Сырттан. Ей, ағайынды-қарындас! Күн райы бұзылды. Бейбіт елдің бейқам көшін көремісің? Қай сорға кетіп барады? Отқа түсе ме, опқа бата ма, қайда әкетіп барасың! Тату едің, тәтті едің, қарға тамырлы қарындас ең. Кер кезеңде керісіп тұрғаның мынау. Не тығырыққа қамалдық? Қиялап шығар жол бар ма? Әлде заман азды, заң тозды дермісің? Бірақ қисайта, қылыш сермейсің, кессең өз қолыңды кесерсің. Кімді мәнсұқ етерсің? Кесір насырға шапсын ба? Жо, телегей толқын сабасына түссін бе? Барар бетің немене? Алдыңды тостым, ағайын... (330 б.)
Осындағы ойталқы диалогқа жататын кейіпкердің сөзін, автор мен кейіпкер ойының жымдасуы арқылы берілген деп білеміз. Мұнда қалың қарындасқа жаны күйген автордың да ішкі ойы кейіпкер тілімен төгіле берілген.
Қорытынды
Қазақтың классикалық драмалық шығармалары құрылым-бітімі бөлек, көркемдеу тәсілдері жағынан даралық сипатқа ие туындылар. Әдебиеттің «ең жанды жанры» ретінде есептелетін драмалық шығармалардың лингвистикалық поэтикасын «автор-шығарма-актер» ракурсында талдау арқылы анықталатын ғаламның тілдік бейнесі мен тілдік тұлға ретіндегі кейіпкердің болмысын ашу – тіл мен мәдениет сабақтастығын дәйектейтін өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан қазақтың классикалық драмалық шығармалар тілінің көркемдік ерекшеліктерін зерттеу көркем әдебиет тілі теориясын толықтыру үшін де аса қажет.
20-50 жылдардағы драматургиядағы суреткерлер тілін полифондық стильге жатқызуға болады. Көркем шығарманың барлығына ортақ басты міндеттерінің бірі – эстетикалық қызметі. Алайда, бұл қызметті барлық тілдік бірліктер атқара бермейтіндігі тағы анық. Тілдің эстетикалық қызметі тұрғысынан қарағанда, көркем туындыда функционалды қызметі басым элементтер мен формалды элементтер қатар жүреді. Демек, көркем драмалық шығарманың тілі біртектес болмайды, оған полифондық тілдік құрылым тән. Бұл әсіресе тілдік бірліктермен қатар паралингвистика, интонация, актерлердің ойыны арқылы күрделі түрде көрініс табатын драмалық шығармалар тіліне айрықша тән құбылыс. Айталық, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов т.б. драматургтер өзіндік сөз ырғағымен ерекшеленеді. Ол кездегі суреткерлер тіліне памфездік тән болған. Көңіл толқынын еселеп көрсететін актер диапазоны, штамп, сөз саптаулары, дикция т.б. сахнада ерекше көрініс тапқан.
М. Әуезов пен Ғ. Мүсіреповтің сұңғыла суреткерлігінде Шекспирмен үндестік бар. Себебі, олардың шығармашылығынан даусыз болмысты танытатын баяндаулар – констатацияның ортақтығы байқалды.
Сахна тілі – ақпарат берудің, алудың, оны жеткізудің сан түрін, яки тілдік және тілдік емес каналдар арқылы (көзбен көруге болатын, құлақпен еститін, тактильдік, ольфакторлық т.б.) жүзеге асыратын ерекше синкретті тілдік жүйе. Сондықтан, театр сахнасы тәрбиенің бір қайнар көзі. Сахна да адамға тілдік білім беріп, тілдік дағдысын тұғырлап, тілдік тұлғаның қалыптасуына ықпал етеді.
Сахнадағы әрекет сөз әрекетіне құрылады. Яғни, сахнадағы сөздің жеткізілуі тілдік тұлғаға тікелей байланысты. Сахналық шытырман драматизмге толы элементтер билердің сөз саптауларында мол ұшырасады. Драмалық шығармалардағы билердің аузымен айтылған шешендік сөздер халықтық үнді, жұрттың тілегін, елдің айдыны болған айбарды білдіреді. Демек, халық тыңдайтын адамдардың аузымен айтылған сөздің ықпалы орасан болған. Сөздің мұндай ықпалы тыңдаушылардың да белсенділігін арттырады. Суреткерлер тілдік тұлға – кейіпкер (билер тобы) сөзін ақ өлеңге құру арқылы өзгеше стиль қалыптастырған.
Сондай-ақ, еңбекте театр мен теледидар тілінің ерекшеліктері санамаланып, олардың арасындағы аудиториялық байланыс көрсетілді.
Драмалық шығармалар мәтінінің энергетикалық қуаты бағамдалды. Мұндағы әрбір персонаждардың сөздері адамға эмоционалды қуат береді. Мәтіннің эмоционалды және энергетикалық бағытын айқындағанда, оның сезімге әсер етер тұсы бағамдалды. Кез-келген мәтіннің сезімдік жағы энергетикалық күшке толы нәзік байланыстырушы жіп іспетті. Ішкі түйсік арқылы оқырман заттың физикалық формасын ғана емес, ондағы эмоцияны да байқайды. Бұл әсіресе эмоционалдық бағытта жазылған драмалық мәтіндерде жақсы көрініс табатындығы айқындалды.
Театрда дыбыстық өнер басты орын алады. Дыбыс адам сезіміне әсер ететін ерекше эмоциялық құбылыс. Яғни, микропоэтикалық тілде бастапқы элемент сөздегі дыбыс болып есептеледі. Осының негізінде фонетикалық микропоэтикаға әр түрлі фонетикалық құралдар жатады. Атап айтқанда, актерлердің дауысты және дауыссыз дыбыстарды айту ерекшеліктерін, сахнадағы орфоэпиялық норманың сақталуын, ассонанс, аллитерация, эвфония, дыбыстық қайталаулар, ұйқас, паронимия мәселелері, сөздегі және фразадағы екпін, тілдегі ұлттық акцент пен оның интонациядағы өзгешеліктерін, контекстегі сөздің айтылуындағы түрлі өзгерістерді т.б. көрсетуге болады.
Сондықтан драмалық шығармалар тілінің макропоэтика және микропоэтика аспектілерінде сараланып зерттелуі, ең алдымен жалпы лингвопоэтиканың табиғатын танып-білуге жол ашады. Макропоэтика және микропоэтиканы нақтылайтын жәйттардың бірі – ойталқы, яғни кейіпкердің ішкі сөзі. Сонымен қатар, абзацтық бөлініс, мәтіндік сегмент, орфоэпиялық заңдылықтар сақталады. Бұл орайда, фонетикалық микропоэтиканың басты айырым белгілері – тек үндестік, дыбыстық үйлестік қана емес, оның композициялық түзілісі, эстетикалық әсер туғызуы да бағамдалды.
Сондай-ақ, сөз тіркестеріндегі ритмикалық және ауызша (словесное) екпін, фразалардағы логикалық екпін, сахна тіліндегі қарқын мен ырғақ мәселелері, репликалардың интонациялық-әуезділікпен берілуі, дауыс ырғағы қарастырылды.
Cөйленістің негізгі мәні интонациялар арқылы беріледі. Ол белгілі бір экспрессияны, түрлі эмоцияларды, сөйлеушінің субъективті қатынасын, оның өзіндік ерекшелігін бір мезгілде сипаттайды.
Лексикалық поэтиканың негізін ауыспалы мағынасы бар сөздер, яғни, «троптар» құрайды. Троптар арқылы шығарманы жоғары көркемдік деңгейге жеткізуге болады. Сондықтан, троптардың мынадай метафора, метонимия, синекдоха, симфора, гипербола, литота, ирония, аллегория, перифраза, образды эпитет сияқты түрлері талданды.
Ал синтаксистік микропоэтикада өзіндік тілдік конструкциялар – синтаксистік фигуралар, синтаксистік құрылымдар – тілді көркемдік тұрғыдан суреттеу қызметін атқаратындығы қарастырылды.
Пьесаның мазмұны – оның мәтінінде. Сондықтан, актер сөз бен қимылды ұштастыра әрекет еткенде ғана, пьесаның мазмұнын тұтас жүйелі түрде жеткізе алады. Сахнада бұл бейвербалды амалдар арқылы іске асырылады. Ұлттық ерекшелікті айғақтайтын сәлем ету, иіліп сәлемдесу, тәжім ету, қол алысып амандасу, оң қолын кеудесіне басып сәлем беру, құшақтасып амандасу, қол алысып, төс қағысып амандасу сахнадағы персонаждардың ең көп жасайтын қимылдары екендігі анықталды. Жалпы актер тіліндегі просодиялық реңктің басым болуы вербалды амалдармен бірге сахналық әрекеттің мәнін ашып, қажетті тонды, колоритті табуға көмектесетіндігі зерделенді.
Кез келген шығарманың прагматикалық әдеуеті оның жанрлық құрылымына тәуелді болатындығы анық. Жұмыста сол сөз өнеріндегі Бағыт – Түр – Жанр қатынасы қарастырылып, драматургиялық шығармалардың табиғатына жалпы шолу жасалды. Қазақ драмалық шығармаларында диалогтың мынадай: қостау (унисонный) диалогы – екі сөйлеуші де бір-бірінің пікірімен келісіп, бірін-бірі толықтырып отыратын; полемикалық (қақтығысты) диалог – сөйлеушінің бірі екіншісінің сөзін қақпайлап, сөзбен қақтығысып келетін; анықтау диалогы; эмоционалды қарсылықты диалогы; сұрақ-жауап диалогы (сұрақтардың алмасуын, дұрыс жауапты білдіреді); сұраққа кері реакцияны білдіретін диалог; жауапқа қарама-қарсы сұрақ бағыттау диалогы; сұраққа модальдық әсерді (сөздің шындыққа қатынасын, өзгерісті) білдіретін диалогтың түрлері талданды.
Көркем диалог түрлерін саралай келе, олардың қазақ драмалық шығармаларындағы ашық және тұйық түрлері көрсетілді.
Ал монологтық сөйлеуге өзара сөйлесудің мазмұндық, құрылымдық, жеке композициялық құрылымы мен мағыналық аяқталуы бар мәтін үзіктері тән. Драмалық шығармалар құрылымына полилог пен монологті араластыру тек шебер драматургтің ғана қолынан келеді. Монологтық сөйлеудің белгілері жанрлық түрлерден (көркем монолог, шешендік өнер, ауызекі сөйлеу тілі т.б.) және функционалды-коммуникативтік (хабарлау, талдау, көз жеткізу т.б.) қатынастардан көрінеді. Монологтың лирикалық, ішкі, драмалық, хабарлау, көркем (шешендік) монолог түрлерін қарастырдық.
Ремаркалар – драмалық шығармалар мәтіндерінде монологтармен және персонаждар репликаларымен тұтастықта жүретін композициялық-стилистикалық бірліктердің ерекше түрі. Ремаркалардың негізгі қызметі автордың интенциясын білдіру болып табылады. Яғни, ремаркалар драмалық шығармалардың интерпретациясының адекваттылығын айқындайтындықтан, олардың қызметі жан-жақты талданды.
Драма тіліндегі сөз өнерінің кеңістігі екі негізгі тілдік-композициялық қабаттан тұрады. Оның біріншісі, персонаждардың қарым-қатынасын қамтитын диалогтық формада іске асса, екіншісі, түрлі тілдік құрылымдардан тұратын автор-драматургтың көзқарасын айқындайтын өзіндік «мені» арқылы жүзеге асырылады. Яғни, драмалық шығармалардағы диалогтардың тұтастығын танытатын бірінші фактор – екі адамның арасындағы әңгімелесуде репликалардың орналасуы болып табылады. Мұның сахна тілі үшін маңызы зор. Репликадағы сөздің құнарлылығы, оның прагматикалық потенциалының жоғары болуы адресатқа белсенді ықпал жасайды. Осы мақсатта, аталмыш кезең драматургтерінің өздеріне ғана тән сөз мәнері, жазу машығы (идиолекті) айқындалды.
Драмалық шығармалардағы репликаларды жанрына, түрлеріне, қызметіне қарай бірнеше түрге бөліп, ақпаратты тура мағынасында білдіретін репликалар; модальдық репликалар; кейіпкердің қандай да бір ішкі күйзелісін білдіретін репликалар; түсіндіру қызметін атқаратын репликалар; «символикалық» мазмұнды білдіретін репликалар деп қарастырдық.
Драмалық шығармалардың поэтикалық табиғатына сай драматург кейіпкерлерінің сөзі арқылы олардың ойы мен жан-дүниесінің терең қатпарын толық ашып көрсеткендіктері, ол үшін суреткерлердің бірде тілдік тұлғалардың экспрессивтік-эмоционалдық бояуларын қолданғандықтары, бірде сөздің мағыналық жақтарымен қатар түрлі көріктеуіш тәсілдерді, интонациялық өзгерістерді, лексикалық, синтаксистік қайталауларды ұтымды пайдаланғандықтары прессупозиция тұрғысынан дәлелденді.
Драма тіліндегі даралық көркем стильді саралау мақсатында, шығармалардағы тілдік бірліктерге лингвоэстетикалық, лингвопоэтикалық талдаулар жүргізілді. Ондағы әр сөздің поэтикалық астарына мән беріліп, сезімге етер әсерлері айқындалды.
М. Әуезов пен Ғ. Мүсіреповтің метафоралық стильдің шебері екендіктері бағамдалды.
Сондай-ақ, интонацияның фонетикалық, коммуникативтік, стилистикалық, синтаксистік, эмоционалды-экспрессивтік, мағына ажыратушылық қызметінің барлығы сахна тілінде айқын көрініс табатындығы көрсетілді.
Драмалық шығармалар тілінде қайталамалардың өте белсенді қолданысы мәтін түзу және мәтін дамыту қызметтерін де атқаратындығы көрсетілді.
Драмалық шығармалар тілінде суреткерлердің индивидуалды-психологиялық, логикалық-позитивтік тұрғыдан дүние бейнесін таңбалап, терең суреттеулері негізгі ұлттық концептілер арқылы талданды.
Сонымен қатар, қазақ драмалық шығармаларындағы кісі есімдері мен жер-су атауларындағы тілдік белгілер мен ондағы этномәдени мазмұнның халықтың материалдық және рухани мәдениетін танытудағы рөлі сараланып, драмалық шығармалардағы кісі аттары, кейіпкердің тағдырымен үндес келетін көркемдік астарлы символды көрсететіндігі зерделенді. Суреткерлердің кейіпкер есімдері арқылы парадокс, алогизм тәрізді астарлы мағына тудырғандықтары мысалдар арқылы талданды. Кейіпкер есімдерінен авторлық ұстанымды, құпия кодты анықтауға болады.
Драмалық шығармалардағы фразеологизмдердің көркемдік сипаты, қолданылу тәсілдері, яғни поэтикалық, стильдік сырына тән заңдылықтар қарастырылды.
Қос үнді сөз кең мағыналы, көп тармақты күрделі құбылыс болғандықтан, онда дербес стильдік тәсіл, психологиялық бейнелеу тәсілдері қолданылатындықтан, драмалық шығармалар тілінде де қос үнді сөздің элементтері кездесетіндігі анықталды.
Қысқасы, сахна тілінің эстетикалық қызметі, тіл мәдениетінің қайнар көзі, тіл ұстартудың ұстаханасы – сахнада көрініс табады.
Ал поэтикалық драма дегеніміз – тілдің бай бейнелеуіш құралдары негізінде туатын, терең мағыналы көркем мәтін болып табылады.
Cонымен, зерттеу еңбекте қазақтың классикалық драмалық шығармаларындағы тілдік-бейнелеуіштік құралдардың поэтикалық қолданысы, сахнадағы сөз өнері мен тіл мәдениеті сараланды. ДШ-ның дискурстық сипаты, ондағы тілдік тұлғаның рөлі анықталды. Сахнадағы билер дискурсының прагматикалық әлеуеті, драмалық мәтіндердің энергетикалық қуаты бағамдалды. Театр мен теледидар тілінің ерекшелігі сараланып, олардың арасындағы аудиториялық байланыс көрсетілді. Драмалық шығармалардың фонетикалық, лексикалық, синтаксистік микропоэтикасы мен макропоэтикасы айқындалып, бейвербалды қатынас құралдарының ұлттық сипаты ашылды. ДШ-ғы диалогтың, полилогтың, монологтың құрылымдық-семантикалық жүйесі, ремаркалардың, репликалардың қызметтері көрсетілді. Қазақ классикалық драмалық шығармаларындағы авторлардың жеке қолтаңбасы (идиоcтилін) айқындалып, персонаждардың пресуппозициясы талданды. Сахна тіліндегі поэтикалық метафоралар мен фразеологизмдердің, негізгі концептілердің, қайталамалардың ерекшеліктері, қос үнді сөздер мен экспрессия құбылысы сараланып, сахна тіліндегі интонацияның бағалауыштық-экспрессивтік қызметі айқындалды. ДШТ-гі антропонимдер мен топонимдерді зерттеу арқылы авторлық ұстаным, кодталған ұғымдар ашылды.
Қорыта келгенде, біз талдаған 20-50 жылдардағы драмалық шығармалардың тілі, сол кезеңнің шындығын, қазақ халқының тұрмысын, әлеуметтік жай-күйін қазақтың көркем тілі арқылы жеткізген қайталанбас туындылар болып есептеледі. Сондықтан өткен күннің бір белгісі болып табылатын драмалық шығармаларды тіліміздің байлығын танытатын құндылық ретінде қарастырып, ұлттық дүниетаным тұрғысынан екшеп, тәуелсіз ғылым шеңберінде зерделеуге тырыстық.
Достарыңызбен бөлісу: |