Абай «Әлифби» өлеңінін әр жолын араб алфавитінің ретімен түзеді



Дата03.10.2022
өлшемі17,95 Kb.
#41113
Байланысты:
абайтану реф


Абайдың толық жинағы 1858 жылы жазылған екі өлеңмен басталады. Біріншісі ­ «Йузи­рәушан», екіншісі ­ «Фзули, Шәмси». Бұлардан соң 1864 жылы жазылған «Әлифби» өлеңі бар. Ақынның он үш жас пен он сегіз, он тоғыз жастар арасында тудырған шығармалары осы. Бұл өлеңдер тұсында айқын байқалатын ерекшелік - шығыс ақындарының үлгісінде жазылғандықтары. Әйелдің сұлулығын бейнелеген «Йузи - рәушан» деген өлеңде жас Абай анық еліктеуші ақын екендігін көрсетеді. Бұнда қыздың көзі гауһар, бетінің ұшы лағыл тастай қып-қызыл, тамағы қардан бетер, қасын құдіреттің, жаратушының қолы шеккен. Және өзі дүние жүзіндегі сұлулардың раһбары - көсемі, басшысы. Абай шығыс ақындарының бар үлгісін түгел меңгерген. Теңеулері шектен асқан әсірелеуді көрсетеді. Өмірге, шындыққа жанаспайтын орасандық шығыс поэзиясының көп ғасырлық дағдысы еді
«Әлифби» өлеңінде шығыстық ерекшеліктердің барлығын өз бойынан көрсетумен бірге, ол поэзиядан бөлегірек, оқшауырақ тұрған айқын өзгешелік те бар. Шығыстық шер сөздер қосып, ғашық-мағшуқ жайларын тал бойы ұйып жырлаған сияқтанып отырып, «Әлифби»өлеңінің ақырында Абай сезім, сана жағынан жаңағы шығыстық сарыннан өз басының сау екенін танытады, сергек екенін байқатады. Абай «Әлифби» өлеңінін әр жолын араб алфавитінің ретімен түзеді.
Бұлардан соңғы Абайдың жас шағынан бізге жеткен жылы белгісіз өлеңі - «Сап, сап, көңлім».
«Йузи - рәушаннан» бастап, осы соңғы екі өлеңге шейін жеткен Абайдың жас ақындық жолы бар екені ап-айқын сезіліп тұр. Оның басы - жеңіл, сыртқары еліктеуден басталып, соңғы кезеңі - ойы да, көркі де өсіп, пісіп қалған болашақ ойшыл, сыншыл ақынның іздену, өсу кезеңін көрсетеді.
«Сап, сап, көңлім» 1865-1870 жыл аралығында жазылса, «Қансонарданы» жазғанша арада он бес жыл өтеді. 1882 жылғы өлеңінде Абай мүлде басқаша, өзгеше көркемдікке жеткен, шеберленген және әсіресе ақындық мәдениеті жоғарылап, қалыптанып қалған ақын болып көрінеді.
1882 жылдағы «Қансонарда» сияқты өлеңмен бастап, нені көріп, нені сезініп, нені жыр етіп толғанса, бәрінде де әр дәрежеде реалистік шеберлікті танытады. Өлеңнің өрнегімен ізденгіш жаңалықтары соныдан соныға түсіп, үдеп, өсіп отырады. Осы өлеңдегі табиғат көріністерін, өз сезімін және аңшылықтың қызулы, қызғылықты сәттерін сипаттағанда Абай өзінің жаңаша қалыптанған ақындық мәдениетін танытады. Бұл реалист ақын болғанда, орыс классик поэзиясының реалистік традицияларын өз бойына мол сіңіріп, жақсы меңгерген суретші ақын боп көрінеді. Бұндағы көретініміз - қазақ халқы мекен еткен қысы қарлы табиғат. Бүркіт салуға салт атқа мініп шыққан анық қазақтың аңшылар тобы. Ермек үшін еңбек еткен ширақ, сергек, қажырлы әрекет үстіндегі адамдар. Көпшілік елдерде, бұл замандарда қолданбайтын бүркіт аңшылығы суреттелмек. Осы адамдар тобының мінездері, аңшылықтағы тәсіл-тәжірибелері,әр алуан динамикалық кесек әрекеттері,толып жатқан ұсақ машық-мерзімі тұтас қазақтың өзіне тән тіршілігі боп шығады.
Абайдың ендігі көпке мәлім елеулі бір өлеңі - «Қақтаған ақ күмістей». Бұл өлең 1884 жылы жазылған. Өлеңнің тақырыбы қазақтың бой жеткен қызының сырт көрінісін, пішін, мүсін келбетін суреттеуге арналады. Жас атаулы қызығарлық, сүйсініп тамаша етерлік ерекше сұлу қызды сипаттайды. Бұнда сұлу әйелді сипаттауда ең алғашқы жолдан бастап, айқын сезілетін тәртіптілік бар. Әуелі қыздың пішінін айтады. Келісті біткен маңдайынан бастап көзіне, қасына тоқтайды. Одан ары мұрнын, бетін атай келіп, аузына ауысады. Сұлу тісін, бұлбұл үнді күлкісін айтып, аузына аз аялдап, содан ары мойнына, тамағына тоқтайды да, осыдан ары ұлы мүшесіне, жауырыны, иығына, бойына ауысады. Жазба ақын фольклор үлгісінен бөлек, ерекше планмен жазып отырғанын аңғартады. Абай бұл тұста өзінше үлгі көрсетеді. Ол- сұлудың сыртқы портретін береді. Абай бұнда жанды, тірі адамды бейнелеудің орнына жансыз сурет беріп отырған сияқты. Суретшінің қағазға түсіріп отырған портреті айқынырақ сезіледі. Әсем сұлудың сырт көркімен қатар сезімін, ақыл-мінезін, адамдық ішкі дүниесін беруді ақын ескермейді. Паспорттық сипаттау жасайды. М.Әуезов Абайды осылайша сынаңқырайды.
Өлеңнің алғашқы күшті бөлімі сипаттау болады да, екінші бөлімі көпке мәлім, орташа шындықтарды ақсақал ортасының ауызымен санап, ақыл-өсиет етіп айтуға ауысып кетеді. Әуелде іш пен мінез жоқ, тек сырт болса, кейін сырт жоқ, тек мінез аталады. Негізі Абай бұл өлеңінде қыздың сырт сұлулығын ғана суреттеуді мақсат етсе керек.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет