Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы



Pdf көрінісі
бет7/65
Дата31.01.2023
өлшемі3 Mb.
#64220
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   65
8. Сегізінші Сөз
Осы ақылды кім үйренеді, насихатты кім тыңдайды?
Біреу — болыс, біреу — би. Олардың ақыл үйренейін, насихат тыңдайын
деген ойы болса, ол орынға сайланып та жүрмес еді. Олар өздері де оздық
кісіміз, өзіміз біреуге үлгі беріп, ақыл айтамыз деп сайланды. Өздері түзеліп
жеткен, енді елді түзерлігі-ақ қалған. Ол не қылып тындасын жəне тындайын
десе де қолы тие ме? Басында өзіндік жұмысы бар: ұлығымызға жазалы болып
қаламыз ба, яки елдегі бұзақыларымызды бүліндіріп аламыз ба, яки
халқымызды бүлдіріп аламыз ба, яки өзіміз шығындап, шығынымызды толтыра
алмай қаламыз ба?— деген ебіне қарай біреуді жетілтейін, біреуді кұтылтайын
деген бейнетінің бəрі басында, қолы тимейді.
Байлар, олар өздері де бір күн болса да, дəулет қонып, дүниенің жарымы
басында тұр. Өзінде жоқты малыменен сатып алады. Көңілдері көкте, көздері
аспанда, адалдық, арамдық акыл, ғылым, білім — еш нəрсе малдан қымбат
демейді. Мал болса Құдай Тағаланы да паралап алса болады дейді. Оның діні,
құдайы, халқы, жұрты, білім-ұяты, ары, жақыны, бəрі — мал. Сөзді қайтіп
ұқсын, ұғайын десе де, қолы тие ме? Ол малды суармақ, тойғызбақ, саудасын
жимақ, күзеттірмек, бақтырмақ, ұры-бөрі, қыс, суық-сұғанақ — солардан
сақтанбақ, солардан сақтарлық кісі таппақ. Оның бəрін жайғастырып, аяғын
алып келіп, мақтанға орналастырғанша қашан? Қолы тимейді.
Енді ұры-залым, сұм-сұрқия өзі де тыңдамайды.
Онша-мұнша қой жүнді қоңыршалар күнің де көре алмай жүр. Аналар
андай болып тұрғанда, білім, ғылым, ақылды не қылсын? Жəне де білім, ғылым
кедейге керегі жоқтай-ақ: "Бізді не қыласың ана сөзді ұғарлықтарға айт!" дейді.
Оның өзгеменен ісі жоқ, ана алдыңдағы үшеуіндей болған жанның ойында
ешбір қайғысы, мұңы болмаса керек.


9. Тоғызыншы Сөз
Осы мен өзім — қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер
жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді. Уа, əрнешік бойларынан адам
жақсы көрерлік, я көңілге тиянақ қыларлық бір нəрсе тапсам керек еді. Соны не
үміт үзбестікке, не онысы болмаса, мұнысы бар ғой деп, көңілге қуат қылуға
жаратсам керек еді, ондайым жоқ. Егер жек көрсем — сөйлеспесем, мəжілістес,
сырлас, кеңестес болмасам керек еді, тобына бармай, "не қылды, не болды?"
демей жату керек еді, ол мүмкін болмаса, бұлардың ортасынан көшіп кету
керек еді. Бұларды жөндеймін деуге, жөнделер, үйренер деген үмітім де жоқ.
Бұлардың бірі де жоқ. Бұл қалай? Бұл айтқанның бірін тұтпай болмас еді.
Мен өзім тірі болсам да анық тірі де емеспін. Əншейін осылардың
ызасынан ба, өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, яки бөтен себептен бе,—
білмеймін. Сыртым сау болса да ішім өліп қалыпты. Ашулансам, ызалана
алмаймын. Күлсем қуана алмаймын, сөйлегенім өз сөзім емес, күлгенім өз
күлкім емес, бəрі де əлдекімдікі.
Қайратты күнімде қазақты қиып бөтен жаққа кетпек түгіл, өзін жақсы
көріп, үміт етіп жүріппін. Қашан əбден біліп, үмітімді үзген кезде, өзге жаққа
барып, жатты өз қылып, үйір боларлық қайрат жалын сөніп те қалған екен. Сол
себептен бір жүрген қуыс кеудемін. Тегінде ойлаймын: бұ да жақсы, өлер кезде
əттеген-ай, сондай, сондай қызықтарым қалды-ау!" деп қайғылы болмай,
алдыңғы тілеу болмаса, артқа алаң болмай өлуге.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   65




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет