Түйін сөздер: оқулықтар, оқу-əдістемелік құралдар, оқулықтардың мазмұны, зиялылық, адамгершілік
қасиеттер, «Өзін-өзі тану» оқу пəнінің ерекшелігі.
Қоғамның тұрақты дамуы мен мемлекеттің бəсекеге қабілетті болуына ықпал ететін негізгі
факторлардың бірі – білім сапасы болып табылады. Өз кезегінде білім сапасы көптеген факторларға
тəуелді, соның ішінде сапалы оқулықтар мен оқу-əдістемелік əдебиеттердің болуы басты жағдай.
Білімнің сапасы оқулықтың деңгейімен өлшенетіні белгілі.
Оқулық пен оқу-əдістемелік құралдарды
жазудағы өзекті мəселелердің кейбіреулерін қарастырып өтейік.
Оқулықтарға берілген көптеген анықтамалар бар. «Оқулық – оқу бағдарламасы мен дидактиканың
талаптарына, оқыту мақсатына сай оқу пəнінің мазмұнын ғылыми негізде, жүйелі баяндайтын кітап.
Оқулық оқу орындарының типіне қарай (бастауыш, орта, кəсіптік-техникалық, жоғары оқу орындары)
жасалады. Оқулыққа мынадай педагогикалық талаптар қойылады: оқу материалдарының қазіргі
ғылым мен технологияның дəрежесіне сəйкес баяндалуы; тəрбиелік міндеттерге сəйкестігі; мазмұнының
бағдарлама мазмұнына сəйкес əрі түсінікті болуы; материалдарының оқушылардың жас жəне танымдық
ерекшеліктеріне сəйкес баяндалуы; дəл жəне анық, нақты қорытындылар, ережелер, заңдар мен
анықтамалардың баяндалуы, тілдің жатық, əдеби жəне ықшам болып, оқушылардың ұғымына сəйкес
келуі; оқу материалын меңгеруді жеңілдететіндей иллюстрация, сурет, кесте, диаграмма, сызба мен
сызулардың болуы; сыртқы пішінінің (қағаз, шрифт, мұқабасының) ретті сəндендірілуі» [1].
Қоғам дамуының əр кезеңдерінде оқулықтардың мазмұнын жаңарту, тіпті оқулықтардың жаңа
желісін шығару талап етіледі. Оқулықтар сабақтың дидактикалық міндеттерін шешуге жəне мұғалімнің
əдістемелік ойларын іске асыруға ғана септігін тигізіп қоймау керек, ең бастысы: оқушылардың
дүниетанымдарын қалыптастыру, олардың рухани-адамгершілікті білім алуына жағдай жасау – оқу-
лықтың сапалы жазылуына тікелей байланысты болмақ.
Оқулықты оқушыларда əлемнің тұтас бейнесін қалыптастыруға бағытталған аса маңызды ізгілік,
əділеттілік жəне жауапкершілік қасиеттерін дамыту мəселелеріне бағыттау – автордың басты міндеті
болып табылады.
Оқулықты кімнің, қалай жазуы адам өміріне көптеген əсерін тигізіп жатады. Қоғамда адамның қандай
оқулықпен оқып, дамығандығы жөнінен жиі пікірталастардың болып жататындығы жасырын емес.
Мысалы, кеңес үкіметі кезеңінде Қазақстанда орыс тілінде оқытылатын мектептердегі Қазақстан
тарихы, əдебиет оқулықтарында өкінішке орай, Ахмет Байтұрсынұлының, Мағжан Жұмабаевтың, Шəкəрім
Құдайбердіұлының жəне де басқа қазақ ағартушылары мен қоғам қайраткерлерінің өмірбаяндық
мəліметтері мен шығармалары болмады. Бұл жағдай сол кезеңдегі тұтастай ұрпақтың толыққанды,
қанағаттанарлықтай білім алмауына өз əсерін тигізді. 40-60 жас шамасындағы Қазақстан азаматтары:
«Мен, Жүсіп Баласағұнды танымағандығыма, Ғабиден Мұстафин шығармаларын білмегендігіме ұяламын,
Сəкен Сейфуллинді енді ғана оқып бастадым жəне көп уақытты жоғалтқанымды түсіндім, енді мен
сол олқылықтың орнын толтыруым керек... », - дейді.
Сондықтан, оқулық авторларына оқулықты жазардағы мақсат пен міндеттің оқушылардың жалпы
теориялық білімі мен тəжірибелік икемділігін, дағдысын қалыптастыратын педагогикалық үдерістің
нəтижесімен ғана шектеліп қоймайтындығын естен шығармау керек. Кез келген оқулықты шығарудағы
мақсат адамның зиялылық пен адамгершілік қасиеттерінің бірлікте дамуына бағытталуы тиіс.
Оқулық пен оқу-əдістемелік құралдарды жазу барысында тиісті материалдарды келесі əдістемелік
қағидаттарға сай таңдау көзделінеді: