Күнікей. Енді Баянның өзінен айрылғаным ба? Алдауға түскен екенсің ғой, ботам... Жасаған, естіртпе бұл қайғыңды... Құлағы құрғырды осыны естіртуге сақтасаң, қазір ал! Көзі құрғырды соны көрсетуге сақтасаң, қазір ағыз! Қара ккүннің де бір соңы болар ма, жасаған!.. Бар қайғыны Баянға сақтамасаң, көтер қара тұманыңды!.. (29 б.) (Ғ.М.)
Қозы. Жасырмашы, жан анам! Бүгін жер бетінде жалғыз-ақ ауыз сөз жүр!.. Ол – Баян!..(21 б.) (Ғ.М.)
Мәтінді мәнмәтіндік вариативті бөлшектеу бірліктеріне диалог, әңгімелеу, суреттеу, ойталқы, қос үнді сөз, цитация жатады. Осы ретте Г. Әзімжанова «Тілдік полифония көркем мәтінге тән: автор сөзі мен кейіпкер сөзінің қиысуы, ұштасуы, олардың модальдық бағаларының иерархиясы. Барлық мәнмәтіндік-вариативті мәтін бөлшектеу бірліктерінде айтылатын ойға, іс-әрекетке, оқиғаға модальдық қатынас байқалады, олар мәнмәтіндік-вариативті мәтін бөлшектеу түрлерінің алмасуына байланысты өзгеріп, жаңа реңктермен толықтырылып отырады. Мәнмәтіндік-вариативті мәтін бөлшектеу бірліктерінің құрылымында модальдылық шеңбер арқылы беріледі» [82, 275 б.],-деп көрсетеді.
Кейбір драматургтер бір персонаждың мінез-құлқын, оның ішкі дүниесін көрсету үшін, екінші персонаждың аузына сөз салып, соған айтқызады. Бұлар қысқа да, терең мағыналы репликалар арқылы жүзеге асады.
Айталық, тұрлаулы мүшелер бірыңғай болғанда, сөйлемнің құрамы жайыла түседі, әйтсе де бұдан сөйлем күрделенбейді. Бастауыш бірыңғай болғанда, олар бір баяндауышты ортақ бағындырады:
Жантық. Жауының, қарың, теңізің, жарың – бәрі тұр алдыңда! Келдің құлар жеріңе! (48 б.) (Ғ.М.) Мұндағы бірыңғай бастауыштар (жауының, қарың, теңізің, жарың) біркелкі лесикалық топ құрайды. Біркелкі бірыңғай мүшелерді жинақтау қызметінде тұрған бәрі тұлғасы ерекше синтаксистік қызмет атқарып тұр. Осындағы бірыңғай анықтауыштар ойды көркем, көрікті етіп жеткізудің тәсілі ретінде де көрінеді.
Кейбір драмалық шығармалардағы персонаждар тілінде өте қысқа берілетін фразалар жекелеген деректерден ғана хабардар етеді. Спектакльдегі бұл тәсіл көрерменге өте күшті әсер етеді. Ал аса күрделі синтаксистік поэтика кейбір жағдайларда ғана, яғни персонаждардың көңіл-күйін, лирикалық сезімін көрсету үшін қолданылады. Мұндай жеке тұлғаларды немесе сөз тіркесін айрықша сөйлемдік интонациямен айту арқылы жасалатын сөздерді атаулы сөйлемдер дейміз.
Жапал. (Биік тас басына шығады. Айналаға көз салып). Шыңғыс! Қара қой тас қан Шыңғыс! Оңда Шыңғыс, солда Шыңғыс... Анда Шыңғыс! (Жан жағына қол созып). Анда Шыңғыс... Анда Шың... Шың? Төбелес, барымта... қуғын... Тағы және шабуыл да сабуыл... Қайран Шыңғыс, күнде осындай жойқын төбе! Жортуылшы. Ай тастай қараңғы... Жау қатты. (14 б.) (М. Ә.)
Осындағы атаулы сөйлемдер болмысты, құбылысты, мезгілді, жаратылысты суреттеуде айрықша стильдік тәсіл ретінде қолданылған. Бұл кейіпкердің тіліне ықшамдылық, көркемдік мән үстеп тұр.
Синтаксистік поэтиканың негізін құрайтын ұзақ диалогтар мен монологтар, біз талдап отырған XX-ғасырдың бас кезіндегі авторларға тән болды.
Ал қазіргі драматургтер заман ағымына, көрермендер талабына орай қысқа фразалы, бір актілі пьесалар жазуда.
Драматургия тілінің жалпы құрылысы персонаждардың мінез-құлқын, олардың арасындағы қақтығыстарын, ойлары мен сезімдерін түрлі образ-құбылыстар арқылы жарқырата көрсетуден тұруы шарт. Сахнадағы түрлі әрекеттерді беруде драматург бір сөйлеммен ғана шектеліп қала алмайды. Сондықтан, бұйрық райлы етістікті лепті сөйлемдерсіз, шылауларсыз, жалғауларсыз, қайталамаларсыз, тілдік конструкциядағы себеп-салдарлы сөйлемдерсіз сахнадағы ширыққан тартысты, түрлі қақтығыстарды беру де мүмкін емес. Мысалы: