Драмалық шығармалар тіліндегі поэтикалық фразеологизмдер
Драмалық шығармалар тіліндегі бейнелі бай фразеологиздер легі аталмыш жанрдың поэтикалық көзі болып табылады.
Қазақтың драмалық шығармалары тек ұлттық негізде құрылуы тиіс. Жаһандану үрдісіне жұтылып бара жатқан ұрпаққа қазақ ұлтының мәдени өмірінің ерекшеліктері ретінде танылатын тілдік бейнелі сөз оралымдарының табиғатын танып-білудің маңызы ерекше.
Драмалық шығармалар тіліндегі фразеологизмдер экспрессиясы күшті поэтикалық құрал ретінде қолданылады. «Қазақ тіліндегі паремиологиялық, фразеологиялық қордан ұлт өмірінің менталдық таным ерекшелігі және тұрмыс-тіршілігінің мәдениеті байқалады. Әр ұлттың өзіндік танымын танытатын стеротиптері оның ғасырлар бойы қалыптасқан мақал-мәтелдері мен фразеологизмдерінде жатыр. Сондай-ақ, тілдегі көркем де бейнелі сөз орамдары фразеологизмдер әдеби тілдің байлығы және тіл мен сөйлеу мәдениетінің көрсеткіші» дейтін пікірі сахна тіліне де қатысты [183, 117 б.].
Бейнелі сөз оралымдары, шешендік сөздер, мақал-мәтелдер халқымыздың рухани, моральдық әдебі ғана емес, сонымен бірге мәдениетіміз бен әдебиетіміздің бай тарихы, ізгі дәстүрі, асыл қазынасы, ұрпақтан-ұрпаққа қалар мирасы.
Қазақ халқының өзіндік ерекшеліктерін көрсететін, салт-дәстүр айырмашылықтарын айғақтайтын тілдік тұлғаларын таныту, талдау тіл арқылы ұлт мәдениетін таныту болып табылмақ. Бұған академик Ә. Қайдардың «Бүгінгі фразеологизм, мақал-мәтел деп жүрген тұрақты тілдік бірліктердің басым көпшілігі бір замандағы күнделікті қарапайым тіршіліктің, құбылыстың, шаруашылықтың, кәсіпшіліктің өзара қарым-қатынасының нәтижесі ретінде қалыптасқан тілдегі көрінісі» [172, 102 б.],-деуі дәлел. Демек, тіліміздегі тұрақты тіркестер халқымыздың ұлттық ерекшелігін бойына сіңірген басты мәдени байлығымыздың бірі.
Сондай-ақ фразеологизмдер тілдік қорды байытатын суретті сөз тіркестер екенін ескерсек, адам ойын әсерлі жеткізу амалдарын жүзеге асырудағы таптырмайтын тілдік әрі көркемдік құралдардың бірі болып табылады.
Драмалық шығармалардағы фразеологизмдер көркемдік сипаты, қолданылу тәсілдері жағынан қарастырылмай келеді. Демек, драма тіліндегі тұрақты тіркестердің табиғаты, сыртқы тұлғалық сипаты мен мағыналық сыры, көркемдік қыры мен бейнелеу тәсілдері толық анықталды деп айта алмаймыз. Сондықтан, драмалық шығармалардағы тұрақты тіркестердің тілдік, әсіресе, поэтикалық, стильдік сырын ашып, оның табиғатына тән заңдылықтарды анықтау қажет.
Драмалық шығармалар тіліндегі фразеологизмдер экспрессиясы күшті поэтикалық құрал ретінде қолданылады. «...жеке суреткер тіліндегі образды фразеологизмдердің типтерін, олардың көп-аздығын, ескі-жаңаларын түгендеу үстінде автордың байырғы қазынаны қаншалықты игеріп, кәдеге асырғанын, қаншалықты жаңаларын ұсынғанын көруге болады, осының бәрі шығармашылық контекст немесе авторлық даралық талғаммен ұштасады, суреткер тіліндегі фразеологизмдер әлемі оның поэтикалық тіл арқылы көрінетін дүниетанымын, көркемдік әлемін, тілді игеру қасиетін көрсетеді» [22, 123 б.],- дейді Д. Әлкебаева.
Пьесадағы әр сөз мірдің оғындай өткір, мағыналы да мәнді болуы шарт.
Халқымыз көкейге қонымды көркем, алуан түрлі орамды сөз мәйегін орнымен дұрыс пайдаланып отырған. Жазушы да өзінің сөз қорын молықтыру үшін жалпы халықтық тілдің телегей-теңіз бай қазынасын, мүмкіндігінше молырақ игеруі, оның қилы-қилы әрі қызық құбылыстарын жете түсінуі, әр сөздің мәні мен мағынасындағы ұлан-ғайыр өзгерулер мен өңдеулерді, ауысулар мен алмасуларды, құбылулар мен құлпыруларды дәл аңғара білуі қажет. Сонда ғана суреткер жүректен шыққан сөзін, сан мыңдаған жүректерге жеткізе алады.
Поэтикалық сөздің мағынасы контекспен анықталады. Бұл ретте оқырман немесе көрермен сөздердің ғана мағынасын танып қоймайды, сонымен бірге олармен байланысты синонимдер мен омонимдердің мағынасын да саралайды. Сөз тек қана өзінің жеке мағынасына ғана ие болып қоймайды, фонетикалық, лексикалық, этимологиялық жағынан өзара байланысты басқа сөздердің де мағынасын айқындап тұрады. Сол себепті, драма тілін зерттеу үшін, лингвистикалық білім сөздердің мағынасымен, олардың модификацияларын қарастыратын лексикология саласында қажетті.
Мәселен, Абайдың поэтикалық тілінде көзге түсетін ең үлкен құбылыстың бірі – фразеология саласында болды. Фразеологизм дегеніміз – тұнып тұрған образ, ал өлең сөз – поэтикалық образдар әлемі десек, бұл қазына қазақтың Абайға дейінгі көркем сөзінде де мол болатын. Осы мол дүниені Абай жатсынған жоқ, ал қалған қазақтың біртуар қаламгерлері де керегінше пайдаланып келеді.
Суреткерлер тіліндегі фразеологизмдер әлемі олардың поэтикалық тілі арқылы көрінетін дүниетанымын танытады.
Драматургтер тудырған өзгеріс-жаңалықтарға жаңа тіркестер жасауы жатады. Бұл туралы «Ұлт тіліндегі фразеологиялық қордың осындай авторлық ерекше сөз қолданыстары арқылы тіркестердің жасалуындағы жаңа толықтырулар шын мәнінде басқа мәдениет үлгілерін адамдардың өз қолымен дүниеге әкелуі, олардың қызмет етуімен ортаның өзгеше тіршілікке бейімделуін көрсетеді»,-дейді Р. Сыздықова [184, 162 б.].
Ғ. Мүсірепов пьесаларында тұрақты сөз тіркестерінің құрылымын өзгертіп, жаңаша беру арқылы образдардың экспрессиясын күшейтіп, әсерлі етіп шығарады. Бұған дәлел ретінде Ғ. Мүсіреповтың өзіне жүгінеміз:
Ақан. «Қарауылдың қайран жасы. Қай жеріңде мін бар ед! Аяғы ауыр жүкті ананы Жеті басты жылан болып, Жеті ай қуып, Жер бетіне сыйғызбай, Теңізге әкеп құлатып, Жағасында той жасаған – осылар! (94 б.)
Мұнда драматург аялық білімінің негізіне фольклорды арқау етіп, әдеби тіл дәстүрінен қол үзбей, қазақ поэзиясының дәстүрлі өрнегін жалғастырады.
Авторлық қолданыстағы фразеологизмдер дегенде, көркем шығарма авторлары фразеологиялық тұлғаларды әлдебір идеялық мақсатпен, образды, ситуацияны жан-жақты ашуда көбіне-көп окказионал қолданыстағы тұрақты тіркестерді пайдаланады. Мұндай қолданыстар Ғ. Мүсірепов пьесаларында да тұнып тұр. Мәселен,
Ақан. «Қу, моладай күңіреніп?... Жүрегімді қанға былғап, Шаңға аунат та, Төбетіңнің біреуіне тастай бер» (104 б.).
Бұл жерде автор қу моладай құлазып, жүрегі қан жылап дегенді жүрегім қанға былғанған деген параллель эллипсис арқылы шарықтау шегіне жеткізіп суреттеген. Сондай-ақ, ситуация соншалықты нақтыланып, образдылығы сан құбылып, суреттілігі сезім мен бағалау қасиетімен айқын ұштасып жатыр.
Ұлттық өмірдің айнасы болып табылатын фраземалар әлемнің тілдік бейнесін жасауда ерекше орын алады. «Ерекше экспрессивті-бейнелі мағынасымен, номинация тұтастығымен, компонент құрамының жекелігімен, даяр қалпында қолданылу ерекшелігімен, ерекше фразеологиялық тұрақтылығымен айқындалатын фраземалардың іздерін әдет-ғұрыптардан, салт-саналардан және т.б. халықтық таным түрлерінен көруге болады» [185, 118 б.],-деп таниды Р.Ә. Авакова.
Поэтикалық фразеологизмдер стильдік белгілері негізінен функционалды-стилистикалық, эмоционалды-экспрессивті ерекшелігі жағынан және қолдану аясына қарай үш аспектіде қарастырылуы тиіс.
Ең алғаш фразеологизмдердің дені әдеби тіл дамымай тұрып-ақ, сөйлеу тілінің негізінде қалыптасқаны белгілі. Сондықтан, ең алдымен ауызға ілігетіні – ауызекі сөйлеу тіліндегі фразеологизмдер. Олар күнделікті тұрмыс-тіршілікте, сөйлеу тілінің диалог формасында, көркем әдебиеттерде кеңінен қолданыс табатын тұрақты сөз тіркестері. Мәселен, пьесадағы: Сердалі. «Жағамды жайлап, төбеме қыстап келіп ең, қалай болады екен сен де көр! (87 б.)Мұрат. Өзім де аузым қышып қайтып ем, жеткізіп көрейін (83 б.).Ақан. Өлгенім тіріліп, өшкенім жанар күн бар екен ғой әлі де (79 б.), т.б. тұрақты тіркестер жазушының ойын ықшамдап аңғартатын, жинақылықтың үлгісін көрсететін көркемдік құралдар.
Ал қарапайым фразеологизмдер әдетте жағымсыз эмоционалды- эксперессивті мағынаға ие болып, кейіпкерлер тілінде қолданылатын әдеби тілдің нормасына сай емес күнделікті дөрекі тұрақты тіркестер. Мысалы:
Науан. «Ат құйрығын кескенім де... Адасасың, Ақан! Енді кездеспе маған, тұрма жолымда, кездессең рахым күтпессің: қара жерге қағып жіберермін! (78 б.)