А. О. Тымболова драмалық шығармалардың лингвистикалық поэтикасы Алматы, 2013 А. О. Тымболова драмалық шығармаларды лингвистикалық поэтикасы



бет67/95
Дата06.10.2023
өлшемі1,66 Mb.
#113256
түріМонография
1   ...   63   64   65   66   67   68   69   70   ...   95
Байланысты:
Лингвистикалық поэтика. Монография

3.6 Драмалық шығармалар тіліндегі
ремаркалардың қызметтері

Пьесалардағы дәстүрлі негізгі тілдік көріністер – авторлық ремаркалар болып саналады.


Ремаркалар – драмалық шығармалар мәтіндерінде монологтармен және персонаждар репликаларымен тұтастықта жүретін композициялық-стилистикалық бірліктердің ерекше түрі. Ремаркалардың негізгі қызметі автордың интенциясын білдіру болып табылады. Яғни, ремаркалар драмалық шығармалардың интерпретациясының адекваттылығын айқындайды.
Ремаркалар мәтінге «таяныш» ретінде анықталады, яғни, олар кейіпкерлердің тілдік стихиясымен вербальды түрде мәні жағынан да, құрылымдық қатыстылығы жағынан да байланысты болмайды. Ремарканы пьеса мәтіндерінде «әдетте автор кейіпкерлердің әрекет-қылықтарын, олардың ишара, мимикаларын, дауыс ырғағын, айтқан сөздерінің психологиялық мәнін, сөз қарқыны мен үзілістерін, іс-әрекеттің жағдайын жақша ішінде көрсетуі»,-деп анықтайды (ЛитЭС. 1987, 322 б.).
Ремаркалар іс-әрекет етуші бейнелердің жасы, түр-келбеті, киімдері олардың рухани жағдайы, тәртібі, қозғалысы, ишаралары, интонациялары туралы түсінік береді. Мұндай ремаркалар актіге, сахнаға, эпизодқа анық түсінік беріп, кейде іс-әрекеттің өтетін орнын, жағдайын сипаттайды. Біздіңше, автор диалогтарға қоса алмайтын (тілдің құрылымдық заңдылықтарына қайшы) қосымша мәліметтерін (авторлық ниеттен туындайтын) осы ремаркалар арқылы береді. Сондықтан ремарканы анықтаудағы мұндай көзқарас ремарканың композициялық-тілдік қызметін айтарлықтай кеңейтеді.
Ремаркалар пьесада жеткілікті түрде дербес мәтіндік бөліктерді құрайды, олардың нысаны, мазмұны, үйлесімділігі және басқа сипаттары айтарлықтай мәнде көркем драмалық шығарманың жанры мен стилі арқылы анықталады [141, 320 б.].
Сондай-ақ драматургиялық ремаркаларды «толықтырушы мәтіннің» паратекстің (Р.И. Павиленис, Н.И.) [142, 120 б.], (Ищук-Фадеева) [143, 147 б.]; «қосымша», «жанама мәтіннің» (И.Р. Каримова) элементтеріне жатады деп көрсетеді [144, 49 б.].
Сонымен, ремаркалар драмалық шығармаларда диалогқа қарағанда, екінші орында тұрады, бірақ міндетті элементке жатады. Автор персонаждардың тіліне қоса алмайтын мәліметтерін осы ремаркалар арқылы береді. Онда ақпараттар вербальды қабылдауға ғана емес, заттық-образды тілді тез қабылдап түсінуге де негізделеді.
Пьесадағы жеке тілдік қабаттарды құрайтын ремаркалардың мәтіндегі негізгі белгілері мыналар: таңбалық көрініс (алғашқысы – вербалды, екіншісі – заттық-образдық); формальды және мазмұндық байланыс; мағына тұтастығы және толық аяқталғандық; коммуникативтік бағыт; диалогтан берілу өзгешелігіне қарай ажыратылуы.
Сондай-ақ, ремаркаларға ықшамдылық, қысқалық тән. Олар бір-екі сөйлемдермен қысқа беріледі. Жағдайды, персонаждарды, әрекеттерді суреттеуде ремаркалар прагматикалық қызмет атқарады. Бұлар тілдік қатынастағы бейвербалды компоненттерге жататын аялық білімге негізделеді. Аялық білімнің ойдағы сақталу бірліктері фреймдер болып табылады. Ремаркалардың негізгі міндеттері фреймдерді суреттеу белсенділігіне негізделеді. Фреймдердің белсенділігі контексте кез-келген тілдік шығарманы интерпретациялауда көрінеді, ал сахнадағы ремаркаларда ол аса маңызды. Аялық білімдегі фреймдік құрылымдар драматургке көпсөзділіктен қашуға, интерпретатордың жеткізе алмаған мағыналық олқылықтарын толтыруға, тұтас «картинаны» елестетуге көмектеседі.
Драматургиялық мәтіндерде ремаркалардың тарихи категория екендігі шүбәсіз. Өйткені ремаркалар өте ерте кезеңдегі драматургиялық шығармаларда да кездеседі. Бірқатар зерттеушілердің пікірі бойынша, драматургиялық мәтінде ремаркалар кейіпкердің тілдік стихиясынан стилистикалық және қызметтік жағынан ерекшеленіп, драматургиялық жанрды дамыту барысында пайда болады. Бұл туралы В.И. Комарова былай дейді: «Кейіпкерлердің репликаларында келетін эпикалық хабарлау элементтері, драматургияның жанр ретіндегі тарихи даму кезеңдерінде диалогтың мәнерлілігін арттыруға, оған зор ден қойып тыңдаушылық мән беру үшін әрекет етті. Осыдан барып драмалық шығармаларда диалогтан бөлек өзгеше қабаттағы элементтерді жасау қажеттігі туындады. Осылайша, пьеса басталмас бұрын немесе жеке әрекет алдындағы көріністерде, олардың арасында ремаркалар қолданылды» [145, 90 б.].
Жекелеген ремаркалардың барлығында прагматикалық мақсат болады. Демек, ремаркалардың көмегімен пьесадағы тұлғалардың физикалық әрекеті, диалогтағы репликалардың кімге арналғаны, персонаждардың көңіл-күйі, олардың физикалық жағдайы, түрлі келеңсіздіктердің шешімі, сөздің эмоционалды бояуы баса көрсетіледі. Автор ремаркалардың көмегімен персонаждар көңіл-күйінің көтеріңкі немесе түсіңкі екендігін, спектакльдегі түрлі жағдаяттың шешімін көрсетеді.
ХХ ғасырдағы көптеген пьесаларға беллетристік ремаркалар тән болды
(Б. Шоу, Т. Уильямс, В. Вишневский, А. Вампилов). Мұндай нышан қазақ пьесаларынан да көрініс табады.
Авторлық ремаркаларда жиі болмаса да, табиғат құбылыстарын суреттеу байқалады. Ремаркалардағы мұндай ескертулер режиссерге, суретшіге, музыкамен әрлеушіге нақты көркемдік эквиваленттерді табуға, сахнадағы оқиғаның табиғатын ашуға, көркем образдың бейнесін таныта түсуге көмектеседі. Мәселен, «Қарагөз» пьесасының бірінші актісіндегі, бірінші суретте драматург табиғатты суреттеген мынадай ремарка береді:
Жарылғап ауылының сырты, дөң асты. Кешкі мезгіл. Жартас, өзен, қайыңды тоғай. Қоңырлатып айтып келе жатқан ән естіледі. Үш жігіт шығады. Алдында домбыра тартып келе жатқан Асан бұлғақ (101 б.).
Жоғарыдағы берілген ремаркадан көз алдыңызға ауылдың келбеті, яғни бірыңғай мүшелер арқылы жасалған дөң, жартас, қайыңды тоғай елестеп, Асан бұлғақ деген бір ауыз анықтауыш сөз арқылы ән салып келе жатқан жігіттің сал-серілік өмірін, асып-тасқан көңіл-күйін байқайсыз.
Өмірдегі ұсақ-түйек нәрселер немесе персонаждың сыртқы келбетін ұзақ суреттеу режиссер үшін де, көрермен үшін де артық сөз ғана. Сондықтан, драмалық әрекетті тұрмыстық немесе психологиялық көңіл-күйді суреттеумен алмастыруға болмайтындықтан, пьесадағы ремаркалардың қысқалығы жақсы сапаның көрсеткіші болып табылады.
Сондай-ақ, драмалық шығармалардағы персонаждардың пьесадағы алатын орнына қарай, автордың ойы мен көзқарасын айқындауға болады. Ежелден белгілі, персонаждар рөліне қарай басты және жанама кейіпкерлер болып бөлінеді. Негізгі персонаждар бұлар бастамашыл тұлғалар, олардың репликалары әрекеттің өрбуіне, оқиғаның және қақтығыстың дамуына тікелей әсерін тигізеді. Ал жай рөлдерде ойнайтын кейіпкерлердің репликалары бас кейіпкердің айтқан ойын толықтыруға, айқындауға, қорытындылауға, қолдауға (қолдамауға), көрерменнің назарын келесі айтылатын ойға аударуға, соған баса акцент түсіруге жұмсалады.
Сонымен, персонаждардың өзара қарым-қатынасын диалог, полилог, монолог үдерісінде ашуды көздейтін репликалар болады. Сөйлемнің кез келген түрі кейіпкердің ішкі ойы мен әрекетінің деңгейіне байланысты құрылады. Мысалы, өтініш, бұйыру, қорқыту т.б. сөйлеудің түрлері сөйлеушінің қабілетіне қарай жай, толық, сұраулы, хабарлы, лепті сөйлемдер арқылы жеткізіледі. Сөйлеудің түрлі формасындағы үйлесімділік – персонаждардың қарым-қатынасын немесе жалпы мәтіннің негізгі ойын көрсетудегі автордың түпкі ойымен қабысуынан көрінеді.
Драматургия қалыптасқаннан бері ремаркалар типологиясы өзгертілмей келеді. Әйтсе де, мазмұндық тұрғыдан кеңейгендігі мен тереңдегені байқалды, сонымен қатар, формальдық жағы күрделенді. Ремаркалардың ең алғашқы түрлері – жағдаяттық ремаркалар (обстановочные) болып саналады, яғни олар іс-әрекеттің орнын, жағдайын, өту сипатын білдіреді, дегенмен бұлар кейде сөзбе-сөз емес, кең мәнде беріліп отырады. Жағдайлық ремаркалардың негізгі міндеттері, болып жатқан әрекеттерге фонның, адресаттың жадысында сақталған фреймдердің сәйкес келуі. Мысалы, «Қарагөз» пьесасының екінші акт, екінші суретінде жағдайлық ремаркалардың бірнеше түрі беріледі:


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   63   64   65   66   67   68   69   70   ...   95




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет