(Молда Мұса)
3. насихат. Насихат деген – ақыл, үгіт мағынасындағы сөз,
діндар дәуірдегі үгіт өлеңді шығарушылар насихат деп атаған.
311
Діндар дәуірде насихат айтушылар насихатын да шариғат жо-
лына тіреп айтқан. Мәселен, Әбубәкірдің ұрыға айтқан насиха-
тында былай дейді:
Бала едің иман жүзді, жылы деген,
Жігітке тәуір ат па ұры деген.
Ақсақал батасын ал, бұлай етпе,
Берекет таба алмассың мұныменен.
Адалда, бір де болса, берекет бар,
Арамның ер байымас мыңыменен.
Не пайда көрді ата-анаң асыраған,
Кемдікке арланады асыл адам.
Дүниеде берекетті бақыт табар
Құдайдың бергеніне тасымаған.
Алланың рақметінен құр қалады
Жаһанда сендей болған пасық адам.
Кемдікке еті қызып ренжімес
Сүйекте қасиет жоқ жасық адам.
Жаһанда кім десеңіз ұры болар,
Алланың рақыметінен қашық адам.
Сол Әубәкірдің қатынға айтқан насихатында мынадай сөз
бар:
Ей, қатын, араз болма, еріңменен!
Бәлені шақырмаңыз көрінбеген.
Қажымен қарап тұрып дұшпан болсаң,
Басың да қатар болар өлімменен.
Үгіттеп екеуіңді қоса келдім –
Ағашты жабыстырған желімменен.
Бұл қажы жас күнінде қызды құшқан,
Алаштан таңдап алып, сізді құшқан.
«Қатынның ері – пірі» деген сөз бар,
Еріңмен тірлікте болма дұшпан.
Еріне қызмет қылған жақсы әйел
Сиратта қыл көпірден құстай ұшқан.
Жан болсаң ақылың бар, түсінерсің,
Көрсеткен, ей, жеңеше, менің нұсқам.
Жақпаса қатын ерге – жатқа жақпас,
Екінші, тірлігінде халыққа жақпас.
Ішіне қараңғы көр кірген күні
Кеп болар қайыр, ғазап тыныш жатпас.
Насихат болады мынадай сөздер де:
312
1) Атқа мінген азамат,
Халалдық қыл да, тап залал!
Пайдасын ақыр көрерсің.
Харамдық қыл да, пайда тап!
Залалын ақыр көрерсің.
Бүгін жеген қатыңды
Таңында бір күн берерсің.
Алып барар малың жоқ,
Иманыңменен төлерсің.
Пақыр, міскін кез келсе,
Дүниеде қайыр қыл!
Мақшарда нұрға қанарсың.
Жетім менен жесірге
Қор тұтынып сөз айтпа,
Сен де сондай боларсың.
Досыңа жақсы орын бер!
Кетсе, өзің қонарсың.
Мектепке бер, балаңды!
Залым болса – жаннемге,
Ғалым болса ағарсын.
Жазғытұрғы тұқымға
Не шашсаң, соны орарсың.
Жамандықты кейін қой!
Бүгін кейін қалсаң да,
Ақырында озарсың.
(Әбубәкір)
2) Билер, пара жемеңіз!
Жалғанды жолдас демеңдер,
Ақырет қамын іздеңдер!
Жанға тіпті тимеңдер!
Кісі ақысын алмаңдар!
Аузыңа арам салмаңдар!
Дүние жиып өткен жоқ
Бізден бұрынғы Пайғамбар.
Сөз айтайын, үлкендер!
Құдайдан қапы кетпеңдер!
Әлің келсе, Мекке бар,
Старшын, болыс болам деп,
Ысырап қып мал төкпеңдер!
(Шортанбай)
313
4. Мінәжат. Діндар дәуір мұңды, зарлы сөздеріне мінәжат
деп ат қойған. Әуелінде мінәжат деп ғұламалардың Құдайға
айтқан зары, арызы, наласы айтылған. Бара-бара зарлық,
мұңдық мағынасына айналып, зарлы өлең сияқты сөздер де
мінәжат деп аталатын болған. Мәселен, Сейдахмет ақын мынау
сөзіне «Мінәжат» деп ат қойған:
Құдай-ау, мен не жаздым, бұл заманға?
Қадірі болмайды екен жұртқа аманда.
Ел, жұрттың қасиетін қоян алып,
Болмайды еш қадірім бір адамға.
Секілді ай мен жұлдыз аспандағы,
Қажетің түссе егер бір наданға.
Үйіме келсе мейман анда-санда,
Қолыма мал түспейді қамдасам да.
Әйтеуір мұқтаждықтың жолы қиын,
Қатардан қара басым қалмасам да.
Әрбір мейман келгенде ұяламын,
Тілегім қабыл емес зарласам да.
Бір күнде іздеп тапқан кетті достар,
Сұрасқан хал-ахуал көңіл хоштар.
Деміндей айдаһардың тартқан достың
Бірі жоқ осы күнде қолмен ұстар.
Қатқан соң қабағына қар менен мұз,
Қалды ғой қараса алмай қыран құстар.
.................................................................
Бұл сөзден көрінеді: мінәжат түріндегі сөз әман Құдайға ай-
тылатын сөз емес, басын ғана Құдайға қаратып айтып, ар жағы
әншейін мұң сөзі болатыны. Мінәжаттың басын алып тастаса,
басқасы мұң, толғау, зарлау болады. Құдайға қаратып бастауы-
мен мінәжат болатын болса, мынау сөз де мінәжат болуға тиіс:
Құдая, құдіретіңе таң қаламын,
Жолында бір ғашықтың зарланамын.
Ішімді ғашық оты күйдіреді,
Сыртыма шығаруға арланамын.
Бірақ бұл мұзмұнына қарағанда мінәжаттан гөрі ғашық
толғауы-на жақын. Нағыз мінәжат төмендегі түрлі сөздер
боларға керек.
Ғашырбек соғысып жүргенде байлауда тұрған Жүсіпбек
Құдайға, тауларға мінәжат етіп айтқан сөзі:
Он сегіз мың ғаламның
Падишасы едің Құдайым!
314
Құдая, саған жылаймын,
Кешіргейсің күнәйім!
Өзіңнің нашар пендеңмін,
Әр жапаңа көнгенмін.
Ғашырбектей тағама (нағашыма)
Медет берер күн бүгін!
Он сегіз мың ғаламды
Халық қылып бар еткен,
Неше әулие, әнбие,
Неше хакім пана еткен!
Ғашыр сұлтан тағама
Медет берер күн бүгін!
Кәпір патшасы Жүсіпбектің сөзіне ашуланып, дарға асуға
бұйырғанда, Жүсіпбек медет тілеп айтқан мінәжаты мынау
дейді:
Он сегіз мың ғаламның
Падишасы едің Құдайым!
Құдая, саған жылаймын,
Кешіргейсің күнәйім!
Кәпірлер аспақ таладар
Дар үстінде еттім зар.
Дін шырағы Мұхаммет,
Сенен басқа кімім бар!
Құдай шері, иә, Ғали,
Біздерден болшы хабардар!
Айналайын Имам ағзам!
Қанша болды менің жазам?
Кәпірлерден жетті қазам.
Шын қақиқат қозым деп,
Назар етер күн енді!
........................................
5. Мақтау. Діндар дәуірдің мақтау өлеңінде діндарлық
көрініп тұр. Діндар дәуірден ілгергі ақындардың сөзінен дін-
дар дәуірдің ақындарының сөзінде керек емес артық сөздер
толып жатыр. Көбінің мақтауы да орынсыз келеді. Аят
оқитын адамша көбі өлеңдерін ағузу мен бисмилладан бастай-
ды. М ы с а л ы: сарт Жақып деген ақынның Әлмағамбет судь-
яны мақтаған сөзі былай басталады:
Әуелі ағузу билла бастағаным,
Жарамас Хақтың есімін тастағаным.
315
Бисмилла рақыман рақым деп,
Етпекке шәні мадық қастағаным.
Тартамыз ағузу билла әуел бастан,
Бисмилла сөз тартылса, шайтан қашқан.
Тұсында әр патшаның бір сұрқылтай,
Тұра алман етпей қарап шәні дастан...
.............................................................
Екінші бір Жорабай ақын деген сол Әлмағамбет судьяны
мақтаған сөзін былай бастайды:
Бастаймын бұл сөзімді бисмилладан,
Қағазға бисмилла деп тартам қалам.
Жаппарым адамзатты әрқашан да
Сақтасын мұсылманды есен-аман.
Әлеке Жармолаға келіп тұрды,
Үміт көп соның үшін бір құдадан.
Жайықта даңқы шығып жатушы еді,
Келтірген бұл араға біздің талан.
Мақтауда ұлы мақсат, таза қошемет, таза ықылас болмаған.
Анайы ақындар сияқты тікелей сұрамағанмен, әкім болған,
төре болған, ықпалы жүрген адамдардың жылы назарында
болу мақсатпен көбі жарамсақтанып, жәрәукеленіп айтқан.
6. Даттау. Сөгу, жамандау, айыбын, мінін айту – бәрінің
жалпы аты даттау болады. Даттау табына бір адамның
басындағы мінін айтқан сөз де кіреді, бүтін елдің, халықтың
басындағы мінін айтқан сөз де кіреді. Діндар дәуірдегі датта-
уда көпті даттағандар көбінесе шариғат жолына шалығын ай-
тып даттаған. Адам басын даттағанда, әуелі мақсатпен, күйініп
даттаған. Үйіне қондырмаған, қонақасы оңды бермеген сияқты
ұсақ себептерден реніш етіп даттаған.
Көпті даттау мысалы:
Әуелі бисмилла деп сөз басталық,
Алланың хақ жолынан адаспалық.
Жолы деп шариғаттың ғамал қылса,
Иншалла, сол уақытта азбас халық.
Азырақ осы жерден шошынамын
Өтірік пайдаға асты, рас қалып.
Жалған сөз азаматқа болды оңай,
Замана болды, халқым, әлдеқалай!
Аузыңнан жалғыз кәлам шыққан сөзің
Кезеді бір сағатта тоқсан тоғай.
316
Құдайым өзі сақтап, оңғармаса,
Болып тұр бұл замана судан да ылай.
Достарыңызбен бөлісу: |