Сырым. Я, мен қызғанамын. Мал қызғанбаймын, жер қызғанбаймын, жанып кетсін дүние-мүлік, барлық тірлік – бірін де қызғанбаймын! Бірақ бір сені бар әлемнен қызғанамын, бар дүние көзінен қызғанамын! Қорғағым, қоршағым келеді қанатым астында. Бөтеннің көзінен де қызғанамын. Бұл қызғаныш – табынатын тәңірім бүгін дәл менің! Сен не деп тұрсың? Менен сені айыратын жанның жазығы жоқ – Наршада айып жоқ демексің бе? (106 б.) («Қарагөз»)
Мұнда тұтас ойға қазық болып тұрған бірінші сөйлем. Драматург алғашқы сөйлемдегі ойды кейінгі сөйлемдерде еселей қайталап қолдану арқылы кейіпкер сөзіне экспрессивтік-эмоциялық әсер үстеген. Сырымның таусыла, бар жан-тәнімен ақтарыла, тіршілікті, дүние-мүлікті тәрк етіп, тек Қаразөз деп арпалысқан жан күйзелісін суреткер әсерлі бейнелейді.
Сонымен, микропоэтикада өзіндік тілдік конструкциялар – синтаксистік фигуралар, синтаксистік құрылымдар – тілді көркемдік тұрғыдан суреттеу қызметін атқарады.
2.4 Драмалық шығармалардағы авторлық поэтикалық тілдік қолданыстар және актерлық микропоэтика
Бүгінде жиі қолданылатын «тілдік тұлға» термині XX ғасырдың 80-жылдары пайда болды. Гумбольдт тілді ұлттың мінезі мен рухын бейнелейтін «адам тұрмысындағы ішкі қозғаушы күш» деп сипаттаса, И.А.Бодуэн де Куртэнэ «сөйлеу тілі адамның миында, жадында, ал оның қалған қызметі дүниені танудағы түрлі ассосацияларда көрінеді» дейді. Ал М.М.Бахтин болса, «тілдік қарым-қатынас барлық салада да – даралыққа ие, сондықтан да ол сөйлеушінің дара қасиетін танытады» дейді. «Жеке тұлғаны танытатын тіл ғана»,-дейді Леонтьев (1999).
Нақты тілдік портреттер туралы айтсақ, бұл ұлттық мінез-құлықты танудың жолы, әлемнің ұлттық тілдік бейнесіне тереңдеудің тәсілі болып табылады. «Тілдік портреттер – күнделікті қолданатын тілден өзгеше, өтіп бара жатқан ғасырдың бірегей куәсі» (Караулов, 1994) деп көрсетеді.
Актер – тілдің эстетикалық жүгін арқалайтын шығармашылық тілдік тұлға. Актердің тілдік тұлғасының ерекшелігі – көптеген образдар жүйесін құрайтын тілдік тұлғаларды арттыруында. Бұған қоса актер қауымы тілді түрлендіріп жеткізуге, түрлі рөлдерді әр түрлі ойнауға міндетті.
Жоғарыдағы мәселелерді ескере келе, актердің тілдік тұлғасын айқындайтын екі бағытты көрсетуге болады: 1) Актерді «сөйлеуші тұлға», 2) «шығармашылық тұлға» ретінде қарастыру. Біз актерді екінші бағыт боынша, эстетикалық бағдарға бағынған, тілдік стратегиясы күрделі шығармашылық тілдік тұлға ретінде қарастырамыз. Актер тілі тек интонацияны жетік меңгерумен ғана шектелмейді, мықты актер мәтіннің табиғатын «ішкі түйсік» арқылы сезінуі тиіс. Актер мәтінді жаңадан түзе алмайды. Яғни, актердің орындауындағы мәтіннің номинативті деңгейі сол қалпында сақталуы тиіс, ал коммуникативтік деңгейі сөйлеушінің тарапынан түрленуі мүмкін.
Егер адам тұлға ретінде танылса, ол мәдениетке өзіндік үлес қоса алатын болса, тілдегі бардың бәрі – индивидтің игілігіне жарайды. Бұл түрлі рөлдегі актерге де қатысты. Актер – элитарлы тілдік тұлға. Бізді қызықтырып отырған аспекті де – актерлердің коммуникативтік құралдарды талғап қолдануы. Тілдік бірліктердің фонетикалық-сегментты және супер сегментті құралдары дыбыстық тілдегі ең алғаш назар аудартқан мәселелер болды.
Тілдік портреттерді сипаттау немесе интонациялық-дыбыстық идиолектер Е.А.Брызгунованың еңбегінде көрініс тапса, В.Я.Труфанова интонацияның өзіндік ерекшеліктерінің тілдің мағыналық құрылымына әсерін қарастырады. Фонетикалық нормамен салыстырғанда интонациялық норманың аясы анағұрлым кең.
Сонымен, тіл әрқашан дербес қолданылады. Көп жағдайда ол тілдің көтеретін экспрессивті және эстетикалық жүгіне байланысты қолданылады. Тілдік қарым-қатынастың түрлі саласындағы экспрессивті сәт түрлі мағына мен күшке ие, ол барлық жерде кездеседі.
Жазба мәтіндерді стилистиканың басым қарастыратындығы белгілі. Функционалды стилистикамен қатар, мәтін стилистикасы бұл ғылым саласының негізгі құрылымдық бөліктерін қамти отырып, эстетикалық мәнге ие тұтас көркем шығармалардағы тілдік бірліктерді қамту мәселелерімен де айналысады. Стилистиканың бұл бөлімі «автор образын», персонаждар тілін, диалогтарды, тілдік элементтерді іріктеу, сондай-ақ жазушының тілі мен жеке-авторлық стилін қарастырады.
В.В.Виноградов көркем әдеби тілдің бастапқы деңгейі деп дара тілдік құрылымды, персонификациялы тілді есептейді. В.В.Виноградовтың бұл идеясының астарында «әдеби-тілдік түйсінудің», идиолектердің, жазушылардың тілдік қолданысының бірқатар мәселелері жатыр. Дара-авторлық идиолектерде нақты дәуірдің жалпы поэтикалық тілі қамтылады. Суреткердің идиолектісі оның эстетикалық ұстанымдарымен айқындалып, көркем образ жасаудағы оның таланты мен тәжірибесіне байланысты болады.
«Образдылық», «образды» терминдері стилистикада түрлі мағынада қарастырылады. Кең түрде образдылық термині өнердің барлық түрінің ажырағысыз белгісі, эстетикалық идеалды шынайы түйсіну формасы болып табылады. Көркем контексте сөз шығарманың күрделі образды жүйесін құрап, эстетикалық қызмет атқарады. Классикалық стилистиканың негізгі бірлігінде сөз номинативті деңгейдің бірлігі ретінде танылады.
Персонаждар репликасының үйлесімі, сюжеттің дамуы, басты кейіпкерлердің ойларының берілуі, автордың өзіндік көзқарасы тек сахналық диалогтарда ашылады.
Сахна тілін зерттеуде драмалық шығармалардың лексикалық және авторлық фонетикалық-грамматикалық ерекшеліктерін де ескеруге тура келеді.
Ұлттық тілдің қаймағы болып саналатын образды-фразеологиялық қолданыстар да – метонимия, метафоралар персонаждардың репликаларында өте әсерлі естіледі.
Драмалық шығармаларда көрініс табатын адамның рухани әлемі өзге сөз өнеріндегі шығармалардан гөрі анағұрлым нәзік және көпқырлы. Бұл туралы Г.С. Нуриев: «Драматурги описывают душевное состояние, образ мыслей человека, которые могут быть высказаны, не могут оставаться невысказанными и которые понятны всем окружающим» [5, 28 б.],-деп дәл көрсетеді.
Жазбаша драмалық мәтіндер мен сахна тілінің жалпы бірліктеріне жататын поэтикалық сөз жүйелілік мәнге ие. Оның тілдік мәні поэтикалық сөздің тілдік мағыналары арқылы айқындалатын мәтінге, мәтін астарындағы ойға құрылады. Сөз – драмалық мәтін құрылымындағы алғашқы мағыналық элементтер қызметін атқарып, спектакльде ол жаңа түрге ие болып, айтылымда мәні артады.
Сахнадағы сөздер басқа бағалауыштық мән иеленіп, өзінің контекстік, жағдаяттық, авторлық-индивидуалдық, актерлық-тұлғалық мәнін арттырады.
Сахнаның өзіне тән шарттары бар. Актерлық микропоэтикада осы шарттар жүзеге асырылады. «Сахнадағы кейіпкерлердің сөздері актердің шеберлігімен қатар, костюм, грим, сыртқы пішін, тұлғасына, сымбатына қарай да әртүрлі әсер етуі мүмкін. Кейіпкердің көрініске ие бет-әлпеті, жүзіндегі, көзіндегі қуаныш немесе қорқыныш табы, түрлі мимикамен (қабағын керу, көзін қысу, ернін қымқыру, тісін қайрау т.б.) ойын, сезімін, мақсатын ұқтыра алатындығы сөздің мән-мағынасын аша түседі» [84, 32 б.],-дейді Т. Көпбаев. Демек, театрда кейіпкердің бейнесі, қимылы, іс-әрекеті сөздің мәнін ашады.
Сондай-ақ, сахна шарттарының біріне сөздің айтылуындағы, дыбысталуындағы, дауыс ырғағындағы табиғилық пен нанымдылық та жатады. Мұнда автор, тыңдаушы, кейіпкер эмоциясы да шешуші рөл атқарады. Актерге қойылатын басты талап осы кейіпкер эмоциясын меңгеру болып табылады. Кейіпкердің эмоциясы таза берілсе, сөздің табиғилығы да шынайы шығады.
Поэтикалық драмалық шығармалардағы сөз, тілдің және сөйленістің бірліктері ретінде автордың жан-жақты сұрыптауынан өтеді.
Поэтикалық пьесадағы сөздер көркем мәтінге қойылатын талаптарға сәйкес, мәнмәтінге байланысты, ассоциативті қолданыстарға сай, сөздің арқалайтын эстетикалық қызметіне орай өзгерістерге ұшырауы мүмкін.
Драмалық мәтіндердің көпқырлы мәні поэтикалық ойлаудың негізі болып табылатын ассоциативтіліктен көрінеді. Драмалық диалогтардағы лаконизм, ой аяқталмаушылығы, ассоциативті қатарлардың есебінен, образдық кеңістік пайда болады.
Когнитивтік модельді санада ұйымдастыратын бірліктер мен таңбаларға жататын ассоциация адамдардың бұрыннан келе жатқан тәжірибелері мен қабылдаған ұғымдарының арасындағы байланыс негізінде қалыптасады. Драмалық шығармаларда ассоциативтік сөздер ақпарат көзі, кейіпкерлер бейнесі, көркем кеңістік пен уақыт сияқты мәтін категорияларын байланыстырушы қызметін атқарады.
Адамдардың қоршаған ортамен байланысын сипаттайтын кеңістік, уақыт тәрізді лексикалық бірліктердің мәтін категорияларын құрайтындығы белгілі. Адамның өзін қоршаған орта арқылы болмыстың шынайылығын танып-білуі белгілі бір кеңістік аясында өтеді. Осы кеңістік адамның бүкіл тіршілігіне арқау болып, ажырамайтын бірлікте, адам әрекетінің куәгері іспетті болады.
Мәтін категорияларының бірі – уақыт та ұлттың уақыт пен кеңістікті бір тұтастықта қабылдайтындығын білдіреді. Яғни, уақыт пен кеңістік ұғымының аясында ұлттық болмыс ұлттың өзі жасаған тілдік тұлғалары арқылы көрініс тауып отырады. Жоғарыдағы екі пьесадағы ассоциативтік қатарлар мен тақырыптық топтардың мәтін түзу қызметіне келетін болсақ, екеуінде де бір-біріне асық жандардың жастық кезеңдері бейнеленеді.
Пьесаның басты кейіпкерлері – Еңлік, Кебек, Қарагөз, Сырым, Нарша. Кейіпкерлердің мінез-құлық ерекшеліктері (Еңлік пен Қарагөз) туралы ақпарат беретін тақырыптық нысандарға үзіліп талған, сыпайылық әдеппен, өзек жарған асыл сөзді, мінезді, биязы, нәзік, ардагері де аяулы сұлуы, Қарауылдың асылы, күміс бәйтеректегі бұлбұлы; ал Кебек пен Сырымды серіге, періге, көсемсерке, қыранға, жолбарысқа, жібек жалды арғымаққа балаған сөздер тобы жатады.
Жоғарыдағы ретроспективтік мезгіл – қалың малдың уақыты, феодолизм тұсы. Қоршаған ортасына қатысты реалийлерге тоқталсақ, трагедиялық пьесалардағы кейіпкерлердің барлығы сүйгендеріне қосыла алмай арманда кеткен, ғашықтық жолында құрбан болған жандар. Еңлік пен Кебек Кеңгірбайдың кесімімен құшақтары айқасқан күйде өлтіріледі. Ал Сырымға қосыла алмаған Қарагөз күйіктен жынданып кетіп, қаза болады. Яғни, көркем шығармадағы кейіпкер тұлғасын қалыптастырушы тілдік тәсілдер, сөздер мен синтаксистік құрылымдардың қатарын құрап, олардың эксплицитті (ішкі мәтіндік) және имплицитті (мәтіннен тыс) ассоциативтік байланысын да көрсетеді.
Ал көркемдік уақыт автордың кейіпкерлері арқылы олардың іс- әрекеттерін, ойларын, сөйлеу сәтімен, яғни уақытпен байланысты суреттеуін көрсетеді. Нақты шынайы уақыт сыртқы әлемнің қозғалысын білдіреді. Бұған астрономиялық, биологиялық, әлеуметтік, циклдік уақыт түрлері енеді. Мұндайда автор қазіргі немесе өткен, келешектегі болатын оқиғаларды болу сәтіне, уақытына қарай көрсетеді. Ал объективтік уақытты шынайы дерекке негіздейді. Мысалы:
Сырым (жүдеп сарғайған, жалаң бас, есіктен қарап бірталай тұрып) Қырық күн!.. Қаралы қайғымен, жылаумен қырық күн өтті. Алдақашан өлермін... ит өмірден кетермін деп едім, әлі күнге мен арсыз тірімін... Кімді күтем, нені медеу қылам, не тілеймін? (Бейіттің ішіне кіреді.) Баяғы қабір, әлі де баяғыдай нық басып бітеуленіп жатырсың. Бір топырағың шашылған жоқ. Бір жеріңе жік түсіп, жалғызымның бір тырнағын көрсеткен жоқсың. Өткеніңе жеті күн толғанда түсімде көріп ем. Енді белгі беретін күні бүгін шығар... Қырқы толған күні бір сәт ескермес пе екен. Өтті дәурен... Тарқады той. Той үстіндегі әннің арты қаралы дауысқа айналды. Сен көтере алмадың көштің! (Қабырды құшақтап жығылып.) Жарығым, енді мен қайтейін?.. Қайтейін, бірдеме десеңші! Міне, екі үзіліп бүктеліп жатқан жатысым. Бүгін таңда бірдеме айтпасаң, осы қалыпта қабырыңды құшақтап жатып, аштан қатып өлемін. Бар тілегім – өшемін! (151 б.) («Қарагөз»)
Міне мұндағы кейіпкердің (Сырым) сөзі, оның терең ішкі сезімінен, эмоциялық жай-күйінен хабардар етіп, психологиялық уақыт табын сездіреді. Кейіпкердің сөзіндегі уақыттың белгілі бір нүктесінен басталатын қимылдың дәл берілу сәті мезгіл үстеулері арқылы (Енді белгі беретін күні бүгін шығар..., әлі де баяғыдай нық басып бітеуленіп жатырсың) жасалған.
Сондай-ақ пьесалар тіліндегі авторлық поэтикалық «мен» кейіпкер «менімен» астасқанда мәтіндік желідегі негізгі арқауға айналады. Драмалық шығармалар тілінде жақсыз сөйлеу жоққа тән. Өлең мәтіндеріндегідей мұнда да бірінші жақтан сөйлеу жиі кездеседі:
Достарыңызбен бөлісу: |