Абай институтының хабаршысы



Pdf көрінісі
бет4/14
Дата12.03.2017
өлшемі1,08 Mb.
#9211
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

Абайдың ақындығы

Біз  жоғарыда  Абай  өлеңдерінің  пікір  жағына 

тоқтадық.  Қандай  əлеумет,  таптық  маңызы  бар, 

жақсысы не, жаманы не, қандай ортаның, таптың 

əсері бар, ақынның сөз қылған темалары – міне, 

осы  сықылды  мəселелерді  аша  алдық.  Бұл  Абай 

өлеңдерінің  мазмұн  жағы,  бірақ  осы  пікірлерін, 

осы мазмұнды Абай көркем сөзбен, ақын тілімен 

айтты.  Енді  Абайдың  сол  ақындығына  келейік. 

Абайдың  ақындық  күші,  қазақ  əдебиетіндегі 

орны, үлгі өрнегі, əсері – əңгіменің осы жағын да 

ашайық. 


Ілиястан  бұрынғы  Абай  туралы  жазған  сын-

шылар  Абайдың  ақындығын,  көркем  сөзін  ерек-

ше  тексерген  жоқ.  Бəрі  де  Абайдың  пікіріне, 

сөзінің  мазмұнына  тоқтады,  ақынның  пікірін 

ғана  сынады.  Бұл  жөнде  Абайдың  ақындығын, 

өлең түрлерін тексеруге бірінші рет шұғылданған 

сыншы – Ілияс. Бұл Абайдың ақындығына ерек-

ше  тоқталады.  Абай  өлеңдерінің  көркемдік,  түр 

жағын да тексереді, ақынның көркем əдебиеттегі 

орнын  ашады.  Біздіңше  Ілияс  мақаласында 

Абайдың  ақындығын  тексерген  жері – қызықты, 

күшті  жері.  Тереңдеп,  толық  тексермесе  де, 

Абайдың  ақындығын  ұғуда,  бағалауда  Ілияс  көп 

дұрыс  пікірдің  бетін  ашады,  ақын,  жазушыларға 

ойланарлық көп мəнді сөздер айтады.

Абайдың  ақындығын  бағалағанда  бəріміз  де 

күшті ақын дейміз. Бірақ Абайдың сол күштілігі 

не,  əдебиеттегі  үлгі,  өрнегі,  тапқан  жаңалығы 

не – ол  жағын  айтпаймыз.  Сондықтан  Абайдың 

ақындығын да жете білмейміз.

Абайдың  ақындығын  сөз  қылғанда,  алды-

мен,  оның  қазақ  əдебиетіне  жасаған  жаңалығын 

анықтау  керек.  Абайдың  əдебиеттегі  жаңалығы 

қайсы? Біздіңше, Абайдың əдебиеттегі жаңалығы 

біреу емес – əлде неше. 

Бірінші  жаңалығы – Абайдың  көркем  сөзге, 

поэзияға көзқарасы. Өлең жазушы, айтушы Абай-

дан  бұрын  да  көп  болды.  Өлең  қазақ  өмірінде 

үлкен  орын  алды.  Қазақтың  салт-санасын 

сұрыптауға,  өлең  феодал  табының  тап  құралы 

болды.  Жыр,  қисса,  айтыс  өлеңдер – бəрі  де 

қазақтың  феодал  табының  тілегін  жырлаған 

өлеңдер  еді.  Өлеңді  осылай  тап  құралы  қылып 

пайдалануды  қазақ  байлары  жақсы  білді,  жақсы 

түсінді,  ел  ішіндегі  жыршы,  өлеңші  ақындарды 

қазақ байы өзіне бағындырды. Əр бір байдың өз 

жыршысы,  өз  ақыны  болды.  Бірақ  та  қазақтың 

феодалдары  өлеңнің  өнер  екендігін,  ақынның 

талантын  бағалауды  Абайдан  бұрынғы  заман-

да  білген  емес.  Қазақтың  ескі  феодалының 

ұғынуынша, ақын байға қызмет қылатын еті тірі, 

епті  жігіттің  бірі  ғана.  Ақынның  жақсылығы 

өз  байын,  руын  қалай  мақтай  біледі,  осыған 

байланысты.  Абай  айтқандай, «жоқты  бар-

ды  сатып,  елін,  байын  мақтаса»,  сонымен  ескі 

ақындардың аты шығушы еді. Бұлардың таланты, 

ақындығы  осыған  ғана  байланысты  еді.  Абай-


Абай институтының хабаршысы. №6 (12), 2011

27

дан бұрынғы ескі замандағы феодалшы ақындар 



да  өзінің  міндетін,  ақындық  өнерін  осылай  ғана 

бағалаушы  еді.  Ақынға,  өлеңге  осы  көзқарас 

болғандықтан,  ақын  да,  өлең  де  жалдамалы  бо-

лушы  еді.  Өлеңді  ханның,  сұлтанның,  байдың 

жалдамалы  ақыны  ғана  айтатын  еді.  Үстемдік 

құрып,  ел  билеп  отырған  феодалдардың  өздері 

ақындық  құруды  бойына  кемшілік  деп  санаушы 

еді.  Абайдан  бұрынғы  қазақтың  заманын  шо-

лып  көріңіз.  Қазақтың  не  ханы,  не  сұлтаны,  не 

байы, би, болысынан осы ақын болып еді дегенді 

көре  алмаймыз.  Бұлардан  ешкім  ақын  болған 

жоқ.  Сонда  осылардың  ақындық  таланты,  өнері 

болмағандықтан емес, ақындықты қорлық, кемдік 

деп  санағандықтан,  бұлардан  ақын  болмады. 

Міне,  осы  ескі  көзқарасқа  Абай  өзгеріс  жасады. 

Абай өлең үлкен өнер екенін білді. Ақындықты та-

лантпен байланыстырды, екінің бірі ақын бола ал-

майтынын анықтады. Ақын болу қорлық, кемдік 

емес, үлкен өнер, өзгеден артықтық, жан байлығы 

деп  ұғынды.  Абай – өзі  үлкен  бай.  Бірақ  сол 

байлығына қарамай, өлеңнің өнер екенін, əлеумет 

тұрмысында орны үлкен екенін ұға білді. Абайдан 

бұрын байға ақын болу, өлең жазу қорлық болса, 

енді,  Абайша,  байдың  ақын  болуы,  өлең  жазуы 

озғандық, білімділік, жақсылық сипатқа айналды.

Абай  да  ақындық  туралы  пікірін  əлде  неше 

өлеңдерінде  ашық  айтады.  Бір  өлеңінде  ескі 

ақындарды Абай былай баяндайды:

 Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,

 Мақалдап айтады екен, сөз қосарлап.

 Ақындары ақылсыз надан болып, 

 Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап.

 Қобыз бен домбыра алып топта сарнап,

 Мақтау өлең айтыпты əркімге арнап.

 Əр елден өлеңменен қайыр тілеп,

 Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап.

 Мал үшін, тілін безеп, жанын жалдап,

 Мал сұрап, біреуді алдап, біреуді арбап.

 Жат елде қайыршылық қылып жүріп,

 Өз елін «бай» деп мақтап құдай қарғап.

 

 Қайда бай мақтаншаққа барған таңдап,



 Жиса да бай болмапты қанша малды ап.

 Қазаққа өлең деген бір қадірсіз

 Былжырақ көрінеді соларды аңдап.

                                                       (100-бет)

 Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,

 Өлеңі бірі – жамау, бірі – құрау

 Əттең дүние-ай, сөз таңыр кісі болса,

 Кемшілігі əр жерде-ақ көрініп тұр-ау!

                                                                 (102-бет ) 

Абайдың  осы  сөздері  өз  тұсында  үлкен 

жаңалық  еді.  Қазақ  əдебиетін  жоғары  көтеретін, 

ілгері бас тайтын пікір еді. Абайдан бұрын өлеңге, 

ақынға мұндай сын көзімен қараушы адам қазақта 

болған жоқ. Абайдың артықтығы, қырағылы – осы 

ескі ақындарды сынай білді, кемшіліктерін көрді.

Абай ескі ақындарды сынап қана қойған жоқ, 

ақын қандай болу керек, өлеңді қалай жазу керек 

–  əңгіменің  бұл  жағын  да  сөз  қылды.  Алдымен, 

жақсы ақынның үлгісін Абай өзі көрсетті. Өзінің 

ақындық міндеті жайында Абай былай дейді:

 

 Ескі бише отырман бос мақалдап, 



 Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап, 

 Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, 

 Жоқ-барды, ертегіні термек үшін, 

 Көкірегі сезімді тілі орамды

 Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.

 Сый дəметпе, берсе алма еш адамнан, 

 Нең кетеді жаксы өлең сөз айтқаннан. 

 Сүйенерлік адамды құрымет қыл, 

 Аулақ бол əнін сатып нəрсе алғаннан.

  Міне, бұл сөздер Абайдың ақындық програм-

масы  еді.  Қазақ  ақындарының  алдына  тартқан 

жаңа міндет, жаңа бағыт еді.

Абай  ақындықты  өзіне  үлкен  бақыт,  үлкен 

жақсылық  деп  білген.  Өлең  жазу  Абайда  үлкен 

жұбаныш болған. Өлең арқылы Абай елімен сыр-

ласады. Өлең арқылы жұртқа үгіт, өсиет айтады. 

Білім жаяды. Өлең жазу арқылы Абай ойға салы-

нады.  Ой  мен  алды-артын  шарлайды.  Өлеңмен 

Абай терең сырлы пікірлер толғайды. 

Абайдың  қайғырып,  қамыққанда  жалғыз  жұ-

ба  нышы серігі өлеңі болды.

 Өзгеге көңілім тоярсың

 Өлеңді қайтып жоярсың!

 Оны айтқа толғанып,

 Іштегі дертті жоярсың,

 Сайра да зарла, қызыл тіл,

 Қара көңілім оянсын. 

Абайды  өз  тұсында  қазақ  əдебиетінде  сана-

шыл ақын, үлгілі ақын болды дейміз. 

Абайдың  екінші  жаңалығы – қазақтың  жаз-



Абай институтының хабаршысы.  №6 (12), 2011

28

ба  ұлт  əдебиетін  жасауда  бас  болғаны.  Абайдан 



бұрынғы қазақ əдебиетінде жеке феодалдың қара 

басымен байланысты өлеңдер басым болушы еді. 

Жалпы ұлтқа, жалпы елге ортақ мəселелер аз ай-

тылушы еді. Абай бастаған, Абай жазған əдебиетте 

жалпы  қазаққа,  бүтін  ұлтқа  ортақ  əңгімелер  сөз 

болатын  болды.  Абай  өлеңінің  жүзден  сексені – 

ұлт қамы, қазақ елінің ортақ мəселелері. Ең аяғы, 

Абайдың  өзіне  арналды  деген  мұң,  зарға  түскен 

өлеңдерін  алсаңыз  да  осы  жұрт  қамы,  қазақ 

қамы  сөз  болады.  Сол  қазақ  жұрты  үшін  Абай 

дертті болады. Сол қазақ үшін Абай жылайды. Ең 

болмағанда:

 

 Жылай, зарлай өлгенде



 Арттағыға сөз қалсын.

 Мендей ғаріп кез келсе,

 Мойын салсын, ойлансын.

 Қабыл көрсе сөзімді,

 Кім таныса сол алсын.

  Тірі  күнімде  сөзімді  тыңдамаса,  кейінгіге 

сөзім  қалсын  дейді.  Осы  ұлт  қамын  ойлау,  бүтін 

қазақ елін мұңын жырлау сарыны Абайдың өлең-

дерінен  тіпті  ашық  көрінеді.  Абайдан  бұрынғы 

ақындарда айтылмаған, ұлт мұңымен байланысқан 

өлеңдер Абай тұсында, Абай басшылығымен туа-

ды. Абай өлеңі «ру » көлемінен асып, бүтін қазақ да-

ласына қанат жаяды. Қазақ елін Абай түгел алады. 

Қазақта  ұлт  астына,  елдікке  шақырады.  Абайдың 

осы жұртшылығы ел қамы, ел мұңы деп күңіренуі 

де  қазақ  əдебиетінде  жаңа  сарын.  Сондықтан  біз 

Абайды қазақтың ұлт ақыны дейміз, қазақтың жаз-

ба ұлт əдебиетінің атасы дейміз. 

Абайдың  қазақ  əдебиетіне  кіргізген  үшінші 

жаңалығы – орыс  əдебиетінің  үлгілерін  алуы. 

Абай  бірінші  рет  қазақ  тіліне  орыстың  атақты 

ақындарының  өлеңдерін  аударды.  Қазақ  əде-

биетіне жаңа пікір, жаңа өлең түрлерін кіргізеді, 

сөйтіп  қазақ  əдебиетін  өнерлі  елдің  əдебиетімен 

жақындастыру,  байланыстыру  қамын  іздейді. 

Абай  заманында  қазақ  тілінде  Пушкин,  Лер-

монтовтарды  өлеңмен  аудару  үлкен  жұмыс,  өте 

қиын  жұмыс  еді.  Осы  қиын  жұмысты,  үлкен  игі 

жұмысты  алғаш  қолға  алған  Абай  болды.  Бұл 

жөнінде  Абай  үлкен  қырағылық  көрсетті,  ірі 

ақын, ұлт ақыны екендігін білдірді, сондықтан біз 

Абайды бірінші рет өнерлі елге қол созған, өнерге 

ұмтылған, өнерлі, талапты ақын дейміз.

Абайдың  төртінші  жаңалығы – қазақтың 

тіл  байлығын  ұқсата  білді.  Алғаш  қазақтың 

қарапайым,  жуан  тілінде  көркем  образды 

сөзбен, мағыналы, терең сырлы, қызықты өлең 

жазу  үлгісін  көрсеткен  Абай  болды.  Абайдан 

бұрынғы  əдебиетте,  əсіресе  қиссаларда  қазақ 

тілі  орынсыз  шұбарланған  еді.  Араб,  парсы 

сөздері  орынды  да,  орынсыз  да  өлең  ішінде 

қыстырыла беруші еді, Абай осыған қарсы бол-

ды.  Абай  қазақтың  əдеби  тілін  шұбарламады. 

Өлеңдерінде  қазақтың  жалпыға  ұғымды,  жа-

байы  тілін  қолданды.  Қазақтың  жабайы  тілі 

Абай  өлеңдері  арқылы  көркем  əдеби  тілге  ай-

налды.  Қазақтың  осы  күнгі  жазба  əдеби  тіліне 

бірінші негіз салған, жаңа жол ашқан Абай деп 

білеміз.  Орыстың  əдебиетінде  Пушкиннің  рөлі 

қандай  болса,  қазақ  əдебиетінде  де  өз  əлінше, 

қазақ жағдайында Абайдың да рөлі сондай бол-

ды.  Əрине,  Абай  жазба  əдебиетке  негіз  сал-

ды,  тілін  түзеуге  басшы  болды  дегенде,  Абай 

жаңадан  тіл  жасады  деп  ұқпау  керек.  Тыңнан 

ешкім де ештеңе жасай алмайды. Абай да жаңа 

тіл жасаған жоқ. Абайдың істегені қазақтың ескі 

ауыз  əдебиетіндегі,  халық  аузындағы  күнбе-

күнгі тұрмыстағы айтылып жүрген қарапайым, 

жалпылама,  сыртқа  түсінікті  тілін  пайдала-

на  білді.  Көркем  əдебиеттің  керегіне  жаратты. 

Ақыны  келіссе,  қазақ  тілі  де  көркем,  образды 

тіл, өз əлінше бай тіл екендігін көрсетті.

Біз  жоғарыда  Абайда  екі  жақты  əсер  болды 

дедік. Бірі – Абайдың бала жасында, жігіт кезіндегі 

əкесі  Құнанбай  тəрбиесінен  қалған  ислам  əсері, 

араб, парсы, шағатай əдебиетінің əсері. Екіншісі – 

Абайдың сақайған кезіндегі орыс культурасының, 

əсіресе  орыс  əдебиетінің  əсері.  Осы  екі  əсердің 

екеуі де Абайдың тілінде анық көрінеді. Абайдың 

алғаш  жазған  өлеңдерінде  араб,  парсы  тілінің 

əсері тіпті күшті болады. Мəселен, 

 Жүзі раушан, көзі гаухар,

 Лағылдек бет ұшы ақмар,

 Тамағы қардан əм бихтар,

 Қасың құдірет, қолы шыйға.

Дəл  осындай  болмағанмен  де,  дін  туралы 

жазған  соңғы  жылдардағы  өлеңдерінде  де  Абай 

араб, парсы тілдерінің ықпалынан мүлде құтылып 

кете  алмайды.  Азды-көпті  араб-парсы  сөздері 

кейінгі  өлеңдерінде  де  қыстырылып  отырады. 

Мəселен, 


Абай институтының хабаршысы. №6 (12), 2011

29

Аманту оқымаған кісі бар ма?



Уəктүбиһи дегенмен ісі бар ма?

Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді

Оларға кез-кезімен нəби келді.

Қағида шариғати өзгерсе де 

Тағриф Алла еш жерде өзгермеді.

                                                   (1902 ж.)

Алайда  Абайдың  соңғы  жылдарда (80-90 ж.) 

жазған  өлеңдерінде  араб,  парсы  тілдерінің  əсері 

азая  береді.  Абай  көбінесе  қазақтың  қарапайым, 

жуан  тіліне  ауады.  Жұртшылық,  ғашықтық,  ау-

дарма өлеңдерінің бəрі де қазақтың қара тілімен 

жазылады.  Кейде  осы  өлеңдерінде  бірен-саран 

орыс  сөздері  қатыстырылады.  Бірақ  бұлардың 

көбі жаңа термин есебінде, қазақтың тілін байыту 

ниетімен  ғана  алынған  сөздер  болады.  Мəселен, 

Абайдың кейбір өлеңдерінде: 

 Визитке төлемей,

 Шырағым, бос қалма.

Жə болмаса:

 Тактысына билесін

Тағы осы сықылдылар. 

Мұндай термин есебінде орыс тілінен пайда-

лану  Абайдың  соңғы  ақындық  құрған  кезін дегі 

өлеңдерінде  көп  кездеседі.  Мұнысы  да  Абай-

дың  жаңалығы.  Қайта  орыс  тілінен  керекті  тер-

миндерді алу жөнінде төңкерістен бергі терминші 

ұлтшылдардан Абайдың аяқ алысы анағұрлым игі 

еді. 


Абай  заманына  қарамай  орыстың  керекті 

терминдерін  өзінше  қазақ  əдебиетіне  кіргізуге 

тырысты. Жарытып, қорытып ештеңе істемесе де 

орыс əдебиетімен, орыс культурасымен жақындасу 

керек деген бетте болады. Визит, такты, промысел 

сықылды  сөздерді  жаңа  термин  қылып  кіргізеді. 

Ал кейінгі төңкерістен бергі ұлтшыл терминшілер 

бұл жөнінде Абайға да ере алмады. Абай заманын-

да адыра қалған ескілікті қайта қозғады. Қазақтың 

бүгінгі  тұрмысында  құлаққа  жат,  үйренуге  қиын 

араб, парсы сөздерін термин қылды немесе көңілге 

де  қонбайтын  «жаңа  сөздер»  ойлап  шығарды. 

Қалайда  орыс  тіліне  жоламау,  орыс  əдебиетінен 

алыстау,  етек-жеңін  қоршап-қымтап,  қазақ 

əдебиетіне орыс терминдерін (жалпы Еуропаның 

білім терминдерін, сөздерін) кіргізбеуге тырысты. 

Мұның  атын  бұлар  қазақ  тілін  таза  сақтау  керек 

деп түсіндірді. Шынында, мұның аты қазақ тілін 

таза  сақтау  емес,  қазақты  надандықта  ұстаудың 

программасы еді.

Қазақты  Еуропаның,  əсіресе  сұрыпталған 

дайын терминдерімен пайдалану жөнінде бірінші 

рет  игі  жұмыс  бастаған  Абай  ақын  болды.  Абай 

қазақтың  өз  тіліндегі  барлық  байлықты  пайда-

лана  отырып,  реті  келген  жерде  орыс  тілінен  де 

керекті  терминдерді  алудан  қашпады.  Абайдың 

бұл ісі де бүгінгі біздің көп ақындарымызға мəнін 

жоймаған, үлгі аларлық іс. 

Биылғы Мəскеуде болып өткен бірінші Совет 

жазушыларының съезіндегі үлкен, күрделі сөздің 

бірі – көркем əдебиеттің тілін түзеу мəселесі бол-

ды. Бұл мəселе жалғыз орыс əдебиетіне ғана тиісті 

мəселе  емес.  Орыста  əдебиет  тілі  ойлағандай 

шешілмеді  деп  отырса,  қазақ  сықылды  елдер-

де бұл мəселе əлі тіпті тың жатыр. Біздің кейбір 

жазушыларымыз, ақындарымыз соңғы жылдарда 

қазақ тілінде жазудан қалып барады. Кейбіреулер 

мұны «пролетариатшылық» деп түсінетін тəрізді. 

Əрине, «аударма»  тілмен,  қазақша  емес  не 

орысша  емес,  жазушының  өзінен  басқа  ешкім 

ұқпайтын  сауатшыл  тілмен  көркем  əдебиет  жа-

сай  алмаймыз,  қазақ  тілін  байыта  алмаймыз. 

Мұндай  жазушыларға  Қазақстан  жұртшылығы, 

сөз  жоқ,  қарсы  болады.  Алдымен,  мұндай  «тіл 

бұзушыларға»  қазақ  жазушылары  қарсы  болу 

керек.  Өз  жазуларында  қазақ  тілінің  жақсы 

үлгісін көрсетуі керек. Міне, біздің осы үлкен игі 

жұмысымызда Абайдың да пайдасы аз болмады. 

Абай  тілі  қазақтың  бүгінгі  көп  жазушыларына 

үлгі бола алады. Абай – өз тұсында қазақтың тіл 

байлығын  түгел  меңгерген  кісі.  Абай  ескі  тілді 

біліп қана қоймай, сол тілді байытуға қам істеген 

кісі.  Өнерлі  елдердің  тіліне  жеткізуді  арман 

қылған кісі. «Сөз патшасы» өлең тілін əдемілеп, 

жырлап,  құндызша  құлтпыртқан  Абай  бола-

тын.  Абайдың  би,  болыстарды  сөккен  найзаның 

ұшындай  өткір  тілі,  ғашықтықты  дəттеген  нəзік 

сезімді, ыстық жүректі, жылы сөзі, жұрт қамынан 

туған өзінің қайғы, мұң басқан сырлы тілі, терең 

ой,  жаралы  жүрек,  нəзік  сезімнен  шыққан  сыр-

лы  жыры – осылардың  бəрі  де  Абай  тілінің 

байлығын, Абайдың əр өлеңінің маңызына лайық 

сөз таба білгендігін көрсетеді. Абайдың өлеңдерін 

оқығаныңда  алдымен  көңіл  тартатыны – əдемі, 

образды, кестелі сөзі. Абай өлеңдерінен артық сөз 

таба  алмайсың  (болса  бірен-саран),  əрқайсысы 

орнымен  айтылады,  қиуы  келіп,  жабысып  жата-

ды, бөлектеніп кедір-бұдыр болып тұрған сөз бол-

майды. Абайдың:


Абай институтының хабаршысы.  №6 (12), 2011

30

 Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,



 Қиыннан қиыстырар ер данасы;

 Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

 Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.

 Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,

 Ол ақынның білімсіз бейшарасы, –

                                                  (100-бет)

дегені қазақтың Абайдан басталған буржуалыққа 

бет  бұрған  байшыл  əдебиетінің  жаңа  жолы  еді. 

Бұрынғы  төрт  жол  төрт  жақтан  келетін  өлең 

ескіріп,  жаңа  заманға  жаңа  өлең  керек  болғанда 

туған  жаңа  өлеңнің  алғашқы  нұсқа,  үлгілерін 

Абай жазады. Шынында да, Абайдың көп өлеңдері 

«тілге жеңіл, жүрекке жылы тиеді».

Абай  тілі – образды  тіл.  Абай  образды 

тілімен  əйелді  суреттесін,  жоқ,  жақсы  атты 

суреттесін, жа болмаса, көш-қонды, жазды, жай-

лауды,  қысқан  қысты,  суыған  күзді  суреттесін 

–  бəрінде  де  Абайдың  образды  тілге  байлығы, 

Абай  ақындығының  күштілігі,  таусылмайтын 

бұлақ сықылды сөздің де, образдың да құйылып, 

төгіліп ағытылып жатқанын көреміз. Абай тілінің 

артықша бір қасиеті – аз сөзбен көп мағына беруі. 

Төрт-бес  жолмен  Абай  тұтас  адамның  кейпін, 

мінез-қылығын көрсетеді.

 Мəз болады болысың,

 Арқаға ұлық қаққанға.

 Шелтірейтіп орысың

 Шенді-шекпен жапқанға.

Абайдың осы төрт жол өлеңінде қазақтың ескі 

болысының  мінез-құлқы,  сыртқы-ішкі  сипаты 

көзге анық елестемей ме? Абайдың «аш би» деген 

бір ауыз сөзінде де көп мағына жатқан жоқ емес 

пе? « Аш би» деген сөзбен қазақ биінің арамдығы, 

елді жалмап, бірді бірге атыстырып-шатыстырып 

отыратыны,  сонда  да  өзі  тойса  да  көзі  тоймай, 

ылғый  «аш»  отыратыны  өтірік  пе?  Абай  осыны 

бір-ақ  сөзбен  айтып-түсіндіріп  отыр.  Ақындық, 

шеберлік,  сөзге  ұсталық,  тілге,  образға  байлық 

осындайдан табылады.

Абай қысқа сөзбен адамның ғана образдарын 

суреттеген  жоқ.  Абайдың  өлеңдеріндегі  пейзаж, 

жаратылыс суреттерін алсаңыз да осы қасиет бар.

Желсіз түнде жарық ай,

Сəулесі суда дірілдеп;

Ауылдың жаны терең сай

Тасыған өзен гүрілдеп.

Қалың ағаш жапырағы,

 Сыбырласып өзді-өзі.

 Көрінбей жердің топырағы,

 Құлпырған жасыл жер жүзі.

 Осы сегіз жолда да қалың ағашты, терең сай-

ды жағалай отырған қазақтың жазғы ауылы елес-

темей ме?

 Желсіз түнде жарық ай,

 Сəулесі суда дірілдеп.

Осы да өте бай образ ғой. Бір сөйлемде жел, 

түн,  ай,  су,  сəуле,  осылардың  құбылысы,  перне-

суреттері – бəрі түел айтылып отырған жоқ па?

Осының  бəрі,  əрине,  Абайдың  тіл  байлығы, 

ақындығының  күштілігі  арқасында  ғана  болып 

отыр. Күшеншек ақын бір ауыз сөзді 10-20 ауызға 

айналдырып, мылжыңдап, езіп отырар еді. Абай-

да  бұл  жоқ.  Абай  тереңнен  алады,  қысқасынан 

қайырады,  тауып  айтады.  Сондықтан  біз  Абай-

ды  көркем  тілдің  ұстасы  дейміз.  Өз  заманын-

да  ақындығымен,  образды  əдемі  тілімен  қазақ 

əдебиетіне  Абай  жаңалық  кіргізген,  үлгі  ақын 

дейміз.


Абайдың  қазақ  əдебиетіндегі  төртінші  жаңа-

лығы – Абайдың жаңа əдебиет түрлерін жасауы. 

Қазақ поэзиясына Абай түр жағынан көп жаңалық 

кіргізді.  Абай  өлеңдерінің  сарыны,  бағыты, 

мазмұнындағы  жаңалықтар  өлең  түрлерінде  де 

көзге анық көрінеді. Абай өлеңдерінің тілін, түрін, 

кестесін  ғылыми  жадтап,  тереңдеп  ерекше  тек-

серген кісі Абай өлеңдерінің түр жағынан бүгінгі 

қазақ поэзиясына да бір сыпыра қолайлы үлгілер 

табар  еді.  Абай  жасаған  өлең  үлгілері  əлі  түгел 

пайдаланылған  жоқ.  Ұлтшыл  ақындар  Абайдың 

бес-алты  түрін  ғана  алды.  Төңкерістен  бұрынғы 

қазақ  ақындарының  Абайдан  асып,  жаңа  түр 

тапқаны  жоқтың  қасында.  Бəрі  де  Абайды  түгел 

пайдалана  алмады.  Абай  өлеңдерінде,  сұрыптай 

келгенде, 16 өлең  түрі  бар.  Соның  бірсыпырасы 

–  қазақтың  ескі  ауыз  əдебиеті,  жыр,  қисса,  қара 

өлеңі,  əндерінен  алынған  түрлер.  Қазақтағы  бар 

өлең түрлерін Абай түгел пайдаланған деуге бола-

ды. 11-12 буынды қисса, қара өлең түрі, желдіртіп 

отыратын жыр түрі, 5-6 буынды халық өлеңдері, 

7-8  буынды,  екі  жолды,  қысқасынан  қайырылып 

отырытын  жырау  түрі – осылардың  бəрі  Абай 

өлеңдерінде де көп кездеседі.

Бұлардан басқа өзінің тыңнан шығарған, орыс, 

араб, парсы əдебиеттерінен алған үлгілері де жоқ 

емес. Біздің жалпылама сөзіміздің өзінде-ақ Абай 


Абай институтының хабаршысы. №6 (12), 2011

31

өлеңдерінен 7-8 өлең  түрлері  қазақтың  бұрынғы 



əдебиетінде  болмаған  түрлер  дейміз.  Абайдың 

жаңа түрлерінде екі түрлі өзгерістері бар. Біркелкі 

өлеңдері – əнге лайықтап, музыка үніне үйлесіп, 

буын өлшемі, дыбыс ұйқастары, сөз ырғағы күшті 

болып  келеді.  Өлеңді  оқығанда,  сөз  ырғағы,  ды-

быс  ұйқастары  өлеңінің  жалпы  кестесі  əнге  өзі 

тартып тұрады. Қара сөзбен оқығанның өзінде-ақ 

əн болып оқылады. Мəселен, Абайдың;

 Көзімнің қарасы,

 Көңілімнің санасы

 Бітпейді ішімде

 Ғашықтық жарсы.

Жə болмаса: 

Қара көз, имек қас

Қарса жан тоймас,

Аузын бал қызыл гүл,

Ақ тісін кір шалмас.

                                  (150-151 бет)

 Айттым сəлем, қаламқас,

 Саған құрбан мал мен бас.

 Сағынғаннан сені ойлап,

 Ағар көзден ыстық жас.

 Сенен артық жан тумас,

 Туса туар, артылмас.

 Бір өзінен басқаға

 Ынтықтығым айтылмас.

Абайдың  осы  сықылды  өлеңдері  көп.  Пуш-

киннің  «Евгений  Онегин»  поэмасы  да  осы  са-

рынды  өлең  түрімен  аударылған.  Абайдың  осы 

сықылды өлеңдерінің бəрі де əн-күйге лайықталып 

жазыл ған. Сөз кестесі, дыбыс ұйқастығы, өлеңнің 

өлшемі,  буын  мөлшері,  сөзден  құрылған  сөйлем 

ырғағы,  қисыны – бəрі  əнге,  күйге  тартады.  Бір 

өлеңнің аяғында Абайдың өзі де айтады: 

 Мұны оқыса кім танып, 

 Жүрегінде от жанып.

 Сөзді ұғарлық жан тапса, 

 Айтса жарар əн салып, –

дейді.

Шынында да, Абайдың мұндай өлеңдері елге 



тез тарады. Ел ішінде əн болып айтылды. 

Абайдың  екінші  біркелкі  өлең  түрлері  əнге 

келмейді,  өлең  кестесі,  сөз  ырғағы,  сөз  қисыны 

мазмұнына  бағынады.  Мағынасы  келіп  тұрған 

сөзді  кейде  өлең  ұйқастығын,  жалпы  кестесін 

бұзып  тұрса  да  Абай  қосып  жібереді.  Абайдың 

мұндай  өлеңдерінде  терең  ой,  тоғаулы,  сабақты 

сөз кездеседі, əндетіп сылдыратып оқи алмайсың, 

көбінесе,  талдап,  саралап,  тоқтап  оқисың.  Бір 

сөйлемнің ішінде əлде неше рет тоқтау керек бо-

лады. Мəселен, Абайдың: 

 Шын көңілмен сүйсе екен кімді сүйсе, 

 Бір сөзімен тұрса екен, жанса-күйсе. 

 Қырмызы қызыл жібек бозбалалар, 

 Оңғақ бұлдай былғайды бір дым тисе. 

 Кемді күн қызық дəурен тату өткіз, 

 Жетпесе біріңдікін бірің жеткіз, 

 Күншіліксіз тату бол шын көңілмен, 

 Қиянатшыл болмақты естен кеткіз, – 

 

деген  өлеңдерін,  əрине,  əнге  салуға  болмайды. 



Абайдың  өзі  де  бұларды  əнге  деп  арнамаған. 

Абайдың  үгіт,  өсиет  қылып  жазған  өлеңдерінің 

көбі  осылай  жазылады.  Толғап,  талдап,  жаяула-

тып оқуды керек қылады. 

Абайдың  жаңа  түрлерінің  ішінде  қазаққа 

көбірек  жайылғаны – «Сегіз  аяқ».  Бұл  өлеңі  əн 

болып  та  айтылады.  Абайдан  кейінгі  ұлтшыл 

ақындардан  да  осы  түрді  қолдаушылар  болды. 

Абайдың  осы  «Сегіз  аяғының»  өзге  түрлері  де 

бар. 


«Сегіз аяқта»: 

Алыстан сермеп, 

Жүректен тербеп, 

Шымырлап бойға жайылған, 

Қиуадан шауып,

Қисынын тауып, 

Тағыны жетіп қайырған, 

Толғауы тоқсан қызыл тіл, 

Сөйлеймін десең өзің біл. 

Осы  сегіз  жолдың  түйіні  соңғы  екі  жолда 

шешіліп  отырады.  Əрбір  екі  жолы  бір-бірімен 

үйлесіп, үшінші жол алтыншы жолмен үйлеседі. 

Ал  өзге  түрлерінде  не  «ұлт  аяқ»  не  «жеті  аяқ» 

болып  келеді.  Мұнда  екіге  бөлінеді.  Сол  əрбір 

бөлігінде түйіні шешіліп, мағынасы ашылып оты-

рады. 


Мəселен: 

 Бай сейілді, 

 Бір бейілді, 

      Елде жақсы қалмады. 

 Елдегі еркек 

 Босқа селтек 

     Қағып елін қармады.


Абай институтының хабаршысы.  №6 (12), 2011

32

Бұл  алты  жол  үш-үштен  бөлінеді.  Екі  жолы 



бір  бірімен  ұйқасып,  үшінші  жол  алтыншы 

жолға  ұйқасады.  Осы  сықылды  «жеті  аяқты  да» 

бөлшектеніп келеді. 

Мəселен: 

 Ғашықтық – қиын жол: 

 Жетсең – жеттің,

                              Жетпей өттің

 Не болды? 

 Арманда өмір 

 Өтті,


 Ойлай ма екен бір мені сол? 

Мұнда  бірінші  бастауыш  жол  мен  жетінші 

қорытушы  жол  үйлеседі.  Бірден  соңғы  екінші, 

үшінші жолдар ұйқасады. Қалғандары сөйлемінің 

маңызына  қарай  құбылып  отырады,  кейде 

ұйқасады,  кейде  ұйқаспайды.  Абайдың  бұл  түрі 

–  өзінің  де  аз  қолданған  түрі.  Тегінде,  поэзияға 

өте қиын түр болу керек. Жəне осында ұйқастық, 

ырғақтық та аз сықылды. Оқығаныңда томар ат-

тап,  жығыла-сүрініп  келе  жатқан  кісіше  оқисың. 

Кейінгі  қазақ  ақындарына  Абайдың  бұл  түрінің 

жұқпай қалуының да бір себебі осы болу керек. 

Абай  өлеңдерінде  дыбыс  үндестігі  құбылып, 

буын  ұйқастығы  құбылып,  буын  ұйқастығын 

жасағандар  да  бар.  Мұнда  Абай  өлеңдегі  əрбір 

сөйлем,  не  бір  жолдың  ішінде  бірыңғай  үндес, 

ұйқас  дыбыстарды  тізеді.  Жəне  осы  жолдардың 

бастауын  бір-ақ  дыбыс  не  бір-ақ  түрлі  буынмен 

бастайды. 

 Мəселен: 

 Самародный сары алтын 

 Саудасыз берсең алмайды. 

 Саудыраған жезіне, 

 Саудыраған қамқаны, 

 Садаға кеткір сұрайды, 

 Самарқанның бөзіне.

 

Жə болмаса: 



 

 Жайнаған туың жығылмай,

 Жасқанып жаудан тығылмай, 

 Жазалы жаудан бұрылмай, 

 Жау жүрек жомарт құбылмай.

Міне,  бұл  өлеңдерінде  Абай  əр  өлең  жолын 

бір-ақ дыбыспен, бір-ақ түрлі буынмен бастайды. 

Бастапқы біз келтірген өлеңді – «Самародный сары 

алтын»-ды ылғиына «с» дыбысы «са» буынымен 

бастайды. Осы «с» дыбысына ұйқасты дыбыстар-

ды «ж», «з» не «с»-ның өзінің кейінгі жол ішіндегі 

сөздерде  де  болуын  қарастырады.  Сонда,  жалпы 

өлеңді  оқып  отырғанда, «с»  мен  басталғанынан 

басқа, бүтін өлең ішіне «с» не осыған ұйқас «ж», 

«з»  дыбыстарымен  үндесіп  жатқанын  көресің. 

«Жа»  мен  бастаған  өлеңдерінде  де  осы  əдісті 

қолданады. 

Абайдың  осы  дыбыс  ұйқастығын  қуалау 

əдісі өлең жолының басында ғана емес, аяғында 

да  қолданылады.  Жолдың  аяғын  ылғиына  өлең 

біткенше бір түрлі буынмен, үндес, ұйқас дыбыс-

пен ғана қайырып отырады. Мəселен:

 Антпен тарқайды,

 Жиылса кеңеске.

 Анттасын алқайды,

 Сен тентек демеске.

 Кім анттан шалқайды,

 Амал жоқ жемеске. 

                                 (164-бет)

Мұнда  өлең  жолының  аяғы  бір  түрлі  ды-

бысты  буындармен  ұйқасып  отырады. «Айды, 

қайды»  деген  жұрнақтар  бірінші  жолда, «еске» 

екінші  жолда  болып  отыр.  Жол  аралатып  осы 

екі  түрлі  жұрнақ  бүтін  өлең  біткенше  келеді  де 

отырады.  Осының  өзі,  əрине,  Абайдың  сөзге, 

образға,  түрге  байлығын  көрсетеді.  Жоғарыда 

біз Абайды күшті ақын, төгіліп, тасып отыратын 

ақын  деп  едік.  Абайдың  сол  ақындығы,  таусыл-

майтын  бұлақ  екені  осындай  өлең  түрлерінде  де 

көрінеді. Сондықтан біз Абайды қазақ поэзиясы-

на жаңалық кіргізген, жаңа түр берген, үйренерлік 

үлгі қалдырған ақын дейміз.

Абай  ылғиына  поэзиямен  ғана  шұғылданды. 

Поэзия  ішінде  Абайдың  басым  сарыны  лирика, 

сырлы  өлең  болды.  Қазақтың  Абайдан  бұрынғы 

əдебиетінде  де  лирика  көп  орын  алып  келеді. 

Əсіресе  қазақтың  əйел  мұңын  жыр  қылған  не-

месе  орыс  отаршылығына  қарсылық  білдірген 

өлеңдерінде лирика күшті болатын.

Бұл жағынан қарағанда, Абай лирикасы қазақ 

поэзиясында  жаңалық  емес.  Абайда,  Абай  лири-

касы  ескі  əдебиеттегі  лирика  емес.  Абайдың  за-

манына қарай бұл жөнінде де азды-көпті қосқаны 

бар.  Абай  лирикасының  бір  ұшы  қазақтың  ескі 

əдебиетінде  жатса,  енді  бір  ұшы  орыстың  Пуш-

кин, Лермонтовтарында жатыр. Бұл екі түрлі лири-

ка – екі  елдің,  екі  түрлі  дəуірдің  лирикасы.  Бірақ 


Абай институтының хабаршысы. №6 (12), 2011

33

Абайда осының екеуінің əсері бар. Абай екеуін де 



қоса  білді.  Абайдың  қара  басындағы,  пікіріндегі 

ақындығындағы екіжақтылық оның сырлы өлеңінде 

де болды. Абайда торығу, жалығу, шаршау сарыны 

да  болды.  Сонымен  қа бат  Абайда  өзге  тартатын, 

жұбататын сарын да болды. Абай лирикасының екі 

жақты, екі түр лі болып келуі оның таптық жолына 

байланысты. Біз жоғарыда, Абайдың шаршауының 

өзі ескілікті көксегендіктен емес, жаңалықты ізде-

ген  діктен,  соған  жете  алмағандықтан  деп  едік. 

Абай  лирикасындағы  торығу  сарынын  да  осылай 

бағалау керек.

Абай  лирикасында  жеке  адамның  мұңы  мен 

əлеумет  тілегі  араласып  жатады,  Абай  қара  ба-

сын сол көп үшін, жұрт үшін жылатады. Өлеңмен 

өлердегі сырын айтады. Абай сыры жүрек, сезім, 

сананы «түгел аралайды». Адамның ішіне кіреді, 

жанын  қозғайды.  Бұл  жағынан  қарағанда,  терең 

сырлы,  ішкі  сырды  қопаратын  лирика  қазақта 

Абайдан басталды деуге болды. 

Біз Абайдың ақындығын сөз қылғанда, көбі-

несе, оның жаңалығын, поэзияда жасаған үлгіле-

рін  айттық.  Абайдың  осындай  жаңалықтары, 

өз  заманында  жақсы  үлгілері  болғанымен,  кем-

шіліктері  де  аз  емес.  Абай  поэзиясындағы  ең 

үлкен  кемшілік – Абай  күнбе-күнгі  тұрмысқа 

ғана  сыншы  болды,  көп  өлеңі  қысқа  үгіт,  өсиет 

ретінде ғана жазылды. Абайдың сырлы өлеңдері 

де осы белден ұзамады. Үлкен поэма, терең, то-

лымды,  тұлғалы,  жақсылы,  жаман  образды 

күрделі  өлеңдерді  Абай  жазған  жоқ.  Кесек  по-

эма,  өлеңдерді  Абай  басқа  ақындардан  аударуға 

тырысқан.  Бірақ  бұлары  да  бітпей  қалған.  Абай 

сықылды үлкен таланттың кесек нəрсе жазбауы 

не? Біздіңше ең үлкен себебі, Абайдың əдебиетке 

кеш қатысуынан, мезгілін өткізіп алғандығынан 

дейміз.  Абай  екі  сөзінің  бірінде  өзінің  кеш 

оянғанына,  өнерге  кеш  қол  сермегеніне  өкінеді, 

қынжылады.  Осынысы – Абайдың  шыны.  Абай 

кеш оянады. Өнер білімге сақайған соң қол соз-

ды.  Қартайған  Абайдың  уысына  білім  түгел 

түспеген.  Абай  қанша  көп  оқып,  көп  тоқыса  да 

надандықтан, шала білімдіктен құтыла алмады. 

Абайдың ойға алғаны, көздегені тілегені көп бол-

ды. Бірақ қолы қысқа, білімі таяз болғандықтан, 

көбіне  жете  алмады.  Оның  үстіне  Абай  өскен 

ортасынан, елінен де «етек бастыны» көп көрді. 

Жалғыз  болды.  Осының  аяғы  барып,  Абайды 

кейде жылатты, мұң-зарға салды. 

Абай – самородок,  қарадан  оқымай  шыққан 

талант.  Бірақ  оның  заманы,  өскен  ортасы,  алған 

тəрбиесі,  шыққан  тегі – бəрі  де  Абай  талантын 

өсірерлік  болмады,  қайта  өшіруге  тырысты.  Сон-

дықтан  Абай  сынды  ақын  құлашын  жая  алмады. 

Көсіліп отырып, кеңінен туылған, терең, үлкен те-

малы поэзия жасай алмай кетті. Абай арманда кетті. 

* * *


І. Жансүгіров 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет