2. Қазақ мәдениетіндегі «Зар заман» феномені. Зар Заман Ақындары – қазақ әдебиеттану ғылымына алғаш рет (1927) М.Әуезов енгізген термин, зар заман кезеңінде ғұмыр кешіп, отарлық езгіге түскен қазақ халқының тағдырын мұң-зармен жырлаған ақындар шоғыры. Зар заман ақындары шоғырының белгілі өкілдері: Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері, Албан Асан, т.б. Әуезов Зар заман ақындары дәуірін Абылай хан тұсынан Абайға дейінгі жүз жылға ұластырып, Нарманбетпен аяқтайды. Зар заман ақындары тұсынан қазақ әдебиеті жазбаша сипат алатынын атап көрсетеді. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы бұрынғы қалыптасқан құндылықтардың өзгеруі, елді басқару жүйесінің басқа сипатқа ауысуы, отаршылдықтың белең алуы, халықтың қатты күйзелуі Зар заман ақындарын тарих сахнасына шығарған. Зар заман ақындары халқының жай-күйін ойлаған ұлт қайраткерлері ретінде танылды. Олардың шығармалары халықтық салт-дәстүрлерді қаймағы бұзылмаған қалпында сақтауға, ұлттық болмыс-бітімнен ажырамауға үндейді. Ресей империясы отарлаушыларының озбырлығы мен сұрқия саясаты Зар заман ақындарының өлең-жырларында жан-жақты суреттеледі. Қазақ халқының шұрайлы жерлерін тартып алып, ұрпағын аздырып, діннен аулақтату сықылды империялық пиғылдың жүзеге асуына қарсыласу қозғалысы Зар заман ақындарының қайраткерлік поэзиясын өмірге әкелді. Бұрынғы жыраулар поэзиясымен үндесіп жататын өршіл рух, әсіресе, Мұрат Мөңкеұлының жырларынан айқын байқалады. Зар заман ақындары шығармаларындағы ұлттық болмысты, қазақы қадыр-қасиетті сақтап қалуға үндеген ой-пікірлер жанайқаймен, шарасыздықпен, соңғы төзімді сарқа айтылғандығымен ерекшеленеді. Мұндай өлеңдерден бодандықтың бұғауына бас игісі келмеген ұлт қайраткерлерінің өршіл үні айқын аңғарылады. Зар заман ақындарының қайраткерлік биікке көтерілуі отаршылдықтың белең алуынан басталады. Жыр жүйріктерінің бар құдіреті, бар қабілеті ел-жұртының санасын оятуға жұмсалды. Олар қауіп-қатерді, зорлық-зобалаңды алдын-ала ескертті, зардаптарын күн ілгері тайға таңба басқандай етіп айтып берді. Елдің берекетін кетірген отарлаушылардың құбыжық кейпіндегі бейнесін жасады. Солардың ойранына жол ашқан өз халқының кейбір жандайшаптарын аяусыз сынға алды, кей тұста ел бірлігінің кемістігін де түйреп өтті. Зар заманның бүкпесіз баяндалған оқиғаларын кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырды. Зар заман ақындары шоғырының белгілі өкілі – Дулат Бабатайұлы қазақ халқының дәстүрлі жыр үлгісін түр жағынан өзгертіп, өлеңді көркемдеп кестелеудің жаңа үлгісін жасады. Аталған ақындардың қай-қайсысы да ұлттық поэзиямызды мазмұн жағынан байытуға үлес қосты. Кеңестік идеология үстемдік еткен кезеңде Зар заман ақындарының шығармаларын насихаттауға тиым салынды. Олар барлық оқулықтардан алынып тасталды. Соған қарамастан Зар заман ақындары шығарм. әр жылдарда зерттеу нысанасына айналды. Қазақ әдебиетінің тарихын оқып-үйренуге арналған ғыл. жинақтарда олардың кейбір өлең-толғаулары арагідік жарық көрген тұстары да болды. Мысалы, 1978 жылы Ленинградта басылып шыққан “Поэты Казахстана” жинағында (құрастырған М.Мағауин) Зар заман ақындарының отаршылыққа қарсы жазылған бірқатар өлеңдері орыс тілінде жарық көрді. 20 ғ-дың соңынан бастап зар заманның тарихи сипаты, Зар заман ақындары шоғырының белгілі өкілдері, әдеби ағым ретіндегі ерекшеліктері, көркемдік кестелері туралы бірқатар еңбектер жазылды. Зар заман ақындары шығарм. – жаңалығы мол, өзгеше дәстүрі бар күрделі құбылыс ретінде әдебиеттану ғылымының тұрақты зерттеу нысанасы болып қала бермек.