Абай институтының хабаршысы



Pdf көрінісі
бет8/14
Дата12.03.2017
өлшемі1,08 Mb.
#9211
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   14

CӨЗ ӨНЕРІ

 

 2011 жылдың жазында Қаратауда болдым. Бала күннен бірге өскен достарыммен, бауырларыммен 

кездестім: Жидебек Шормақов, Сырымбет Тілепалдиев, Бақытжан Қапаров, Қанжан Əбдиев, Скендір 

Қынашаев. Сақал-мұрт қойғандарымыз жоқ екен. Бастағы шаш орнында, бірақ ағарған. Біраз жерге 

келіппіз.  Мұндай  құрамда  мектеп  бітіргелі  бері  кездеспеген  едік.  Көңіліміз  жайланды.  Ешқайсымыз 

ешқайда асықпадық. Сөзден сөз туып, əңгімеміздің беті, ақырында, құмырсқаға ойысты. Құмырсқаның 

еңбекқорлығына, қанағатына, ақылына, əділдігіне бəріміз тəнті болдық. Құмырсқаның еңбекқорлығы 

туралы баяғыда, бала кезімізде мектепте алған біліміміз де еске түсті. Кейін білгендерімізді де ортаға 

салдық.

  Мен  сондағы  сұхбаттың  ұзын-ырғасын  ықшамдап,  қағазға  түсірдім.  Көп  нəрсе  айтылыпты. 

Бəрі де мəнді, ғибратты көрінді. Айтылған ойлармен қатар айтылмаған ойлардың да төбесі көрініп 

тұрғандай  болды.  Сұхбаттың  бас-аяғы  түгенделгенде,  менің  ойымда  мынадай  сұрақтар  тұрды: 

Біздің бойымызда құмырсқаның бойындағыдай қасиет қаншалықты екен? Осы сұраққа ақиқат жа-

уапты  қайсымыз  бере  алар  екенбіз?  Өз  басым  ойланып  қалғаным  рас.  Сұрақтың  ақиқат  жауабын 

сұхбатқа қатысқан достарымның бірі емес, бəрі де толық бере алатын сияқты болып көрінді. Бірақ 

енді мұндай бас қосып сұхбаттасудың сəті түсер ме... Қолдағы сұхбатты жариялауға ұсындым.

Жанғара Дəдебаев

***

ҚҰМЫРСҚАҒА ҚҰРМЕТ

Аннотация. Сұхбатта қарастырылатын мəселелер. Құмырсқа туралы аңыздар, ертегілер, мы-

салдар. Құмырсқаның қасиеттері. Еңбек. Сабыр. Рақым. Махаббат. Ақыл.

Тірек сөздер: Құмырсқа. Еңбек. Сабыр. Махаббат. Ақыл.

СЛАВА МУРАВЬЯМ

Аннотация. Вопросы, рассматриваемые в беседе. Легенды, сказки, притчи о муравьях.

Особенности, присущие муравьям. Труд, толерантность, любовь, разум.

Ключевые слова: Муравей, труд, толерантность, любовь, разум.

GLORY OF ANTS

Abstract. The issues dealt in this article. Legends, fairy tales, parables of the ants. 

Features specifi c to the ants. Work, tolerance, love, mind. Keywords: ant, work, tolerance, love, mind.

Жидебек.  Осы  күні  айналама  қараймын  да, 

жер бетіндегі ең кішкентай, бірақ ісі, ісінің мəні 

үлкен,  жарық  дүниедегі  жан  біткеннің  бəріне 

ғибрат беруге бар құмырсқа туралы ойға қаламын.



Сырымбет. Мектепте оқып жүргенде құ мыр-

сқа туралы мазмұндама жазғаным есімде.



Қанжан. Құмырсқаның қыбырлағанын көре-

міз, бірақ оған мəн бермейтініміз бар.



Абай институтының хабаршысы.  №6 (12), 2011

60

Скендір. Құмырсқаны қасиетті деп естуші ек...



Бақытжан.  Біздің  осы  əңгімемізді  естіген 

біреулер: «Мыналар  тым  ұсақтап  кеткен 

бе...», – деп  қоңылтақсуы  да  мүмкін-ау.  Оның 

үстіне  мұндай  сұхбаттасуға  уақыт  керек,  көңіл 

алаңдамауы  керек.  Оған  біздің  мүмкіншілігіміз 

болғанмен,  қонағымыздың  мүмкіншілігі  қандай 

екен...

Жанғара.  Күнделікті  тіршіліктің  артынан 

қуып,  қанша  жүріп,  қанша  жүгіргенімізбен,  осы 

жолы  көңілім  тыныш,  тіпті  кеңшілік  сезінемін. 

Таң атса, күн бататындай болушы еді. Осы жолы, 

сендердің  орталарыңда  отырған  соң  ба,  жүрдек 

уақыт  та  саябыр  тапқандай  бір  қалыпты  жүріп 

тұр. 

Жидебек. Бүгін біз уақытқа емес, уақыт бізге 

қарап тұрғандай емес пе… 



Сырымбет.  Уақытты  өзімізге  қаратып  қояр 

болсақ қане... 



Қанжан.  Уақытты  тоқтатар  шама  бар  ма. 

Бірақ сол аққан уақыт дегеніміздің өзі құдды өзіміз 

секілді.  Атқан  таң,  батқан  күн  де  өзіміздің  алтын 

сандығымыздан  өзіміз  шығарып  ұшырып  жатқан 

бір  қимас  қымбатымыз  сияқты.  Таңмен  таласып 

тұрып, күнмен жарысып жүгіріп келе жатуымыздың 

көп қырының өзегінде жатқан сырдың бір ұштығы 

осы қымбатымызды қимау сезімімен сабақтас емес 

пе екен деген ойда боламын. 

Скендір. Уақыт біздің халқымыздың байырғы 

дүниетанымында ерекше орны бар үлкен катего-

рия ғой. Еңбектің еш болуы немесе игілікті болуы, 

уақыттың мағыналы өтуі немесе мəнсіз өтуі, зая 

кетуі туралы ұғымдар мен түсініктерді білдіретін 

неше алуан даналық сөздер, аңыздар, əпсаналар, 

жырлар, күйлер бар. Халықтың қария сөздерінде 

бұрынғының  кісілерінің  өткен  уақыт  туралы 

көзқарасы жақсы сақталған. Ол кездегі кісілер бір 

күні өтсе: «Бір күнім өтті», – деп жылайды екен. 

Осы  бір  ауыз  сөздің  өзінде  сонша  терең  мағына 

бар емес пе?



Бақытжан.  Өткен  күннен  игі  белгі  қалар 

болса, игі істің нəтижесінде қалады дегенді бала 

кезімізден  естідік.  Жаратқанның  өлшеп  берген 

өмірінің  бір  күнін  өткізген  соң,  сол  күнді  қалай 

өткізгенін,  сол  күні  қандай  игілікті  іс  бітіргенін 

сарапқа салған кісі, негізі, жаман кісі болмау ке-

рек.  Өткен  бір  күнін  осындай  сарапқа  салғанда, 

көңіліне  алданыш  етер  ештеңе  таппаған,  сонан 

соң өмірінің бір күнінің босқа өткеніне қамығып, 

көзіне жас алған адамда былайғы жұрттың көзіне 

шалына бермейтін қасиет бар болар. 

Жидебек.  Тура.  Біз  адам  бойындағы  осы 

қасиет  туралы  əңгімелесе  бердік  те,  құмырсқа 

жайына  ауыстық  емес  пе.  Сөзіңіздің  жаны  бар. 

Құмырсқаның  өзі  кішкентай  болғанмен,  кісіге 

беретін  ғибраты  үлкен.  Құмырсқа – еңбекқор, 

ерінбей  еңбек  етіп,  тіленбей  қарын  тойғызған 

жəндік. Өз игілігі үшін ерінбей, жалықпай, маңдай 

терін төгіп, еңбекпен тапқан дəнін сүйсініп жеген 

жəндіктің  ісін  халық  ғибратты,  үлгілі  деп  білген 

ғой. 


Сырымбет

Бала 


кезімізде 

үлкендер 

құмырсқаның  илеуін  бұзбау,  құмырсқаның  өзіне 

тиіспеу  туралы  қатты  ескертетін.  Обал  болаты-

нын айтатын. Маңдай терімен, адал еңбегімен күн 

көретін, басқаға жамандығы, зияны жоқ жəндікке 

деген  осындай  көзқарастың  өзі  халықтың 

адамгершілік  келбетінің  келістілігін  көрсете 

ме  деймін.  Осындай  адамгершілік  негізі  берік, 

дүниетанымы терең халық қандай биік құрметке 

де лайықты емес пе. 

Қанжан.  Өте  жақсы  айтып  отырсыз. 

Адамгершілік  негізі  берік,  дүниетанымы  терең, 

өзгеге  зияны  жоқ  халыққа  қандай  биік  деген 

құрметке де лайықты. 



Жидебек.  Құмырсқаның  еңбекқорлығында 

өткен  уақыттың,  өткен  күн  мен  өтер  өмірдің  аз 

да  болса  жұбанышы  бар  секілді  көрінеді.  Егер 

адам өткен күнінде немесе өткен өмірінде жанға 

шипа болардай бір ізгі, игілікті іс істемесе, онда 

оның  өткен  күнінен,  өткен  өмірінен  өзі  үшін  де, 

өзгелер  үшін  де  пайдалы,  игілікті  ешнəрсенің 

болмағаны. Осындай ойды ауыл ақсақалдарының 

əңгімелерінің өзегінен ұғушы едік. Енді байқасақ, 

осы  ой  құмырсқаның  адал  еңбекпен  өткізген  əр 

күнінің ғибратынан туады екен. 

Жанғара.  Адамзаттың  ақыл-ой  қорында 

еңбек  туралы  небір  асыл  ойлар,  қанатты  сөздер, 

мақал-мəтелдер бар емес пе. Солардың арасында 

құмырсқа туралы ертегілер мен мысалдардың ала-

тын орны бір бөлек. Олардың мəні, идеясы адам-

зат қоғамының қай кезеңі үшін де бағалы, үлгілі, 

бүгінгі күн үшін де маңызды. Қазір құмырсқаның 

ісі  мен  ісінің  мəні  жайын  айтқан  адамның  сөзін 

жұрттың  көбі  көңілсіз  тыңдайды.  Жұрттың 

біразы  осы  күні  өзінің  бас  пайдасын  көздеп, 

бір  күніне  жарайды-ау  дегеннің  сөзін  тыңдауға, 

соған жалпақтауға, соны қолпаштауға бейімделіп 

бара  жатқан  сияқты  көрінеді.  Бұл  қолпаштап, 

жалпақтаған сайын анау баптана, мақтана түседі, 

қырындай  береді.  Бұл  екеуінің  көзі  жер  басып, 

қыбырлап жүрген құмырсқаға түспейді. 



Абай институтының хабаршысы. №6 (12), 2011

61

Скендір.  Бұл  бір  өзегі  терең,  аса  ірі  мəселе 

ғой. Мысалы, құмырсқа мынадай бір жағдайға тап 

болды  делік.  Жер  бетінде  құмырсқа  азық  ететін 

дəн (астық) бес жылда бір егіледі. Құмырсқаның 

дəннен  басқа  қорек  етер  азық-түлігі  жоқ  делік. 

Жылдық  азығы – бір  дəн.  Осындай  жағдайда 

құмырсқа бір жазда бір ғана дəн жинар ма еді?



Қанжан.  Осындай  жағдайда  құмырсқа  бір 

жазда бір ғана дəн жинаса, қалған төрт жыл бойы 

азық-түліксіз  аш  қалмас  па.  Төрт  жыл  бойы  нəр 

сызбай  жүре  алмайды  ғой.  Мұндай  жағдайда 

құмырсқа бір жылын емес, міндетті түрде бес жы-

лын бір-ақ ойлар еді. Сөйтіп, бес жылына жетер 

азық дайындар еді. 

Бақытжан.  Құмырсқаның  еңбекқорлығын 

мысал  ретінде  айтқан  адамға  əркім  əрқалай 

қарайтыны  рас.  Адамдардың  табиғатын  тану 

біреуге оңай, біреуге қиын. Еңбекпен қамтамасыз 

етудің  жайы  қандай?  Еңбектің  бөлінісі  қандай? 

Еңбекті  ұйымдастыру,  басқару  қалай?  Еңбекті 

қорғау халі нешік? Бұларға сипаттама беру оңай 

болмағанмен,  адамдардың  еңбекке  қатынасының 

сипатын білу қиын емес. Мысалы, менің көз ал-

дымда адамдардың еңбекке қатынасының бірнеше 

типі  тұр.  Біреу  білегіндегі  күшін  жұмсайтын 

жұмыс таппайды. Біреу адал еңбегімен күн көреді, 

біреу  біреудің  үстінен  күн  көреді.  Біреу  қара 

басының  қамын  ойлаудан  аспайды,  біреу  көптің 

қамын ойлайды. Енді біреу, Абай айтқандай, бар 

өмірін жақынын аңдумен, бұқпантайлап, сығалап 

қарап,  сыбыр-күбірмен  өткізеді.  Ұрлық  пен 

қарлық, зорлық пен зомбылық жасауды еңбек деп 

жүргендер де бар. Құмырсқаның ісіне келсек, ол 

адал еңбегімен өзіне бір жыл бойы азық болатын 

бір  дəн  тапса,  артық  дəн  жинап  əуре  болмайды. 

Өзгенің  қолындағыға  қызықпайды.  Өйткені  өзі 

тоятын игілікке көзі де тояды. Адамның табиғаты 

басқа:  дүниеге  өзі  тойғанмен,  көзі  тоймайды. 

Құмырсқа өзінің тіршілік етуіне қажетті дүниені 

ғана  керек  қылады  жəне  керегін  адал  еңбегімен 

табады.  Артық  дəулетті  қажет  етпейді.  Адам 

дүние  жинауға  келгенде,  оны  өзінің  тіршілік 

етуіне  жетеді  немесе  артық  деп  бөле-жармайды: 

бəрін алуға, ала беруге ұмтылады. Жинаған үстіне 

жинай бергісі келеді, байыған үстіне байи бергісі 

келеді. 


Скендір. Құмырсқаның еңбекқорлығы туралы 

осы əңгімемізді мұрнынан құрты түсіп тұрғандар 

қалай  тыңдайды,  құмырсқа  секілді  күні  бойы 

адал еңбек етіп, арқа еті арша, борбай еті борша 

болғандар қалай қабылдайды? 

Жидебек.  Қалай  десек  екен...  Жалпы  айтсақ, 

оған мейіріңіз қанбауы мүмкін. Турасын айтамын 

деп туғандарымызға жақпай қалмаймыз ба?

Скендір.  Дүниеде  еңбегі  мен  қанағатын  жол-

дас  еткен  туғандарымыз  бар  деген  үміттемін. 

Сондықтан турасын айтқаныңыздың айыбы жоқ.

Қанжан. Мен де ойланып қалдым. Ойланып 

қалғанымның  мəнісі  бар.  Құмырсқаның  артық 

дəулетті  қажет  етпеуі  оның  дүние  байлығына 

тəуелді  еместігін  білдіреді.  Онда  дүниеге  бас 

ұрған  құлдық  сананың  жоқтығы  ойы  ояу  жанды 

ойландырмай қойсын ба. 



Бақытжан. Құлдық сана кімде болса, бақыт-

сыздық дегеніміз де сонда. Оны жоққа шығаруға 

болмайды. Өйткені өз бостандығы өзінде тұрған 

адамның құлдықтан, құлдық санадан тыс бола ал-

мауынан асқан бақытсыздық жоқ. Осы ойлардың 

өрісінде құмырсқаның бақыттылығы туралы пікір 

елес  береді.  Сырымбет.  Құлдықтан,  құлдық  са-

надан  тыс  тұрған  жан  иесі – бақытты  жан  иесі. 

Құмырсқа  құлдықтан,  құлдық  санадан  тыс  тұр. 

Демек,  құмырсқа – бақытты  жан  иесі.  Шек-

тес  тұрған  жеке  құбылыстарға  тəн  өзара  шектес 

белгілер  негізінде  жасалған  жалпы  сипаттағы 

тұжырым  көбіне  бейнелі,  астарлы,  образды 

болып  келеді.  Құмырсқа  мен  құмырсқаның 

еңбекқорлығы  туралы  түсініктерден  екі  түрлі 

ұғым  дараланады:  құмырсқа  жəне  еңбекқорлық. 

Құмырсқа  жалқы  құбылыстардың  қатарынан 

болғанда, еңбекқорлық – жалпы құбылыстардың 

қатарынан. Сондықтан жалпыға, негізінен жоғары 

болмысты  жан  иелеріне  лайықты  еңбекқорлық 

қасиетті  құмырсқаның  мысалында  көрсетудің  де 

бейнелі, образды екені түсінікті болу керек. 



Жанғара.  Образды,  бейнелі,  астарлы.  Оның 

үстіне  мағынаның  өзі  жасырынулы  жатыр.  Оны 

түсінудің, түсіндірудің деңгейлері де көп сатылы. 

Ал  жаңағы  ойымызды  жалғастырып,  нақтылай 

түсетін болармыз деп ойлаймын.

Жидебек.  Иə,  біраз  созыңқырап  алсақ  ке-

рек.  Ал  енді  турасын  айтсам,  құмырсқаның 

еңбекқорлығы  туралы  əңгімені  естігенде,  күні 

бойы жаяу жүк тасып, арқа еті арша, борбай еті 

борша  болған  адамдардың  бірінің  ойы  мынадай 

болуы ғажап емес:

– Е, ол да мен сияқты екен ғой.

Екінші бірінің ойы мынадай болуы мүмкін:

– Құмырсқаның жағдайы менің жағдайымнан 

жақсы  екен-ау.  Мен  де  сол  сияқты  бір  тыным 

тап паймын.  Бірақ  ол  сияқты  менің  қарным  тоқ, 

көйлегім көк болып көрген емес.



Абай институтының хабаршысы.  №6 (12), 2011

62

Бұлардың  бірі  өз  еңбегінің  азды-көпті  нəти-



жесіне қанағат етеді. Екіншісі өз еңбегінің азды-

көпті  нəтижесіне  толық  қанағаттанбайды.  Ал 

мұрындарынан  құрт  түскендер  біздің  сөзімізді 

де,  құмырсқамыздың  ғибратын  да  құлақтарына 

іле  қоймас  деп  ойлаймын.  Өйткені  құмырсқада 

бар  қанағат  бұларда  болмайды.  Араны  ашылған 

қомағайлық бұларды дүние табуға, тапқан үстіне 

таба  беруге  қызықтырмай,  құлшындырмай  қой-

майды.

Скендір.  Сіздің  əңгімеңіздің  бағытынан  құ-

мырс қаның  екінші  бір  қасиетін  тануға  бет 

бұрдық па деп ойлап отырмын. Осы орайда менің 

есіме  құмырсқаның  қанағаты  туралы  қазақ  пен 

қырғызға ортақ мынадай бір мысал əңгіме есіме 

түсіп  отыр.  Ертеде  құмырсқаның  тілін  білетін 

бір данышпан кісі өз жолымен бір дəн алып бара 

жатқан  құмырсқаны  алақанына  салып,  онымен 

тілдесіпті дейді.

– Басың не себепті үлкен?

 Аз сөйлеп, көп ойлаймын.

 Белің неліктен қылдырықтай?

  Қомағай  емеспін.  Бір  жылғы  азығыма  бір 

дəн жетеді. Соған қанағат етемін.

Данышпан  мен  құмырсқаның  тілдесуі  осы-

лай  өтеді.  Данышпан  құмырсқаның  ақылына, 

қанағатына сүйсініп, оны сынап көрмекші болады. 

Сөйтіп  құмырсқаны  бір  қорапқа  салып,  қасына 

бір дəн қояды. Қораптың аузын жауып, бір құрғақ 

жерге  орналастырады.  Содан  кейін  құмырсқаға 

өзінің бір жылдан кейін келетінін айтып, жайына 

жүріп кетеді.

Қанжан.  Иə,  осындай  əңгіме  бар.  Бір  жыл-

дан  кейін  əлгі  данышпан  келіп,  қорапты  ашса, 

құмырсқа  алдындағы  дəннің  жартысын  ғана  же-

ген  болып  шығады.  Данышпан  құмырсқадан 

бір  жылда  бір  дəннің  жартысын  ғана  жегенінің 

мəнісін  сұраған  екен  дейді.  Сонда  құмырсқаның 

айтқан жауабы мынадай болыпты:

–  Бір  жылда  бір  дəн  жейтінім  рас.  Сен  бір 



жылдан  кейін  келетініңді  айттың.  Сен  сөзіңде 

тұрмасаң не істеймін. Осындай жағдайға дайын-

далдым. Бір жыл емес, екі жыл бұрынғымды ой-

ладым. Бір жылда бір дəннің жартысын жедім, 

соған қанағат еттім, жартысын екінші жылға 

қалдырдым.

Мысал-əңгіме  данышпанның  құмырсқадан 

қана ғат тың қасиетін білгені, сөйтіп білгенін адам 

баласына үйреткені туралы оймен түйінделеді.



Бақытжан.  Сөзіңіз  өте  орынды.  Енді  осы 

мысал-əңгіменің  бір  нұсқасын  мен  Мəшһүр 

Жүсіп Көпейұлының елдің ауызынан жазып алған 

аңыздарының  бірінен  кездестірдім.  Онда  оқиға 

құмырсқа  мен  Сүлеймен  пайғамбар  арасында 

болады. Жаңағы шарттардың бəрі сол қалпында. 

Бір  өзгешелік  бір  жылдың  орнына  жеті  жыл 

көрсетіледі.  Сүлеймен  пайғамбар  құмырсқаның 

қанағатының қаншалықты екенін сынамақ оймен 

құмырсқаның алдына бір ғана дəн қойып, өзін жеті 

жылға  қамап  кетеді.  Сүлеймен  пайғамбар  жеті 

жылдан кейін келеді. Келсе, құмырсқа алдындағы 

бір түйір дəннің жартысын ғана жеген екен. 

«Сүлеймен пайғамбар:

– Бұл қалай, жеті жылда бір бидайды тауы-

са алмапсың ғой! – дейді.

– Оны тауыса алмағанымның мəнісі бар. «Өзі 

өтірікші болған кісі сөзіне нанбайды», – деген бар 

еді.  Менің  сөзіме  нанбағандығыңнан  жазықсыз 

қапасқа  салып,  мейман  тұтқыр  қылдың.  Жеті 

жылда  ашамын  деген  уағдасына  опа  қылса 

жақсы,  уағдасында  тұрмай,  ар  жағында  жеті 

жыл  артық  салып  қойса,  сонда  керек  болар! – 

деп, жартысын жемей сақтағаным сол! – дейді.

Хазіреті Сүлеймен тəубе қылып, құмырсқадан 

қанша  үгіт-насихат  алып,  өзінің  білместігіне, 

оның білімділігіне қайыл болды:

– Менен соңғы патша болғандар мұнан ғибрат 

алсын!  Біреудің  көзге  көрінісі  құмырсқадай  бол-

са  да,  тауып  айтқан  сөзіне  құлақ  салып  тұра 

қалсын! – деп, кітапқа жаздырып, кейінгіге қисса 

қылып кетті».

Осы  сөздің  мəнісін  ұға  алып  жүрміз  бе? 

Сүлеймен  патшаның  жағдайы  қандай  екені 

белгілі.  Құмырсқаның  халі  тағы  белгілі.  Өзінің 

құмырсқа  алдында  орынсыз  зорсынғанына 

Сүлеймен  пайғамбардың  өзі  опық  жеп,  артық 

қылық  қылғаны  үшін  Аллаға  жалбарынып, 

тəубеге келгенінің өзінде қанша ғибрат бар. 



Сырымбет.  Құмырсқаның  ісінің  өзегіндегі 

ойдың  тереңіне  бойлау  қиынның  қиынындай 

бо лып  көрінеді.  Əсіресе  адамның  данышпаны, 

Алланың  пайғамбары,  əлемнің  патшасы   қана-

ғаттың қасиетін құмырсқадан біліпті, сол білгенін 

кейінгілерге  ғибрат  етіпті  деген  пі кірге  біздің 

ақылман  адамдарымызды  тікелей  сендіру,  соған 

иландыру  қиын.  Сіздер  сияқты  мен  де  осыған 

біреуді  сендірейін,  иландырайын  демеймін. 

Бірақ  осы  əңгіме  үстінде  ойланып  отырғаным 

рас. Екінші жағынан, адам баласының жүре келе 

алатын  білімінің  негізі  табиғаттан  екенін  ешкім 

жоққа шығара алмас. Сондықтан бұл жерде ила-

ну  міндетті  болмағанмен,  ойлану  артық  емес. 



Абай институтының хабаршысы. №6 (12), 2011

63

Əңгімеміздің пəні – құмырсқа, мəні – еңбекқорлық, 



қанағат.  Ал  құмырсқаны  еңбекқор,  қанағатшыл 

дейтін  болсақ,  оны,  əрине,  тура  мағынада  емес, 

бұрма мағынада, бейнелі түрде қабылдаған дұрыс 

болар.  Бұл  жерде  халық  айтар  сөзінің  бұрма 

мағынасын  ұсынып,  тура  мағынасын  жасырып 

қойғанға ұқсайды. 



Жанғара. Құмырсқаның заты жəндік дегеніміз 

болмаса,  оның  еңбекқорлығы  мен  қанағатынан 

адамның  еңбекқорлығы  мен  қанағаты  танылады 

емес пе. Осы жерде жасырын тұрған мағынаның 

маңызы мен мəнінің байлығына сүйсінбеске амал 

жоқ.  Халқымыз  болмыстағы,  тіршіліктегі  тит-

тей нəрсенің өзінен үлкен мəн тауып, соны өзіне 

ғибрат тұтыпты. Құмырсқаның тіршілік қамынан 

өз  өмірі  үшін  осындай  үлгі,  өнеге  болар  қасиет 

іздеп тапқан халықтың даналығына қанша құрмет 

көрсетсек те артық болмас. 

Скендір.  Ең  бір  елеусіз,  кішкентай  жəндіктің 

бойынан  барша  адамзат  үшін  үлгі  болар  үлкен 

қасиет  табуда  даналық  барын  мойындау  ке-

рек.  Сонымен  бірге  бір  ескеретін  нəрсе – халық 

құмырсқаның еңбекқорлығын, қанағатшылдығын 

жалаң айтпай, басқа жəндіктердің ісімен, құлқымен 

салыстара  отырып  айтқан.  Біздің  халықтарымыз 

таным  процесіндегі  салыстырудың  маңызы  мен 

тиімділігін  біліп  қана  қоймай,  ол  туралы  білімін 

ойлау  əдісіне  айналдырып,  оны  өзінің  ойлау 

қызметінде лайықты пайдалана да білген. Осының 

өзінде де ойлаудағы жүйеліліктің, пайымдаудағы 

парасаттылықтың кемелдігі байқалып тұрған жоқ 

па. Маған осы салыстырудың өзінде де халықтың 

көрегендігі, ойлауға жүйріктігі, танымға тереңдігі 

бар сияқты болып көрінеді.



Қанжан.  Иə,  бүгінгі  таным  теориясы  қай 

нəрсенің  де  салыстыру  арқылы  анықталатынын 

көрсетеді. Ғылым тарихында осы ойдың желісін 

ұстаған  ғұламалардың  санында  есеп  жоқ.  Ал 

біздің халқымыздың құмырсқа секілді ең кішкене 

жəндік жайындағы əңгіме, ертегі, мысалдарының 

өзінде  салыстырып  пайымдау,  салыстырмалы 

суреттеу  əдісі  барынша  кемел  көрініс  тапқан. 

«Құмырсқа», «Құмырсқаның  қанағаты», «Хан 

мен  құмырсқалар», «Құмырсқа  мен  шегіртке», 

«Құмырсқа  мен  көгершін», «Құмырсқа  мен 

қоңыз», «Құмырсқа мен ара» осындай ойға алып 

келеді екен. 

Сырымбет.  Осылардың  ішінде  «Құмырсқа» 

ертегісінің  фабуласынан  туатын  ойларға  назар 

аударсақ қайтеді?

Жидебек. Онда əңгімені өзіңіз бастаңыз.

СырымбетҚұмырсқа өз қауымынан бөлініп, 

қанаттылармен  дос  болған  екен.  Бір  күні  азық 

іздеп  жолға  шығады.  Қырманның  орнынан  бір 

үлкен дəн тауып алады. Үйіне алып кетейін десе, 

дəнді  орнынан  жылжытуға  күші  жетпейді. 

Жаңадан  тапқан  қанатты  достарынан  көмек 

сұрайды. Гүлден-гүлге ұшып-қонып жүрген ара:

– Досым, гүлден-гүлге ұшып-қонып жүргенімді 

көріп тұрсың ғой. Титтей де бос уақытым жоқ. 

Саған көмектесе алмаймын, – дейді.

Құмырсқа екінші бір қанатты досы қоңыздан 

көмек  сұрайды.  Қоңыз  сиырдың  жаппасының 

астынан шығып: 

– Досым-ау, көріп тұрған жоқсың ба, қолым 

бос емес. Көмектесе алмаймын, – деп, жаппаның 

астына қайтадан кіріп кетеді.

Құмырсқа  қатты  қапа  болады.  Жалғыз 

қалады.  Сөйтіп  тұрғанда  оған  керуен  тар-

тып  келе  жатқан  құмырсқалар  тап  болады. 

Олар  мұның  неге  жападан-жалғыз  жабырқап 

тұрғанының  себебін  сұрайды.  Бұл  өзінің  бір 

үлкен  дəн  іздеп  тапқанын,  соны  үйіне  апаруға 

күші  жетпегенін,  жаңадан  тапқан  қанатты 

достарының көмектеспегенін айтып қамығады.

Мұны  естіген  құмырсқалар  оған  көмектесіп, 

дəнін  үйіне  дейін  жеткізіп  береді.  Дəнін  үйіне 

жеткізуге  көмектескендерге  бұл  разы  болады. 

Сонда  құмырсқалардың  үлкені  былай  деп  ақыл 

түйіпті:

– Достың ескісі жақсы. Жаңа достың қадірі 

ескі достың қадіріне жетпейді.

Мысал-əңгіме 

оқиғасының 

ұзын-ырғасы 

осын  дай. Жалғыздық, достық, ескі дос пен жаңа 

дос туралы ойлардың тұтасқан желісі көзге түседі. 

Со ның түйінін бір ауыз сөзбен айтып берген ана 

құмырсқаның  да  көргені  мен  білгені,  көңіліне 

түйгені көп болып тұр-ау. 

Жидебек. Енді мынаған қараңызшы, құмырсқа 

əлгіндей  бейнетпен  ініне  алып  келген  дəнінің 

өсіп-өнер басын кеміріп, сонан соң жинайды екен. 

Олай болмаған жағдайда, дəн тұрған жерінде өніп 

кететін  көрінеді.  Мұны  қалай  қабылдап,  қалай 

түсінеміз?



Скендір.  Құдайдың  құдіреті.  Мен  осындай 

бір  əңгімені  ағылшын  ойшылы  Ф.  Бэконның  бір 

еңбегінен оқып, таң болған едім. Кейін іздестірсем, 

құмырсқаның  мұнысын  біздің  диқан  бабалары-

мыз  ертеден  білетін  болып  шықты.  Халықтың 

құмырсқаға  деген  көзқарасының  ерекшелігінің 

бір сыры осында да жатқан сияқты. 


Абай институтының хабаршысы.  №6 (12), 2011

64

Қанжан.  Сөзіңіздің  жаны  бар.  Жалпы,  əлем 

халықтарының  рухани  мұраларынан  құмырсқа 

туралы  мысалдарды  толық  жинап  алып,  құрас-

тырып, жеке кітап қылып шығарса, халыққа пай-

дасы тиер еді. 

Мен,  алдыңғы  əңгіме  желісіне  орай, «Құ-

мырсқа  мен  қоңызға»  көңіл  бөлгім  келеді. 

Бұлардың  түпкі  тегі  Эзоптан  шығады.  Соны-

мен  қатар  осы  мысал  əңгімелердің  желісі  біздің 

Шығыс  халықтарында,  солардың  ішінде  қазақта 

да кездеседі. 



Құмырсқа  жаз  бойы  тыным  таппай,  үйін 

сайлап, қыс бойы азық қылатын тамағын дайын-

дайды. Сиырдың жаппасының астында жатқан 

қоңыз  құмырсқаның  ала  жаздай  бір  тыным  ал-

май,  тер  төгіп  еңбек  етіп,  бейнет  кешкеніне 

жаны ашиды. Жан біткеннің бəрі жанын бағып, 

бірі  күнге  қыздырынып,  бірі  қыдырып,  бірі  той 

тойлап  жүргенде,  құмырсқаның  да  бір  уақ  де-

малып, ойнап-күлмегенін айып көреді. Құмырсқа 

қоңыздың  ұсынысын  жауапсыз  қалдырады. 

Жаз  өтіп,  күз  келеді.  Сиырдың  жаппасы  күзгі 

жаңбырдың  суымен  езіліп,  шайылып  кетеді. 

Күзден  соң  қылышын  сүйретіп  қыс  келеді. 

Қыстың  суығында  қоңыз  аш-жалаңаш,  үйсіз-

күйсіз қалады. Қарны ашып, суық сүйегінен өткен 

қоңыз  құмырсқаға  келіп,  одан  бой  жылытып, 

жүрек жалғар бірдеңе сұрайды. Сонда құмырсқа 

қоңызға былай деп айтқан екен:

– Е, қоңыз, жаз бойы жұмыс істедің деп мені 



сөгіп, жаппаның астында жатып алмай, өзің де 

еңбек  етсең,  қыстың  көзі  қырауда  бүйтіп  аш-

жалаңаш қалмас едің-ау.

Құмырсқаның  сөзінде  қапы  жоқ.  Жаздан 

кейін күз келерін, күзден кейін қыс келерін қоңыз 

білмеді  емес.  Біле  тұра  қыстың  қамын  жазда 

қылуға  мойны  жар  бермеді.  Жаздың  қызығын 

қимай жаппаның астында жата берді. Қыс келген-

де аш-жалаңаш қалды. Мұндай күйдің кей қырын 

біздің  халқымыз: «Аш  бала  тоқ  баламен  ойна-

майды, тоқ бала аш болам деп ойламайды», – деп 

ашып қойған ғой. 



Жидебек.  Негізі,  адам  қамсыз,  қарны  тоқ, 

көйлегі көк кезінде алдағы күндерде болуы мүмкін 

қиыншылықтар  туралы  ойланбайды,  ал  қамсыз 

күндерден кейін басына сондай қиын күндер туа 

қалса,  мүсəпір  күйге  түседі.  Құмырсқа  адамды 

осындай  қамсыздықтан  сақтандырып,  игіліктің 

көзі еңбекте деген ой тастайды. Осы ойдың өзінде 

кемел  ақылдан  шыққан  пайдалы  ғибрат  жатқан 

жоқ па?

Жанғара.  Рас,  ден  қойған  кісі  құмырсқаның 

ісі  мен  сөзінен  ақыл  да  табады,  ғибрат  та  ала-

ды. Қоңыздың қыстың көзі қырауда аш-жалаңаш 

қалуына  құмырсқа  аянышпен  қарайтын  сияқты. 

Бұл  ретте  құмырсқа  еңбекқор,  пайымды  ғана 

емес, рақымды да секілді. Бірақ қоңыздың осын-

дай аянышты күйге түсуіне оның өзі, еңбек еткісі 

келмеген,  ертеңгі  күнін  ойламаған  қамсыздығы 

кінəлі.  Осындай  жағдайға  түскен  шырылдауық 

шегірткеге  құмырсқаның  рақымы  түспеген  ғой. 

Асылы,  қамсыздықтан,  еріншектіктен,  жатып-

ішерліктен  қиын  халге  тап  болғандарға  еңбек-

қордың,  пайымдының  рақымы  түсе  бермеген. 

Мұның да өзіндік сабағы жоқ емес сияқты. 

Екі  жəндіктің  бірінің  еңбекқорлығы  мен 

 пайым  дылығын,  екіншісінің  еңбексіз  ерін-

шектігі  мен  қамсыздығын  салыстыра  отырып, 

еңбек қорлық  пен  пайымдылықтың  салдары 

игілікті  екенін,  ал  жатыпішер  жалқаулық  пен 

қамсыздықтың  салдары  залалды  екенін  көрнекті 

түрде  баяндауда  өмірлік  бай  тəжірибе  мен 

ақылдың жасампаздық күші бар-ау деп ойлаймын. 



Жидебек.  Менің  есіме  құмырсқаның  ақыл-

мандығын аңғартатын «Құмырсқа мен шегіртке» 

түсіп  отыр.  Мұның  Эзоптың  айтуынан  Абайдың 

баяндауына  дейін  бірнеше  нұсқасы  болған  ғой. 

Солардың  ішінде  Аттардың (1150-1230) «Құ-

мырсқа мен шегірткесінің» оқиға желі сінде үлкен 

ерекшелік бар. Өзі – өте ертеден келе жатқан үлгі. 

Құмырсқа жұпар исі аңқыған шөптердің ара-

сынан  өтіп  бара  жатса  керек.  Шегіртке  ұшып 

келіп  бір  гүлді  шөптің  басына  қонады.  Исі  мен 

нəріне  тұмсығын  тосып,  əрі  қарай  ұшып,  жай-

нап  тұрған  басқа  бір  шөптің  басына  қонады. 

Гүлден-гүлге, шөптен-шөпке ұшып-қонып жүрген 

шегіртке  əлден  уақытта  əуелгі  қонған  жеріне 

қайта  келеді.  Мұны  көріп  тұрған  құмырсқа 

шегірткеге былай деп тіл қатады:

–  Мақсат  жоқ,  мұрат  жоқ  не  істейтін  ісің 



жоқ, ертеден кешке дейін гүлден-гүлге, шөптен-

шөпке ұшып-қонып жүресің. Осы сенің өміріңде 

не мағына бар?

Құмырсқаның сұрағын жүрдім-бардым тың-

даған  шегіртке  ойланбастан  мынадай  жауап 

береді:

  Менің  осы  жүрісім  сондай  рахат.  Менің 



өмірім  де,  өмірімнің  мағынасы  да  осы.  Менің 

мақсатым – ешқандай  да  мақсатымның  болма-

уы.  Басқа  ештеңені  керек  қылмаймын.  Сен-ақ 

алдыңа  мақсат  қойып,  оған  жетудің  жоспарын 

жасап,  басыңды  қатыра  бер.  Онда  жұмысым 

Абай институтының хабаршысы. №6 (12), 2011

65

жоқ.  Сенің  жоспарың – өзіңе,  менің  жоспарым 



– өзіме.

Шегірткенің  ісінен  де,  сөзінен  де  қисықтық 

пен қыңырлық сезіледі. Мұның ар жағында өзінің 

ісі мен қылығын оң көрген, өзгелердің көрсеткен 

үлгісі  мен  кеңесін  теріс  көрген  көрбалалық  жа-

тыр  деу  дұрыс  болар.  Мұндай  болмыспен  ол 

алған  бетінен  қайтпайды.  Оның  тоқтам  табуы 

қиын:  маңдайын  тасқа  ұрып  тоқтайды  немесе 

аранға түсіп тыным табады. Осыны құмырсқа дер 

кезінде  аңғарады  да,  былай  ойланады:  «Мұның 



жайы белгілі болды. Менің сақтандырып айтқан 

сөзімді түсінетіндей халі жоқ екен. Мейлі, оның 

жоспары – өзіне, менің жоспарым – өзіме».

Біраз  күн  өткенде  құмырсқа  ет  дүкеніне 

келеді.  Ет  шауып  жатқан  дүкеншінің  дөңбегінің 

етегінде шабылған еттің түйіршігі жерге түспес пе 

екен деп тосып тұрады. Əлден уақытта шегіртке 

ұшып келеді де, дүкеншінің алдындағы жас етке 

келіп  жалп  етіп  қона  кетеді.  Мұның  етке  қонуы 

дүкеншінің балта сілтеуіне дөп келеді: дүкеншінің 

сілтеген балтасы етті де, етпен қоса шегірткені де 

екі  бөледі.  Шегірткенің  екіге  бөлінген  денесінің 

бір  жартысы  дөңбектің  түбіндегі  құмырсқаның 

алдына түседі. Құмырсқа шегірткенің жарты етін 

арқасына  салып,  илеуіне  қайтады.  Қайтып  келе 

жатып: «Сенің  шаруаң  осымен  бітті.  Енді  саған 

сенің  жоспарыңнан  ешқандай  қайран  жоқ.  Өмір 

бойы  біреуден  ішіп-жеп  едің,  енді  өзің  біреуге 

ішіп-жем болдың», – деп пікір түйіпті.

Скендір. Не деген ақылды өзі. Осы жағдайды 

‘Ауфи (1172/76-1233/42) «Құмырсқа  мен  ара» 

əңгімесінде баяндайтыны бар. 

Ара да гүлден-гүлге ұшып-қонып жүреді. Гүл-

ден-гүлге ұшып-қонып жүрген араға құ мырсқа:

–  Бір  гүлден  бір  гүлге  ұшып-қонып  жүрген 

мына  жүрісің  не  жүріс? – десе  керек.  Ара 

құмырсқаға ұшып-қонып жүрген қалпы:

 Қайда қонғым келсе, сонда қонамын, – дейді.

Ара  өстіп  жүріп,  ет  дүкенінде  етке  қонып, 

дүкеншінің  балтасына  түседі.  Балтаға  түскен 

араның  бір  жартысын  құмырсқа  илеуіне 

сүйретіп бара жатады. Əлі жаны шыға қоймаған 

ара  құмырсқадан  өзін  қайда,  неге  сүйреп  бара 

жатқанын  сұрайды.  Сонда  құмырсқа  араның 

сұрағына мынадай жауап қайтарған екен: 

– Қайда қонғысы келсе, сонда қонатындарды 

қонғысы келмейтін жеріне сүйреп апарады.   

Қандай  тапқырлық.  Құмырсқа  шегірткені 

(араны) ойсыз-қамсыз ұшып-қонып жүре берудің 

ақырынан  сақтандырып  еді.  Жанашырлық,  дос-

тық ниетін білдіріп еді. Анау оны құлағына ілмеді. 

Ақыры  балтаға  түсіп,  мерт  болды.  Бұл  жерде 

құмырсқаның  бойында  ақыл,  сабыр,  қанағат, 

еңбекқорлық  бірдей  көрініс  тапқанға  ұқсайды. 

Шегірткенің (араның) түбіне оның өзінің ойсыз-

қамсыз,  абайсыз  ұшып-қонған  берекесіздігі, 

қызыл шылдығы мен қызықшылдығы, өзінің біл-

меуі, білгеннің тілін алмауы жетті.



Сырымбет.  Пайымды  жан  шегіртке  мен 

араның ақырынан да, құмырсқаның ақылынан да 

ғибрат  алса  болғандай.  Өзі  білмесе  де  білгеннің 

сөзін құлақ қойып тыңдауда көп пайда бар ғой. Өзі 

білмейтін,  сөйте  тұра  білгеннің  сөзін  ұқпайтын, 

ұққысы  келмейтін  наданнан  құдай  сақтасын 

деңіз.  Негізі,  білгеннің  сөзін  тыңдау  үшін  құлақ 

қана емес, ақыл да керек екен ғой.



Бақытжан.  Солай  болар.  Ақыл  демекші, 

менің  есіме  Əбдірахман  Жəмидің (1414-1492) 

баяндауында  берілген  құмырсқаның  мына  бір 

ақылды сөзі түсіп отыр. 



Құмырсқа  өзінен  он  есе  үлкен  шегірткені  ақ 

тер, көк тер болып илеуіне сүйретіп келе жат-

са  керек.  Оны  көргендер  қатты  таңырқап,  бір-

біріне:

– Ей, жарандар, мына құмырсқаға қараңдар! 



Кіп-кішкентай болып, өзінен он есе үлкен жүкті 

қалай тартып келе жатыр? – десіпті. Құмырсқа 

таңырқағандардың  сөзін  естіп,  езу  тартып 

күледі. Содан соң оларға былай деп жауап береді:

–  Мəселе  дененің  үлкендігінде  немесе  кішілі-

гінде емес. Бойында ақылдың күші мен намыстың 

оты  бар  ерлер  қандай  ауырлықты  да  қайыспай 

көтереді.

Байқайсыз  ба,  қандай  орынды,  орнықты, 

салмақты сөз.

Жидебек.  Мұндай  қанатты,  ақылды  сөз  айту 

үшін  ақылды  əрі  намысты,  шешен  əрі  көсем 

болу  керек.  Сондай-ақ  құмырсқаның  жақсылық 

істеуге даяр, достық көрсетуді парыз тұтқан жəне 

осы ұстанымынан таймайтын қасиетін айтқан да 

дұрыс  болар. «Құмырсқа  мен  көгершін»  осын-

дай ойға түрткі болып отыр. Бұл əңгімені кезінде 

Эзоптың ізімен Л. Толстой да баяндаған ғой. Біздің 

ауыз əдебиетімізде де осы сюжет желісі сақталған. 

Əңгіме  құмырсқаның  бал  дəмін  татқысы  келіп, 

талдың басына шыққанынан басталады. 

Құмырсқа  талдың  басына  шығып,  бір 

бұтақтың өзегінен шыққан балдай нəрге бас қоя 

бергенде,  жел  тұрып,  əлгі  бұтақ  сынып  кетеді. 

Талдың түбінде су ағып жатса керек. Құмырсқа 

сынған  бұтақпен  бірге  суға  құлайды.  Құмырсқа 


Абай институтының хабаршысы.  №6 (12), 2011

66

малтығып,  суға  кететін  болады.  Мұны  көрген 



көгершін  талдың  бір  жапырағын  төсеп, 

құмырсқаны құтқарып алады. 

Құмырсқа  мен  көгершін  арасындағы  осы 

əңгіме естеріңізде болар... 

Скендір.  Болғанда  қандай!  Құмырсқа  мен 

көгершін арасындағы достық қарым-қатынастың 

сипаты кішіге де, үлкенге де үлгі екені анық. 

Көгершін  күндердің  күнінде  құсшының  то-

рына  түсіп  қалады.  Құсшы  салған  торының 

аузын  жабуға  қолын  соза  бергенде,  құмырсқа 

оның  аяғын  тістеп  алады.  Құсшы  еңкейіп, 

құмырсқаның  тістеген  жерін  қолымен  сипайын 

дегенде,  көгершін  тордан  ұшып  шығып  кетеді. 

Құмырсқа көгершінді ажалдан осылай құтқарып 

алады. 

Достыққа  достықтың  қарыз  іс  екенін, 

жақсылыққа  орай  жақсылық  жасаудың  парыз 

екенін  білуде,  біліп  қана  қоймай,  сол  білгенін 

өмірде  іске  асыруда  жанның  тазалығы,  жүректің 

батылдығы,  ақылдың  байлығы  жатыр-ау  деп 

ойлауға болатындай. 

Бақытжан.  Бұл  орайда  Сіз  екеуміздің  ой-

ымыз  бір  жерден  шығып  отыр.  Сіздің  осы 

ойларыңыздың  арнасында  мен  құмырсқаның 

тағы  бір  аяулы  қасиетіне  назар  аударсам  ба 

деймін.  Ол  қасиет – құмырсқаның  имандылығы. 

Құмырсқада  иман  бар.  Мұны  мен,  əрине,  өз  жа-

нымнан шығарып айтып отырған жоқпын.

Жанғара.  Солай  болар. «Құмырсқада  иман 

бар», – дегеніңізде, селт ете қалғаным рас. Бірақ 

Сіздің  оны  бекер  айтып  отырмағаныңызды  се-

зем.  Расында,  ақылдылық,  қанағаттылық, 



еңбекқорлық, сабырлылық, рақымдылық бар жер-

де  иман  неге  болмасын.  Оның  үстіне  жақсылық 

үшін, өзіне жақсылығы тиген көгершіннің өмірін 

сақтап  қалу  үшін,  басын  қатерге  тігіп,  ашық 

күреске түсу махаббаттан шықпай ма.

 Қанжан. Тура. 



Сырымбет. Құмырсқада иман бар деу артық 

емес.  Оның  үстіне  Құранның  «Нəміл»  сүресі 

құмырсқалар  туралы  емес  пе.  Ел  аңыздарында 

Сүлеймен  пайғамбардың  құмырсқасы  қиямет-

қайымда  пейішке  барады  деген  сөз  де  бекер 

айтылмаған болар. 



Ілгеріде  бір  мейрам  үстінде  жан  біткеннің 

бəрі  Сүлеймен  пайғамбарға  сыйлық  əкеліп  тар-

тыпты: біреу – жақұт, біреу – жібек, біреу – ат, 

біреу – шапан... Келіп жатқан сыйлықтарда есеп 

жоқ. Құмырсқа да сонша жол жүріп жетеді. Түн 

қатып,  түсі  қашып  жеткенде,  оның  Сүлеймен 

пайғамбарға  алып  келген  сыйлығы  шегірткенің 

бір  аяғы  екен.  Сонда  Сүлеймен  пайғамбар  ал-

тын бастатқан қаншама асыл тастар, қымбат 

дүние-мүліктер,  небір  таңғажайып  нəрселер 

алып келгендердің ешқайсысына назар аудармай, 

шегірткенің  бір  аяғын  сонша  жерден  сүйретіп 

келген  құмырсқаның  ниеті  мен  бейнетіне  разы 

болып, мақтау сөзін айтқан екен. 

Жидебек. Мəселе адал ниет пен адал еңбекте 

болып тұр ғой.



Қанжан.  Дұрыс  аңғарып  отырсыз.  Мен  де 

осындай ойдамын.



Сүлеймен  пайғамбар  қол  астындағы  қалың 

əскерін  бастап  жорыққа  шыққан  екен  дейді. 

Аспан  мен  жердің  арасында  қара  құрым  болып 

қаптап келе жатқан сансыз қол құмырсқалардың 

мекеніне жақындап қалса керек. Құмырсқалардың 

көсемі осыны көріп, жар салады:

– Ей, құмырсқалар! Сақ болыңдар! Сүлеймен-



нің қаптаған қалың қолы келе жатыр. Жұмысты 

тоқтатыңдар!  Індеріңе  кіріңдер!  Сүлеймен 

пайғамбар  мен  оның  əскері  Сендерді  байқамай 

баса-көктеп, жаншып кетпесін!

Құмырсқаның  көсемінің  осы  сөзін  естіген 

Сүлеймен  пайғамбар  Құдайдың  құдіретіне  таң 

болады. Жаратқанға жалбарынып, мінажат етеді. 

Құмырсқалардың  мекеніне  аялдап,  олармен 

əңгіме-дүкен құрады. Бұл əңгіменің негізі Құранда 

берілген, елдің аңыздап айтқан нұсқалары да бар.

Жанғара.  Иə,  жақсы  айтасыз. «Сүлеймен 

мен  құмырсқа»  жайын  қазақтан  Мəшһүр  Жүсіп 

Көпейбаласы  ел  аңыздауларынан  жазып  алған. 

Сүлеймен  пайғамбар  мен  құмырсқа  арасында 

болған  əңгімелердің  қазақ  ішіндегі  ең  толығы 

осы. Онда Сүлеймен мен құмырсқаның арасында 

болған айтыс желісі де сақталған. 

Жидебек.  Бұл  оқиғаның  желісі  үлкен, 

мазмұны  да  бай.  Мысалы,  құмырсқалардың 

көсемінің жаңағы сөзін жел құлағына жеткізгенде, 

«Сүлеймен пайғамбар өзін зор санап, құмырсқаны 

қор санап күлді дейді:

– Надан шіркін, аспанда ұшып бара жатқан-

дардың жердегіге не зарары тиеді? Соған білімі 

жетпей  айтып  жатыр-ау! – деп,  қорашсынып, 

тоқтай 

тұрып, 

құмырсқаның 

патшасын 

шақыртып алды. Сонда құмырсқаның патшасы:

– Мені неге шақырттың? – дейді.

–  Тілдесейін,  сөйлесейін  деп  шақырттым! – 

дейді [Тақ Сүлеймен].


Абай институтының хабаршысы. №6 (12), 2011

67

–  Менімен  тілдесіп,  жауаптассаңыз,  иығы-



ңыз дың үстінен, құлағыңыздың тақ түбінен орын 

беріңіз. Əйтпесе, біріміз – көкте, біріміз – жерде: 

сөзіміз түгел бола ма?– дейді [құмырсқаның пат-

шасы].

Тақ  Сүлеймен  құмырсқаның  патшасына 

иығы ның үстінен, құлағының түбінен орын берді 

[құмырсқаның патшасы]:

– Сұра, тақсыр, – дейді.

– Сұрасам, мендей патшасы бар жұрт біреуге 

зорлық-зомбылық  қыла  ма?  Не  үшін: «Таптап 

кетпесін?» – дедің?!

– Уай, тақсыр-ай, қол астыңдағы халқыңның 

төбесін көкке тигізбедің, аяғын жерге тигізбедің. 

Көкте болсаң, жердегіні аяр едің. Жерде болсаң: 

«Бəріміз  бір  ауылдың  кісісіміз  ғой!» – дегендей, 

жаның ашыр еді. Көкте де жоқ, жерде де жоқ, 

желге  ұшқан  тулақтай  өзің  ұшып  жүрген  соң, 

сенің  қай  жеріңде  ғақыл-ес  тұрады  деп  ойлай-

мын. Шөп жаманы – қаңбақ, о да желге ұшқанда, 

жерге  домалап  ұшады:  есебі  Құдайға  қылған 

сəждесі.  Аспан-көктің  арасында  не  жүреді: 

құйынмен ұшқан шөп-шар жүреді. Желмен ұшып 

жүрген нəрседе ғақыл-ес бар деп кім ойлайды?

– Хош, менің ғаскерімнің көк пен жердің ор-

тасында  ұшып  жүргенін  біле  тұрып: «Қирап 

қаласыңдар,  жойылып  қаласыңдар!» – деп 

қалайша  айттың?  Сен  білгіш  болсаң,  білімді 

кісіден  бос  сөз  шыға  ма  екен?! – дейді  [Тақ 

Сүлеймен].

–  Оны  айтқаным: «Аналар  басып  кетеді  де, 

сендер  жаншылып  қаласың!» – дегенім  емес. 

«Алма алмадан реңк алады, ат есекпен бір ахырда 

тұрса, мінездес болады. Желге ұшып, жеңіл тар-

тып  жүргендерді  тамаша  қыламын  деп,  фікір-

зікірден  бос  қалып,  ғапілдерден  (ғафиллардан) 

болып,  құдай  қасында  тапталып,  уатылып 

қаларсың!» – дегенім  еді.  Тақсыр,  кезектесейік. 

Менің де Сізден сұрап үйренейін деген мұқтажым 

бар,  маған  жол  беріңіз! – дейді  [Құмырсқаның 

патшасы].

Тақ Сүлеймен:

– Сұра! – дейді.

–  Сұрасам,  Құдайдың  өзіңе  бергенін  айт, 

жұрттан бөлек не берді? – дейді [Құмырсқаның 

патшасы].

– Желді маған билетті, жел тізгіні қолымда 

болғандықтан, Құдайға шүкір, айлық жер менің 

баруыма – түстік,  екі  айлық  жер  қоналқалық 

болды! – дейді [Тақ Сүлеймен].

–  Бəрекелді,  тəуір  нəрсені  билеткен  екен. 

Гуілдеп  өткен  желдің  қайта  айналып  келгенін 

көрген жан бар ма? Желді қолына ұстап: «Мынау 

менікі!»  – деп, алып жүрген жан бар ма? Орынға 

тұрмаған сөзді «желге кеткен бір сөз-дағы» де-

мей  ме?  Сондай  дүние  ақыретке  пайдасы  жоқ: 

Құдайдың  саған  бергені  желге  кеткен  бір  өмір 

екен. Тағы бергенде, жұрттан бөлек не берді? – 

дейді [Құмырсқаның патшасы].

– Бір жүзік берді: барша патшалықтың кілті, 

билігі соның көзінде, – дейді [Тақ Сүлеймен].

–  Ол  жүзігің  қайсы? – дейді  [Құмырсқаның 

патшасы].

– Мінеки! – деп, көрсетті [Тақ Сүлеймен].

–  Бəрекелді,  барлық  құны  тырнақтың  көле-

міндей  тас  болған  бақ-дəулеттің  болғанға,  тұр-

ғанға не сəні бар? Тіпті дəнеме емес екенін осынан 

білсейші! – дейді [Құмырсқаның патшасы].

Хазірет Сүлеймен ғалайһи-уəссалам айтты:

– Сен артықпысың, мен артық па? – дейді.

Құмырсқа патшасы айтты:

–  Астыңдағы  тағың  артық  па,  үстіңдегі 

киімің артық па?

–  Тахыт  бақытпенен.  Тақта  бақ  жоқ  болса, 

тақ – жансыз  нəрсе,  неменеге  жарайды?  Тақ 

артық болса, төбеме көтеріп жүрер едім. Бір күн 

де болса, үстінде отырмын: тақтан мен артық-

дағы, – дейді [Тақ Сүлеймен].

Құмырсқа [айтады]:

–  Рас  айтасың!  Астыңдағыдан  үстіңдегі 

артық  болатұғын  болса,  əлхамдилла,  шүкір,  се-

нен  менің  артықтығым  мағлұм  болды.  Сен  пен-

де жасаған таққа мініп отырсың да, мен Құдай 

жасаған Сені тақ қылып отырмын ғой! – дейді».

Расында да ойландыратын сөз ғой. Құмырсқа 

Тақ  Сүлейменді  сөздің  жөнінен  жеңіп  тұр.  Енді 

мына жайға қараңыз. Əлгі əңгімені М.Ж. Көпей-

баласының баяндауында əрі жалғас тырайын. 

«Тақ Сүлеймен құмырсқаның патшасына:

– Құдай жаратуда қайсымызды жақсы жа-

ратты? Бұл турадан хабарың бар ма? – дейді.

Құмырсқа айтады:

–  Бұл  турадан  хабарым  бар.  Əлхамдилла, 

шүкір,  жаратуында  осы  отырған  сенен  мені 

артық  жаратты.  Неге  десең:  өзге  денеңе 

қарағанда,  басың  кіші,  миың  аз:  ақылыңның 

аздығы – сол!  Менің  өзге  денеме  қарағанда,  ба-

сым зор: миым көп, ақылымның артықтығы со-

нан! Сенің өзге денеңе қарағанда, қарының жуан: 

тойымдығың  жоқ,  қанағатың  аз.  Тойымы  жоқ 

қанағатсызда  қасиет  бола  ма?  Менің  өзге  де-


Абай институтының хабаршысы.  №6 (12), 2011

68

неме  қарағанда,  қарыным  жіңішке:  қанағатым 



зор,  дүниеге  мұқтажлығым  аз!  Сенің  өзге 

денеңе  қарағанда,  аяқ  тарпың  шидей:  өзіңнен 

қаралдысы зорды көтере алмайтұғының [себебі] 

– сол. Менің өзге денеме қарағанда, бөксе тарпым 

жуан: сол үшін өз қаралдымнан үлкен нəрселерді 

көтере  беремін. [Құдай]  Ақылымды  көп  қылып, 

тамақ  үшін  уайымымды  жоқ  қылып,  өзімнен 

зорды көтеретұғын күш беріп жаратты. Мұнан 

артық жаратылу бола ма?!»

Не  деген  тереңдік!  Қандай  ақыл!  Осында 

дұрыс  болмайтын  ешбір  сөз,  ешбір  ой  жоқ  қой. 

Құмырсқаның  көтеріп  отырған  мəселесі  өзінің 

жаратылысының  артықтығы  емес,  Сүлеймен 

пайғамбардың  өзін  құмырсқадан  зор  санаған 

пиғылының  қателігі.  Біреуден  артықпын  деген 

ойдың  негізінде  астамшылық,  мақтаншылық 

тұрады.  Шындығына  келгенде,  жанның  жаннан 

артықшылығы  ақылда,  ал  ақыл  тұрған  жерде 

иман тұрады деген сөз бар.

Скендір.  Құмырсқаның  сөзі  мен  ісінің  мəнін 

ұққан адам одан бүкіл өміріне жететін білім алатын 

болар.  Ал  енді  осы  білім  қолымызда,  көзіміздің 

алдында,  тіпті  көңілімізде  тұрған  сияқты.  Соған 

қарамастан,  қажет  кезінде  қолымызға  түспейді, 

көңілімізден  табылмай  қалады.  Мұны  қалай 

түсінуге болады?

Жидебек.  Мəселе  оның  жүрекке  қонуында, 

ақылға сіңуінде болар.



Қанжан.  Расында,  Сүлеймен  пайғамбардың 

құмырсқадан 

алған, 

жүрегіне 



қондырған, 

ақылына  сіңірген  тағылымы  мол,  құмырсқаға 

деген көзқарасы ерекше. Осыған дейін айтылған 

əңгімелерге  қоса  мен  тағы  бір  жайға  көңіл 

аударғым келіп отыр. 

Сүлеймен  пайғамбардың  заманы  екен  дейді

Аспаннан  бір  тамшы  жаумай,  құрғақшылық 

болыпты.  Ел-жұрт,  мал-жан,  жəндік  біткен 

қатты  сусапты.  Сонда  Сүлеймен  пайғамбар 

өзіне  бағынышта  жан  біткеннің  бəрін  далаға 

жинап, Құдайдың разылығы үшін құрбандық ша-

лып,  тілек  тілемекші  болады.  Сөйтіп  жиналып 

келгенде, Сүлеймен пайғамбардың көзі ен далада 

тікесінен  тұрып,  қолын  аспанға  көтеріп  жай-

ып  тұрған  құмырсқаға  түседі.  Сонда  Сүлеймен 

пайғамбар өзінің соңына еріп келген қалың көпке 

былай деп əмір етіпті:

– Кейін қайтыңдар! Құмырсқа Құдайға жал-

барынып, су сұрап тұр екен. Тынышын алмаңдар. 

Оның тілегі қабыл болады.

Құмырсқаның  танымының  тереңдігін  айтса-

ңызшы.  Жаратқаннан  бір  өзінің  емес,  көптің 

тілегін  тілеуде  үлкен  махаббат  жатқан  жоқ  па? 

Оның үстіне жақындарына жанашырлық көрсету, 

қамқор  болу,  оларды  қауіп-қатерден  сақтандыру, 

олардың  алдында  өзінің  жауапкершілігін  сезіну 

қалай  құрметтесек  те  болатын  үлгілі,  өнегелі 

қасиеттер.

Жанғара. Құмырсқаның таным тереңдігі жай-

ын  жақсы  айттыңыздар.  Танымның  тереңдігі, 

ақылдың  байлығы  хақында  құмырсқадан  алар 

тағылым  да,  ғибрат  та  аз  емес.  Осындай  тағы-

лымды,  ғибратты  бір  əңгіме  Руми  ақсақалдың 

«Месневиінде» [төртінші  дəптер]  баяндалған 

екен. 

Ғұлама  бір  кісі,  қолында  қалам,  алдында  ақ 

қағаз, ойларын жазып отырса керек. Ақ қағаздың 

бетінде  қалам  ізінен  əдемі  өрнек  қалып  жата-

ды.  Құмырсқа  екінші  бір  құмырсқаға  қаламның 

қимылының,  салған  өрнегінің  кереметін  айтып 

таңданады. Сонда оны естіген құмырсқа:

– Қалам саусақтың істе дегенін ғана істейді. 

Сондықтан керемет деп қаламды емес, қаламды 

ұстаған саусақтарды айту керек, – деп, өз ойын 

білдіріпті.  Бұлардың  сөзін  естіп  тұрған  үшінші 

құмырсқа басқа пікір айтады:

–  Мəселе  қолда.  Қолдың  күші  болмаса,  жіп-

жіңішке əлжуаз саусақтар не істей алушы еді.

Құмырсқалардың  жөн  білемін  дегендерінің 

əрқайсысы  сөз  сөйлеп,  ой  айтып  жатады.  Сон-

да көп жасап, көпті көрген, ақылы дариядай бір 

құмырсқа былай деп айтыпты:

–  Бұл  өнерді  оның  сыртқы  түрі  мен  түсіне 

қарап  бағаламаңдар.  Түр  мен  түсте,  құрал-

сайманда  тұрған  ештеңе  жоқ.  Сендер  айтып 

отырған қаламды да, саусақты да, қолды да ақыл 

билейді... 

–  Жан  біткеннің  бойындағы  ең  қадірлі  нəрсе 

ретінде ақылды танудың өзінде кемелдік бар емес 

пе. 

Сырымбет. Құмырсқаның ерекше қасиеті бар 

десек, сол қасиеттің негізі пайымдылықта, ақылда 

жатқанын аңғаратындаймыз, солай емес пе... 

Бақытжан.  Солай.  Құмырсқаның  қасиет-

теріне өте əділ баға бердіңіздер. Əлгі құмырсқаның 

көсем  ретінде  өзгелердің  алдындағы  өз  міндет-

тері мен жауапкершілігін бұлайша терең сезінуі, 

бір  емес,  барлық  құмырсқаларға  бірдей  жана-

шарлықпен, қамқорлықпен қарауы, жол көрсетуі, 

оларды қауіп-қатерден сақтандыруы оның жүрегі 


Абай институтының хабаршысы. №6 (12), 2011

69

барын, жүрегінде ақылдың жарығы барын білді-



ретін сияқты. Ақылға салғанда, белгілі бір құбы-

лыстың  сипаты  туралы  оң  пікірдің  өзінің  жеті 

деңгейлі  болатыны  жайында  айтылған  бол-

жам  еске  түседі.  Кейінгі  əңгіме  негізінде  сол 

деңгейлердің  бəрі  емес,  бірнешеуі  ғана  көрініс 

тапқанға ұқсайды. Басқаша айтсақ, одан əркім өз 

деңгейіне лайықты ғибрат табады. Осы тұрғыдан 

келгенде, 

құмырсқаның 

қасиетінің 

негізін 

пайымдылықтан,  ақылдан  іздеу  орынды.  Тіпті: 

«Құмырсқада иман бар», – деудің де жөні бар ма 

деймін. 


Қанжан. Құмырсқа туралы бірқатар ой айттық, 

оның  бойындағы  жақсы,  үлгілі  қасиеттердің 

біразын көрсеттік. Енді құмырсқаның бойындағы 

ардақты деген қасиеттердің бастыларын жинақтап 

атап өтсек қайтеді.

Жидебек.  Атайық.  Атасақ,  құмырсқаның 

бойындағы  ардақты  қасиеттер  мынадай  болып 

шығады: адал еңбек, қанағат, рақым. 

Сырымбет.  Мен  бұл  қатарға  құмырсқаның 

бойындағы  мына  қасиеттерді  қосар  едім:  сабыр, 



махаббат, ақыл.

Бақытжан.  Менің  қосатыным  да  бар.  Ол – 

иман. 

Скендір.  Бұл  қасиеттерді  құмырсқаның 

бойынан  іздеп,  тауып  отырған  адам  емес 

пе.  Сондықтан  адамның  осы  қасиеттерді  ең 

кішкентай  жəндік  құмырсқаның  бойынан  тауып, 

оны  өзінің  ұрпақтарына  ғибрат  етіп  айтуында 

асқан ақылдылық, даналық бар десек болмас па.



Жанғара.  Өте  жақсы  айттыңыз.  Адал 

еңбектің,  қанағаттың,  рақымның,  сабырдың, 

махаббаттың,  ақылдың,  иманның  қасиетін  та-

нып,  қадіріне  жеткен,  іздеген  игілігін  солардан 

тапқан  адамды  қалай  ардақтасақ  та  болатын 

шығар. 


Жидебек.  Жақсы  пікір  алмастық.  Енді  менің 

бір ұсыныс айтқым келіп отыр. Осы сұхбатымызды 

«Құмырсқаға құрмет» деп атасақ қайтеді.

Скендір. Табылған ақыл. Мен қолдаймын.

Қанжан. Мен де қарсы емеспін.

Сырымбет.Менің ойым да осындай.

Бақытжан. Дұрыс.

Жанғара. Жақсы екен.


Абай институтының хабаршысы.  №6 (12), 2011

70



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет