КОМПОЗИТОРЛАРТУРАЛЫ ДЕРЕКТЕР Абай (Ибраһим) Құнанбаев (29.07.1845 — 23.06.1904) — қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Қасқабұлақ жайлауында дүниеге келген, бейіті Жидебайда. Абай — ұлы ақын, философ, ағартушы, композитор. Ол бала кезінен шешен, ертегі, әңгімелерді тез ұғып алатын зеректігімен, ынталылығымен көзге түскен. Шортанбай, Дулат, Бұқар жырау, Шөжелерді тыңдап өскен. Анасы Ұлжан да шешен болған, сөз қадірін білетін адам болған.
Абай 8 жасында «Ескітам» медресесінде дәріс алып, ауыл молдасы Ғабиханнан оқыған. 10 жасқа толған соң Семейдегі Ахметриза медресесінде 3 жыл оқып, одан «Приходская школаға» түсіп онда 3 ай орысша оқиды. Абай өз бетімен ізденуге құмар болған. Абай Шығыс классиктері Низами, Сағди, Хафиз, Науаи, Физули, Жәмилердің, т.б. еңбектерін, екінші жағынан А.С.Пушкин, А.И. Герцен, М.Е. Салтыков-Щедрин, И.А. Некрасов, Л.Н. Толстой, И.А. Крылов, Ф.М. Достоевскийлерді көп оқыды. Батыс әдебиетінен Гете, Дж. Байрон сияқты ақындарды оқып, түрлі ғылыми салалар бойынша зерттеулер жүргізді.
Абай болыс сайлауына түсіп, жеңіп шығады. 1875—1878 жж. Қоңыр, Көкше еліне болыс болады. Бұл жылдары өз қолындағы билікті пайдаланып, әділдік таразысын тең ұстауға күш салады. Абай кейін Михаэлистің ұсынысымен, Семей облыстық статистика комитетінің толық мүшесі болып сайланды. Абай 1880 жылы И. Долгополов, А.А.
Леонтьевпен танысып, олармен тығыз қарым-қатынаста болған. Абай ел ісіне араласқан жылдарында әділеттілігімен, білімділігімен көрініп, халық арасында беделі өседі.
Абай өлеңдерін 10 жасынан («Кім екен деп келіп ем, дүние қуған») қағаз бетіне түсіре бастады. «Сап, сап, көңілім», «Шәріпке», «Абыралыға», «Жақсылыққа», «Кең жайлау» оның алғашқы өлеңдері. Сонымен бірге аударма жасаумен де айналысқан. Оның «Қансонарда» (1882), жылдың төрт мезгілін суреттеген «Қыс», «Күз», «Жаз», «Жазғытұры» өлеңдері, «Масғұт», «Ескендір», «Әзім» поэмаларының қазақ әдебиетінде орны ерекше. Араб, парсы, түркі білім көздеріне Абай ерекше көңіл аударып. Осы тілдерді өз бетімен жүйелі түрде оқып игереді.
Абайдың философиялық, көркемдік, әлеуметтік, гуманистік көзқарастары қара сөздері арқылы да берілген. Абайдың қара сөздері (Ғақлия) — ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Жалпы саны қырық алты бөлек шығармадан тұратын Абайдың қара сөздері тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әр алуан оның қара сөздерінің бірнешеуі ең алғаш 1918 ж. Семейде шыққан «Абай» журналында жарық көрді. Кейіннен Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз, т.б. көптеген әлем тілдеріне аударылды. Абай музыка саласында да мол мұра қалдырған. Қазіргі уақытта ақынның 27 әнінің 36 нұсқасы нотаға түсірілген.