Тапсырма:
1.
«Сары даланы сазбен тербеткен» тақырыбын оқып кел.
2.
Домбырада «Құс қайтару» күйінің соңғы буынын жатта.
I
I ТОҚСАН
«МУЗЫКА ЖӘНЕ СУРЕТ»
ТАҢБАЛЫ ТАСТАР СЫР ШЕРТЕДІ.
Бапановтар. Саяхаттау. Гобелен.
Сонау ғасырлар қойнауынан жеткен өнердің ең көне түрі таңбалы тастардағы бейнелер. Ерте
замандардағы аңшылар таңбалы тасқа арқар мен бұқаның, аттар мен құландардың, көптеген бұғылар мен
түйе малын бейнелеген. Уақыт пен заман өте келе суретшілер ғұрыптық билердің қимылын, қолдарына
түрлі қару ұстанған аңшылар мен жауынгерлердің шайқасын, ат үстіне, түйе мен бұқаға мінген
жасақшылардың бейнесі мен күн басты құдайларды таңбалы тасқа қашап кеткен.
Таңбалы тастағы суреттерді әуелде таспен, кейін келе темірден жасалған арнайы құралдармен
салатын болған. Таңбалы тастардағы бейнелер жай ғана сурет емес. Ол адамдар үшін қасиетті, киелі
саналған аңдар мен жануарлардың, өмірдің ғажайып құбылысы мен оның құрылымын бейнелейтін
көріністер. Ежелгі өнер саналатын таңбалы тастардағы бейнелер, аңыз-күйлер, әдет-ғұрыптар – ғасырдан
ғасырға жалғасып, бүгінгі күнге төл мәдени мұрамыз болып бізге жетті. Бүгінгі таңда таңбалы
тастардағы бейнелері бар таулар қасиетті де киелі саналады.
Ғасырлар өте келе музыка, поэзия, сурет және сәулет өнері әр қайсысы дараланып жеке өнер түріне
айналды. Ал қазіргі заман суретшілері ежелгі туындылардың терең сырын түсінуге талпынып, олардың
сюжеттік желісін қайта ой елегінен өткізуде.
20
Суретші Сәуле және Әлібай Бапановтар таңбалы тастағы түйе бейнесін қазіргі замандық
гобелендерінде өте ұтымды пайдалана білді. Түйе – көшпелі өмір салтының символы іспетті. Сол себепті
суретшілер өмірдің үш жолын әр түрлі бояумен бейнелейді. Олар: сары – көшпелілердің көне жолы, көк -
өмір ағымы, жасыл – адамдардың өмір жолы. Ал түйенің өзі болса, көк пен жерді немесе өткен мен
бүгінді қосып тұрған алып тау секілді. Гобеленге салған Әлібай мен Сәуле Бапановтардың бұл суреті
жаңа мазмұнға ие болды.
Қасиетті Қаратаудан шыққан атақты Сүгір күйші де киелі саналатын түйе малын өзінің күйлері
арқылы бейнеледі. Түйе образы ежелгі замандардан көптеген күйлерге арқау болды. Мәңгілік өмір іздеп
шар тарапты айналған Қорқыттың «Желмаясы», ботасын іздеп боздаған «Нар идірген» сынды көне аңыз
күйлер Сүгірдің «Боз інгеннің бүлкілі» атты күйінің туындауына себеп болғандай. Сүгірдің бұл күйін
тыңдап отырып оның ырғағынан түйенің желісін, ал әуені болса оның жұмсақ та байыпты жүрісін көз
алдыңа елестеткендей әсер қалдырады. Күй түйенің жүрісін ғана бейнелеп қоймай, көңілдің мұңы мен
шерін де толғағандай.
Біздер өнердің үш түрін – таңбалы тастардағы бейнелер, гобеленге салған суреттер және күй жайлы
әңгіме қозғадық. Тарихи кезеңдерге қарамастан ғасырдан ғасырға жалғасып жатқан көркемдік образдар
мен тақырыптар бүгінгі күнде де өз жалғасын тауып келе жатыр.
Күй тыңдайық:
«Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрдің орындауында Сүгірдің «Боз інгеннің
бүлкілі» атты күйін тыңдап көрелік!
Біліп ал!
Әлібай (1953) және Сәуле (1956) Бапановтар Қызыл-Орда
облысында дүниеге келген. Суретшілердің шығармашылығындағы
басты бағыт гобелен өнері. Олар өз жұмысында сан ғасырлық
қазақ халқының дәстүріндегі алаша тоқу өнерін негізге алды. Ә
және С Бапановтардың гобелендері тек Қазақстанда ғана емес,
шет мемлекеттерде де кеңінен танымал болды. Бапановтардың
көптеген туындылары Қазақстанның және Ресей, Украина,
Қытай, Түркия, Польша, Франция мұражайларында да орын
алған.
Білесін бе?
Қазақстанның аймағында 140-қа тарта таңбалы тастардағы бейнелер сақталған. ХІХ ғасырда
Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанда ең ірі таңбалы тастар табылды. Ал, ХХ ғасырдың орта тұсында
Шығыс Қазақстан мен Қаратау және Тарбағатай тауларында таңбалы тастардағы бейнелермен
толыға түсті. Бүгінгі таңда республика бойынша Ертіс, Балхаш бойларындағы және Маңғыстау мен
Ұлытауда табылған көне мәдениет ескерткіштерін ғалымдар зерттеу үстінде.
Түсініп ал!
Гобелен- жібек жіптерден немесе жүннен тоқып жасалған кілем түрі.
Сұрақтар:
1.
Қазақтардың тұрмыс-тіршілігінде түйе малы қандай қызмет атқарды?
2.
Аңшылар ертедегі таңбалы таста нені бейнелеген?
3.
Суретші Бапановтардың гобеленіндегі суреттер қандай мазмұнды береді?
4.
Түйе малына арналған қандай күй аңыздарын білесің?
Тапсырма:
1.
«Таңбалы тастар сыр шертеді» тақырыбын оқып кел.
2.
«Білесің бе» бөлімі бойынша оқып, талдау жасап кел.
3.
Домбырада Құрманғазының «Адай» күйінің бастапқы буынын қайтала.
21
ӨНЕРДЕГІ ҚАЗАҚ БАТЫРЛАРЫНЫҢ
КӨРКЕМДІК БЕЙНЕСІ
Сидоркин Е. «Батыр»
Қобыланды, Алпамыс, Ер Тарғын, Көрұғлы, Қарасай сынды қазақ батырларының есімдері ғасырлар
бойы ұлттың мақтанышы болып ел есінде сақталуда. Неліктен дейсің ғой?! Қазақ батырлары мыңдаған
жылдар бойы ұлан - байтақ туған ата мекенімізді жаудан қорғап, халықтың жауынгерлік рухын
асқақтатты
Батырлардың ерлігін мадақтап жырлаған қазақ жыраулары болды. Қазақ жыраулары батырлармен
бірге жауға аттанып олардың рухын көтеріп жыр айтты. Батырлардың ерлігін баяндау қазақ өнерінің
барлық саласынан көрініс тапты. Дегенмен, музыка және сурет өнерінде батырлар бейнесін сомдауда
өзіндік ерекшелігімен дараланды.
Күйші өзінің күйіне батырдың бүкіл болмыс-бітімін 2-3 минуттан тұратын шығармасына сыйғыза
білді. Ал, суретшілер болса өзінің бір ғана суретінде батырдың ер жүрек келбетін бейнелей алды. Бұл
өнер түрлері бір ғана көркемдік бейнені сомдай отыра, әр түрлі қырынан аша түсті.
Дәулеткерей «Көрұғлы» атты күйінде батырдың өжет әрі қайсар мінезін бейнелегендей әсер
қалдырады. Күйді тыңдай отыра ер жүрек батырдың рухын, намысы мен жігерін көруге болады.
Ал, «Қарасай» күйін тыңдағанда қан майдандағы ұлы шайқас көз алдыңа келгендей әсерде боласың.
Күйде батырдың өзі емес, оның жаумен күресі көбірек бейнеленген. Бұл шығарма шайқас үстіндегі
талас-тартыс, біріне –бірі беріспей жатқан күрес, аттың дүбірі мен қиян-кескі қырғын жанталас сияқты
көңіл-күйді білдіреді.
Батырлар бейнесі Евгений Сидоркиннің шығармашылығында кеңінен орын алған. Суретші эпостық
жырлардағы батырлардың бейнесін сомдайды. Е.Сидоркин өзінің суреттерінде батырлардың жаумен
щайқасы, аттың шабысы, үркіп ұшқан құстарды бейнелей келе, асқан жауынгерлік рухты көрсете білді.
Барлық образдар қимыл үстінде болғанымен, бір сәтке тына қалғандай әсер қалдырады.
22
Сидоркин Е. Жекпе-жек
Суретшінің мұндай нәтижеге жетуі оның гравюра техникасын шеберлікпен қолдана білуінде. Ең
басты гравюрада батырдың образы сомдалады. Суретші батырлар мен жауынгерлердің шайқас
алдындағы көңіл-күйі мен ішкі жан тебіренісін, оның қимыл-қозғалысын бейнелеуге талпынады.
Күйді тыңдасаң да, суретті көріп тамашаласаң да нақты бір көркемдік бейнені көресің. Күйде аттың
шабысын көбірек тыңдасаң, суретте жауға қарсы кұстай ұшуға даяр тұрған сақадай сай сәйгүлік аттарды
көресің. Иә, қазақ батырларының бейнесін сомдаған музыка және суреттегі қимыл-қозғалыс бір сәтке
тына қалып, өткен мен бүгінді жалғастырар мәңгілік ескерткіш іспетті болмақ!
Музыка тындайық:
Дәулеткерейдің «Көрұғлы» және Халықтың «Қарасай» күйін
«Мұрагер» фольклорлық ансамбілінің орындауында тыңдап көрелік!
Біліп ал!
23
Евгений Сидоркин (1930-1982) — график-суретші. Қазақстанның халық суретшісі атағына ие
болған. Суретшінің басты бағыты литография және линогравюра. Е. Сидоркиннің көптеген жұмыстары
кітаптарды суретпен безендіруге арналған. Суреттерінің тақырыбы: «Қазақ халық ертегілері», «Көңілді
алдампаздар», «Қазақ эпосы», «Қазақ халық ойындары», «Сәкен Сейфулинді оқығанда», «Абай жолы»
т.б.
Е. Сидоркиннің жұмысы қазақ халқының арасында кеңінен танымал болды. Себебі, Сидоркин
еңбектері ұлттық нақышқа толы. Е. Сидоркиннің гравюралары техника жағынан қазақ текеметтері мен
сырмақтарында падаланатын ақ және қара түстерді қолдануымен ерекшеленеді.
Е.Сидоркиннің көптеген суреттері Мәскеу, Лейпциг, Краков, Венеция, Будапешт сынды
қалалардағы халықаралық көрмелерге қатысып, жүлделі орындарға ие болған.
Түсініп ал!
Графика – тушьпен немесе қарындашпен салған сурет өнерінің түрі.
Суретті салуда 1 немесе 2 ғана түсті қолданады.
Гравюра – графиканың бір түрі. Сурет кескінін ағаш, линолиум, тас немесе металдан ойып оны қағазға
басып салу арқылы жасалатын сурет түрі.
Литография – үгітілмелі жұмсаз тасқа сурет кескінін қашап салып,
қағазға басып шығаратын сурет түрі.
Линогравюра – линолиумде сурет кескінін ойып,
қағазға басып шығаратын сурет түрі.
Сұрақтар:
1.
Таңбалы тастардағы суреттерді графика түріне жатқызуға бола ма?
2.
Күйші батырлар бейнесін өз шығармаларында қалай бейнелейді?
3.
Әдебиеттегі батырлар есімін білесің бе?
Тапсырма:
1.
«Өнердегі қазақ батырларының көркемдік бейнесі» тақырыбын оқып кел.
2.
Домбырада Құрманғазынің «Адай» күйінің келесі буынын жатта.
МУЗЫКАДАҒЫ ТАБИҒАТ БЕЙНЕСІ
Қазақ
халқы
үшін адам өмірі
табиғаттан бөлінбей
біте
қайнасып
жатқандай! Көшпелі
халықтардың өмір
тіршілігі табиғаттың
түрлі
құбылыстарына
байланысты болған.
Адамдар
тіршілік
ету үшін табиғаттың
барлық
тосын
құбылысына дайын
болу
керек
еді.
Мысалы,
жазғы
құрғақшылық пен аптаған ыстық, жаңбырлы күз бен қарлы да боранды қатал қыс т.б. Иә, қазақ халқы
24
жазын жайлауда, қысын қыстауда өткізіп, табиғатпен тілдесе отыра, сұлулығын тамашалап оның рахаты
мен ләззәтіне бөлене білген.
Қазақтың көптеген күйші-композиторлары табиғатты музыка тілі арқылы бейнелейді. Күйді тыңдай
отыра табиғатқа жан біткендей әсерде қаласың. Табиғаттың ұлылығы мен күш-қайраты, бірде жадырап,
бірде тұнжырап мұңая қалуы сияқты көңіл-күйін композиторлар күй арқылы көрсете біледі.
Құрманғазының «Алатау» күйінде аспан мен жерді байланыстырып тұрған алып таудың салмақты да өр
мінезі бейнеленген. Ал, «Сарыарқа» күйінде мыңдаған аттың дүбірінен елес беретін қазақтың кең байтақ
сары даласын суреттейді. Күй тыңдаушыға күш-қайрат пен жігер бергендей. Боғданың «Жем суының
тасқыны» атты күйінде Жем өзенінің бұйра толқындары мен иірімдерін көз алдыңа елестеткендей. «Өмір
өзен» деп ақындар өлең арқылы суреттесе, композитор адам өмірі мен қилы тағдырын күймен
бейнелегендей. Сүгірдің «Қаратау шертпесі» атты күйін тыңдай отыра, күйшімен бірге өткінші өмір
жайлы ой толғайсың. Ал Мағауия Хамзин өзінің «Жайлау» атты күйі арқылы сұлу табиғат пен көк
шалғынды суреттегендей. Күй тыңдаушыға қуаныш пен шаттықты сыйлағандай көңіл-күйді сездіреді.
Әлемнің және қоршаған ортаның сұлулығын жасау бейнелеу өнерінде ең басты тақырыпқа айналыр
отыр. Қазақстанның қыл қалам шеберлері музыкалық мәдениеттің дәстүріне сүйене отыра, пейзаж,
табиғаттың суреті арқылы адамның ішкі жан сезімін бейнелейді
Әбілхан Қастеевтың «Қарлы Алатау» атты суретінде таудағы қыстың бір күнін көреміз. Қарға
оранған тау шыңдары күн сәулесімен шағылысып жатқандай. Пейзаждың ерекшелігіне назар салайық!
Суретшімен бірге біздерде тау шатқалына мініп, табиғаттың ғажайып сұлулығын тамашалағандаймыз.
Көз алдымызда аспанмен тірескен тау шыңдары, тамылжыған табиғат, шексіз кеңістік тұрғандай. Тек
қана таудың арасынан бір уыс қызыл –сары шөп тіршіліктен елес бергендей. Ә.Қастеевтің бұл суреті
адамға «Жадыраған жаз келіп, табиғат тіріліп, өмір қайта оралады» дегендей ой салады.
Әбілхан Қастеевтің бірнеше жылдардан кейін таудағы жазғы жайлауды бейнелеген суреті дүниеге
келеді. Біз тағы да суретшімен бірге тау басына шығып, жазғы табиғаттың сұлулығын көре аламыз. Көз
алдымызда бірнеше километрге созылып жатқан кең дала. Иіріліп аққан өзен, жайқалып жатқан кең
жайлау, жайылып жүрген жылқылар мен жалғыз киіз үй алып тауға арқа сүйегендей жайдары қалпы. Ал,
Алатаудың қарлы шыңдары тіпті жаз келсе де еритін емес. Әбілхан Қастеевтің бұл пейзажында
адамдардың өмірі мен тұрмыс-тіршілігі табиғатпен біте қайнасып жатқандай.
Күйші Құрманғазы мен суретші Ә.Қастеев әр дәуірде өмір сүрген. Олар өз шығармалары арқылы
таудың әсем табиғатын суреттейді. Күйші музыка тілімен бейнелесе, суретші ғажайып пейзажы арқылы
жеткізе білген.
25
Күй тыңдайық:
Құрманғазы ат. халық ұлт аспаптар оркестірінің орындауында Құрманғазының күйі «Алатау».
Мағауия Хамзиннің «Жайлау» күйін композитордың өзінің орындауында тыңдап көрелік.
Біліп ал!
Әбілхан Қастеев (1904-1973) - кәсіби сурет өнеріне өмірін арнаған қазақтан шыққан алғашқы
суретші. Алматы облысы, Жаркент ауданында дүниеге келген. Ә.Қастеев қазақтың бейнелеу өнерінің
негізін қалаушы. Қазақстанның халық суретшісі. Оның 1000-нан аса суреттері бар.
Ә.Қастеев жер бетіндегі ат төбеліндей қазақтың болмысы мен тарихын картиналар
галлереясына айналдырған сұңғыла талант. «Сурет салуды таудың бұлағынан, қойдың құлағынан
апамның киізінен, ешкінің мүйізінен үйрендім», -
деген ұлы суретші Ә.Қастеевті ұлттық бейнелеу өнеріміздің бәйтерегі деп айта аламыз. Суретшінің ең
танымал туындылары: «Колхоздың сүт фермасы», «Бие сауу», «Колхоз тойы», «Сатып алған
қалындық», «Алтын дән», «Медеудегі мұз айдыны», «Түрксіб», «Талас далалығы», «Қапшагай су электр
станциясы». Ол портреттер галлереясын жасаған: Кенесары Касымов, Абай, Шоқан Уәлиханов,
Жамбыл. Әсіресе, «Амангелді Имановтың портреті» ең мықты туындысы болып саналады. Ұлы
суретшінің есімі Қазақстан Мемлекеттік өнер мұражайына берілген.
Түсініп ал!
Пейзаж – бейнелеу өнеріндегі жанр. Табиғатты немесе бір аймақты бейнелеген сурет (дала, тау,
орман, ауыл, қала)
Тұрмыстық жанр - адамның қоғамдағы және күнделікті өмірін бейнелейді.
Сұрақтар:
1.
Табиғатты бейнелейтін күйлер мен әндерді ата?
2.
Ә.Қастеевтің «Қарлы Алатау» суретінің мазмұнын қалай түсіндіресің?
3.
Суретші жазғы жайлауды қалай бейнелейді?
Тапсырма:
1.
«Музыкадағы табиғат бейнесі» тақырыбын оқып кел.
2.
Домбырада Құрманғазының «Адай» күйінің үйренген буындарын қосып орындап кел.
26
ОЙ ТОЛҒАУ.
Әлібай және Сәуле Бапановтар. Ойға шому.
Композиторлар мен суретшілер әр түрлі музыка шығарып, көптеген суреттер салады. Кейбір
суреттер белгілі бір адамдарға арналса, келесі бірі табиғатты кескіндейді. Үшіншісі адамдардың
күнделікті өмір тіршілігін бейнелейді. Музыкалық шығармалар мен көркемдік суреттердің үлкен
жиынтығы мазмұны жағынан түрлі жанрларға бөлінеді.
Өнердегі жанр – шығармалар жиынтығы. Олар образдық мазмұны мен көңіл-күйіне және
көркемдеуші құралы мен орындау техникасына байланысты ерекшеленеді. Түрлі жанрлар әр түрлі
тарихи кезеңдерде қалыптасып, дамып отырған. Кейде олар өзгеріске ұшырап, жаңа жанрларға ауысып
тіпті ұмытылып та кетеді.
Әрбір халықта өздеріне тән жанрлық ерекшелігі бар. Қазақ мәдениетінде сондай ерекше жанрлардың
бірі – күй. Күй – адамның терең сезімі мен ой толғауын жеткізе алатын музыкалық шығарма. «Той
бастар» атауымен аталған күйлер мен әндер мерекелік көңіл-күйді көрсетсе, «Ақжелең» жанрындағы
күйлер тобы әйел образындағы лириканы бейнелейді. Ал, «Қосбасар» атты күйлер мұң мен шерді
толғайды. «Қайран, өттің дүние!» - адамның өмірмен қоштасуы немесе өткінші дүниеге арналған күйлер.
«Толғау» күйлер - ежелгі аспаптық музыкамыздағы өмір жайлы фәлсафалық ой қозғайтын
жанрлардың бірі. Қобыз аспабында орындалатын Ықластың «Кертолғау» атты күйі қас-қағым өмірдің
ағымын бейнелейді. Қазақ халқы «Қамшының сабындай қысқа ғұмыр» немесе «Бес күндік өмір» деп
теңеу айтқан. Бұл күйде көзді ашып жұмғандай өте шығатын өмірді елестеткендей әсер қалдырады.
Созылмалы мұңды әуен, салмақты да сабырлы ырғақ, қарт қобыздың қоңыр дыбысы адамның қайғы-
шерінен тіл қатқандай.
Күйдегі «Толғау» жанры көптеген күйші-композиторлардың шығармашылығынан орын алған.
Себебі, кез-келген адам өмірді сүре келе ой толғауы заңды құбылыс. Адам өз өміріндегі жақсы мен
жаманын, дұрысы мен бұрысын сараптайтын кезеңге жетеді. Сондықтан болар, «Толғау» жанры бүгінгі
күндегі композиторлар мен суретшілердің шығармашылығында да өз жалғасын тапты.
Қазақ мәдениетінде сурет өнері ХХ ғасырдың басында пайда болды. Сол себепті, дәстүрлі музыка
көптеген суретшілердің шығармашылығына арқау болды.
27
Әлібай және С.Бапановтардың «Ойға шому» гобеленінде табиғаттың тынысын бейнелегендей:
аспанға керіле ұмтылған ағаштар, аспан мен суға шағылысқан қызыл-сары, жасыл түсті жапырақтар
арасынан елес болып көрінген сәукелелі қыз бейнесі. Бұл суреттен адамның ішкі әлемін, оның ой-
арманын, көңіл толқынысы мен ой-толғауын көруге болады. Бұл суретке зейін салып қарасаң, сурет
әуендетіп тұрғандай әсер қалдырады.
Әлібай және Сәуле Бапановтар.Тылсым дүние
Ғазиза Жұбанованың «Прелюдия» атты шығармасын «Толғау» жанрына жатқызуға болады.
Прелюдияда дыбыстар тылсым тыныштықтан туындап жатқандай: әуелі – бір дыбыс, онан соң екінші,
үшінші. Бірте-бірте әуен пайда болып, өте жәй екпінде, минорлы ладта дыбыстала бастайды.
Ғ.Жұбанованың «Прелюдиясы» өмірге қайта келген күй іспетті. Ғасырлар керуені көшіп өтті. Ал,
фортепианоға арналған бұл «Толғау» қазіргі заманның тыныс-тіршілігін толғап жатқандай!
Қазақ мәдениетінің терең тамырына бойлай білген композиторлар мен суретшілер қарт заманнан
үлгі алып, ғасырлдар бойы жалғасқан арман мен қиялдың шексіздігін танытқандай!
Музыка тыңдайық
:
Төлеген Момбековтің орындауында Сүгірдің күйі«Кертолғау».
Ғазиза Жұбанованың «Прелюдия» атты шағармасын тыңдайық.
Біліп ал!
Ғазиза Жұбанова (1927-1993) – қазақтың әйгілі композиторы.
Қазақстан халық әртісі. Ақтөбе облысы, Темір ауданында дүниеге
келген. Ғазиза Жұбанованың шығармашылығына әкесі Ахмет
Жұбанов ықпал еткен. Ол «Еңлік Кебек», «Жиырма сегіз» және
«Құрманғазы» опералары, «Аққұс туралы аңыз», «Хиросима»,
«Қарагоз» атты балеттері, «Жігер», «Ақсақ құлан» атты
симфониялық поэмаларын жазды. Көптеген фортепиано мен
скрипкаға арналған шығармалар, поэмалар мен квартеттер,
фантазиялар мен әндер т.б. музыкалық туындылардың авторы.
|