Ақан сері, Ақжігіт Қорамсаұлы (1843 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Үлкен Қоскөлдің маңы - 1913 жылы, сонда) - ақын, әнші, композитор. Әкесінің есімі Қорамса, шешесі - Жаңыл. Ақан сері жас кезінен өнерімен көзге түсіп, кейін ақындық, әншілік өнері кемелденген соң алты алашқа аты мәлім сері атанған. Әуелі ауылда, содан соң Қызылжардағы Уәли (Ахметуәли) молдадан оқыған. 16 - 17 жасынан өнер жолына түскен. Шоқанның қазасына көңіл айтып, оны Көкшенің биігіне, теңіздегі кемеге теңейді, "40 темірдің қылауын қосқан өнерпаз" деп бағалайды. Ақан серінің бірінші әйелі Жұман қызы Бәтимадан туған жалғыз ұлы Ыбан (Ыбырайым). Оған Ақан сері жазу-сызу үйреткен. Бәтима өлген соң, аз күн отасқан әйелі Тінәлі қызы Ұрқияға Ақан серінің "Хат жаздым қағаз алып, қалам, сия" деген өлеңін арнаған. Ақан серінің тірідей айрылған сүйген қызы - Ақтоқты. Бұл - арты аңызға айналған оқиға. Ақтоқты есімі Ақан серінің шығармаларынан кең орын алды. "Ақ көйлек", "Аужар", "Алтыбасар", "Ғашық жарға", "Тағрипың", "Ж-ға" - Ақтоқтыға арналған махаббат толғаулары. Құлагердің мерт болуы (80 жылдардың ортасы) да егде тартқан Ақан серінің өмірі мен шығармашылығында ұмытылмас оқиға болды. Керей Сағынайдың асындағы аламан бәйгеде Құлагер кісі қолынан мерт болды. Құлагер туралы өлеңдерінде ақынның көңіл күйі, ашу-ыза, күйініш, үміт-сезімі тебірене жырланған. Өмір соққысын көрген Ақан сері енді: "Жақсылықтан жамандық асып кетті, Бой бағып тұру артық келсе шамаң" дейді. Ел аралауды сиретіп, бойын бағуды ойлайды. Жайлауға көшпей, Ыбан екеуі қыстауда қалады. Дұшпандары оны әр саққа жүгіртіп өсек таратады. Бірақ Ақан сері өмірден де, өнерден де қол үзбейді. "Өнерді бойға біткен іркіп болмас" деп қарайды. Осы тұстағы ән-өлеңдерінің елеулісі - "Балқадиша". Бұл - өз теңіне атастырылған әдепті, сыпайы қыздың өнерлі ағаны қадір тұтқан сүйкімді қылығына разы ағалық қарыздар көңілден туған ән. 90 жылдардағы Ақан сері шығармашылығында айтыс едәуір орын алды. Ақан серінің алғашқы айтыс-қағыс өлеңдерінің бірі - "Жүсіп төреге" (Тәкінің Жүсібіне қайтарған жауап өлеңі). Орынбай, Нүркей тағы басқа он шақты ақынмен айтыстарының үзінділері ғана сақталған. Толығырағы - Нұрқожамен айтысы. Онда Ақан сері ел-жұртты тірек тұтады ("Хақ қалаған Есенбай қарашамын, Алтын бесік халқыма жарасамын"), ақындық өнерді қадірлейді, туған жерді, халықты мақтан етеді. Ақан серінің елдің жер-судан, қоныстан айырылуына наразылық білдірген азаматтық лирикалары мен сықақ өлеңдері де өткірлігімен ерекшеленеді. Атбасардың указной молдасы Көктөбеттің Смағұлын, Атығай-Қарауылдың болысы Сұрағанды, болыс Шоғармақты өлтіре сықақ етеді. Осы өлеңдері мен "Замана адамында" сері ел билеген әкімдерді "Кей жаман мал бітті деп әкім болар",- деп әшкерелейді. Қонысынан айрылған елдің мұң-мұқтажын ақын халық атынан айтады. Мемлекет 2-думаға шағынады, әділдік, үміт күтеді. Өмірінің соңғы кезеңінде жазылған өлеңінің бірі - "Қаратай". Ақан сері ауылы қонысынан айрылып, орнына Комаровка селосы орнағанда, ескі мекенге барып жүрген Қаратайды (Ақан серінің мінген аты) егінге түсті деген сылтаумен ұстап алып, сатып жіберіпті. Ат пен иесінің диалогы түрінде жазылған бұл өлеңде қуғыншы 4 орыстан қашып барғанда "бүбірнай" (выборнай) Көшербайдың рақым етпегені, судьяның әділ үкім шығармағаны айтылады. Соңында: "Орыс пенен қазақтың алдым несін?! Тәңір берген әркімнің несібесін. Ол түгіл жан салмаған Құлагердің, сөйлейді граммофонда әңгімесін", - деп, "Құлагер" әнінің сол заманда пластинкаға түсірілгенін ескертеді. Өлер алдында шығарған "Мінажат" өлеңінде иман тілейді. Ақан сері - өмір шындығын үлкен суреткерлікпен жырлаған заманының асқақ ақыны ғана емес, мұңшыл да сыршыл, лирикалық тебіреністі сазымен, әншілік-орындаушылық өнерімен танылған өзгеше дарын иесі. Оның композиторлығы ақындығынан кем түспейді. Әділіне көшсек, "Ақан сері" атанып, кезінде жұртшылыққа кең танылуы, атақ, даңқының шар-тарапқа жетуі - әншілік-композиторлық өнерінің жемісі. Жасынан халықтың ән-күйінен сусындап, өзіне дейінгі әншілік дәстүрді толық меңгерген Ақан сері бертін келе, жігіт шағында серілік құрып, өзі де ән шығарады. Көкшенің сұлу табиғатына көз тігіп, оны албырт сезімді, әсерлі музыка үніне бөлейді. Осы әншілік өнерде Ақан сері жалғыз болмайды. Айналасына әнші-күйші жастарды жинап, өзгеше бір өнерлі топ болып ел аралайды. Ақын, әнші серілердің бәрімен достасады. Балуан шолақ, Жаяу Мұса, Естай, Иман Жүсіп, Құлтума сияқты атақты ақын-әншілер Ақан серінің ең жақын достары болған. Олардың бәрі Ақан серінің әншілік өнеріне игі әсер еткен, композиторлық талантын жетілдіріп, шеберлік, суреткерлік талғамын шыңдай түскен. Ол қазақтың ұлттық өнерін профессионалдық биікке көтеріп, дәстүрлі өнердің классикалық үлгісін жасады. Сан қырлы дарындылық, поэзия мен музыканың тел қозыдай табысуы, өзіне ғана тән нақыш, жоғары деңгейдегі орындаушылық шеберлік - Ақан сері шығармашылығына тән басты-басты қасиеттер. Қазақ мәдениетінің алтын қорына Ақан серінің елуге жуық муз.-поэтик. мұрасы енген. Ақан сері шығармалары поэтик. тұнықтығымен, образдар әлемінің тереңдігімен, поэтик. және муз. тілінің шырайлылығымен, айрықша талғампаздығымен, нақыштық тазалығымен ерекшеленеді. Оның шығармашылық болмысының басты қасиеттері - өмір шындығын боямасыз жырлауы, психологиялық иірімдерге толы, эмоциялық бояуының қанықтығы. Шығармаларының басым бөлігін қамтитын кеңінен танымал көңіл-күй және махаббат лирикаларында ғажайып табиғат суреттері мен нәзік мұң, өмір қиыншылықтары туралы трагедиялық пайымдаулар шынайы да шымыр қатар өріліп жатады. Оның стиліндегі жоғары жетістігі - кең тыныстылық, ән иірімдерінің нәзіктігі, әуен әсемдігі, интонация суреттерінің молдығы, сазының биік те асқақ, ырғақтары мен қайырымдарының ұзақтығы. Шығармалары: Ақан серінің "Ақтоқты", "Алтыбасар", "Тер қатқан", "Мақпал", "Балқадиша", "Сырымбет", "Майда қоңыр", т.б. әндері әйел жанының сұлулығын жарқырата көрсетуімен бірге, махаббат құдіретін асқақтата суреттеуімен де құнды. Кеңінен танымал бұл әндер әйелдер образының галереясын жасап, шынайы махаббат рухын ту етіп көтереді. Ақан сері ақын-әнші ғана емес, саңлақ аңшы, атбегі де. Ақынның сүйікті досына, қимас өмірлік серігіне айналған сәйгүлігі мен қыран құстарына арналған "Маңмаңгер", "Қараторғай", "Көкжендет", "Құлагер" әндерінде Ақан серіның ішкі жан дүниесіндегі бұрқаныс, қан жылаған жүрек, телегей теңіз мұң мөймілдеп тұрғандай. Ақан сері басындағы трагедиялық күй кез келген жүректі толқытады. Әсіресе "Құлагердегі" экспрессивті интонация, толқыған мұңлы әуен, драмаға суарылған қайғылы оқиға шынайылығымен баурайды. Ән ақын өмірінің трагедиялық сәтін бейнелеумен қатар, сол қоғамдағы өнер адамдарының тағдырын қамти отырып, өзі өмір сүрген қоғамның әділетсіз бет-бейнесін ашады. Ақан серінің музыка туындылары қазақ өнерінің өркендеуіне зор ықпалын тигізді. Оның шығармаларын белгілі әншілер Ә.Қашаубаев, Ж.Елебеков, М.Ержанов, Ж.Кәрменов т.б. ел игілігіне айналдырды. Қазақстан композиторларының симфониялық және опералық шығармаларында кеңінен енгізіліп, Ақан әндері екінші өмірін бастады. Серінің өмірі мен тағдыры туралы Ілияс Жансүгіров "Құлагер" поэмасын, Ғабит Мүсірепов "Ақан сері - Ақтоқты" драмасын, С.Мұхамеджанов осы аттас операсын, С.Жүнісов "Ақан сері" романын жазды. Ақтоқты есімі Ақан шығармаларынан кең орын алды. «Ақ көйлек», «Аужар», «Алтыбасар», «Ғашық жарға», «Тағрипың», «Ж-ға» - Ақтоқтыға арналған махаббат толғаулары. Құлагердің мерт болуы (1880-жылдардың ортасы) да егде тартқан серінің өмірі мен шығармашылығында ұмытылмас оқиға болды. Өмір соққысын көрген ол жайлауға көшпей, баласы Ыбан екеуі қыстауда қалады.