А. О. Тымболова драмалық шығармалардың лингвистикалық поэтикасы Алматы, 2013 А. О. Тымболова драмалық шығармаларды лингвистикалық поэтикасы



бет2/95
Дата06.10.2023
өлшемі1,66 Mb.
#113256
түріМонография
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   95
Байланысты:
Лингвистикалық поэтика. Монография

I ТАРАУ


Драмалық шығармалардың лингвопоэтикалық интерпретациясы


Драмалық мәтіндердің поэтикалық ерекшеліктері

Бүгінде тіл мен әдебиеттің, тіл мен мәдениеттің байланысын тілдік тұлғалар арқылы ұлт санасымен ұштастыра қарастыратын бағыт, әдеби тілді дамытушы жеке тұлғаның тілдік ерекшелігін когнитивтік лингвистика және лингвомәдениеттану аясында зерттеу арқылы оның терең қырларын ашуға өз септігін тигізуде.


Осы тұрғыдан алғанда, драмалық көркем мәтінді лингвостилистикалық, одан кеңірек сипаттасақ, лингвоэстетикалық бағыттағы талдаулардың күрделілігі, пьеса мәтінінің көркемдік-композициялық негізін құрайтын тілдік қабаттардан көрінеді.
Лингвистикалық поэтиканың мәртебесін анықтау үшін, алдымен оның зерттеу нысаны мен пәнін айқындау, негізгі түсініктері мен мәселелерін, мақсат-міндеттерін, байланысын, басқа ғылым салаларымен қарым-қатынасын көрсету, олардың ара-жігін ажырату қажеттігі де бұл мәселенің өзектілігін айқындайды.
Жалпы алғанда, поэтикалық тіл – тарихи және эстетикалық категорияға жататын құбылыс. Ол өзінің тарихи қалыптасу барысында түрлі дәуірлер мен әлеуметтік жағдайларды бастан өткерсе де, эстетикалық тұрғыдан барлық сөйлеу тілінің құрылымдық деңгейдегі және тілдің барлық сапасының тұтастай қолданылғандағы болмысын сақтайды. Бұған эстетикалық сөйлеу тіліне бағытталған ритмикалық, фондық, әуенділік, фономорфологиялық, синтаксистік, лексика-семантикалық, фразеологиялық, динамикалық, образдылық, т.б. қасиеттер мен элементтерді жатқызуға болады. Демек, поэтиканың мақсаты – шығарма құндылығынан эстетикалық әсерленуді қалыптастыруға қатысатын мәтіндегі элементтерді айқындау, жүйелеу болып табылады.
Лингвистикалық поэтика туралы орыс тіл білімі ғылымында біршама зерттелді. Лингвопоэтика терминін жүйелеп, лингвистикалық – поэтикалық –
эстетикалық бағытта алғаш А.А. Потебня, М.М. Бахтин, В.В. Виноградов,
Т.Г. Винокур, Г.О. Винокур, М.В. Жирмунский, В.В. Одинцов, О. Якобсон, Ю.Н. Караулов, М.Я. Поляков, В.П. Григорьев, Ю.М. Лотман,
Б.А. Ларин, Н.А. Кожевникова, Г.Г. Гельгард, П. Грайс, Н.Д. Арутюнова,
Х.Р. Курбатов, Г.С. Нуриев, т.б. зерттесе, қазақ тіл білімінде Р. Сыздық,
Г.Н. Смағұлова, Б. Шалабай, К.К. Ахмедьяров, Б.Қ. Момынова,
А.Б.Салқынбай, Г.Әзімжанова, т.б. талдаулар жасады.
Ал сөйлеу мәдениеті, сахна тілі, сөйлеу техникасы мәселелерін
К.С. Станиславский, А.Н. Петрова, Е.Ф. Саричева, В.И. Немирович-Данченко, Н.В. Черемисина, Т.А. Ладыженская, т.б., қазақ зерттеушілерінен М. Балақаев, Н. Уәли, З. Базарбаева, М. Байсеркенов, Ә. Сығай, А. Құлбаев, Д. Тұранқұлова,
Г. Қосымова т.б. зерттеді.
А.А. Реформатскийдің «Лингвистика и Поэтика» (1971),
В.П. Григорьеваның жалпы редакциялық басқаруымен жарық көрген «Лингвистика и Поэтика», «Поэтика слово» (1979) атты зерттеулер жинағы, Г.О. Винокурдың «Филологическая исследования. Лингвистика и поэтика» (1990), тағы басқа қомақты зерттеулер қатары көркем шығарма тілін лингвистикалық поэтика тұрғысынан қарастыруға арналған.
Сонымен қатар, А.А. Потебняның «Теоретическая поэтика»,
Г.О. Винокурдың «Чем должна быть научная поэтика», А.Н. Веселовскийдің «Историческая поэтика», В.В. Виноградовтың «Поэтика и риторика»,
Р. Якобсонның «Работы по поэтике», Б.А. Успенскийдің «Поэтика композиции» т.б. еңбектердің атауларының өзінен-ақ орыс ғалымдарының поэтикаға қаншалықты көңіл бөлгендіктері көрінеді. Бұдан лингвистикалық поэтиканың тіл білімі ғылымы үшін де, кең көлемде синкретті гуманитарлық ғылымдар үшін де маңызды екендігі байқалады.
Бұлардан басқа лингвопоэтиканы М.Л. Гаспарова, Ю.Н. Караулов,
Н.А. Кожевникова, О.Г. Ревзина, И.И. Ковтунова және т.б. ғалымдар зерттеді. Ал оның құрылымдық-жүйелілік жағын Ю.М. Лотман, С.Т. Золян,
О.И. Северская, С.Ю. Преображенский, Ю.К. Щегловалар қарастырды. Әсіресе ғалымдар көркем тілдің мағыналық жағына баса назар аударды. Көркем шығармаларды мағыналық тұрғыдан көп зерттеген ғалым В.В. Виноградовты, поэтикалық интегратор ретінде Д.Е. Максимовты, көркем мәтіннің ассоциативті-мағыналық аумағын қарастырған Н.С. Болотнова, т.б. атауға болады.
Ал драматургия тілін зерттеуге XX ғасырдың II-жартысынан, көркем әдебиет тілін жете зерттеуге бағытталған еңбектерден кейін көңіл бөліне бастады.
Т.Г.Винокурдың 1977 жылы жарық көрген «О языке современной драматургии» атты еңбегі XX ғасырдың 60-70 жылдарындағы орыс драматургиясының тілдік-стилистикалық ерекшеліктерін қарастырған алғашқы толыққанды жұмыс болып есептеледі. Демек, жалпы поэтика мәселесі, оның ішінде драма тілінің поэтикасы зерттеуге зәру мәселелердің бірі.
Драмалық шығармалар тілін фонетикалық, лексикалық, грамматикалық, семантикалық негізде, олардың функционалдық-семантикалық, лингвопоэтикалық өзгешеліктерін шығарманың идеялық және эстетикалық түзілісімен тығыз байланыста, бірлікте, жүйелі түрде қарастыру – қазақ тіл білімі ғылымында өзекті мәселелердің бірі екендігі даусыз.
Қазақ драмалық шығармалар тілін зерттеу мәселесін ең алғаш көтерген ғалым Х.М. Нұрмұқанов болды. Автордың 1969 жылы жазылған «М. Әуезов драмалық шығармаларының эмоционалды-экспрессивті лексикасы» атты кандидаттық жұмысы драмалық шығармалар тілін зерттеуге тұңғыш түрен салғанымен, одан бергі уақытта сахна тілін толыққанды зерттеген еңбектер жоқтың қасы деуге болады.
Бұл еңбегінде автор М. Әуезов пьесаларының тілін сөздердің лексикалық тура мағынасынан көрінетін эмоционалдылық пен экспрессивтілік аясында синоним, омоним, антоним, алогизм, оксюморон, архаизмдер, неологизмдер, варваризмдер, диалектизмдер, табу түрлерін талдайды. Сондай-ақ, сөздердің ауыс мағынада және бейнелі қолдануынан көрінетін эмоционалдылық пен экспрессивтілікке метафора, эвфемизм, кейіптеу, метонимия, синекдоха, символ, аллегория, сарказм, литота, эпитет, теңеу түрлерін топтастырып қарастырады [3, 97-301 бб.].
Ал театр өнеріндегі қазақ сахнасының тілі туралы жазылған зерттеулерден
Д. Тұранқұлованың «Сахна тілі» (1998), «Сырлы сөз – сахна сәні» (2003) еңбектерін ерекше атауға болады. Бұл оқу құралдары қазақ театрындағы тіл өнерінің тууы мен қалыптасуын, қазіргі сахна тілінің өзекті мәселелерін, дикция, тыныс, дауыспен жұмыс істеудің түрлі әдіс-тәсілдерін, қара сөзбен және өлеңмен жазылған шығармаларды сахна тіліне негіздеп қолданудың ерекшеліктері жайында жазылған бірден-бір еңбек болып табылады.
Сондай-ақ, біздің тақырыбымызға жуықтайтын еңбектердің тағы бірі –
А. Зекенованың «М.О. Әуезовтің драмалық шығармалары тілі лексикасының квантитативтік-стильдік сипаты» (1992) атты зерттеу жұмысында М. Әуезов пьесаларының тіліне тұңғыш рет статистикалық тәсілді қолдану арқылы жазушының лексикалық, әрі морфологиялық сөз қолданысындағы өзіндік ерекшеліктері айқындалып, басқа жанрдағы еңбектерімен салыстырыла қарастырылады.
Драматургия жанрын жан-жақты талдаған академик З. Қабдолов драма туралы Г. Белинскийдің мына бір сөзін басшылыққа алады: «Драма – эпос пен лириканың қосындысынан туған «үшінші, тірі, өз алдына бөлек», аралық әлем – «поэзияның жоғарғы тегі, өнердің биік өрі». Яғни, әдебиетте үш жанр – эпос, лирика, драма бар десек, соның ішіндегі аса күрделісі драма жанры. Белгілі сөз зергері пьеса тіліне де үлкен мән береді: «Демек, драмадағы ең басты, ең шешуші, ең негізгі нәрсе тіл. Пьесаның күші де, әлсіздігі де тілде; пьесадағы әр сөз мірдің оғындай өткір, көздеген жерге дір етіп тиердей дәл, көкейге саулап құйылардай таза, мөлдір, санаға мықтап дарығандай мағыналы, мәнді болып келуге тиіс. Драма тілі тұжырымды, қысқа, түйінді болады» [4,
352 б.]. Бұл пікір сахна тілінің басты критерилерінің бірі болуы тиіс.
Әріден бастасақ, драмалық жанр сонау Аристотель заманынан бастау алып, XVIII ғасырға дейін Батыс Еуропа әдебиетінде жетекші рөл атқарып келді. XX ғасырдың басынан бастап қазақ әдебиеті тарихында да драма жанры өркендей бастады.
Шығарманың көркемдігі тілінде. Сахна тіліне поэтикалық қасиет тән. Әлем әдебиеттерінен осы поэтика ұғымының астарын іздесек, оның біршама даму кезеңдерін бастан кешіргенін көреміз.
Алғашында поэтика термині тек поэтикалық (образды) тілдің мағынасында ғана жұмсалды, келе-келе ол мәтіннің бүкіл құрылымын қамтитын кең ұғымда қолданыла бастады. Бұл туралы татар ғалымы Г.С. Нуриев: «Негізінде поэтика стилистиканың аясында ғана қарастырылып келді, алайда соңғы кездері ол филология саласында өзіндік мәртебеге ие болды»,-деп жазады [5, 24 б.].
Сондай-ақ, бүгінгі таңда лингвопоэтиканың да өзіндік мәртебесі айқындалды. Лингвопоэтика туралы В.В. Виноградов: «...исследует исторические закономерности формирования разных типов словесно-художественных структур как целостных эстетических единств» [6, 206 б.],-деп көрсетеді.
Лингвистикалық тұрғыдан саралағанда поэтикалық мәтін ең алдымен жүйе ретінде қарастырылады. Поэтикалық мәтін ерекше тілдік шығарма ретінде статикалық аспектісінде бірегей тілдік жүйені, яғни тілдің эстетикалық қызметін түзеді. Ал тілдің басқа функциялары соған қызмет етеді. Мәтінді жүйе ретінде қарастыру а) поэтикалық мәтіндегі тілдік және тілдік емес тұлғаларды анықтау, ә) оның құрылымындағы көркемдеуіш құралдардың қызметі мен мәртебесін айқындау, б) мәтіннің эстетикалық жүйе ретінде қызмет ету тетіктерін, динамикалық аспектісін зерттеу мәселелерін қамтиды.
Поэтикалық мәтіннің негізгі түсінігі болып эстетикалық жүйе ретіндегі сыртқы формасы – әлемді поэтикалық тұрғыдан тану; образды ашудағы ішкі формасы – эстетикалық табиғатын саралау болып табылады.
Поэтикалық мәтіннің семиотикалық интерпретациясы оның жүйелілігінен және мәтіннің мазмұндық кеңістігін құрайтын функционалды лексика-семантикалық өрісі, мағыналық көпқырлылығы парадигматикасының мәнін айқындаудан туындайды.
Жалпы поэтика (гректің «өнер» деген сөзінен шыққан) терминінің өзіне тоқталсақ, ол екі ұғымда қолданылады: 1) шығармалардың стилистикалық құрылымы мен әдеби эстетикалық жиынтығынан тұратын әдебиетке және өнерге тән (кино, театр) жанрлардың ішкі құрылымын, олардың компоненттерінің құрылымдық жүйесін, өзара қарым-қатынасын зерттейді; 2) сөз өнерін, әдеби түр мен жанрдың жалпы заңдылықтарын қарастырады. Яғни, әдебиеттің жалпы құрылымдық-типологиялық заңдылықтарының жүйесін, тұрақты әдеби-көркем формалардың жіктелуін, жасалуын, олардың эволюциялық және тарихи қалыптасу заңдылықтарын зерттейді.
А. Квятковский «Поэтический словарь» (1966) еңбегінде поэтикаға мынадай анықтама береді: «Поэтика көркем шығармалардың құрылымдық формасы мен осы формалардың жаңа мазмұнының әсерінен болатын өзгерістерінің тарихи заңдылықтарын зерттейтін ғылым. Ерте кездегі зерттеушілер поэтиканы белгілі бір әлеуметтік-философиялық бағытқа немесе мектепке байланысты ондағы стилистикалық принциптердің нормативті болуы тиіс деп есептеген. Мұндай антикалық поэтикалар Аристотель мен Горацийдің, батыста – Н. Буалоның, Г. Лессингтің, ресейде – В. Тредиаковский мен
М. Ломоносовтың еңбектерінде көрініс табады. Мұндай нормативті элементтер белгілі бір әдеби бағыттар мен ағымдарда және жекелеген ақындар поэтикасында кездеседі».
Ал поэтикалық этимологияға (Г. Винокурдың термині): «Өлең құрылымының дыбыстық бірлігін баса көрсету үшін, фонетикалық жақын сөздерден іріктелген, екі немесе үш дыбыстық параллелизмнің түрі дейді. Мұндай іріктелген аллитерациялық сөздер өлеңге ерекше ассоциациялық өң береді. Дыбысталуы жақын сөздердің тосын қолданысы өткір ассоциациялар тудырып, мағынаның күңгірттенуіне әкеледі. Поэтикалық этимологиялық қолданыстар сөздердің дыбысталуының ішкі формасына қызығушылық танытқан 20 ғасырдағы орыс поэзиясында пайда болды. В. Вундтан кейін кейбір әдебиетшілер бұл құбылысты дыбыстық метафора (Б. Томашевский) деп атап жүр»,-деген анықтама береді [7, 222 б.].
1987 жылы жарық көрген «Литературный энциклопедический словарь» еңбегінде поэтика ұғымдарына мынадай анықтамалар беріледі: «Поэтика – әдебиеттің құрылымын, жанрлар мен түрлерді, ағымдар мен бағыттарды, стиль мен әдістерді, көркемдік тұтастықтың түрлі дәрежедегі қатынастары мен ішкі байланысының заңдарын зерттейді. Әдебиеттегі көркемдік құралдар тілге байланысты болатындықтан, поэтика тілдік құралдардың көркем қолданысы туралы ғылым болып табылады. Поэтиканың мақсаты мәтіндегі эстетикалық әсер туғызатын элементтерді жүйелеу және айрықша көрсету».
«Поэтикалық тіл – поэзия тілі немесе өлеңмен жазылған шығармалардың тілі. Тілдің поэтикалық (эстетикалық) қызметі, коммуникативтік тілден бөлек, көркем әдебиет тілінде нақты жүзеге асырылатын тіл». «Поэтикалық еркіндік – (вольность поэтическая) классицизм поэтикасындағы өлеңде тілдік дублеттік формаларды (ырғақ пен ұйқас үшін) қолдану»,-делінген [8, 69 б.].
Ал қазақ тіліндегі еңбектерден Ғ. Қалиевтың «Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігінде»: «Поэтикалық тіл – поэтикалық, көркемдік, эстетикалық қызмет атқаратын тіл. Поэтикалық тіл ұғымы алғашында поэзия тіліне қатысты болғанымен, кейін жалпы көркем әдебиет сапасын білдіру мәнінде «Көркем тіл» тұрғысында жұмсала бастады. Қазақ филологиясында поэтикалық тіл теориясының негіздері М. Әуезов, Қ. Жұмалиев еңбектерінде талданған» [9, 252],-деп көрсетеді.
Әр түрлі кезеңдердегі түрлі әдебиеттерде поэтикалық шығармашылыққа сөз өнерінің алуан түрі жатқызылып келді: олар – өлең, новеллалар, драмалар т.б. Сондықтан, «поэтика дегеніміз не?» дегенде алдымен «өлең» ұғымын түсініп алу керек.
«Поэзия» - өнер туындысы. Поэтика осы поэзияның қандай формада болмасын (проза, өлең, драма) шынайы құрылымдық композициясының ерекшеліктерін зерттеу болып табылады.
Шығарманы талдағанда, оның ішкі қатпарына барлау жасалады. Яғни, шығарманың бүкіл микроорганизміне терең бойлау керек. Поэзиялық шығармаларда мазмұндап айтар сюжет жоқ болғандықтан, оның мазмұны тек поэтикалық сөзінде, құрылымында. Сөз образы, композициялық құрылымы арқылы ақын философиялық, эстетикалық үлкен ойды білдіреді.
Поэтикалық тілдегі көркем образ жалпыхалықтық тілдің негізінде туады, қалыптасады, дамиды, өмір сүреді. Образдылық тілге экспрессивті реңк үстейді, көз алдыңызға картина әкеледі. Г.О. Винокурдың пікірінше, әдеби шығармалар тіліндегі болсын, көркем сөйлеу тілі болсын, бәрі образды.
Сондай-ақ, профессор Б. Шалабай поэтикалық тілдің ауызекі тілден айырмашылығын былай деп ашып көрсетеді: «Поэтикалық тіл практикалық тілден өзгеше, бейнелеудің сыртқы формасына айрықша көңіл бөлетін ерекше қолданыстағы жанды тіл. Поэтикалық тіл көркем шығармашылықтың баламасы [10, 40 б.].
Тілдің осы көркемдік қызметі туралы М.Н. Кожина былай дейді: «Тілдің поэтикалық қызметі, функционалды-стилистикалық тұрғыдан алғанда, оның құрылымы образды-поэтикалық ойлаудың көрінісіне бағытталады» [11, 206 б.].
Филологияның ерекше бөлімі лингвопоэтика – көркем шығармадағы эстетикалық әсерді және идеялық көркемдік ойларды жүзеге асыруға қажетті тілдік құралдарды қолданудың жиынтығы болып табылады.
В.А. Задорнованың анықтамасы бойынша: «цель лингвопоэтического анализа заключается в том, чтобы определить, как та или иная единица языка (слово, словосочетание, синтаксическая конструкция) включается автором в процесс словесно-художественного творчества, каким образом то или иное своебразное сочетание языковых средств приводит к созданию данного эстетического эффекта»,-дегенді білдіреді [12, 59-60 бб.].
Сонымен, «лингвопоэтика» термині екі қарама-қарсы бағыттағы зерттеулерден тұрады:
біріншісі, шығармадағы көркемдік қолданыстың тақырыптық- стилистикалық табиғатының мүмкіндігі қандай екендігін көрсетсе;
екіншісі, жеке көркем мәтіндегі зерттеулердегі формальды тілдік элементтердің рөлін анықтауға бағытталып, мазмұнның идеялық-көркемдік тұрғыдан берілуін және эстетикалық әсердің қалыптасуын анықтау болып табылады. Алайда екі талдаудың негізінде де мәтінді бір мезгілде формальды және мазмұндық жағынан қарастыру көзделеді.
Мәтін лингвопоэтикасының ортақ мәселелері қазірге дейін кешенді түрде шешілген жоқ. Оған поэтикалық мәтіннің дыбыстық ұйымдастырылуын, образдардың семантикасын, метафоризациядағы тілдік механизмдерді, т.б. жатқызуға болады.
Лингвопоэтикалық талдаулардың аясында қарастырылатын барлық авторлық тілдік құралдар біртұтас бола бермейді, олардың кейбір бөлігі эстетикалық әсер тудыратын, қосымша тілдік құралдарды иеленеді. Тілдегі әсер ету қызметін атқаратын тілдік бірліктерді қарастырғанда, лингвопоэтикалық немесе лингвостилистикалық, яғни оның функционалды-силистикалық қыры анықталуға тиіс.
Осы ретте барлық мәтіндер лингвопоэтикалық талдауларға жата ма деген сұрақ туындайды. Көркем мәтіндер жалпы және тұтастай алғанда, оқырманға эстетикалық әсер етуге қабілетті. Олар бірдей мөлшерде болмаса да, эстетикалық құндылықтарды иеленеді. Мұндай жағдайда мәтін көптеген тілдік көзқарас тұрғысынан эстетикалық құндылықтары даусыз, толық нейтралды болады. Мұндағы эстетикалық әсер тілдік ұжымның «о прекрасном и безобразном, возвышенном и низменном, трагическом и комическом и т.п.» талабына жауап беретін және оны дамытатын, яғни «эстетикалық құндылықтардың нақты көрінісі» [13, 373 б.] болып табылатын мәтіннің композициялық ерекшелігімен байланысты.
Ал мәтіннің композициялық құрылымына Л.И. Тимофеев пен С.В. Тураев мынадай анықтама береді: «Композиция построение художественного произведения, определенная система средств раскрытия, организации образов, их связей и отношений, характеризующих жизненный процесс, показанный в произведениий» [14, 153 б.].
Лингвопоэтикалық талдаулар мәтіннің эстетикалық құрамын талдауға қарағанда, тар ұғымда таза тілдік зерттеулер пәнін құрайды. Ал эстетикалық талдаулар мақсат-міндетінің ауқымдылығына қарай лингвопоэтиканың шеңберіне сыймайды. Эстетикалық әсер оқырманға стилистикалық маркерленген тілдік бірліктердің, көптеген факторлардың әсерінен беріледі. Бұл бірліктер лингвопоэтикалық және эстетикалық маңызды құрам иеленіп, әсер ету қызметін атқарады.
Сөз өнерін лингвистикалық зерттеу екі бағытта болуы ықтимал дедік:


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   95




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет