақтау үшін мол тəжірибе, ерекше бейімділік жəне туа біткен дарындылық қажет.
Олай болса қазақтың діни эпосын жандандыруға айрықша үлес қосқан өнерпаз қайраткерлерді жырлаушылар, жинаушылар деп бөлуге болады. Жырлаушылардың өзін екіге, таратушы ретіндегі жырлаушы, нəзира дəстүрінде жырлаушы деп жүйелеген жөн тəрізді. Ал жинаушыларды ХІХ ғасырдағы, кеңес дəуіріндегі, қазіргі кездегі деп кезеңдік тұрғыдан қарастыра аламыз. Осылардың көшбасында Майлықожаның, Мəшһүр Жүсіп Көпеевтің, Шəді Жəңгіровтің, Жүсіпбек Шайхысламұлының тұратындығы ақиқат.
Қазақ фольклортану ғылымын тағы бір саты жоғарлатып, жаңа ғылыми кеңістікке жол ашқан зерттеушіғалым Б.Əзібаева болды. Ол ауыз əдебиетіндегі дастандық эпосты айқындап, ғылыми тұрғыда жүйелеп шығумен қатар, шығармалардың ішкі мазмұнына тереңдей еніп, композициялық құрылымын, көркемдік көріністерін, кейіпкерлердің кескінделу тəсілін аша білді. Ғалымның «Казах ский дастанный эпос» еңбегінің көлемді бір тарауы діни дастандарға арналған. Тың дүниенің тылсым қасиетіне түсінік бере келіп, мұраларды төрт түрге бөліп қарастыруды ұсынды. Олар:
а) ислам тыйым салған ісəрекеттер туралы дастандар; ə) мұсылман батырлары туралы дастандар;
б) исламды тарату жолындағы дінсіздермен соғыс туралы дастандар;
в) мұсылманшылықтың жолы, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар, төрт шаһарияр туралы дастандар.
Мазмұндық тұрғыдан бұлайша жүйееудің жөн екендігіне зерттеу барысында көз жеткізуге болады. Алты дастанға əдеби талдау жасаған. Олар: «ƏбуШахма», «МұхаммедҚанапия», «Зарқұм»,«Дариға қыз», «Киік», «Бозторғай».
Шығыс сюжеттері негіз болған туындылардың ауқымды бір бөлігін діни дастандар құрайды. Жалпы діни сарындағы шығармалар құрылымының түпкі өзегі, негізгі қозғаушы тетігі – барша мұсылмандарының асыл діні Исламды дәріптеу, оның әлем халықтары арасындағы беделін көтеру және мойындату мәселелері. Халық шығармаларында осы күрделі де аса жауапты миссияны орындау жолындағы Мұхаммед (а.с.а.) пайғамбар мен ұрпақтарының, оның Әбу Бакір, Омар, Оспан, Әзірет Әли сынды серіктерінің, сенімді сахабаларының жорықтары, Пайғамбардың жеке басынан өткен оқиғалар, қарапайым халыққа қатысты атқарған өнегелі іс-әрекеттері, тағылым-ғибраттары, өсиет-насихаттары т.б. баяндалады. Сондай-ақ ынтымақ-бірлік, адамгершілік, адал еңбекпен мал табу, тұрмысы нашарларға көмек қолын созу, әділдік, әдептілік, аяушылық, қайырымдылық, мейірім таныту сияқты имандылық қағидалары – діни дастандардың басты идеясы болып табылады. Дін жолындағы күрестерде көзсіз ерлік көрсету, бас тігу, мақсатқа жету, намысты аяққа таптатпау секілді қаһармандық сипаттар кейіпкерлердің негізгі қасиеттері ретінде бейнеленеді. Сондықтан бұл санаттағы туындыларда басты кейіпкерлер тарихи тұлғалар тұрғысында ғана емес, негізі эпикалық қаһарман бейнесінде дараланады.
Достарыңызбен бөлісу: |