Дін және магия Магияның дінмен арақатынасы қандай, магиядан дін шығады ма, әлде діннен магия шығады ма деген сұраққа ғылымда жауаптар сан алуан. Дж.Фрейзердің айтуынша магия мен дін бір-бірімен сәйкес емес, оның үш себебі бар. Біріншісі, магияның негізінде табиғат құбылыстары бірыңғай заңдылықтарға бағынады деген сенім жатыр, ал дін заттардың табиғи тәртібі мен процесіне жоғарғы тылсым құдірет араласады деп сенеді. Екіншіден, дін өз болмысы бар құбылысқа сену, ал магия жансыз немесе кескінсіз күштермен әрекет ету. Үшіншіден, дін сұрайды жалбарынады, ал магия күштейді. Діндер магияға тыйым салады. Сонымен сиқыр адамның дәрменсіз, шамасы келмеген кезде тылсым бір күш арқылы армандаған нәрсесін іске асыру. Ал дін нақты саналы іс-әрекетке сүйенеді. Дін магиядан жоғары тұрады.
Магияның түрлері Магияның түрлері көп, оларды былай топтастыруға болады:
- контактілі магия заттарға тікелей әсер ету арқылы атқарылады;
- имитативті магия (ұқсас нәрсеге әсер ету) заттың көшірмесі немесе орнын басатын нәрсеге әсер ету арқылы іске асырылады;
- аластау магиясы зиянды күштерді аластау, дұға оқу (сиқыр дұғасы), қара киіну және т.б.
- тазару магиясы - жуыну, қан шығару.
Жалпы магияны ақ және қара немесе зиянды деп бөледі. Зиянды магия - тамақты, киімді, заттарды сиқырлау, біреудің ауласына күл-қоқыс тастау. Сиқыр әсер етпесін деп жас нәрестенің жүзін көрсетпеу, жас жұбайдың бетін жабу т.б. салттар әуел баста сиқырдан шыққан.
Магияның емдік, әскери, махаббат, ауа - райы, кәсіптік түрлері де бар. Қазақ халқындағы тас аттық жасау рәсімі тікелей магиямен байланысты.
Табу Табу – арнайы тыйымдар жүйесі. Пайдалануына тыйым салынған заттар, жануар еті, сөз, іс - әрекет жатады. Қандастық некеге табу жариялау жүйесі барлық халықтарда болған және қазірде сақталынып келеді. Табу исламдағы харам түсінігіне сәйкес. Табудың әлеуметтік реттеушілік қызметі алғашқы қоғамдарда прогрессивті рөл атқарды.
Шамандық Шаман – (тунгус сөзі – сиқыршы) термині ғылымда XІX ғ. бері қолданылып келеді. Бұл көне діни сенім нысаны (формасы). Көбіне Орталық және Солтүүстік Азия, Корея, Жапон, Үнді - Қытай елдері мен Америка халықтарында кеңінен таралған. Шамандықтың негізгі мәні рухтарға сенім, олардың шаманға бағынуы, оның арнайы тәжірибе (камления) барысында жоғарғы және төменгі әлемдерге сапар шегуі, зұлым рухтарды жеңуі. Рухқа сену барлық діндерде бар, бірақ шаман жәй сеніп қана қоймай сол рухтармен байланысқа түседі, олардың көмегімен басқа жаман рухтарды аластайды. Шамандық қиын ауруды емдеу, жаман энергияны аластау, жоқ іздеу және т.б. жағдайларда атқарылады. Шаман қазақтарда бақсы, түркімендерде бакса, қалмақ, монғол, манжурларда бакши деп аталады. Шамандықтың себебін ғалымдар осы уақытқа дейін жүйке ауруынан деп тұжырымдап келді, әлі де осы пікірді қолдайтындар көп, өйткені шаман болатын адам ауырады, оның ауруы ұзаққа шалдығып, есі дұрыс емес көрінеді, бірақ кейін оны мазалаған рухтардың айтқанын істесе, оларға сенсе өз қалпына қайта келеді, яғни ерекше қабілет сезімге ие болады. К. Леви – Строс: Шаман дені сау, ақыл есі бүүін адам, ол аурудан гөрі психотерапевт – деп айтты. Бұл ойды М. Элияде одан әрі дамытып шаманның психикалық ауруға еш қатысы жоқ екенін жазды.