16.Он Алтыншы Сөз
Қазақ құлшылығым Құдайға лайықты болса екен деп қам жемейді. Тек жұрт
қылғанды қылып, жығылып тұрса болғаны. Саудагер несиесін жия келгенде,
"тапқаным осы, біттім деп, алсаң — ал əйтпесе саған бола жерден мал қазамын
ба?" дейтұғыны болушы еді гой. Құдай Тағаланы дəл сол саудагердей қыламын
дейді. Тілін жаттықтырып, дінін тазартып, ойланып, үйреніп əлек болмайды.
"Білгенім осы, енді қартайғанда қайдан үйрене аламын" дейді. "Оқымадың
демесе болады тағы, тілімнің келмегенін қайтушы ед" дейді.
Оның тілі өзге жұрттан бөлекше жаратылып па?
17. Он Жетінші Сөз
Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымга
жүгініпті.
Қайрат айтыпты: Ей, ғылым, өзің білесің ғой, дүниеде еш нəрсе менсіз
кəмелетке жетпейтұғының; əуел өзіңді білуге, ерінбей, жалықпай үйрену керек,
ол менің ісім, Құдайға лайықты ғибадат қылып, ерінбей, жалықпай орнына
келтірмек те — менің ісім. Дүниеге лайықты өнер, мал тауып, абұйыр,
мансапты еңбексіз табуға болмайды. Орынсыз, болымсыз нəрсеге үйір
қылмай, бойды таза сақтайтұғын, күнəкəрліктен, көрсеқызар жеңілдіктен,
нəфсі шайтанның азғыруынан құтқаратұғын, адасқан жолға бара жатқан бойды
қайта жиғызып алатұғын мен емес пе? Осы екеуі маған қалай таласады?—
депті.
Ақыл айтыпты: Не дүниеге, не ахиретке не пайдалы болса, не залалды
болса, білетұғын — мен, сенің сөзіңді ұгатұғын — мен, менсіз пайданы іздей
алмайды екен, залалдан қаша алмайды екен, ғылымды ұғып үйрене алмайды
екен, осы екеуі маған қалай таласады? Менсіз өздері неге жарайды?— депті.
Онан соң жүрек айтыпты:
Мен — адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде
мекен қылады, менсіз тіршілік жоқ. Жұмсақ төсекте, жылы үйде тамағы тоқ
жатқан кісіге төсексіз кедейдің, тоңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың
күйжəйі қандай болып жатыр екен деп ойлатып, жанын ашытып, ұйқысын
ашылтып, тесегінде дөңбекшітетұғын — мен. Үлкеннен ұят сақтап, кішіге
рақым қылдыратын — мен, бірақ мені таза сақтай алмайды, ақырында қор
болады. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп,
еритұғын — мен, жаманшылықтан жиреніп, тулап кететұғын — мен, əділет,
нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нəрселердің бəрі менен шығады,
менсіз осылардың көрген күні не? Осы екеуі маған қалай таласады?— депті.
Сонда ғылым бұ үшеуінің сөзін тыңдап болып, айтыпты:
— Ей, қайрат, сенің айтқаныңның бəрі де рас. Ол айтқандарыңнан басқа да
көп өнерлеріңнің бары рас, сенсіз болмайтұғыны да рас, бірақ қаруыңа қарай
қаттылығың да мол, пайдаң да мол, залалың да мол, кейде жақсылықты берік
ұстап, кейде жамаңдықты берік ұстап кетесің, соның жаман,— депті.
— Ей, ақыл! Сенің айтқандарыңның бəрі де рас. Сенсіз еш нəрсе
табылмайтұғыны да рас. Жаратқан Тəңіріні де сен танытасың, жаралған екі
дүниенің жайын да сен білесің. Бірақ сонымен тұрмайсың, амал да, айла да —
бəрі сенен шығады. Жақсының, жаманның — екеуінің де сүйенгені сен;
екеуінің де іздегенін тауып беріп жүрсің, соның жаман,— депті.
— Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ — менің ісім,— депті. Бірақ сонда
билеуші, əмірші жүрек болса жарайды. Ақыл, сенің қырың көп, жүрек сенің ол
көп қырыңа жүрмейді: Жақсылық айтқанына жаны-діні құмар болады. Көнбек
түгіл қуанады. Жаманшылық айтқаныңа ермейді. Ермек түгіл жиреніп, үйден
қуып шығарады. Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол, сенің де еркіңе
жібермейді. Орынды іске күшіңді аятпайды. Орынсыз жерге қолыңды
босатпайды. Осы үшеуің басыңды қос, бəрін жүрекке билет, — деп ұқтырып
айтушының аты ғылым екен.
Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының
топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам сол.
Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым.
Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай Тағала қалпыңа əрдайым
қарайды деп кітаптың айтқаны осы, — депті.
|